• Тұлға
  • 14 Қаңтар, 2021

ЕРЛІК ПЕН ЕҢБЕК

Айдарды жүргізетін Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
академик,филология ғылымының
докторы, профессор

Ғұлама ғалым әл-Фараби: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан-иманы кәміл, пейілі тура болу керек. ­Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулақ жүру керек» деген екен. Тап осы сөздер қазақ тілінің өткені мен бүгінгісін бүге-шігесіне дейін зерттеп, зерделеп, қазақ тіл білімі аталатын іргелі ғылымның ілгері ­дамуына қомақты үлес қосқан қаламы да, ойы да жүйрік – Қазақстан ­Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымының ­докторы, профессор, түркі дүниесіне танымал түрколог-ғалым, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер Әбдуәли Қайдарға ­(1924-2019) қатысты айтылғандай әсер қалдырады.

Иә, шынында да, шығармашылық шеңбері кең, ауқымды әрі әралуан ғалымның қаламынан жарық көрген 500-ден астам ғылыми мақалалар, ­монографиялар, оқулықтар, сөздіктер академик­тің абыройын арттыратынын айтсақ, артық болмас.

Әбдуәли Туғанбайұлының қазақ тіл ­бі­ліміне сіңірген еңбектері бұқаралық ақпа­рат құрал­дарында көптеп жариялануда. Кейбір басылымдар ғалымның  ғылыми шығар­машылығына тоқталып, академиктің тіл білімі салалары – лексикология, диалектология, түркітану мен алтаистика, терминология, фразеология, этимология бойынша қол жеткізген еңбектерінің жемісін зерделеп, түркі тілдері арасында қазақ тіл білімінің өзіндік айшықты орнын айқындауды зерттеу нысанасына алған. Әсіресе, этнолингвистика деген ғылым саласының ғылыми негізін қалап және оның одан әрі дамуына қомақты үлес қосқан, сондай-ақ талантты шәкірттер дайындап, лингвистикалық мектепті қалыптастырған академик Ә.Қайдардың аты құрметпен аталары анық.

Сондай-ақ белгілі ғалымдар Әбекеңнің тек тіл білімі саласымен шектеліп қалмай, бүгінгі күні көкейкесті болып отырған ғылымаралық, пәнаралық зерттеулерге де ден қойғанын ­ерекше атап көрсетеді. Белгілі философ-социолог ғалымдар Р.Әбдісаттаров пен Т.Қалдыбаева айтқан ойларды айта кетсек, артық болмас: «Этнолингвистикалық зерттеулер мен оның нәтижелерінің тек ғылыми орта емес, мемлекеттік саясат деңгейінде, кең көлемді әлеуметтік ортада ­жариялануы қоғамдық ойға жаңа толқын, серпіліс әкелді. Дәл осындай жағдайда этнос­таным мен тілтаным арасында туындаған лингвистикадағы «этнолингвистиканың» ғылыми танымның  жаңа дербес саласы ретінде қалыптасуы, оның бағыт-бағдары мен мақсат-мүддесін айқындау, ғылыми тұжырымдамасын негіздеу Ә.Қайдардың ғылыми-зерттеулерінің негізгі арқауларына айналды. Тіл ғылымы академигінің ғылыми танымдық ұстанымы бойынша этностардың әлеуметтік болмысы мен табиғатын, ұлттық даму заңдылықтарын тіл феномені арқылы танып-білудің мүмкіншіліктері бар. Әсіресе, этностаным мен тілтаным сұхбаты мен өзара ­байланысында, өзара әрекеттесуінде дей келе, осындай зор ізденістердің арқасында жарық көрген «Қазақ қандай халық?», «Қазақтар ана тілі әлемінде» деп аталатын үш томдық этнолингвистикалық еңбегін ұлттардың, қазақ ұлтының этномәдени, этноәлеуметтік, этнопсихологиялық болмысын тіл білімі арқылы танып-білуінің қайнар көзі деп тұжырымдауға болады» деп атап көрсеткен. Иә, айтса айтқандай, саналы өмірінің 80 жылдық ғұмырында 80 шәкірт дайындағанын, оның ішінде алды Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атағына ие болғанын, ғылым докторлары мен кандидаттары ғалымның тың идеяларын әрі қарай жалғастырып, тіл білімін дамытуда ғылымға қомақты үлес қосып келе жатқанын мақтанышпен өзгелерге үлгі етуге әбден лайық тұлға екені күмән тудырмайды.

Бүгінгі «Тіл білімінің ­тарландары» айдарының тырнақалды тақырыбына арқау етіп отырған академик Ә.Қайдардың (есімнамалық мақалалар топтамасының форматына сәйкес) ғылымдағы еңбегімен бірге, қайраткерлік, тұлғалық қасиетіне де тоқталғанды жөн көрдік.

Біріншіден, аға буын мен орта буын өкілдері болмаса, тәуелсіз Қазақстанда туып-өскен жас буын Әбдуәли Туғанбайұлының Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері екенін біледі ­десек, артық айтқан болар едік. Ұлы жеңістің 75 жылдығын тойладық, ол жеңістің оңай келмегенін,  Отан қорғауда талай жастың қыршын кетіп, соғыс даласында қалғанын, бір үйден бірнеше адам майданға аттанып, солардың бірен-сараны ғана Жеңіс тойын тойлап, елге оралғанын бүгінгі айдардың кейіпкері Әбекең 17 жасқа жетер-жетпестен «Әкелеріміз, ағаларымыз Отан қорғап жүргенде, біздің ­ауылда жүргеніміз дұрыс па?» деп ауыл ­балаларына үндеу тастап, майданға аттанып кеткен әкесі мен екі ағасының соңынан әлі жас екендігіне қарамастан соғысқа сұрануы, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз айтып жүрген патриотизмнің ең биік көрінісі екенін жас жеткіншектердің ойына қайта-қайта салып отыру – біздің міндетіміз. «Тәрбие ­отбасынан басталады» десек, Әбекеңнің бойындағы қасиет, азаматтық болмыс әке-шешеден екені бесенеден белгілі.

Қаншама отқа оранып жүріп, жаулармен бетпе-бет шайқастарда беті қайтпаған, фашис­терге тосқауыл болып, Отанын қорғауда ­аяусыз шайқасқан ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталғанын ­орынды мақтан етуге лайықты. Соғыс жас офицерді тез есейткені рас. Қандай қиындық болсын қасқайып тұрып, қарсы алуды үйретті бұл соғыс. Оның үстіне өзінің алдында соғысқа аттанған әкесі де, екі ағасы да соғыстан қайта оралмады. Майдан даласында біржолата қалды...

Бұл – Ә.Қайдардың Отан қорғау алдындағы қайраткерлік қасиетінің бір көрінісі ғана. Бауыржан Момышұлы айтқандай, ешкім іштен батыр ­болып тумайды, батырлық та мінез секілді – өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады десек, жастардың тәрбиесінде, ең алдымен, ата-ананың рөлін ешқашан да ұмытпауымыз керек.

Екіншіден, Отан қорғау – ұлтты қорғау, ұлтты қорғау – тілді қорғау деген азаматтық көзқарасы сонау сұрапыл соғыс кезінен қалыптасып үлгерген ­академик Ә.Қай­дар­дың қазақ тіліне қорған ­болып, «Қазақстанда мемлекеттік тіл біреу ғана болу ­керек. Ол – қазақ тілі» деп қызметінен, атақ-даңқ дәрежесінен, лауазымдарынан айырылып қалу қаупі төніп тұрғанына қарамастан, қайраткерлік қасиетінен бір танбай, Қызыл империяның қылшылдаған қылышынан қорықпай, сол кездегі Қазақстан ­Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин төрағалық еткен 26 адамнан құрылған мемлекеттік комиссия мү­ше­лерінің ішінен жалғыз өзі тек қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру туралы ұсыныс енгізуінің өзі – соғыста көрсеткен ерлігінің жалғасы іспеттес еді.

Әрине, қазір айтуға оңай. 1989 жылғы жағдай мүлдем өзгеше еді. Тіл саясатында пікір ала-құлалығы жетіп-артылатын. Қоғамдық қарым-қатынаста, адам өмірінде ана тілінің алатын орнын дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Қазақ тілінің сол кездегі республикамыздың мемлекеттік тілі ретінде ұсынылуы оп-оңай шаруа болмағанын біреу білсе, біреу білмес. Тек қана қазақ тілінің мемлекеттік тіл болатынына күдікпен қарайтындар, өзге емес, өзіміздің ағайындардың арасынан қазақ тіліне деген сенімсіздік тудыру фактілері бой алған кез болатын. Кейбіреулер қостілділік ­деген сылтауды желеу етіп, орыс тілінің де мемлекеттік тіл болуын аңсаған қоғамдық пікірлер туғызып жатты...

«Тіл үшін күрес – тәуелсіздік үшін күрес» деп бағалаған халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» бұрынғы президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алған жылдар туралы былай деген еді: «Қазақ тілінің қалай мемлекеттік тіл мәртебесін алған күні бүгінгідей көз ­алдымызда. Ол оңайлықпен келген жоқ, талай айқас, тіпті рухани шайқас болды. Өйткені тілдің тағдыры – қазақтың тағдыры еді. Тегеурінді қарсылықтарға да ұшырастық. Әйтеуір, түбі қайыр. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алды. Бұл жеңіс бізге қымбат. Енді алдымызда сол жетістікті баянды ету, іске асыру міндеті тұрды. Бұған қоса елдің көңіл күйі де, рухы да түлеп, үлкен қозғалысты қажет етті. Сол жылы ­академик Әбдуәли Қайдаровтың бастамасымен «Қазақ тілі қоғамы» құрылған еді».

Қарап отырсақ, одан бері еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізді. Өзінің Елбасын сайлап алып, елді дамытудың ұзақмерзімді стратегиясын айқындады. Салиқалы тіл саясатының арқасында «Тілдерді ­дамыту мен қолданудың» бірнеше мемлекеттік бағдарламалары әзірленді. Сол бағдарламалар ­бойынша елімізде мемлекеттік тілді дамытуға қажетті жағдайлар жасалуда.

Тіл туралы тұңғыш заңымыздың қабылдан­ғаны да, «Қазақ тілі қоғамының» құрылғанына да отыз жыл толуына (2019) қуанып қол соғып, той жасадық. Айтуға оңай, әрине! Сайып келгенде, бұл тек қоғамның ғана тойы емес, сонымен бірге туған тілдің мәртебесін арттыруда айтулы істер тындырып, қоғамдық пікір туғызып, ана тілін ардақтауда аянбай тер төгіп, әрқайсымыздың абзал борышымыз деп жүрген тіл жанашырларының тойы еді.

Академик Ә.Қайдардың «Тұлғатаным» дәрісінде талқылауға лайық қасиеті – туған тілді құрметтеу, ана тілінің абыройы үшін керек ­кезде атақ-даңқ дәрежеңді де тәрк етуді жастардың бойына сіңіру. Егер осыдан отыз жыл бұрын тіл тағдыры таразы басында тұрғанда, қайраткер Ә.Қайдар өзіне тән қайсарлық мінезін танытып, «Мемлекеттік тіл тек қазақ тілі болу керек» деп қасқайып тұрмағанда, қазақ тілінің қолданылу аясының кеңейе түсуі, қазақ балабақшалары мен мектептердің санының көбеюі, ана тілінде сөйлей алатын жастардың молаюы, білім ұйымдары мен жоғары оқу орындарында қазақ тілінде сабақ беретін топтардың ашылуы, көше, қала, ауыл, жер аттарының қазақшаға ауыстырылуы мүмкін бе еді, жалпы халықтың қазақ тілінің келешегіне деген сенімі арта қояр ма еді! Әй, қайдам?!..

Ә.Қайдардың қайраткерлік қасиетін сөз ете отырып, жастарға үлгі ретінде ол кісінің қолы ғылымнан қалт еткенде, мандолинада шебер ойнап, домбыра тартып, көпшіліктің көңілінен шығатынын, сондай-ақ құрдасы академик Шора Сарыбаевпен әзіл-қалжыңның қалтасын ақтарып, Тіл институтының қызметкерлерін мерекелі отырыстарда қыран күлкіге қарқ қылатынын көз көргендер аңыз қылып айтып жүргенін еске салсақ, артық болмас.

Шындығына келгенде, академик Әбдуәли Қайдар марапат, қошемет, мақтау, мадақтауға зәру жан емес еді. Оған енді қажеті де жоқ. Дей тұрсақ та, Ұлы жеңістің – 70, Тіл ­туралы заңның және халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» 25 жылдығын мерекелеу аясында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, «Қазақ тілі қоғамының» сол кездегі құрметті президенті, Түркияның «Dil Kuramu» лингвистикалық қоғамының құрметті академигі, 90 жылдығына байланысты академик Әбдуәли Қайдарға сұрапыл соғыста көрсеткен ерлігінің куәсіндей кеудесінде жарқыраған «Қызыл жұлдыз» орденінің жанында, қазақ тілінің тағдыры таразыға түскен тұста, қазақ тіліне қасқайып тұрып қорған болған майдангер-ғалымның кеудесінде тәуелсіз Қазақстанның «Халық қаһарманы» алтын жұлдызы жарқырап тұрса ­жарасып кетер еді деп, еліне етене жақын «Айқын» газетінде ұсыныс тастап, әрі ол Ә.Қайдарға көрсетілген құрмет қана емес, «Ел тәуелсіз болмай, тіл тәуелсіз болмайды» деп, Тіл сардарының соңынан ­ерген сандаған сарбаздардың еңбегінің салтанат құрып, қошеметке кенелуінің де айқын көрінісі болатындығына сенімімнің мол екенін айтқанымда, ұсынысыма көпшілік қуана қол соғып, жағымды қоғамдық ой-пікір туып, халықтың қолдауына ие болған еді. Өкінішке қарай, ол ұсынысымыз ресми тұрғыда қолдау тапқан жоқ.

Академиктің қайтыс болуына ­байланысты өткізілген қаралы жиында Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясының прези­денті, академик Мұрат Жұрынұлы: «Қазақстан ғылымы тағы бір тіл тарланынан ­айырылды. Әбдуәли ағамыздың тіл біліміне қосқан өлшеусіз еңбегі, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, туған тілді өз тұғырына қондыруда, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының халықтық қолдауға ие болуына сіңірген ерекше ерлігі мен еңбегі әрқашанда жадымызда сақталады» деген еді. Десе ­дегендей, жұрты академик Әбдуәли Қайдарды қайтпас сапарға «Халық батыры» ретінде зор күйзеліспен шығарып салды...

1485 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы