• Білім және ғылым
  • 21 Қаңтар, 2021

ҰСТАНЫМЫ ӨЗГЕРМЕГЕН ҰСТАЗ

Ол 24 жасында тарих ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алған алғашқы қазақ қызы еді. Бағдат Нұрланқызы Әбішева – көрнекті ғалым, тарихшы, профессор, Қазақ КСР-ы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халықаралық Ақпараттандыру Академиясының академигі. Ең бастысы, ол – ұстаз. Ұстаздық ұстанымынан өзгермеген ғалым. Ендеше, сөз Бағдат Нұрланқызы туралы болмақ.

Б.Әбішева қазіргі әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дың тарих-филология факультетін 1948 жылы үздік бітіріп, КСРО Ғылым академиясы КСРО ­тарихы институтының ­аспирантурасына оқуға түседі. Мәскеуге барған ­сайын Қазақстанның жас ғалымдарымен кездесіп, олардың жағдайымен танысып тұратын ҚазКСР-і ҒА-ның тұңғыш президенті – Қаныш Сәтбаевпен сол жерде танысады. Одан кейінгі өмір ­жолында Қаныш Сәтбаевпен талай бірге ғылыми мінберлерге көтеріледі. 1952 жылы танымал тарихшы А.П.Кучкиннің жетекшілігімен кандидаттық диссер­тация­сын сәтті қорғайды.

Алматыға оралып ҚазКСР-і ҒА-ның Тарих институтына жұмысқа жаңа қабылданған Б.Әбішева қайнаған ғылыми орта қызметіне бел шеше араласып кетеді. Ол 2 томдық «Қазақ КСР тарихының» жаңа басылымын дайындаған авторлық ұжым құрамына кіреді. Ғылыммен қатар еңбекшілер арасында ғылыми, саяси, тарихи білімді насихаттауға белсене қатысты. Сол еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының бірнеше мақтау қағазымен марапатталды. Қоғамдық өмірге белсене араласқан жас ғалым айтулы танымал тұлғалармен жиі кездесіп, олардың ақыл-кеңесін алып отырған. Атап айтсақ, сол тұстағы Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті, ірі ғалым – академик, мемлекет қайраткері Д.Қонаев, Қ.Сәтбаевтар оның ғалым және қайраткер ретінде қалыптасуында үлкен ықпал етті.

Б.Әбішева 1952 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнология институтында үздіксіз еңбек етті. Б.Әбішеваның ғылыми бағыты Қазақстан тарихының, оның ішінде республиканың индустриялық дамуының, жұмысшы табының және оның қоғамдық-саяси белсенділігінің, қалалар мен фабрикалар тарихының, республиканың ауыл шаруашылығының бірқатар ғылыми проблемаларын әзірлеумен ұштасып жатты. 1960 жылы оның мерзімді басылым және Қарағанды металлургия комбинатының ағымдағы архиві материалдары бойынша «Пионеры будущего (бригады коммунистического труда в промышленности Казахстана)» атты кітабы жарық көрді. 1957 жылы «Қазақ ССР тарихының» I томы, 1959 жылы – II томы жарық көрді. Бұл басылымда алдыңғы басылымдарға қатысты сын-ескертпелер мен тілектер ескерілді, жекелеген бағалар мен ережелер нақтыланды және қайта қаралды. Бұл еңбек қоғамның мойындауына және оң бағасына ие болды. Институт ғалымдары дайындаған «Қазақ КСР-і тарихының» бес томдығын жазуға және шығаруға ­атсалысты. Осы еңбегі үшін 1982 жылдың 28 желтоқсанында Қазақстан ­Компартиясы ОК және Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің қаулысымен академиялық басылымның авторлар құрамындағы алты жетекші авторымен бірге Қазақстандағы тарих ғылымының маңызды бағыттары ­бойынша іргелі зерттеулер жүргізуге қос­қан үлесі жоғары бағаланған Б.Әбішева Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.

Оның қаламынан 4 монография, 100-ден астам ғылыми және ғылыми-танымдық жұмыстар ­жарияланды, көптеген бірлескен жұмыстардың ­авторы болды: «Қазақ КСР тарихы» (2 томдық), «Қазақ КСР тарихы» (5 томдық), «Қазақстанның жұмысшы табының тарихы» (3 томдық), «Социалистік Еңбек Ерлері –қазақстандықтар» (4 томдық), «Қарағанды қаласының тарихы», «Қазақ металлургия зауытының тарихы» және т.б.

Ғылым мен ұстаздықты ұштастыра алған Б.Әбішева көп жылдар бойы ҚазМУ, ҚазПИ, Қазақ қыздар пединс­титутының тарих факуль­тетінде оқу-әдістемелік жұмысына қатысты. Оның жетекшілігімен 5 кандидаттық диссертация қорғалды.

Ол шынымен де ұлағатты ұстаз, білікті ғалым еді. Қазақ тарих ғылымының кәсіби мектебінің көрнекті өкілі болып саналатын Бағдат Нұрланқызы көптің есінде өнегелі ісімен қалатыны анық.

Сәбит Шілдебай,

Айнұр Қали

2688 рет

көрсетілді

125

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы