• Мәдениет
  • 14 Қаңтар, 2021

Қасиеті бөлек қара шаңырақ

2020 жылғы 20 қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениет саласындағы қызметінің айрықша мемлекеттік және қоғамдық мәні бар Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрына және Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына ресми түрде алғаш рет «Ұлттық» мәртебесі берілген болатын.

Кеше М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма ­театрында Қазақстан Республикасының Президен­ті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­арнайы Жарлығымен «Ұлттық» мәрте­бесінің берілуіне және театрдың құрыл­ғанына 95 жыл толуына арналған жиын өтті.
Жиынды ашып жүргізген театр директоры Еркін Жуасбек алғашқы сөзді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға берді.
«Қазақ театр өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілуі «Әкем театрдың» 95 жылдығына үлкен сый болды деп санаймын» деген министр жиынға қатысып отырған осы мәдениет ұйымдарының басшылары мен ұйым қызметкерлерін мерейтойларымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы мұндай өсім республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі өз жалғасын табатын болады.
Балет артистерін мемлекеттік қолдау мақсатында мәдениет ұйымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар балет артисіне соңғы 3 жыл ішіндегі орташа жалақыдан 60% мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылды.
Сонымен қатар әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемле­кеттік қолдауды күшейту мақсатында Қа­зақстан Республикасы Тұңғыш Пре­­зиденті – Елбасының мәдениет сала­сын­дағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін ұлғайтылды» деді министр.
Министрдің айтуынша, мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкер­лерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғаяды.
«Өздеріңізге белгілі ­коронавирус індетіне байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, министрлік жаңа жұмыс форматтарын енгізіп, театрлар онлайн форматта қойылым, музейлер виртуалды экскурсиялар, спортшылар үй жаттығуларын көрсетті. Сала қайраткерлері, эстрада жұлдыздары халыққа қолдау көрсетіп, елдің еңсесін түсірмей онлайн форматта концерт, түрлі іс-шаралар өткізді.
2020 жылы елімізде дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы атанған данышпан, күллі әлемге танымал тұлға Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, халқымыздың ұлы перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Алтын Орданың (Ұлық ұлыстың) 750 жылдық мерейтойлары елімізде кеңінен өткізілді» деді министр.
Сондай-ақ бүгінгі күні ең маңызды жұмыстың бірі – латын графикасына көшу кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай латын негізді қазақ әліпбиін жетілдіру жұмыстары жүзеге асырылып, әліпби жобасы Мемлекет басшысының назарына ұсынылған. Алдағы уақытта әліпби Ұлттық комиссия отырысының күн тәртібіне енгізілетін болады.
Шара барысында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында 60 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қазақстанның Халық артисі Есмұхан Обаев өз сөзінде былай деді:
«Қазақ өнерін шет мемлекеттерге танытып жүрген ұжым осы – Әуезов театры. Бұл театр бүгінде тоқсанның бесеуіне келіп отыр. Бүгін – театрдың туған күні. Көптен бері күткен шығармашылық қауымның бір сүйінші сұрар дүниесі бар еді, ол – «Ұлттық» деген мәртебе. Осындай сүйіншіге ортақ болып жатқан әлеуметке рақмет айтамыз».
Шара аясында М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 95 жылдығына орай театрға еңбегі сінген артистерді марапаттау рәсімі, «Ұлттық театрға 95 жыл» атты мерекелік концерт және «Абайдың жұмбағы» драмасының премьерасы өтті.

Ақбота ҚУАТОВА

2019 рет

көрсетілді

11

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы