• Білім және ғылым
  • 14 Қаңтар, 2021

Жаңа мектеп жаңашылдықты қажет етеді

Президентіміз күздегі «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген тың бастамасын «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы арқылы бекемдей түсті. «Алайда бастаманы кім және қалай қалыптастырады?» деген сұрақ кімді де болса, ойландырады. Ғылым-білім саласының ­маманы тұрғысынан менің пайымым, бастаманы тәрбие мен білім қалыптастырады. Анығын айтқанда, мектеп және оның жүрегі саналатын мұғалімдер қалыптастырады. Ал саяси ­реформалар сол мақсатқа жетудің жолын жеңілдетеді.

Бастысы, «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар оқылық» идеясын жалпылау. Кешегі Құдайсыз Кеңес Одағы дінді терістеді. Біз соның ықпалынан әлі шыға алмай келеміз. Жақындарымыз өмірден өтсе, неке қисақ исламдық шариғат үкіміне бойұсынамыз. Басымызға қиындық түссе, Құдайдан жарылқау тілейміз. Сөйте тұра мектеп қабырғасында рухани дүниетанымнан сабақ бермейміз. Әл-Фараби бабамыздың: «Тәрбиесіз берген білім адамзатқа қауіпті» деген сөзін бәріміз білеміз, бірақ көңіл бөлмей келеміз. Суицид те, ерте жастан түсік жасату да, некенің адалдығын сақтамау да, боғауыз сөз бен ұрлық-қарлық та, әлімжеттілік те – бәрі-бәрі рухани тәрбие тұнығында, ұлттық құндылықтарға мән бермеу­ден бастау алып жатқан қасіреттер.  Сол үшін министрлік мектеп пәндеріне рухани құндылық туралы жаңа пән енгізу жағын ойласқан жөн. Сондай-ақ оқушылардың тәрбие ісін мерекелік науқандармен ғана байланыстырмау керегін ­барша мектептен талап еткені дұрыс.

Екіншіден, «тағайындауларды» талқандауымыз керек. Бізде қалыптасқан «дәстүр» бойынша кез келген басшы жоғарының тағайындауымен қызметке келеді. Өркениетті елдерде олар қызметке арнаулы дамыту жоспарын жасап, жұрт алдында өз ұстанымын дәлелдеп, конкурс арқылы келеді. Сол жоспарын орындауға барын салады. Орындай алмаса, кезекті реткі конкурста орнын басқа жеңімпазға беруге тиіс болады.  Ал бізде кез келген лауазымды қызметке келген адамның көпшілігінде ұжымды ­дамыту туралы нақты жоспары болмайды, ел ­алдында өз ойын қорғап та әуре болмайды. Оның өз жоспары мен мақсаты болмағандықтан, жоғарының жоспарын орындауға тырысатыны сол.

Мектеп басшыларын тағайындаудан азат етуде және конкурстың әділ, бәсекелі болуы  үшін мына 3 нәрсені істеу қажет:

– Қазіргі кезде лауазымды жұмыста отырған адамды (мектеп директорын)  уақытша болса да, қызметінен шеттете тұрған жөн;

– Конкурсқа 30-45 жас аралығындағы азаматтарды қатыстыру тиімді;

– Үміткерлердің ғылыми дәрежесі мен атағына мән беру маңызды емес.

Енді осыларды тарқатып көрейік.

Неге мектеп директорын және оның орынбасарларын уақытша қызметтен шеттетеміз? Себебі мектепті «монополиялап» алған (өзінің ауылдасы, туыс-туғаны, дос-жараны,  құда-жегжаты, т.б. арқылы) директорлар бар екені жасырын емес. Сондықтан олай істемей әділ конкурс өткізу қиын. 

Неге 30-45 жасты айтамыз? Олар жас, батыл, жаңа идеяның өкілдері. Адам баласының жаратылысы солай, жасы 40-тан асқан соң денсаулығы сыр бере бастайды. Сондықтан 40-тан асқан адамдардың білімі мен тәжірибесін барынша пайдалану үшін әкімшілік жұмыстан босату керек.

Неге ғылыми дәрежені ескермейміз? Себебі ғылыми дәреже мансабы үшін емес, ғылыми еңбегі үшін беріледі. Елімізде президент болу үшін жоғары білім талап етіледі, бірақ оның ғылым докторы немесе кандидат болуының қажеті жоқ. Алайда білім саласында басшы болу үшін ғылыми атақ керек. Бұл да бір парадокс. Бір қызығы, біздің елде ғылымға қатысы аз шенді-шекпенділер мен халық қалаулыларының  ғылыми атаққа құштарлығы ­басым.

Үшіншіден,  мұғалімдердің санасын азат ету керек. Кезінде Қытайдың нарықтық экономикасын әлемдік деңгейге көтерген реформатор Дэн Сяопин: (дұрысы Дың Шияупиң – Deng Xiaoping – Қ.С.) «Реформа жасау үшін алдымен саналарыңды қатып қалған көзқарастан азат етіңдер» деген еді халқына. Біздің жүйе оқытушыларға білімі болғанымен, таным-түсінігі басшылыққа байланып қалған, басшының ақылды-ақылсыз пәрменін орындауға үйренген басыбайлы санаға ие етті. Онсыз да реформалардан басы айналған, қағазбастылықтан қаны қарайған, аз жалақысын жеткізе алмай есі шыққан, әміршіл-әкімшіл жүйенің мән-мағынасыз іс-қимылынан шаршаған, сабақ оқымайтын оқушылар мен олардың алкеуде ата-аналарынан қажыған, бір сөзбен айтқанда, жүйкесі әбден жұқарып, тозған мұғалімдер ел күткен білім мен тәрбиені бере ала ма?

Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» деп текке айтып отырған жоқ. Біз санамызды нарықтық, демократиялық, ашық, азат ойға бағыттамай ешқашан ел болып, биікке шыға алмаймыз.

Одан қалай арылуға болады? Ол үшін мына екі нәрсені істеуіміз қажет.

– Басшылыққа өзі жас, алға қойған мақсаты мен  жоспары бар жаңа адам келуі тиіс;

– Мұғалімдердің зейнеткерлік жасын өзге кәсіптегі адамдардан бөлекше қарастыру керек.

Енді осы екі мәселеге тоқталып көрейік. Жас басшы конкурс арқылы келгендіктен өзінің мектепті дамыту жоспары, мақсаты болады. Айналасына өзі секілді жас, өзіне сүйеу болатын мықты қызметкерлерді жинайды. Батыл әрі еркін іс-қимыл жасайды. Оның осы жаңашыл ойы мен жігерлі әрекеті, өткір сөзі мұғалімдердің басыбайлы санасын азат етуге жеткілікті. Себебі оқытушылардың да бір жаңалықты күтіп жүргені рас.

Көрші Қытайда екі түрлі зейнеткерлік жүйе жұмыс істейді. Бірі мемлекеттік жүйе – кәдімгі зейнет жасына келіп, зейнетке шығу. Екіншісі – ішкі зейнеткерлік. Бұл мекеменің өз ішіндегі зейнеткерлік. Мысалы, мектеп оқытушысы денсаулығына байланысты 45 жастан соң зейнетке шығуына болады. Өз орнын жас маманға береді де ақылшы, кеңесші болып жүріп, уақыты келгенде, мемлекеттік зейнетке шыға алады. Осы кезеңде оның айлығы сақталады. Сол үшін біздің елде  зейнет жасына қатысты жаңа реформа мұғалімдер үшін басқаша қарастырылуы қажет. Нақты айтқанда, зейнеткерлік жас әйел мұғалімдер үшін 55, ер мұғалімдер үшін 60 жас болуға тиіс. Денсаулығына байланысты еркімен жұмыстан ерте зейнетке шыққысы келсе, 50 жастан асқан кез келген оқытушыға сондай мүмкіндік берсе құба-құп. Алайда зейнетақысы жеткілікті болуға, дәрігерлік және басқа да әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылуға тиіс.

Төртіншіден, білім алушыларды баға емес, болашақ үшін оқуға баулу қажет. Мектептерде оқушылар баға үшін оқып жүргендей көрінеді. Олардың оқытушылары да, ата-аналары да, тіпті мектеп басшылары да бағаға мән береді. Мұғалімдер өзара бір-бірінен оқушыларының бағасын көтермелеп қоюды сұраса, ата-аналар да пән мұғалімдерінен баласына жақсы баға қоюды сұранады. Мектеп басшылығы да өз рейтингісінің жоғары болуы үшін соны қалайды. Осы арқылы біз өз ұрпағымызды жасандылыққа, жалқаулыққа үйретіп отырмыз. Осындай ортада өскен оқушы жоғары оқу орнына барған соң да дұрыстап оқымай, сабақтан қашқақтайды, сөйте тұра төмен баға алғысы келмейтін болады. Осы қарқынмен ­магистр, докторант болып шығады. Сол әдетімен білім деңгейіне қарамастан жоғары бағаға сұранады.

Жастардың болашағы мектепте, оқытушыларда. Ал оқытушының тағдыры тікелей мектеп басшысының парасаттылығы мен мемлекетшілдік ұстанымына тығыз байланысты. Басшылық ­сапалы болмай, мұғалімді сапалы ету, мұғалім сапалы болмай, заманына сай, сапалы оқушы тәрбиелеу  мүмкін емес. Алайда қазіргі кезде де жақсы істеп, мектебін, оқу орнын алға сүйреп жүрген басшылар бар. Оларды көріп, естіп жүрміз.

 Қастер Сарқытқан,

Абай атындағы

ҚазҰПУ-дың ұстазы

3014 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы