• Әдебиет
  • 14 Қаңтар, 2021

ӨМІР ЕРТЕҢ ДЕ ЖАЛҒАСАДЫ

(Әңгіме)

Азат ӘКІМ

Теңіз таң алдында көрген түсінде жас, бейтаныс әйел Есіл жағалауына барып қайтуын қадап айтты. Бүгін сенбі, ұлы сәскеде сыртқа шықты, ақпан айының аяғы, күн жылымық. Есіл іргесіндегі түсі жасыл үш піл ескерткішінің алдындағысы үлкені, одан кейін ортаншысы, соңында бойы бір тұтам баласы. Жан-жануар­лардың кішкентайлары момақан, ойнам­паз; жыртқыш аңдар болғанымен қасқырдың қалқан құлақ бөлтірігі, аюдың қамыт аяқ қонжығы көпшіліктің сүйіспеншілігін туғызатыны белгілі.
Теңіз жас күнінен бері жұрттың бәріне жақсылық тілейді, төңірегі тыныш, жақсы болса, өзі де алаңсыз өмір сүретіні туралы түсінік – мектептегі ұстазы ­Болсана апайының тәлім-тәрбиесі.
Өзендегі қар бетіне ірі әріптерді сұқ саусағымен жазып шыққан балдырған ұлды бірінші сынып шәкіртіне ұқсатты. Жазған сөзі: «Ата». Жанында жүрген, ақ шана сүйреткен егде жастағы адам атасы болса керек. Теңіздің де Биболаты – сүйікті немересі, ұзақ уақыт қолында тұрған кенже ұлының үлкені, жасы ­бесте, одан кейінгісі екі жасар қыз. Кеше кешкісін әке-шешесі кейігеcін ­Бимбомы (ерке аты) тірегі, сүйеніші атасына қоңырау соқты, көңілі әлем-жәлем.

– Менің баламда не шаруаларың бар? Тиіс­пей жөндеріңе жүріңдер, – деді Теңіз жақын тұратын Жақсылығының пәтеріне жетіп барып.

– Көке, айыптымыз, – деп кенжесі мен келіні жік-жаппар. Атасының алдында отырған күшігінің екі езуі екі құлағында. Жаз шығы­сымен Биболатының бір құмары серуен кемесі, жазда сондай-ақ немересімен бірге Есіл ­бойында қармақпен балық аулайды, кейде балалар дәмханасында тәтті-дәмділерді алдына тосса, Ақботасының жаны жайлауда.

Есіл жағалауында бой-бітімі бәденді орыс әйелі жолықты, ажары таныс, бірақ екеуіне ортақ шуда жіптің ұшы таптырмай-ақ қойғаны. Сонан өзендегі мұзды бұрғымен тескен, аралары алшақ ойықтардан балық аулап отырған балықшылардың біреуімен амандасқасын жай-жапсар сұрасты.

– Көп болды ма келгеніңізге?

– Енді келіп жатырмын, – деді қандасы. Көздері мейірімді. Астананың әйгілі аязы мен қатты желі болмағасын асай-мүсейі шашылып жатқан шағын шатырын тікпепті, үлкен шыны ыдысында екі-үш ұсақ шабақтар жүзіп жүр.

– Майда шабақтарды не істейсің?

– Қолымдағы баламның өзі де, қызметтес жора-жолдастары да әуесқой балықшылар. Сол баламның ертең, жексенбі күні қала сыртындағы көлдердің бірінен қармақпен тісті, шортан аулауына тірі, майда шабақтар керек.

– Көбінесе ойлайтынымыз бала-шаға, осылай өміріміз өте шығады. Зейнетке қашан шығасың?

– Әлі де сегіз жыл күтуім керек. Соңғы уақытта бір зілдей мұң серігім, зейнет жасына жетемін бе, жетпеймін бе, білмеймін.

– Бір жылдың төлдері болып шықтық, аман-есен жүр, құрдасжан. Кемпірің бар ма?

– Бар, – деген балықшы қармағының ұшына жаңа жем салып жатты.

– Кемпірің болса түтінің түзу. Балалардың қызығын бірге көрейік.

Балықшы құрдасы рақметін айтып қала берді. Есіл жағалауына қайта шыққан Теңіз ұзын отырғыштардың біріне жайғасты, көңіл күйі жабырқау, қосағы Ақділдә екі жыл бұрын пәниден озды, адам баласы бір-бірінің бағасын өлгенде біледі, кемпірі барда уайым-қайғысы жоқ екен.

Қыздары тұрмыста. Үлкені Тұңғыш кәсіп­кер, ара-тұра қарайласып тұрады, өткен айдың аяғында, Теңіз елу беске толар алдында перзент­тік парызы көргендей жеңіл көлік сатып алып бергісі келетін ойын бөлісті.

– Өмірі көлік айдаған жоқпын. Біреуді қағып кетіп обалына қалармын, жасым ұлғайғанда тыныш жүрейін, балам. Ана ізіңе ерген ініңе, Жақсылыққа алып берсейші.

– Қазір емес, сағаты соққанда. Еңбекпен тапқан игілікті бағалай білсін, өзіңіз айтпақшы, еңбексіз құралған дәулет құтаймайды, – дейді.

 Бәйбішесінің жылын бергесін талай қуа­нышы мен қиындығына, Ақділдәнің көз жұм­ғанына да куә болған қонысын тәуір пәтер­лерге айырбастады. Үш бөлмелі кең жайға кенжесі бала-шағасымен қоныс тепті, өзі бір­жарым бөлмелік пәтерде, екеуінің де құжат­тары Теңіздің атында. Пәтерді айырбастау туралы ойын айтқанында Жақсылығы мен келіні аңырып қалғандай сыңай танытты, сөздеріне қарағанда, кезінде Теңіз қала әкімі Иманғалидың алдынан өтіп алған бес бөлмелі жайлы пәтерді қимайтыны, сондай-ақ көке­лерінің бөлек тұрғанын қаламайтыны көрініп тұр. Шаңырақ қожайыны Теңіз кесіп сөйледі.

– Шешілген мәселе. Жеке, оңаша отау құрудың ыстық-суығын көргендерің жақсы. Кішкентайларың, өздерің аман-есен жүріңдер, айналайындар. Жассыңдар, бүкіл өмірлерің, ризық-несібелерің әлі алдарыңда.

Қалалық жұмыспен қамту мекемесінде кадрлар басқармасының бастығы болып қыз­мет істейтін Теңіз ұжымында абыройлы, қара­ма­ғындағы қызметкерлері білікті, ­елгезек жастар, басқармасына жүктелетін міндет ­ың-шыңсыз жүзеге асатыны қалыптасқан тәртіп.

* * *

Көктем айында баяғы жас, бейтаныс әйел қайтадан түсіне енді, жаңа түскен келін кезіндегі бәйбішесіне ұқсайтын секілді. Бүгін тағы Есіл жағалауына барғанын хош көретіндей. Күн сенбі, «Ататүрік» саябағы арқылы Есіл жағалауын бетке алды. Ататүрік ескерткіші биік, қолжетімдей тұсына: «Мұстафа Кемал АТАТҮРІК» деген жазу түсіріпті. Басында сеңсең бөрік, сәнді киім үлгісі тұла-бойына жарасымды, сол қолында таяқ, ескерткіште бей­неленгені кемел, қайратты шағы. Замандас­тарының жазуынша, Түркияның зайырлы мемлекет ретінде қарыштап дамуы, түркі халықтарының ынтымақ-бірлігі аңсар-мұраты болыпты. Ататүріктей күллі түркі әлемінің құрмет-қошеметіне бөлену ілуде-бір адамның маңдайына жазылуы мүмкін. Ескерткіш алдында тұрған Теңіз:

– Абыз аға, жүрген жеріңіз жәннәт болсын, – деді күбірлеп сөйлеп.

Саябақ көк-жасыл. Көк шөптің үстіне шал­қасынан түсіп жатқан күйінде аяқ-қолын тұс-тұсына созып тастап, жапырағы қалың ағаш­тардағы ұсақ құстардың жарысып шықы­лық­тағанын тыңдағысы келді. Анда-санда осылайша бір балалығы оянатыны, кейде асық ойнап жүрген ойын балаларына қосылуды аңсап тұратыны өзіне де жұмбақ.

Өз алдына бір жаратылыс болғасын Есіл өзеніне сәлем берді. Көз қуанышы Есілдің бүгін бір түйір толқыны жоқ, тып-тыныш. Қарлығаштың су бетіне тиер-тимес ұшып бара жатып су ішкен жерінде шеңбер сызықтары пайда болатыны белгілі. Сол сияқты өзен бетіне тұмсығын шығаратын ұсақ шабақ қайта шым батып кеткенінде әлгі тұстағы майда, көркем су тербелісі еріксіз назарыңды аударады. Шеңбер сызған ондай ойын іздерін ана жерден де, мына жерден де көресіз.

Балам балым, немерем жаным. ­Бимбомы ойынан шықпайтын Теңіз «Серуен» көпірі арқылы Орталық бақты аралап қайтуға бекінді, бірқатар уақыт жол түспесе, балалар қызықтайтын жаңа ойын-сауық алаңы бой көтергеніне куә боласың.

– Ағай, – деген дауысқа тоқтаса күлімсіреген орыс әйелі орнынан тұрды.

– Сәлеметсіз бе, ағай! Мен Светамын ғой, Светлана Потапова. Баяғыда Құмбел разъезінде астрономиядан, сондай-ақ физикадан бәрімізге сабақ бергенсіз. Қанша уақыт өтті, ұмытқан боларсыз.

– Неге ұмытайын? Оның үстіне Астанада кездескен ауылдасың туысқаныңмен бірдей. Тізе бүгіп, асықпай амандық-саулық сұрасайық.

– Балаларыңыз ержеткен шығар? Жеңе­шеміз күйлі-қуатты ма?

– Балалар аман-есен. Жеңешең екі жылдан асты, ақирет бақшасында. Иә, өзіңнің жағдайың қалай? Астанада тұрып жатырсың ба?

– Жеңешеміздің иманы жолдас болсын, ағай! Көшіп келгенімізге үш жыл өтті, ауласындағы моншасымен бірге шүкірлік ететін жерүйіміз бар. Үлкен қызыммен бірге тұрамын, қызымның күйеуі мектепте үздік үлгерімімен, жайдары, кішіпейіл мінезімен аты шыққан Жылқыбайдың тұңғышы.

– Жылқыбайды білемін, кітапханадан шықпайтын. Әкесі Төрәлі де ілгеріден таныс. Олардың жәй-күйі нешік?

– Жылқыбай ауыл әкімі, алдыңғы жылы әкесі Төрәліні жерледі.

– Төкең жақсы адам еді, рухы пейіште шалқысын. Ауылда бес-алты орыс, ноғай ­отбасылары болатын, тұс-тұсына көшіп кеткен шығар.

– Бәрі орнында. Кіші қызым мен ­шешем де Құмбелде. Өткен жылы күйеуімнің ­жылын беруге барғанымызда көрістік қой. ­Ұл-қыздары болмаса, көзі тірі үлкендерінің сыртқа кету ойларына кіріп-шықпайды.

– Қарағым, арты жақсылық болсын. Елге бармағалы қай заман, жолға шақыратын ата-ананы әлдеқашан жер қойнына тапсырдық. Көп нәрседен хабарсызбын, күйеуің кімнің баласы еді?

– Бәтизаның баласы Әскербек. Осында көшіп келгенімізде жерсінбеді ме? Ара-тұра төсек тартып, апталап ауруханада жатып, қатты жүдеді. Ақыры өзінің тілегі бойынша елге апарып қойдық қой.

– Алмасып, өзгеріп жатқан өмір. Бір қимас жақыныңнан айрылсаң, ізін басып қызыл­шақалар жарық дүние есігін ашады. Немерелерің бар шығар.

– Жамандарым бар. Әлі күнге дейін соларды бағып-қағу жұмысым, үлкені Айтолқын төрт жаста, одан кейінгісі Айтуған екі жаста. Күйеу бала политсей, лейтенант, қызым қаржы министрлігінде жетекші маман, солардың шай-суанын дайындап жүріп ­жатырмын.

– Көктемгі қызғалдақтай көз тартасың, тұрмыс құру ойыңда жоқ па?

Бір заманда үлкен разъезд Құмбелдегі қазақ мектебінде жоғарғы класс қыздары оқуын енді бітіріп келген ағайлары Теңізге жақсы­лық, түсіністік күткендей қараушы еді. Сол қыз-қырқынның ішінде өзі де бар Света бойдақ, сымбатты ағайымен мектептен басқа жерде бір-екі ауыз кездейсоқ тілдесіп қалғанына мәз болатын. Осы ойын айтқысы келіп тұрды да ішіне бүгіп қалды.

– Жақсы адам кездеспей жүр ғой, күйеуге тиюді көксейтін бойжеткен қыз да емеспін.

Екеуі ұзақ сөйлесті. Екеуі де ойда-жоқ жүз­десуден, ықыласты әңгіме-дүкеннен атамекен төрінде аунап-қунап қайтқандай-ақ күй кешті.

– Ертең жексенбі. Қалада түрлі шығарма­шылық кездесулер, концерттер болып жатады. Солардың біреуіне шақырайын, – деді Теңіз.

– Концерттің тағы бірде сәті түсер, бағана шағын пәтерде тұрып жатқаныңызды айттыңыз. Үйге шақырыңыз, ауылдың адамы көзге ыстық кө­рінеді, алтын бесік Құмбел туралы әңгі­мелесейік.

– Светажан айтса, не сөз бар? Қазанда со­ғым­­нан қалған сүр ет ассақ, Құмбелдегі үл­кен-кішіні сағынышпен еске алсақ, бір жасап қалармыз.

– Ағай, жақында, қыс аяғында, осы Есіл жағалауында өзіңізбен қарсы жолықтық. Түсіңіз салқын көрінді, танып тұрғаныммен бетімнен басып үн-түнсіз қала бердім.

– Ол кездесуді мен де ұмытқаным жоқ, бірақ сол жолы өзіңді қашан, қайда көргенім есіме түспей қойғаны.

– Қыдырыстап жүрсіз бе? Мен қызым мен күйеу баланы, немерелерімді күтіп отырмын. Кішкентайларымыздың есіл-дерті Есіл жағалауы.

– Жалғыздық Құдайға ғана жарасады, кейде үйге сыймай кетесің.

– Ондай көңіл күй менің де басымда болады.

– Бұдан былай хабарласып тұрайық, – деді Теңіз. – Анда-санда кіндік кескен жер, Құмбелдің көлі, шағалалары түсіме кіреді.

– Құмбел көлінің суы шипалы, кейбір ауру-сырқауға ем. Соңғы жылдары көлге ­шомылу үшін ала жаздай сырттан келетін адам­дар­дың қарасы көп. Жаңа жағажай кемі бір шақырым, жағажайда көретінің көңіл көтеретін, қызықтайтын түрлі демалыс орындары, қызметі дайын күтіп алушылардың қаз-қатар шатырлары. Көлдің суы мен балығы ауылдағылардың жанын сақтап отырған.

Қалта телефондарының деректерін алған екеуі бір-бірімен ілтипәт білдіріп қоштасты. Теңіздің бір бүйірінде жататын ойы кезекті еңбек демалысында көптен бері жол түспеген Құмбелге сәлем беріп қайту. Құмбелде шаңырақ көтерген Ақділдәсі Қостанайдың қызы еді, сапар мақсаты туып-өскен жерінде құрбандық мал шалу, ата-анасына, бәйбішесіне құран оқыту.

Теңіз таң алдындағы түсін есіне түсірді, тартып тұрғаны сүйкімді шәкірті ­Светамен кездесу болғаны да. Қайтар жолды қысқарту үшін ­«Самал» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үй ғимараттарының арасымен төтесінен салды. Жол-жөнекей көпшіліктің үстінен түсті, әлдекімді соңғы сапарына жөнелтуде, қаралы жиынды аттап кетуден қымсынғасын адамдар қатарының бір шетіне тұрған-тұғын. Жаназасын шығарып жатқан молда:

– Қадірлі жамағат! Ағамыздың ағайынға қарызы бар ма еді? – деп жан-жағына көз жүгіртті. Қарызы жоқ, кезек-кезегімен үн қатқан жұрттың сенімді жауабы осындай. Сол арада табыт жиегіне қара қарға ұшып келіп қонғаны, сонан жақын тұрған бір шал әлгі қарғаны ұшырып жібергенше екі рет қарқ-қарқ етті. Осы көрініс Теңіздің жан дүниесін қобалжытты, оның сыры өзіне мәлім.

Қазада бас қосқандар дайын көліктерге жайғаса бастағанында ой жетегіндегі Теңіз тиіп тұрған «Ататүрік» саябағына қайта айналып соқты. Бәйбішесі Ақділдә төсек тартып жатқанында кенже баласы Жақсылық, кейде келіні, көбінесе, өзі түнде күзетіп шығады. ­Зайыбы көз шырымын алғанын сұрағанша тапжылмай отыратын уайымға ­батып. Бірде түн ішінде көзін ашқан бәйбішесі сол қолының ұйып бара жатқанын айтты. Алақанын уқалап отырғанында Ақділдә тың әңгіме бастады.

– Табыт жиегіне қонақтаған қара қарға түсіме енген күннен бастап науқасым меңдеп кетті. Табыт ішінде жатқан өзім сияқтымын. Қарқылдауын қоймағасын қарғаны ұшырып жіберуін сұрасам да үн-түнсіз тұрған көпшіліктің бірде-біреуі қозғалмады. Сен ажал шақыратын қара қарғадан сақтанып жүр.

– Осы әңгімені бекер айттың, – деді Теңіз.

– Сенен басқа сырласатын кімім бар? Саған айтпағанда, кімге айтамын?

Ертеңіне таң алдында Ақділдә қатты қысылып жатты, тұратын көшесі жақын молда иманын үйіріп үлгірді.

Саябақтың өзі отырған тұсында балалар алаңқайы бой көтеріпті. Ішіне жел үрленген, үлкендігі үйдей резеңке қондырғыда сырғанап, секіріп, асыр салып ойнап жүрген бүлдіршін­дер көңілді. Ат жеккен күймемен қыдырыс­тап жүрген­дері де көзге түсті. Ара-тұра назар тоқ­та­­тып қарағаны болмаса, Теңіздің көңілі беймаза. Не себепті табыт жиегіне қонақтаған қара қарғасы түскір үнемі еңсесін басуда? Көп ұзамай дәм-тұзы таусылатыны туралы ишара ма бұл әлде?

– Пәле-жаладан сақтанудың жолы бір Аллаға мінәжат ету шығар, – деді дауыстап сөйлеп.

 Қара қарға бәйбішесі сияқты түсіне енген жоқ, өңі. Өзіне-өзі сұрақ қойды.

– Сол қарғаны жұрттың бәрі байқады ма? Тек менің көзіме көрінді ме?

* * *

Астана шаһары Теңіздің өз басына, бала-шағасына даңғыл жол ашты. Бәрібір жарық дүниемен қоштасса, бір заманда Арал қаласына тұмсық тірейтін теңіз төңірегіндегі Құмбелде, ата-анасы жанында жатқысы келеді. Осы арзу тілегін алдын ала аманат қағазына түсірмекші, үлкені Тұңғыш пен кенжесі Жақсылыққа ауызша ескертіп қою да ойында. Алайда ­табыт пен қара қарға туралы ешкімге ештеңе айтпасқа өзіне-өзі іштей серт берді, көңілдері алаңдамасын, еркінен тыс жамандықты ойлап бастары қатпасын.

Іңір түскенде пәтерінен шығып, «Ататүрік» саябағына тағы келді, жан дүниесі алағай-бұлағай. Әуелі тұс-тұсынан бой көрсеткен сирек жұлдыздардың қатары ұлғая түсті, жыпыр­лаған ірілі-ұсақты жұлдыздар, толық ай жарқырап тұр.

Әлденеден марқұм әке-шешесін ойлады, бір Құмбелдің өзінде қаншама қимас жандар қайрылмас сапарға аттанды, сол жақсы мен жайсаң жанында өзінің күні бойғы уайымы түкке тұрмайтындай көрінгені. Қараңғы көңіл күйінен арылу үшін себеп-сылтау іздеп отырған Теңіз осынау тосын ойынан кейін орнынан тұрып кетті.

Саябаққа неге соққаны белгісіз, бір есептен әлдекім қолынан жетелеп жүрген сыңайлы. Бақтан шыға берістегі ұзын отырғышқа жайғасқан бейтаныс темекісінің қызыл шоғы анадайдан көрінді. Жақындап келгенінде байқағаны – жаратылысы алабөтен, ірі тұлғасы адам таңғаларлықтай шал. Қолындағы темекі емес, ұшындағы күңгірт қызыл сәулесі сөнбейтін шынашақтай зат.

– Қайырлы кеш, – деп амандасты Теңіз.

– Қайырлы кеш, – деген ақсақал іш тартып сөйледі.

– Ананы-мынаны уайымдап қайтесің, имандылықты мұрат тұтқан өмір ертең де жалғасады.

– Көке, лебізіңізге рақмет! – деді Теңіз оң қолын кеудесіне қойып.

Пәтеріне жақындап қалғанында жаңағы пірәдарды қайдан көргені есіне түсті. Теңіздің бала күні, Құмбелде анда-санда садақа сұрап ауылды аралайтын диуана Ысматолла екі иығына екі кісі мінгендей алып, ақкөңіл адам-тұғын. Тілдескені сол ғазиз секілді.

Кенет көз алдында Құмбелі жарқырап тұра қалғаны, кейбір жолаушы пойызы шағын стансада тоқтайтын, солардың біріне кептірген, ыстаған, қуырған балықтарын, сусындарын, басқа да ащылы-тұщылы тағамдарын сатып жүрген қыз-келіншектер, көзіне оттай ыстық жалғыз мектеп, суына талай шомылған көл елес берді. Құлағы түбінен үлкен-кіші жарысып сөйлесуде.

– Құмбел, сен жасарып-жайнап, өсіп-өр­кендей бер! – дегенінде сағымдай суреттер ғайып болды да бейберекет дауыстар тыныштық тапты.

 

2251 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы