• Тұлға
  • 14 Қаңтар, 2021

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫТАУЫН ҰЛЫҚТАҒАН

Қуаныш Ахметов 1946 жылдың 6 қыркүйегінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында дүниеге келген. Алматы индустриялдық техникумын, Ленинград политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Ол Жезқазған кен-металлургия комбинатының шахтасында механик, учаске, шахта бастығы, ЖШПТ-нің бас механигі болды. 1991 жылдан бастап баспасөз, әдебиет саласына біржолата бет бұрды. «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Заң», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде тілшілік қызмет атқарды. Өмірінің соңғы уақытында «Фолиант» баспасында жұмыс істеді. Қ.Ахметов – ақын, аудармашы, журналист, тарихшы. Ақын Қуаныштың «Жетіген», «Қарлығаш», «Қос арна», «Көзайым» атты жыр жинақтары әр жылдары баспадан шықты. Екі томдық «Ұлы даланың Ұлытауы», ­«Кенесары хан Ұлытау өңірінде», тағы басқа тарихи-танымдық публицистикалық кітаптары жарық көрген. Ұлытау және Ырғыз аудандарының Құрметті азаматы. Осындай абзал азамат «2008 жылдың ақпан айының 4-жұлдызында кенеттен қайтыс болды» деген суық хабар астанадан жетті. Сол қайғылы ­хабар қалың елдің қабырғасын қайыстырды...

Қ

уаныш Ахметовті бұрындары сыртынан білетінмін, ал онымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың қыркүйек айында Сәтбаев қаласында тұратын Мұзараф Аханов ағаның үйінде болды. Бұл кезде 70 жылдан аса мұз болып қатып қалған коммунистік партия саясатының жіби бастаған, Орталық Комитеттің Бас хатшысы М.С.Горбачевтің «қайта құру», «жариялылық», «демократия» кезеңі болатын. Басқосудағы негізгі талқылаған мәселеміз депутаттарды балама негізде сайлау өткізу туралы және ҚазКСР-і Жоғарғы Кеңесінің «Тіл туралы» қабылданған Заңдары болды. Сол күнгі кездесудегі Қуанышпен таныстығым шынайы достыққа айналды. Алты жастай үлкендігі болғандықтан мен ол кісіні қазақи сыйластықпен «Қақа» деуші едім.

Ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуде, Сәтбаев қаласында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігін құруға Қуаныш пен Мұзараф ағалар бастаған ұлтжанды азаматтар зор еңбек жасады. 1989 жылдың аяғында өткен жергілікті жерлердегі депутаттарды сайлау кезіндегі болған додада Қуаныш үлкен белсенділік таныта білді. «Сарыарқаның жарты патшасы» атанған, сол кездегі «Жезқазғантүстімет» ғылыми-өндірістік бірлестігінің Бас директоры ­Тамерлан Урумовтың Жезқазған облыстық депутаттығына өтпей қалуы және басқа да лауазымды тұлғалардың қалалық, облыстық кеңестердің депутаттығына сайланбай қалулары осыған дәлел еді. 1990 жылдың наурыз айында ҚазКСР-нің Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа Сәтбаев қалалық сайлау округінен түскен үміткерлердің арасындағы болған тартыс аймақ тұрғындарының есінде қалды. Депутаттыққа үміткерлердің ішінде тағы сол Т.Урумов болатын. Басшының шашбауын көтеріп, сайлаушылардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген азаматтарға арнаған Қ.Ахметовтің сатиралық өлеңдері халық арасында тез тарап кеткен болатын. Түсінген жанға бұл өлеңдер біреуді мұқату емес, қайта жағымпаздық, жандайшаптық, екіжүзділік сияқты жаман қасиеттерден аулақ болуға шақыру ниетінен туған дүниелер еді.

Ана тілінің жанашыры Қуаныш Желтоқсан оқиғасының бесжылдығына арналған Жезқазған қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен Жезқазған технологиялық институты студенттерінің ұйымдас­тыруымен «Халықтар достығы үйінде» өткен митингіде жалынды сөз сөйлегені, арнайы өлеңін оқығаны әлі есімде.

Екеуміз екі қалада тұрсақта жиі кездесіп, әңгімелесетін едік. Сондағы Қуаныштың ана тіліне, қазақ елінің тарихына  деген шексіз сүйіспеншілігі таңғалдырмай қоймайтын. Бірде «Жезқазғансирекмет» мекемесінде басшылық қызметте жүргенімде Қақаң, қасында М.Түсіпбеков бар, кеңсеме келіп: «Төке, мына Марат Түсіпбековті білетін шығарсың, бұл жақсы ­композитор, бірақ өте қарапайым адам, ешкімнен ештеңе сұрамайды. Осы кісінің әуендеріне жазылған өлеңдер дискісін шығаруға қаржылай көмек керек» деп сөзін аяқтады. Қуаныштың жақсы қасиеттерінің бірі өзінің емес, өзгенің жоғын жоқтайтындығы еді.

Ол ізденуден ешқашан жалық­пайтын, көп оқитын. Омбы қаласындағы мемлекеттік архивтен көптеген деректер тапқанын қуана айтатын. Бірде Қуаныш телефон соғып, амандық-саулықтан кейін: «Төлеген, Омбыдағы архивтен алған және бұрындары жинаған деректерімді жазып шықтым, бірақ кітаптың атын қалай атауды көп ойландым, сонда қызым – Шолпаным: «Папа, кітаптің атын «Ұлы даланың Ұлытауы» деп қоймайсың ба?» дегені. Іздегенім табылғандай қатты қуанып, баламның бетінен сүйіп алдым. Кітаптың аты қойылды, енді жақында баспаға беремін, амандық болса оқисыңдар» дегеніне, мен: «Қақа, құтты болсын, кітабыңыз көпшіліктің игілігіне жарасын» деп тілектестігімді білдірдім. Көп ұзамай «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабының екі томдығы оқырман қауымға ұсынылды.

Қуаныш Ахметовтің «Ұлы даланың Ұлытауы», «Замана заңғарынан» ­«С ­вершины времени», «Кенесары хан Ұлытау өңірінде» іргелі еңбектері және көптеген тарихи-танымдық мақалалары төл тарихының шындығына сусаған қазақ баласының іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды. ­Тарихшы ғалымдардың назарын аударғаны сөзсіз. Ал елдің оған деген ықыласы, алғысы қаламгер Қуаныштың ел ­тарихын түгендеу жолындағы азаматтық еңбегінің өтеуі болатын.

«Менің Отаным – Қазақстан» ­сериясымен шығарылған көптомдықтың көшін бастаған «Ұлытау» кітабының орны айрықша екендігі анық. Осы кітапқа білдірген пікірінде академик Төрегелді Шарманов: «Бодандықта жүріп, жасқаншақ тірлікпен күн кешіп, тарихи шындықты білсек те, айтарымызды айта алмай өскен буыннан ұрпақ түгілі, бүгін ғана дүниеге келген шөберемнің бүкіл ғұмырына тағылым беретін, санасын суаратын терең тамырдың ұшы осы Ұлы даламның кіндігі – Ұлытауымның қасиетті тарихынан бастау алатынын ұғындырып, ұлттың рухын көтеретін, жан жүрегіңді туған жерге деген мөлдір махаббатқа, шынайы сезімге бөлейтін мәні мен маңызына баға жетпес қолдарыңыздағы еңбекті дүниеге әкелген авторға Ұлы бабалардың шарапаты, шапағатты нұры жаусын деймін» деп ниетін жеткізген болатын.

Жезқазған шахталарында еңбек ете жүріп, жергілікті, республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген Қуаныштың ойлы да сезімтал жырлары тек өнерсүйер көпшіліктің көңілінен шығып қана қоймағаны анық. Ақынның шежірелі Ұлытауға деген құрметі, перзенттік тағзымы өлең-жыр болып өрілді. Сондықтан ол Алаштың кіндік жұртына:

Асылдардың бойды билеп дүбірі,

Ғасырлардың айналады шығыры.

Ұлытауым – ұлтымыздың ұясы,

Ұлытауым – жұртымыздың тұғыры! – деп жырлауы дәлел.

«Қарлығаш», «Жетіген», «Қос арна», «Көзайым» жинақтарындағы алуан тақырыпты қозғаған ақын жырларының легінде қарт Ұлытау тақырыбы үзіліп көрген емес. Оның сыры ұлық мекеннің ұлылығына тереңдей қанығуға іңкәр ақын жүрегінде Ұлытауға деген мәңгілік тағзымның орнығып қалуында еді. Жүректегі тағзым танымдық тірлікке, көне жұрттың тарихын танып-білсем деген мақсатты тірлікке жалғасқан. ­Инженер Қуаныштың журналистікке бет бұруының себебі де осы мақсаттан туған болатын.

Қазақ жерінің кіндігі Ұлытаудың ­тарихын түгендеп, шежіресін жинақ­тауды өмірлік мұратым, азаматтық парызым деп білген, сол мақсаттың ­жолында алтын уақытын  да, денсаулығын да аямай, толассыз еңбек жасаған, толағай істер тындырған досым Қуаныш Ахметовтің дарқан жүрегі 2008 жылдың ақпанында мәңгілікке толас тапты.

Қуаныштың отбасына, туған-туыстарына, жақындарына көңіл айтуға Ұлытау-Жезқазған аймағынан Мұзараф Аханов, Тұрмұханбет Ысмағұлов ағалар бастаған бір топ азаматтар, Қарағанды қаласынан Жұмамәди Ибаділдин Нұр-Сұлтан қаласына бардық. Қуанышты соңғы сапарға шығарып салу рәсімін ақын Серік Тұрғынбеков Қуанышқа арнайы жазған арнауымен бастап, өзі жүргізді. Қазақстан Республикасының ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері Кәкімбек Салықов, Ақселеу Сейдімбеков, Әкім ­Тарази, тағы басқалар тебірене сөйледі. Қаралы жиынға қатысқан көпшілік ардақты азамат Қуаныш Ахметовпен қимастықпен қоштасты. Қуаныш өзінің туған жері Ырғыз ауылына жерленді. 2010 жылдың жаз айында Жұмамәди Ибаділдин жезқазғандықтардың атынан Қуаныштың мазарының басына құлпытас орнатып, құран бағыштап қайтқан болатын. Өкінішке қарай, ­атпал азамат Жұмекең де (Ж.Ибаділдин) бүгін ортамызда жоқ.

Қ.Ахметов «Ұлы даланың Ұлытауы» кітабында:«Қалың қазақтың аузында аты аңызға айналған, есімі, әсіресе Ұлытау өңірін мекендеген елге етене жақын тұлғалардың бірі – Кетбұқа жыршы, Кетбұқа күйші, Кетбұқа би, Кетбұқа қолбасшы... Бір сөзбен айтсақ – Кетбұқа кемеңгер» дей келе, «Жезқазған қаласында Кетбұқаға ескерткіш орнатылса» деген ұсынысы жүзеге асты. Қала тұрғындарының қолдауымен 2017 жылы Жезқазған қаласының көрнекті жерінен Кетбұқаға еңселі ескерткіш орнатылды. Өткен жылдың соңында Сәтбаев қаласындағы «Достық үйінде» қала әкімі мен журналист Абдолла ­Дастанов басқаратын «Шындық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жоғалмайтын жұлдыздар» тақыры­бында Қуаныш Ахметовтің шығармашылығына арналған үлкен іс-шара өткізілді, соңында ас беріліп, Құран оқылды.

Қуаныш келместің кемесіне мініп кеткелі де жылдар жылжып барады. Дегенмен, замандастарының ақпейіл азаматқа деген сағынышы тарқамайды.  Ол – заңдылық. «Жақсының аты өлмейді» деген халық даналығы ұлағат-өнегесі дара, артында мәңгі өлмес жақсы дүниелер қалдырған Қуаныш Ахметов секілді азаматтарға арналғандай. Ол өмірден өтсе де, оның артында мәңгілік өлмейтін ісі қалды. 

 Төлеген БҮКІРОВ,

Қазақстанның Құрметті металлургі,

«Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

 ЖЕЗҚАЗҒАН

 

1037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы