• Тұлға
  • 14 Қаңтар, 2021

ҚАРАҒАШ

«Сендер көшіп кетіп, мен қалып кеткен жоқпын ба осы?!».
Аға қазақтың іні қазаққа қарата айтылған бір ауыз сөзінің өзінде қаншама зіл, қаншама тектілік жатыр дүр!..
2004 жылдың қара күзінде қара жолда арбамыз аударылып, арамыздан Алаштың арда туған перзенті, айтыскер ақын Оразалы Досбосынды алып кеткенде қабырғамыз қаусап, қар көшкініндей қайғы-мұңға көмілген шақта белгілі ақын Бақыт Беделханұлы екеумізді 250 шақырым жерден Алматыға алдырып, жаралы жанымыз бен тәнімізді тікелей өзі бас боп емдік шараларын жасаған құтқарушымыз Сол кісі еді. Өң мен түстей бір кезең. Бас дәрігер екенін ұмытып, қызмет бабындағы бар шаруаны ысырып қойып, біз жатқан үшінші қабатқа таяғын тықылдатып, күніне жоқ дегенде бір рет көтеріледі. Медбикелерді жиып алып, тапсырманы үйіп-төгеді. Жағдайымызды сұрайды, жылы сөзбен жанымызды емдейді. Қайсыбір тұста қағытпа әзілдерін де жіберіп барып тоқтайды. Күлген жақсы ғой, бірақ күле алмаймыз. Қабырғамыз сөгіліп кете жаздайды. Дем ала алмай қысыламыз.
Айдан астам уақыт ағамызға «еркеледік». Әкеміздей қамқор болды. Нағыз дәрігер екеніне қанықтық. Жанашырлығына тәнті болдық. Бұрыннан ел ағасы ретінде есім-сойы ерек ағамызды осыдан бастап өз басым ерекше құрметтей бастадым. Ағалы-інідей жақын араласып кеттік. Бұрынғымды ойласам, «білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» екен.
Сөз кім жайлы дейсіз бе?
Сөз, толғаныс – Қазақстан Республикасы­ның Еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері – Тұрарбек Төлендиев хақында.

Қарға тамырлы қазақтың басынан не өтпеген. Айдарынан жел есіп айға ұмтылған асқақ кез де, алтын тағы теңселіп жан сауғалай қашпақ кез де өткен. ­Сосын қайта қатын алып, қыз жастанған, ­сосын қайта мұз жастанған да кез өткен. Қарт тарих мұны қайталай еске салудан еш жалыққан емес. Жадымызды арагідік жаңғыртып отыратыны содан болса керек. Біз ұмытқан дүниені қарт тарихтың ұмытуы неғайбыл.

Қазақ хандығының айбынын асқақтатқан еңсегей бойлы Есім хан заманында ел бірлігін ту еткен тура билер кеңесінің өмір сүргені жайлы мұрағат-деректері баршылық. Қытай мен Ресей жазба деректерінде Шоған бидің де есімі жиі ұшырасады. Билер арасынан ­суырылып шығып Абыз деңгейіне көтерілген Шоған абыз бабамызды ауызша деректер әлі күнге жыр қып айтады. Жақынның – жатқа, жаттың – дұшпанға, бүтіннің – бөлшекке ­айналмауын қағида қылған ондай тұлғалардың ел аузында жүруі – ендеше, заңды да. Кейінгі ұрпақтан алғыс алған абыз бабаның артында Алаш атанған ардақты елі, кең байтақ жері, ынтымақ-бірлігі жарасқан үрім-бұтағы – ұрпағы қалды. Тәуба! Саналы ғұмырын туған елінің денсаулығына арнап, антынан айнымай келе жатқан тұлға – Тұрарбек Төлендиев, міне, сол Шоған Абыз бабамыздың тікелей ұрпақтарының бірі. Елдік мұрат жолында ешкімнен алғыс дәметпей бүлінгенді бүтіндеп, күрсінгенді күлдіріп, дәрігер ретінде де, азамат ретінде де дамыл таппайтын Тұрағаңның бойындағы адами қасиеттің бастауы – ендеше, сол текте жатса керек. Оның бойындағы күрескерлік қасиеттің төркіні де сонда.

Күрескер дегеннен шығады. Кейіпкеріміз осыдан жетпіс жылдай бұрын, жетіге толар-толмас шағында жүген-құрық тимеген асау құнаннан құлап, аяғын мертіктіріп бес жыл бойы төсек тартып жатқан. Ойын баласына бұдан өткен азап бола ма? Жаңа хат тани бастағанына қарамастан, ол кітап дейтін сиқырдың тереңіне сүңгіп, әкесінен домбыра тартуды үйреніп, үйде жатып үздік оқушы атанған. Одан кейін балдаққа сүйеніп жүріп оныншыны күміс медальмен бітіріп шыққан. Ол мектеп Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе дейтін ауылда. Сүмбенің төрі саналатын Жаңасай дейтін шағын елді мекен  Тұрағаңды дүниеге әкелген қасиетті топырақ. Жан-жағын тау қоршаған сұлу да сиқырлы ­мекен!  Кейіннен Алматыдан аудан орталығына дәрігер боп оралғанда Жаңасайдағы қара шаңырағын елге шипасы тисін деп дәрігерлік емханаға айналдырып жүре берген. Бұл Текті тұқымның туып-өскен жерге, қиналғанда демеген елге деген махаббатынан туындаған алғашқы жақсылығы болатын. Аудандық ­ауруханада дәрігер бола жүріп, алдына әбіржіп келген қанша науқастан алғыс алғанын өзінен басқа ешкім айта алмас, сірә! Туған жер, туған елін жүрек  түкпіріне ұялатқан ол туған жерден жар сүйді, ұрпақ өрбітті.

Өмір өкінішсіз болған ба? Аяулы жары – ­Әли­ша жеңгейдің дүниеден ерте озуы – ерін ғана емес, ел жүрегін де езіп кеткен ауыр қаза болды. Қо­­са­ғы­ның қолқа жүрегін суырып алғандай-ақ еді.

Өлім деген неткен суық  сұмдық үн,

Жұлып кетті біздің үйдің түндігін.

Үздік әнім қас-қағымда үзілді,

Өмір – елес екендігін ұғындым, – деп аһ ұрды есіл жүрек.

Айтарға сөз таппай біз де қайғы иесіне қайрақ болсын деп «Қарағаш» атты демеу өлең жазғанбыз.

Жан жылуын ананың

күннің ғана

теңестірген нұрымен ұлмын, аға.

Оты ошақтан ұрланған жандарға айтар,

Бір сиқырлы сөз таппай жүрмін, аға.

 

Тереңіме жете алмай терши берем,

Несін айтам,

Өрт болып өрши берем.

Әйел заты өмірден өтсе болды,

Өз анашым өлгендей өкси берем.

 

Домбырам дыз етеді сондай кезде,

Табаннан сыз өтеді сондай кезде.

Жанымнан жаз кетеді жалт бұрылып,

Жабығып күз жетеді сондай кезде.

 

Адамнан аулақ жүріп қайғырамын,

Елеңдеп әлденеге ай-құлағым.

Мен қайтсем мұздағанға жылу сыйлап,

Қамыққан көңілдерді жай қыламын.

 

Жүргем жоқ жаным, аға «өсірсем бой»,

Өксікті өшірсем ғой, өшірсем ғой.

Өмірді тамырымен қопарып ап,

Шіркін-ай,

Өзге өңірге  көшірсем ғой!

 

Осындай оймен көшіп көп жүремін,

Содан ба, бұрынғыдан көп жүдедім.

Соғыстан кейін келген кең далаға

Ұрпақтың төзімін бер деп жүремін.

 

Қанша жыл сан қайғымен жағаластың,

Жанды аяп көрмепсіз ғой ала қашқың.

Кейде Сіз көрінесіз өзі болып,

Біз жақта көп өсетін қарағаштың.

 

Ешкімнен құнарлы жер сұрамаған,

Қашанда сол қарағаш тұрар аман.

Мықты ғой біздің жақтың сол ағашы,

Бұған Сіз не айтасыз, Тұрар ағам?

 

Бұл Сізден жауап күтпес сұрау ғана,

Демессіз «Түк түсінбей тұр-ау бала...».

Болмайды, аға, сізге мұңаюға,

Болмайды, аға, сізге жылауға да.

Тай-құлындай тебісіп өскен аяулы досы Абай Базарбаевтың сөзімен үндескен «Туған жер» әні бүгінде Сүмбе ауылының әнұраны іспетті түрлі жиын-тойларда әуелеп жататыны тағы бар.

Ән дейтін сиқыр әлем де анау-мынау пен­дені маңайына оңайлықпен жолата қой­май­тыны о бастан белгілі жайт. Таза ­болмыс иесі болмаса, ол әлемнің босағасынан аттауға әркімнің жүрегі дауалай бермесі анық. Бозбала шақта түрлі музыкалық аспаптарды өз бетінше меңгеріп, ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесінің көркін қыздырған Тұрағаңа бұл әлем онша жат емес. Ол әлем де оны жатсынған жоқ. Қауырт тірліктен қолы қалт еткенде  қара домбырасын бауырына басып, әуен сиқырына елтиді. Бүгінде «Кіші Нұрғали Нүсіпжанов» атанып кеткен Ербол Құдайберген бастаған әншілер қауымы әуелетіп орындап жүрген «Сүмбені сағыну», «Арулар», «Аңса, жаным», т.б. әндер Тұрағаңа тиесілі тұрпаты бөлек ­туындылар екенін айту парыз.

Қасиетінен айналайын қара қалам кімнің қолында қалай қисаймады, қалай көсілмеді дейсің?!. Өз еркі өзінде емес десек те, ақты – қара, қараны – жала дегізген де сол. Адамға алғыс арқалатқан да, қарғыс арқалатқан да өзі. Егесі есті болмаса, қасиетін қасіретке алмастырған елеусіз де сол. Ал дәрі­гердің қолындағы қаламның жөні бөлек. Ол – құт­қарушы құрал, адам жанын арашалаушы емші құрал...

Емші құрал үнемі өзгені ғана емес, кейде дәрігердің өзін де оңаша ойға қалды­рып, өзімен-өзін сырластырады. Ол оның ақын­дығы­нан емес, ақынжандылығынан болса керек. Жан қуатын арттыру үшін болса керек.  

Мәртебесі өссін деумен елімнің,

Таза жүрдім, ісіме адал берілдім.

Топқа түссем оза шаптым әманда,

Арман, мақсат биігінен көріндім.

***

Дүниеде күш жұмсама кішкенеге,

Кіші емес тірлігіңде ештеңе де.

Шаңнан – жер,

Қиыршықтан – тау тұрады,

Кірпішсіз үлкен сарай істеле ме? – дейді дәрігер қаламы.

Осыдан тура он жыл бұрын жарық көрген «Ұрпаққа хат» ғұмырбаяндық кітабына:

«Қаламынан жыр тұнған,

Жүрегіне сыр тұнған,

Отбасына Жарастың

ақ ниетпен ұсынған –

«Доктор дядя» – Тұрарбек» деп, қолтаңба қалдырып, бір күлдіріп алған ағаның әр жылдары «Қызым, саған айтам», «Ой еңбегі – зор еңбек», «Жерім майса, суым бал», ­«Лечебник народной медицины», «Аманат» атты кітаптары жарық көрді. Ақыл-кеңес ғибратқа бай бұл еңбектер дәрігер қаламының қасиетін арттырмаса, кемітпегені анық.

«Дәрігер керемет хирург немесе керемет терапевт маманы болуы мүмкін. Бірақ олардың барлығынан білікті басшы шыға бермейді. Менің ойымша, басшы өте сезімтал болуы керек. Жаңалыққа жақын, жақсыға еліктегіш, көпшіл, кек сақтамайтын, аз сөйлеп, көп тыңдайтын, дауыс ырғағы – үні жұртты селт еткізерліктей болуы керек. Алуан түрлі музыкалық аспаптардың үнін бір симфонияда тоғыстыратын – дирижер десек, басшы да сол секілді барлық адаммен тіл табыса білуі қажет» деп жазады Тұрағаң.

Ешкім анадан бастық болып тумайды. Басшы болу – тектен, отбасылық тәрбиеден, өмірлік тәжірибеден, сосын барып мінезден болатын нәрсе. Біз солай ойлаймыз. Оған біз сөз етіп отырған «Доктор дядяның» қызметтік жолы куә. Қара­пайым дәрігерліктен түрлі басшылық лауазымдар баспалдағынан өткен (Алматы облысы Кеген аудандық орталық ауруханасының, Алматы қаласындағы ­«Каменское плато» шипажайының, Республикалық Денсаулық сақтау орталығының, №2 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері) Тұрағаңды тәй басқан тәуелсіздіктің ең ауыр кезеңінде тағы бір үлкен сынақ күтіп тұрған еді.

Алматы сейсмикалық жағынан Орта Азиядағы ең қауіпті қалалардың бірі. Құдай өзі сақтасын, қара жер бір мөңкісе, үстіндегі қала ғимараттары мен тұрғын үйлердің қаншасы сыпырылып түсіп қалатынын болжау ауыр. Кезінде болып қалуы мүмкін табиғи апаттың алдын-алу мақсатында Республика басшысы Д.Қонаев Мәскеумен тіл табыса отырып, еліміздегі ең үлкен аурухананы салуға қол жеткізді. Ол – қазіргі «Қалқаман» ықшам ауданындағы  №7 Алматы қалалық клиникалық аурухана. Аумағы ат шаптырымдай. Іргесінде «Алатау» шипажайы, №1 клиникалық аурухана бар. Бұлар о бастағы жоспарда бірбүтін кешен болуға тиісті болатын. Қарапайым халыққа арналған ғажайып орталықты Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қаржылық қиындық көтерем сиырдың деңгейіне бір-ақ түсіріп, мөңіретіп қойған. Бір мезетте 1000 адам емделетін, 40-тан астам бөлімшелері бар, 1500-дей адам жұмыс істейтін алып орталықты тығырықтан алып шығатын тәжірибелі басшы керек болғанда, таңдау Тұрағаңа түскен.

Іске бел шеше кірісті. Аурухананың аумағы ит жалағандай тып-тықыр, бір түп те ағаш жоқ. Ғимараты – анау, әбден тозығы жеткен. Көктемде қылтиған шөптің қуаңшылықпен қурап қалған кейпі тіпті көңіл жабырқатады.

Жаңа басшы айналдырған 4-5 жылдың ішінде аурухананың іші-сыртын тынымсыз еңбектің арқасында сыңғырлатып-ақ жіберген. Айналасын гүлзар баққа айналдырды. Үлкен ұжымды осындай игілікті іске жұмылдыра білді. Оларға қызмет орнын өз үйіндей көруге барын салды. Соған шақырды. Қа­зақы қарапайым мінезі мен іскерлігіне риза болған ұжым мүшелері де, өз кезегінде қолдау-кө­мек­терін аяп қалған жоқ. Бас дәрігерге құрметпен қарады.

Бұл ауруханада емделген небір өнер майталмандары, қаламгерлер қауымы болды. Респуб­ликаның түкпір-түкпірінен ем іздеп келген мыңдаған науқас дертіне шипа тапты. Бүгінде олардың көбі Тұрағаңмен дос, сырлас, туыс боп кеткен. Қоңырау шалып, қал-жағдайын сұрап жататындардың талайын мен де білемін. Біразы жыр арнады, енді бірі әнге қосты.

Әкем қатты мұңаятын түспей

қойса салған құсы,

Адамзаттың толып-толып

өтеді екен арманға іші.

Бітірмеген ісіңіз көп,

күшіңіз көп, сарқымаңыз,

Шын алыптар дамылдайды,

қайтқан кезде қолдан күші,

– дейді марқұм, ақын Ибрагим Иса інісі.

«Көңіл – көңілден су ішеді» дейді қазақ. Жақсылығын көрмеген адам, біреуге жақсы сөзін қалай қисын... Алматы қалалық мәс­лихатына екі рет депутат етіп сайлау – көпшіліктің Тұрағаңа деген риясыз көңілінің өлшемі болса керек.

Сырқатнама қағазына дейін қазақшалап, 20-30 киіз үй тігіп, емделушілерге Наурыз мере­кесін өткізуді дәстүрге айналдырған Тұрағаң 2006 жылы қызметінен кетті. Одан асқан абырой жоқ.

Жетпістің бесеуін алқымдаған Тұрағаң, бүгінде кезінде айтылмаған, жазылмаған сөзін хатқа түсіріп, шығармашылықтың ауылын аралап кеткен. Анау-мынауға қыңа қоятын адамың ол емес. Қуаңшылыққа шыдамды, өте мықты, көп жылғы Қарағаш дейтін саялы ағаш бар. Тұрағаң маған сол ағаш сияқты елестейді. Қарағаш – қасиетті ағаш.

 Жарас РЫСҚҰЛҰЛЫ

 

989 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы