• Тарих
  • 14 Қаңтар, 2021

Тарихшы көтерер жүк ауыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласының салмағы да, артылар жауапкершілігі де мол екендігі анық. Бағдарлы мақала еліміздің барша азаматтарына арналғанымен, тарихшылар үшін ерекше міндет жүктеп отыр.

Өйткені мақалада Отан тарихының бірқатар өзекті мәселелері көтеріліп, тарихшылардың тек ғылым ғана емес, қоғамда атқаруы тиіс бірқатар жаңа міндеттері анық айшықталды деп санаймыз. Мәселен, ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының мұңы мен мұқтаждығын жоқтап, өз алдына ел болуды арман етіп, сол жолда белсенді қоғамдық-саяси қызметтерін жалғастырған Алаш зиялыларының мол мұрасы тағылымды әрі терең насихатталуға тиіс екені айтылады. Өте дұрыс. Отанды сүюдің жарқын мысалы бола алатын ұлт қайраткерлерінің өмірі өскелең ұрпаққа өнеге. Сонымен қатар ХХ ғасыр басында ұлтымыздың ауыр тағдырының бір парағы 1921-1922 жылдардағы аштық мәселесі де орынды көтерілген. Азамат соғысы және сол жылдары енгізілген «әскери коммунизм» саясатының салдарынан ұзақ жылдар бойы тарихнамада тек қуаңшылықтың нәтижесінде ашаршылық болды деп айтылып келді. Бұл, әрине, кеңестік тарихнаманың бізге тартқан «сыйы». Өкініштісі, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Жоғары оқу орнына келген студенттер осы тарихи оқиғаларды сипаттағанда аштықтың себебі ретінде табиғи апаттардан әрі аса алмауы соның айқын дәлелі. Өйткені ашық интернет ресурстарындағы мәліметтер де 1921-1922 жылдардағы аштықты қазақтың қолындағы барын арнайы жасақтармен тартып алуға бұйырған «әскери коммунизм» саясатымен байланыстыра бермейді. Өз кезегінде аталған мәселе еліміздің бірқатар кәсіби тарихшыларымыздың ғылыми-зерттеу жұмыстарының басты нысаны. Терең талдау жасалған әрі мол мәліметтері сақталған ғылыми мақалалар да бар. Алайда бұл ғылыми жетістіктер тек ғылыми қауымдастық қана игілігіне айналып отыр.
«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарлы мақалада ерекше көтеріліп, тарихшы ретінде қызығушылығымызды тудырған мәселе ­тарихи сана тақырыбы. Рас ХХІ ғасыр жаһандану дәуірімен тығыз байланысты. Жаһандану несімен қауіпті десек, тарихына немқұрайлы, тіліне шорқақ ұлттар осы үдеріске сіңісіп жоқ болып кету мүмкіндігі басым. Әлем халықтары бір ұлтқа айналу үстінде. Сөзсіз осы жағдайда ұлттық тарих пен тіліне ­деген сұраныс ерекше артуы тиіс. Ерекше мән беретін мәселе тарихи сана мәселесі. Рас ел егемендігі ­жылдарында тарихи сананы қалыптастыру бағытында бірқатар шаралар атқарылды. Президент атап өткен «Мәдени мұра» бағдарламасы соның айқын дәлелі. Бірегей бағдарлама аясында ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар нәтижесінде тарихымыз түгенделіп, іргелі еңбектер жарық көрді. Ғылыми айналымға қосылды. Алайда жоғарыда атап өткеніміздей мұндай ауқымды жұмыс нәтижесі тек ғылыми қауымдастықтың ғана емес, әсіресе жастардың игілігіне бағытталуы тиіс. Ғылымдағы жетістіктерімізбен, бірегей ­тарихымызды балалар мен жастарға түсінікті етіп берудің маңыздылығы өте жоғары. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың деректі және көркем фильмдер туралы ойы құптарлық. Әсіресе балаларға арналған мультфилмьдердің тарихи сананы қалыптастырудағы маңызы өте жоғары екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Мақалада аталып өткен Алтын Орда заманында Куликово шайқасы болғаны қалың оқырманға белгілі. Міне, сол тарихи оқиғалар туралы көршілес Ресейде бірқатар мультфильмдер түсірілді. Тіпті мультфильмдер тек қазіргі Ресей емес, кеңестік дәуірден-ақ қолға алынды. Ал сол балаларға арналған мультфильмдердің желісі шынайы оқиғаны мүлдем өзгертіп, өздерінің идеологиясына сай етіп құрастырылды. Сол мультфильмдерге сенсек, Дмитрий Донской орыс халқын Алтын Ордадан азат еткен батыр болып шығады. Осы жалған желімен бүтіндей бір ұлт қалыптасты.
Әрине кез келген көркем туынды, оқулық, бағдарламалар шынайы әрі іргелі зерттеу жұмыстарынсыз қолға алынбайтындығы шындық. Сол себепті еліміздің кәсіби тарихшыларының басын қосып отырған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және ­этнология институтының ұжымына үлкен жауапкершілік артылып отыр десек артық айтқандығымыз емес. Осы ретте атап өтетін жайт Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология ­институты ұжымы қазақтың бай тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан талдайтын бірқатар іргелі жұмыстарды қолға алды. Атап айтсақ, «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» атты ғылыми жоба негізінде бірнеше бағыт іске асырылды. Зерттеу жұмысы аясында патша өкіметінің отарлық саясаты кезеңіндегі қазақ мемлекеттілігін және ұлттық болмысын сақтау жолындағы бабаларымыздың қайсарлығы, ерлікке толы күрес жолы тың деректер негізінде айқындалды. Сондай-ақ «Архив-2025», «Қазақстан халқы ғылыми интерактивті тарихи картасын аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау», сонымен қатар қазақ тарихының түрлі кезеңінен мәліметтер беретін деректер топтамасы жарық көріп, алыс және жақын елдердің мұрағат мәліметтері жинақталды. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласы тарихшы-ғалымдар үшін жаңа жауапкершілік пен ғылыми ізденістерге деген құлшынысты оятқаны анық.

А.Қаипбаева,
Ш.Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымының кандидаты

2298 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы