• Мәдениет
  • 21 Қаңтар, 2021

АҒАЙЫНДЫЛАР АРАЗДЫҒЫ

Өткен аптада жас жазушы Әлішер Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым!» атты пьесасы желісінде жаңа қойылым көрерменге жол тартты. Спектакль Алматыдағы Ozgeepic өнер кеңістігінің StartDrama лабораториясында өтті. Режиссері – Фархад Молдағали.

Лаборатория 2021 жылы жас драматургтарды насихаттау үшін жеті қойылым таңдап алып, көрерменге ұсынбақ екен.

«Өмірімдегі ең әсерлі сөзді бір кездері театрдың кіреберісінде естігенмін. Мені жасы он жетілер ша­масындағы қобалжығаннан тұла бойы дірілдеп тұрған қыз бала күтіп тұрды. Ал мен болсам тек қана ­тауыс қауырсындарының үлкен проекциясы аясында баспалдақта ­танго билейтін жапонның біртүрлілеу пьесасында ойнаған едім. Ол қыз, мүмкін, ауырып тұрған шығар немесе жан дүниесінде дүрбелең пайда болған болар деп, жақындап келіп жағдайын сұрадым. «Менде бәрі ойдағыдай, – деп жауап берді қыз. – Тек бұған дейін театрға келмеп ем және онда осындай нәрселер болатынын елестетіп те көрмегем». Бұл сөздерді мен еш­қа­шан ұмытпаймын. Егер сіз бүгінгі спектакльді нашарлау ойнадым-ау деп ойлар болсаңыз, оны тамашалап отырғандардың арасында алғаш рет театрға келіп, өмірінде ғажайып қойылымның куәгері болғанына дән риза бір көрерменнің барын ешқашан ұмытпаңыз». Бұл ағылшынның ­танымал театр және кино актері Алан Рикман айтқан сөз. Еуропада театрға қаншалық құрметпен қарайтынын қарт құрлықтағы толып жатқан алып әрі әсем театр ғимараттары мен онда сахналанар қойылымдарға сәнденіп киініп, өзінше бір дайындықпен жол алған көрермендердің көңіл күйінен байқауға болады. Театр – олар үшін айрықша киелі өнер ордасы. Көрші отырған орыс халқы да театр өнеріне соншалық ыстық ықыласпен қарайтыны мәлім. Өмірінде ғажайып әңгімелерімен бірге, тамаша пьесаларды тудырған Чеховты жұрттың XX ғасырдың Шекспирі ­атайтыны кездейсоқ емес шығар. ­Чеховты көргенге дейін өзін әлемнің ең үздік драматургы санаған Дж.Б.Шоу алыстағы Таганрогтан шыққан жанға таңдай қағып: «Еуропаның ұлы драматургтарының галактикасында Чеховтың есімі бірінші дәрежелі жұлдыздай жарқырайды» депті. Ал Чеховтың өзі: «Сахнадағы барлық нәрсе өмірдегідей қарапайым және сонымен бір уақытта қиын болсын. Адамдар тамақтанады, жай ғана тамақтанады, осы ­кезде олардың бақыты қалыптасып, өмірі ойрандалады» дейді. Ол ­осылайша жаңа драманың ­формуласын шығарады. Ол жарқын оқиғалар­дан, күшті кейіпкерлерден, өткір қақтығыстардан ада күнделікті өмірдің табиғи бағыты жазылған ­пьесаларды өмірге әкеле бастайды. Бірақ дәл осы күнделікті күйбең өмірдің жоғарғы қабатының ­астынан, адамдар «жай ғана кешкі ас ішіп отырған» күнделікті өмірді кеңейтіп алғандай, «олардың бақытын құрып, өмірлерін ойрандайтын» өзінің күтпеген драматизмін табады.

Ал бізде театрға қандай көзқарас қалыптасқан және оны көрермен қалай қабылдайды деген заңды сұрақ алдан шығары анық. Қанша дегенмен, театр аз ғана уақытта адам жан дүниесін қопарып көрсетер өнердің төресі ғой.

«Театр – сымбатты өнердің ішіндегі ең зор өнердің бірі» депті ­жиырма бір жасында «Еңлік – ­Кебектей» трагедиялық пьесаны жазған Мұхтар Әуезов. Ал Шәкен Айманов болса «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» дейді. Ондағы әр кейіпкер қойылымды көріп отырған әрбір адаммен сырласады емес пе?..

«Туған күніңізбен, анашым!» ­пьесасы да бір отбасының оқиғасын ортаға салады. Қойылымға бармай тұрғанда спектакльдің ана ­жайында боларына сенімді ек. «Ана» деген сөзді ести тұрып, онда бармай қалу мүмкін емес шығар деп, Жібек Жолы көшесінің бойындағы орталықтан бір-ақ шықтық. Үлкен ғимараттың жертөлесінде орналасқан кішкентай киелі сахнаны әзер тауып барғанда көрермендер жиналып қалыпты. Көбі жастар. Қойылым қашан ­басталатынын күте-күте дегбіріміз таусылған сәтте онсыз да жарығы жарымай тұрған күңгірт бөлме іші қап қара түнекке айналды. Бұл спектакльдің басталуы еді.

Алғашқы кейіпкердің ең бірін­ші сөзі – «Мамам риза болса ­болды». ­Демек, ішкі сенім ­алдамапты. Қойылым ана туралы екен ғой ­деген ой әуелгі үмітімізге дем берген. Екінші, үшінші кейіпкер шығып, оқиғалар шиеленісе бастаған соң, біз күткен ақ жаулықты ананың сахнаға шықпайтынын түсіндік.

«Анашым» тақырыпқа тұздық болар символдық сөз екен. Негізгі оқиға ағайынды үшеу: Ердәулет, Бағдәулет, Сырым төңірегінде өрбиді. Үйдің үлкені Ердәулет өмірде жолы болмаған, ылғи да табылған жұмысты істеп жүре беретін, отызға келсе де әлі отбасын құрмаған адам. Ал Бағдәулет, керісінше, оқыған, өз отбасы бар өмірде жолы болған жанның бірі. Сондықтан да ағалы-інілінің арасында көзге көрінбейтін, өздеріне ғана аян бәсеке бар. Ол бәсекеден тұрмыстық драманы да, отбасылық трагедияны да көруге болады. Үйдің кенжесі Сырым екі ағасының ­ортасына түсемін деп жүрегі ұстап қалады. Айтып түсіндіре алмас шешімі қиын сұрақтарға ­жауап таппаған ол жап-жас бола тұра жүрек ауруына шалдыққан. Бағдәулет өз ағасына үйлен дегеннен бастап қойылымдағы алғашқы шиеленіске куә боласың. Ердәулет болса «ақша қайда?» деген сыңайдағы сылтауды меңзейді.

Анасының туған күнінде оны риза ету үшін ағайынды үшеу ортадан ақша жинап шкаф сатып алған. Әлгі шкафтың болса бір аяғы жоқ боп келеді. Ақша үнемдеу үшін Ердәулет оны сауда орталығынан емес, қоймадан алғанын айтады. Бағдәулет ағасының жағасына жармасады. ­Сюжет желісі осылайша күрделене түседі. Мәселе ақшада емес, Ердәулеттің өз үлесін қоспау үшін екі інісінің берген ақшасына қоймадағы шифонерді тапқанына Бағдәулет ызаланады. Әйтсе де, бұл ағасының жағасына жармасуға себеп бола ала ма деген ой келеді.

«Бақыт әркімде бірдей болғанымен, әр адам өзінше бақытсыз» депті ­Мураками. Қойылымда ағайынды үшеуі де өзінше бақытсыз жандар. Бәлкім, әкесінен ерте айырылғаннан солай немесе қаржының жоқтығынан, несие, тағы да басқа толып жатқан тұрмыстық жағдайлар бұлардың бақытсыздығына себеп шығар. Осындайда Шопенгауэрдың «Бір ғана туа бітті қателік бар – ол біз бақытты болу үшін тудық деген сенім» дейтін тәмсілі еске түседі. Қалай дегенмен де, адам психологиясын түгелдей түсініп болмас. Бірақ жауапсыз сұрақтың да болмайтыны рас па дейсің кейде. Үйдің үлкені Ердәулетке інісінің өзіне ақыл айтқаны ұнамаса, ал Бағдәулет үлкен ағасының әлі күнге дейін жөні түзу жұмыстың басын ұстамай «қаңғырып» жүргеніне ашынады. «Осы таңғалам, үйдің үлкені деген інілерінің жағдайын жасап, бір-бір әулетті ұстап отырушы еді» дейтіні де содан. Ағайындылардың алғашқы мақсаты анасының елу жасында оны риза ету болатын. Анасының көзінше бақытты әрі тату болып көрінуді қалайды. Бір-бірімен ренжісіп жатып та «Анамыз келіп қалады...» деп, қайта-қайта есікке алаңдап қарайтыны содан. Ал анасы келер алдында ешнәрсе болмағандай «Туған күніңізбен, анашым!» деп айтып тұрған сәтте шымылдық ­жабылады.

Жалпы қойылым бір отбасының оқиғасын ортаға салғанымен, құнды­лықтар мәселесі ойландырады. ­Сонда адамдар бақытты өмір сүруі үшін ең басты нәрсе ақша болғаны ма? Кейіпкерлердің сөздерінен осы бір сұрақ алға шыға береді. Егер олар қаржыдан қысылмай, әрқайсысының өз үйі, өз отбасы болса бұндай түсін­беу­шілік, ағайындылар арасындағы араз­дық орын алмас па еді деп те ­ой­­лай­­сың. Әйткенмен, ғасырлар бұрын айтылған «Сананы тұрмыс билейді» деген ұран сөздің қайтадан айна­лып алдан шыға беретіні неден екен?..

Нұрлайым БАТЫР
«Ana tili»

1496 рет

көрсетілді

50

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы