• Cұхбаттар
  • 14 Қаңтар, 2021

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Қазақ елі үшін жылашар жаңалық, рухани жаңғыру жолындағы зор серпін әрі нақты бағдар болды деп есептейміз. Осы маңызды тарихи еңбекте көтерілген мәселелер жөнінде біздің басылымымыздың тұрақты авторы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің міндетін атқарушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ерден Задаұлы Қажыбек «Ана тілі» газеті тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, пікірін ортаға салды.

– Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуел­сіздік бәрінен қымбат» атты ма­қа­ласының, Сіздің ойыңызша, ­ерек­шелігі неде?

– Бұл мақаланың маған қатты әсер еткен тұсы – шынайылығы дер едім. Қазіргі кезде қоғам мадақ, «әсіре позитивті» жазбалардан айтарлықтай жалықты десем, қателеспеймін. «Мен «Хабардағы» елде өмір сүргім келеді» деген анекдотты білесіз ғой. Ресми ақпараттағы мәлімет пен күнделікті көзбен көріп жүрген тіршіліктегі, әсіресе қаладан шалғайлау жерлердегі жағдайдың көп айырмашылығы болмағаны жақсы ғой. Ел Президенті өзінің мақаласында «кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды ­мезет келді» деп нақты міндет қойды. Халықтың «тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматтарымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ» деп түйеді. Жаһандану жағдайында «жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесу» қаупін атап, «тамырымызды берік сақтауымыздың қажеттігін» баса айтты.

– Президент мақаласында ­«Қа­зақ­­­стан­ның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған» деп айтты. Қателеспесем, Сіз Тіл комитетін басқарған кезде сол кездегі Конституциялық кеңес мемлекеттік тіл жөнінде бір жақсы шешім шығарған еді.

– Иә, бұл оқиға 2007 жылдың басында болған. Мұхтар Шаханов басқарған бір топ депутаттардың «Қазақстанда мемлекеттік тіл біреу ме, әлде екеу ме?» деген сауалы ­бойынша Конституциялық кеңестің ­отырысы өтетін болды. Жоғары жақ мені шақырып алып: «Жиынға Бас прокуратура, Әділет және Мәдениет министрлігі қатысады. Мәдениет министрлігі атынан сіз баруыңыз керек. Орыс тілі қазақ тілімен тең құқылы. Осы позицияны ұстануыңыз керек. Басқаша сөйлесеңіз, жұмыстан кеттім дей беріңіз» деп, қатаң ескертті.

Уағдаласқан уақытта Конституция­лық кеңесте бас қостық. Депутаттардың сауалы оқылды. Бірінші сөз Мұқаңа берілді. Одан кейін қарама-қайшы бағытта Бас прокурор мен Әділет ­ми­нистрінің орынбасарлары ұстаным­дарын ортаға салды. Кезек бізге келгенде, мен ашық түрде Мұхтар ­Шаханов жағына шықтым. Сот екі апталық мерзімге үзіліс жариялады.

Кабинетіме қайтып келіп, заттарымды жинай бастадым. Басшылық қабылдаудан бас тартып, «енді боссыз» деген сыңайын жасырмады... Екі апта өткен соң, 2007 жылдың ақпан айының аяғы болу керек, Конституциялық кеңес шешімін жариялау үшін бізді қайтадан жинады. Биік мінберден Игорь Рогов жиырма минуттан астам уақыт ұзақ қаулысын оқыды: «Мемлекеттік тіл мәртебесінің үстем болуы оның жария-құқық саласында қолданылуының артықшылығы не басымдығы Конституцияда баянды етіліп, заңдарда белгіленді... Қазақстан Республикасының Конституциясы... мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар іс-шаралар... өткізу кезінде қазақ және орыс тілдерінің тең қолданылуын белгілемейді, ал Конституцияның 7-бабының 2-тармағында пайдала­нылған «тең» термині мұндай іс-шараларға қатысты емес... Мемлекет мемлекеттік тілге, оның дамуына, мемлекеттік-құқықтық реттеу саласын ғана емес, қоғамдық қатынастардың басқа да барлық салаларын қамтып, қолданылуына қамқорлық жасау­ға тиіс» (сөзбе-сөз цитата) дегенде төбеміз көкке жеткендей қуан­ғанымыз-ай.

Жұмыс орныма қайтып келсем, мені Әділет министрі мен Бас прокурор шақырып, іздеп жатыр екен: «Қазақстанда бір ғана тіл басымдыққа ие екенін білеміз, біз қарсы емеспіз, біз де оны қолдаймыз. Бізді алғашқыда дұрыс түсінбедіңіз, енді не істеуіміз керек, айтыңыз, біз әрдайым біргеміз» деп құрақ ұшқаны есімде... Өз басшы­лығымның да тарс жабылған есігі қайта ашылды.

Ең маңыздысы, Қазақстан Респуб­ликасының ең жоғары құқықтық ресми ұйымы «Конституциялық кеңес Ата Заңымыздың 7-бабы 2-тармағында қолданылған «тең» сөзі теңдікті білдіре алмайды, өйткені Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар және оның басымдығына шек келтіру мүмкін емес» деп ашық мәлімдеді.

Бүгін осы ақиқатты еліміздің тізгінін ұстаған ең жоғары лауазымды басшымыз тайға таңба басқандай анық әрі ашық жария еткені – ерекше жағдай. Тіл жанашырларының бұл мәселені көтеріп жүргеніне аз уақыт болған жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысының осы мәселеге нүктесін қоюы – тарихи маңызы зор оқиға. Енді, ең қысқа мерзімде «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдауымыз ­керек.

– Мемлекеттік басшысы: «Мемле­кеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады» деді. Бұл азаматтық міндет заңнамада қалай көрініс табуы мүмкін деп ойлайсыз?

– Өте дұрыс айтасыз... «Мемлекеттік тіл туралы» заң – уақыт талабы» деген тақырыпта арнайы үндеу қабыл­да­ғанбыз. Қоғам қайраткері Қазыбек Иса бауырымыз кеңейтілген төралқа отырысына қатысып, «Қазақ үні» порталы мен республикалық газетінде осы мәселені төтесінен қойып, 130 мың қолдаушының дауысы жиналды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы былтыр қараша айында депутаттардан мемлекеттік тілде жұмыс істеуін көпшілік атынан талап етті. Халық тілінде жұмысын атқара алмайтындарды «халық өкілі» деп атаудың өзі – құқықтық нонсенс әрі қарапайым логикаға кереғар дүние. Қазақстанда көптеген елдердің өкілдерінен құралған біртұтас ұлт, бір халық тату-тәтті өмір сүруде. Қазақ тілі – бүгін тек қана жергілікті мем­лекет құраушы ұлттың тілі емес, ол осы ел азаматтарының дара, баршаға ортақ, жалғыз мемлекеттік тілі екені белгілі. Осы мәселені сөзбұйдаға салып жүргенімізге отыз жылға жуықтады. Нүкте қоятын кез келді және оны Қазақстан Республикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы­ның өзінің жария түрде ашық қойғаны – кемелдіктің белгісі.

– Шындығын айтсақ, мемлекеттік қызметшілердің әжептәуір бөлігінің осындай қарапайым талапты орындауға дайын екеніне күмәніміз бар...

– Рас. Қатардағы қызметшілерге бір бел­гілі мерзім ішінде кезең-кезеңі­мен білімін толықтырып, бірте-бірте жұмыстарын мемлекеттік тілде атқара бастауға мүмкіндік тудыру қажет. Әкімдіктердің жанынан құрылған тіл орталықтарының жұмысы таратқан сертификат санымен емес, нақты нәтижемен бағалануға тиіс. Өйткені біздің, әсіресе Арқа мен солтүстікте өсіп-өніп, білім алған бірталай аза­мат­тарымыздың өз туған тілін білмеуінде, әлбетте, өздерінің де, ­сонымен бірге мемлекеттің, жергілікті биліктің тікелей кінәсі бар екенін ашық мойындағанымыз жөн. Түрлі деңгейдегі әкім-қаралардың өз жерінде тілдік орта мен қажеттілікті тудыруы, мемлекеттік тілдің жан-жақты қолданылуын қамтамасыз етуі үшін жауапкершілігін күшейткен абзал. Солай бола тұра, мұндай «жеңілдіктер», яғни мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасау, уақыт беру, ­сатылап білімін толықтыру – бұлардың бәрінің жоғары саяси мемлекеттік лауазымдарға ешқандай қатысы жоқ екенінің басын ашып айтуымыз ­керек. Жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғаның өз елінің мемлекеттік тілін толыққанды білмеуі – жөнсіздік, күлкілі жағдай, ұят нәрсе. Тіл арқылы адами ұстанымды, азаматтық позицияны қалыптастыратын туған халқының мәдениеті мен әдет-ғұрпы, рухани болмысы, шежіре-тарихы, дәстүр сабақтастығы мен төлтума менталитетінен жұрдай адам – мемлекет, халық, ұлт атынан өкіл бола алмайтыны дау тудырмас шындық.

Сондықтан басты талабымызды қайталап айтамыз: бізге мемлекеттік тілді біліп қана қоймай, сол тілде ойлайтын, сапалы жұмыс істейтін, сол тіл арқылы өздерін адам, азамат және ұлт өкілі сезінетін, түйсінетін министрлер, елшілер, депутаттар ­керек. Мемлекеттің, халықтың тілін тиісті дәрежеде білмейтіндер уақытын тілді меңгеруге жұмсасын және басқа мемлекеттік сатыларда жұмыстарын жалғастырып, білімін жетілдірсін. Бұл – қарапайым және тапжылмас халықаралық практика. Біз білетін өркениетті елдердің бәрінде осы – үйреншікті жағдай. Дамыған елдердің қатарында бой түзейміз десек, өзімізді өзіміз сыйлаудан бастауымыз керек.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы «қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандас­тарыма үндеу тастағым келеді» дей отырып, «қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларын ... көптеп басып ­шы­ғаруды және таратуды қолға алған жөн» деп тапсырма берді. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Тіл саясаты комитетінде қызмет еткен кезде осы бағыттағы жұмыстарды бастаған едік. Басында жүз мың таралыммен қазақ тілінің он сөздігін (теңеу, фразеологиялық, диалектологиялық, синонимдер, омонимдер және т.б.) шығарып, еліміздің түпкір-түпкіріне тегін тараттық. Бұл жауапты жұмысты тендер арқылы ұтып алған «Арыс» бас­пасы өз ісін абыроймен аяғына дейін жеткізді. Осының жалғасы ретінде оншақты классик жазушымыздың еңбектерін де дәл осылай шығару ­жоспарда болған. Өкінішке орай, жалғасы іске аспады.

Қасым-Жомарт Кемелұлының осы мәселеге арнайы көңіл бөлгені – мемлекеттік органдарға берілген нақты тапсырма. Бұған қоса, Мемлекет басшысы бұрыннан қордаланып қалған, шешімі кезек күттірмейтін, зиялы қауым мен қалың көпшілік жылдар бойы түрлі үндеу, мақала, қарар түрінде көтерген іргелі мәселелерді атап өтіп, шешілу жолдарын көрсетті. Атап айтсақ, сырттағы қандастарымыздың мәселесі, шекара мен жер, отандық кино мен теледидарға тарихи туындыларды бағыттау, экология мен ядролық қарусыздану, қасиетті Түркістанды «тұтас өңір» деңгейінде жан-жақты зерделеу, Алаш арыстарымыздың асыл мұрасын игеру және тағы басқа мәселелер.

– Мақалада «тіл – үлкен саясаттың құралы» деген айтылды. Осы жолы да: «Мәселе – ниетте, – дей келе, – Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деп басын ашып атап көрсетті. Мемлекет осы бағытта қоғамдық ұйым­дарға, мысалы, өзіңіз басқаратын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына қандай жағдай жасау керек?

– Расында, тіл – үлкен саясат. Осы маңызы зор мәселеге байланысты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арнайы кеңейтілген Төралқа жиналысын өткізді. Жиналысқа этно-мәдени неміс, вайнах шешен-ингуш, түрік және ахысха, дүнген, корей, күрт, мажар (венгр), орыс, румын-молдаван, тәжік, қырғыз, украина, ­поляк, белорус, карел-фин, грек, ұйғыр, қарашай-балқар, әзербайжан, армян, түркімен және т.б. орталықтардың жетекшілері қатысып, қоғам жанынан өзге ұлт өкілдерінің этно-мәдени бірлестіктері жетекшілерінің басын біріктіретін «Мемлекеттік тілді дамыту алқасы» құрылды. Бұл – бір. Екіншіден, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» алғаш рет ресми түрде орындаушы ретінде енді. Бұл да – үлкен жетістігіміз.

Дегенмен, бұдан бүкіл өңірлік, ведомстволық, мекемелік, ЖОО, акционерлік ұйымдардың, одақтардың құрамындағы бөлімшелерге, шетелдік өкілдіктерге автоматты түрде қаржы үлестіріледі деген түсінік тумауы керек. Жан-жақты қарастырылған, пысықталған, екшеген және есептелген, сарапқа салынған, талапқа сай және қоғам төралқасында тал­қыланып, мақұлданған жобалар, ұсыныстар мен бастамалар ғана мемлекет тарапынан қолдау табатын болады. Бұл – мемлекеттік көзден қаржы­лан­дырудың белгіленген тәртібі. Бүгінгі таңда қоғамдық ұйымды қаржы­ландыру үшін әр ұйым талапқа сай болу керек.

– Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның кезекті құрылтайын қалай және қашан өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Кезінде құрылтайды өткізу жөнінде Өмірзақ Айтбайұлы Қазақстан Респуб­ликасының Президенті әкімшілігімен келісе отырып, Түркістан қаласы таң­далған болатын. Алайда әлемді шарлаған індет кезекті іс-шара мерзімін кейінге жылжытты. Құрылтай мерзімін биылғы жылдың сәуір айының бірінші аптасына белгілеп отырмыз. Өтетін орны қасиетті Түркістан болғандықтан, қырғыз, өзбек, түрік, әзербайжан, ноғай, ­татар, башқұрт, қарашай-балқар және т.б. туыс елдердің өкілдерімен қоса, қазақша еркін сөйлейтін қазақстандық өзге ұлт өкілдерін кеңінен қатыстыру жоспарлануда.

Құрылтайдың басты ерекшелігі – іскерлік жағы (баяндама, талқы, сарап, сұрақ-жауап, ұсыныс айту, жобалық жұмыс) басым болып, артық салтанатты іс-шаралар (банкет, марапат пен алғыстар, сыйлық беру және т.б.), мүмкіндігінше, азайтылатын болады. Құрылтай аясында Өмірзақ Айтбайұлының 85 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, ас беріледі.

Қасым-Жомарт Кемелұлы мақала­сында «Түркістан» тақырыбының маңы­зына ерекше көңіл бөлгені құрылтай туралы шешіміміздің дұрыс екенін көрсетеді. Түркі тілдерінің ішіндегі ең саф, ең көне және ең бай тілі болып есептелетін қазақ тілінің айналасына, түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістанға Ер-Түріктің ұр­пағын жинап, алқалы басқосу өткізу – Мемлекет басшы­сы­ның мақаласында берілген тапсыр­ма­ның маңызды бөлігін орындауға үлес қосатын игілікті іс-шара болары хақ.

– Сіз Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлім­ше­сінің төрағасы, ­академик-хатшы қызметін атқарасыз. Мақалада ­ға­лымдардың алдына да зор міндеттер қойылды...

– Президент «ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі» деді. Осы орайда ғалымдарға көп сенім артыла отырып, орасан зор жауапкершілік жүктелетіні белгілі. Соңғы жылдары Елбасы бастаған және Мемлекет басшысы жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында еліміздегі ғылым секторы едәуір күшейді десек, артық айтқандық болмас. Бұрын ғылыми-зерттеу жұмыстарына үш жылда бір-ақ рет қана конкурс жарияланатын. Былтырдан бастап жыл сайын бес рет өткізілетін болды. Қаржы мөлшері де ұлғайды. Сонымен бірге сұраныс та, қадағалау да, талап та күшейтілді. Бір ғана мысал келтіре кетейін, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқара алатын субъекті ретінде аккредиттеуден өтіп, Білім және ғылым министрлігінің ресми құжатын алды. Бұл – үлкен жетістік. Енді, қоғам ұлттық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарымен қатар осы гранттық, бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстарға қатысу мүмкіндігіне ие. Академиктер басқарған, ғалым-тілшілер ұйтқысы болған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына осы бағытта нәтижелі ­жұ­мыстар жүргізу қиынға түспесі айқын.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Әңгімелескен

Нұрперзент ДОМБАЙ

2286 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы