• Ақпарат
  • 14 Қаңтар, 2021

ЖАНАРБЕК ӘШІМЖАН – МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ

«Ана тілі» газетінің ұжымы үлкен қуаныш ­үс­тін­деміз. Басшымыз, газеттің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан Қазақстан ­Республикасы Пар­ла­менті Мәжілісінің депутаты болып ­сайланды.

Жанарбек – тау ұлы. Бүкіл ғұ­мы­ры Алатаудың баурайында өтіп келеді. Тауға, ең алдымен, биіктік тән. Ол артқа бұрылмай, өрлей бер­генді қалайды. Көк аспанның ұшар басына маңдай тірегенше ұм­тылудан жалықпайды. Осы қасиет шыр етіп дүниеге келген тау баласына әсер етпей  қоймағандай. Асқарлы биіктікті, шың басындағы кіршіксіз аппақ қардай тазалықты жаны қалап өсті.

О бастағы арманы журналист болу еді. Арманы алдамады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналис­тика факультетін бітіргеннен кейін жұрт­шылыққа белгілі ­«Алматы ақшамы», «Жас Алаш», «Қазақ әде­биеті» газеттерінде қызмет етті. Қатар­дағы тілшіліктен басшылық деңгейіне дейін көтерілді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төр­ағасының орынбасарлығы қызметі оны елге танымал ­азамат, қайраткер ретінде шыңдады.

Әр басшының өз жұмыс стилі, қолтаңбасы болатыны анық. Жанарбек «Ана тілі» газетінің тізгінін ұстағанда басылымда жарық көрер дүниелердің оқылымды, тартымды ­болуына күш салды. Бұл мақсатына жетті де. Бұған оқырмандардың жылы лебіздері дәлел.

Жанарбек – ақын. Жауһар жырлары лайықты бағаланып, мем­лекеттік «Дарын» жастар сый­лы­ғының, халықаралық «Шабыт» фестивалінің иегері атанып, рес­публикалық жыр мүшәйра­ла­рының бірнеше дүркін жеңімпазы болды.

Журналистикадағы, шығар­ма­шы­лық қызмет­тегі қол жеткізген атақ-дә­ре­жесі де елеулі. Ол – Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, ­Президент сый­лығының лауреаты, Қазақстан Жур­­налистер академиясының толық мүшесі.

Елдік істерге ерте араласқан азамат қазір кемеліне келген шағында. Оның туған елінің өсіп-өркендеуі жолында бойындағы күш-жігерін, білімі мен біліктілігін, табиғат берген талантын аямайтынына сенім мол.

Жанарбек ертеректе жазған «Сыр» атты өлеңінде былай дегені бар еді:

... Адасып шыққан ауылдан,

Бейбағыт бейбақ деме сен.

Қаламы қанға малынған,

Бейсауат адам емес ем.

Иә, ол бейсауат, күнделікті өмірін қанағат етіп жүрген көптің бірі емес. «Өмірімде өрнекті із қалса, ұлтымның қызметіне жарасам» деген ниеттегі көкірегі ояу, талабы зор замандасымыз.

Ұлтшыл, елім десе етжүрегі елжіреп тұра­тын арлы да жайсаң жанның елдік маңызы зор жауапты қызметінде тілей­тініміз – сәттілік!

 «Қазақ газеттері» ЖШС,

«Ана тілі» газетінің ұжымы

6734 рет

көрсетілді

302

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы