• Қоғам
  • 14 Қаңтар, 2021

Үш партияның ұпайы түгел

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Өткен жексенбіде Қазақстанда Парламенттің төменгі палатасы – Мәжіліске депутаттарды сайлау өтті. Парламенттің VII шақырылымы үшін қызу таласқа түскен бес партия болды, олар: Nur Otan, «Ақ жол» Қазақтан Халық партиясы, «Ауыл» және ADAL партиясы.
Сайлау кезінде еліміздің барлық өңірімен бірге 53 мемлекетте Қазақстанның шет елдердегі өкілдіктері жанынан сайлау учаскелері ашылды.
Бұл кезде ішкі істер органы қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. ­Ми­нистр­лік сайлау кезінде айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелмегенін хабарлады.

«Сайлау учаскелері өз жұмысын аяқ­тады. Дауыс беру аяқталған өңірлерде жергілікті комиссия бюллетеньдерді санауға кірісіп кетті. Ішкі істер органда­рының қызметкерлері күшейтілген ­ре­жимдегі қызметті жалғас­тыруда. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдер мен хаттамалардың аудандық, облыстық комиссияларға еш кедергісіз жеткізілуін қамтамасыз етті. Дауыс беру кезінде сайлау учаскелерінде түсініспеушілік туғызған түрлі оқиғаларды ескермегенде, айтарлықтай заңбұзушылықтар тіркелген жоқ» деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров.

Ал 12 қаңтарда Орталық сайлау ­комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісі ­депутаттарын сайлауының қорытындысын шығарып, саяси партияларға сайлаушы­лардың берген дауыстарын жариялады.

Орталық сайлау комиссиясы төраға­сының орынбасары Константин Петров­тың айтуынша, сайлау учаскеле­рін­дегі сайлаушылар тізімдеріне 11 919 241 азамат енгізілген.

«Орталық сайлау комиссиясы нәтижені анықтауға қажет бүкіл хаттамаларды алды. Аймақтық сайлау комиссияларының хаттамасына сәйкес, сайлаушылар саны  – 11 919 241 адам. Бюллетень алғандар –  7  539 280 адам немесе  сайлаушылардың 63,25%-ы. Саяси партияларға 7 241 562 дауыс берілді» деді Константин Петров.

Белгілі болғандай, Қазақстан Халық партиясы – 659 019 (9,10 пайыз), «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09%), «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 383 023 (5,29 пайыз), Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828 (10,95 пайыз), «ADAL» саяси партиясы – 258 618 (3,57 пайыз) дауыс жинаған.

Сонымен, 7 пайыз межені бағындырған жеңімпаз үшеу. Олар: «Nur Otan» – 76 орын, «Ақжолдықтар» 12 мандатқа ие болса, «Қазақстан халық партиясы» 10 орынды місе тұтпақ. Төменгі палатада ұзын саны 107 депутат бар. Оның 98-інің аты-жөнін осы үш партия өздері ұсынады.

Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясынан ұсынылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша ҚХА-ның XXVIII сессиясы өтті. Сессияның айрықша құқығы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің тоғыз депутатын сайлау. ­Дауыс беру нәтижесінде ҚХА-ның 9 кандидаты Парламент Мәжілісіне өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы шығарады.

Жеті пайыз межені бағындыра алмаған «Ауыл» және ADAL партиясы EXIT POLL нәтижесі туралы пікірлерін білдіріп, сайлаушыларына алғыс айтты.

Қорытындыға сәйкес «ауылдықтарға» сай­лаушылардың 5,75 пайызы дауыс бер­ген. Ұйым төрағасы Әли Бектаев «ауылдықтарды» қолдап, дауыс берген бар­ша ел азаматтарына алғысын білдірді. Және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін барлық мүмкіндік жасалғанын айтты.

«Ауыл» партиясын қолдаған, тілеулес болған барлық сайлаушыға ризашы­лығымызды білдіріп, басымызды игіміз келеді. Бізді қолдаған азаматтарға, аудан­дық, облыстық, өңірлік және рес­пуб­ликалық штабында жұмыс істеген әріп­тестерімізге алғыс айтамыз. Шынында көп жұмыс атқарылды. Сайлау біз үшін өте үлкен сабақ болды. Өте үлкен тәжірибе болды. Еліміздің өркендеуі жолында жинақтаған тағы да бір жұмыс болды деп айтуымызға болады» деді Әли Бектаев.

«ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали да өз кезегінде Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына ұсынылған үміткерлерге дауыс берген сайлаушыларға алғыс айтты. Ол ұйымның негізінен ­жастардан тұратынын атап өтіп, сайлауалды кезеңде басталған жұмыстың бұдан әрі де жалғасатынын жеткізді.

«Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия – халыққа берген уәдесін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл – бүгін халыққа өте керек партия. Экзит-пол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім Nur Otan партиясын құттықтаймын» деді Серік Сұлтанғали.

Сонымен бірге аталған партия төрағасы партияның тұғырнамасының арқасында әрбір ауылдың, ауданның, облыстың, қаланың проблемасы анықталғанын, осы орайда партия өкілдері мәселелерді шешу үшін өз көмегін ұсынатынын да атап өтті.

Экзит-пол нәтижесі бойынша ­сайлауда 9,03 пайыз дауыс жинаған Қазақстан халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров нәтижеге көңілі толатынын айтты.

«Сайлауалды науқан кезінде депутат­тыққа үміткерлер үшін тең жағдай қарас­тырылды. Ешқандай қиыншылық пен кедергі болған жоқ. Экзит-пол нәтижесі біздің мүмкіндігіміздің мол екенін көрсетеді. Сайлауалды жұмыс­тарға қатысқан әріптестеріме және сайлау­шыларға ризашылығымды білдіремін» деген Қазақстан халық партия­сының төрағасы Айқын Қоңыров әріптестері мен сайлаушыларын құттықтады.

Ал осы кезде Nur Otan партиясы мен «Ақ жол» партиясы Мәжіліс депутат­тарының тізімін жариялады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 97-1 бабының 5-тармағына сәйкес «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының 12 қаңтардағы шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітіліп, ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымының депутаттары ретінде тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Қорытынды партиялық тізімдегі 36 кандидат – праймериз жеңімпаздары, 40 кандидат Саяси кеңес Бюросының квотасы бойынша бекітілген. Негізінен Мәжілістегі «Nur Otan» депутаттық корпусына білім беру, денсаулық сақтау, ҮЕҰ, БАҚ, сарапшылар қауымдастығы, өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы және т.б. салалардың өкілдері енген.

Сонымен бірге «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық кеңесінің пленумы өтіп, онда 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары сайлауының қорытындысы талқыланды. Аталған партия пленумы депутат мандатын иеленген 12 адамның тізімін жариялады.

Айта кетейік, Мемлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс ­сайлауынан кейін ел үкіметі отставкаға кетуі тиіс деп мәлімдеген еді. Парламент сайлауынан кейін министрлер кабинетінің өкілеттігі тоқтатылады. Бұл – заңның ­талабы. ­Президент 15 қаңтар күні Мәжіліске Үндеу жолдайды.

«Қазақстан Республикасының Үкімет туралы» Конституциялық заңға сәйкес, үкімет парламент Мәжілісінiң өкiлеттiк мерзiмi шегінде жұмыс істейді және жаңадан сайланған мәжілістің алдында өз өкiлеттiгiн доғарады. Премьер-министр мен министрлер үкiметтің жаңа құрамы ­бе­кi­тiлгенге дейiн өз мiндетін атқара бередi.

1101 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы