• Тұлға
  • 21 Қаңтар, 2021

ИСАН КӨКЕМ ОСЫНДАЙ...

Исан көкем жайлы мақала жазу маған бір жағынан оңай, бір жағынан қиын. Оңай болатыны – ол кісінің жағымды қасиеттері өте көп, бауырларымен байланысы да жақсы. Өте кішіпейіл, қарапайым. «Ғылым докторымын» деген кеуде ұратын мінезі жоқ. Үлкенмен де, кішімен де әңгімесі жарасқан, қай ұрпақтың өкілімен болса да тең дәрежеде сөйлесетін мінезі ашық адам. Қалаған кезде құрдас болып та кетеді. Әзілі де ұтымды. Миығынан жымиып, ұтымды әзіл айтарда езуіне күлкі шақыратыны да бар. Ондай кезде жатаберіс әзілі жүрегіңе жылы тиеді. Бұл ағамен туыс болудың өзі маңдайыңа біткен бақ десем де артық айтпаймын.
Қиындығы – оның қай қасиетін тілге тиек етеріңді білмейсің. Бәрі жағымды, бәрі орынды. Анаусын айтсаң да, мынаусын айтсаң да – жарасады, бір қалыпқа кірпішке құйған секілді, бірдей.  Солардың барлығын жіпке тізгендей ғып қайталап айтып берген тіпті қызықсыз. Мәні жоқ, өмірбаянды қайталағандай боласың.

Туыстық дегеннен шығады, ол кісімен біз қалай туыс­пыз? Енді осыны таратып айтайын: ауылда ағайындардың арасында ата-ата боп бөлінетініміз бар. Сол ата жағынан жақынбыз. Біз «төртсарының» балаларымыз. Бір атадан тараймыз. Төртсарыдан шыққан тұлғаларды атауға тура келеді бұл жерде. Ең әуелі кезінде талай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, соңында облыстық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Смет аға Есімовтың есімін алғаш ауызға алар едік. Содан кейін Жуалы, Мойынқұм, Сарысу  аудандарының әкімі болған Серғали Айдапкеловтың аты-жөнін айтар едік. Сосын біз бітірген орта мектептің /қазір Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектеп/ директоры Нұрмахан Аманбековты қосамыз бұл тізімге. Ал ғылым жағынан келгенде осы Исан аға Тілегеновтың аты бірінші болып ауызға ілігеді. Ғылым докторы, профессор. Бүгінде сексенге келсе де жас жігіттердей шалт қимылдап, сергек жүретін Исан ағамыздың есімін де мақтанышпен атаймыз. Көңілі түскен кезде інілерімен құрдас секілді әзіл айтып, қалжыңдасып жүре береді. Араға шекара салып сөйлеу, жасының ерекшелігін алға тарту сынды пенделік қасиеттерден жұрдай десем, артық айтқаным емес. Көңілі түскен кезде інілерімен құрдас секілді қалжыңдасып, жас ерекшелігін аңғартпай жіберетіні бар.

Мен ол кісімен тұңғыш рет қалай кездестім және қай жерде?.. Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетінде студент кезім. Уақытымыздың көбін кітапханада өткіземіз. Құнығып оқымасақ та, уақытымыздың көбі кітапханада өтеді. Кітаптарды көп қылып алып, соның тасасында ұйқы қандыратындарды да көргенбіз. Біз оның қасында тәуірміз. Кітапты көп қылып алмасақ та керектілеріне тапсырыс беріп, емтихандарға дайындалуды әдетке айналдырғанбыз. Сондай күндердің бірінде сол кездегі Пушкин атындағы кітапханада жүргенмін. Қол қалт еткенде асханадан дәм татып келе жатқан едім. Баспалдақпен төмен түсіп бара жатқанымда ол кісі маған қарсы ұшырасты. Ауылда жүргенде Исан көкемді өмірі көрмегенмін. ­Суреттен ғана таныспын. Көзіме бірден жылы ұшырады. Бетіндегі қалы, түр-сипаты ол кісінің әкесі марқұм Сапы көкемізден айнымайды-ау, айнымайды. Қарсы жолыққанда кішкене жүзіне көз жүгіртіп, тұрып қалдым. Ол кісі де менің жанымнан өтіп бара жатып, сәл кідірді. Мен бірден:

– Исан көкесіз бе? – деп сұрадым.

Ол да бір жымиып:

– Сен Толымбек емессің бе? – дегені.

– Иә, – дедім.

Сол жерде ағайынды екеуміз шұрқыраса көрісіп, табыстық. Біраз әңгімелестік. Ауылдың жағдайын сөз қылып, ағайын­дарды түгендеп болған соң тарас­тық. Содан кейін екеуміздің арамыздағы бай­ланыс әлі үзілген жоқ. Үзілмейді де! Ауылға бар­ғанда, мен өзіммен тетелес әпкем – Нұрипаның, ол кісі де ­Тараздан інісі Дүйсен көкеміздің үйіне жиі келеді. Нұрипа мен Дүйсен көкем екеуі көрші тұрады. Аралас-құраластары өте жақын. Екеуі де Шақпақ атаның орталық көшесіндегі қатар тұрған үйлерде көрші.  Шұрқырасып табысамыз да, арадағы әңгіме ұзаққа созылады. Өте кішіпейіл, ағалыққа салып, бір дауыс көтеріп сөйлегенін немесе тізеге салып ары-бері жұмсағанын естіген де, көрген де емеспін. Кішігірім шаруаны ешкімді жұмсамай өзі-ақ тындырады. Ол кісінің шаруаға жұмсамай өзі тындырып жүргенін көргенде өзің-ақ ұялып, сол шаруаға бел шешіп кірісіп кетесің.

Олардың ең үлкені Зауқан әпке ғой деймін. Сосын Исан көкем, одан кейінгісі Дүйсен көкеміз. Ол талай жыл ауылдағы мектепте директордың орынбасары қызметін атқарды. Одан кейінгі інісі – Пернебек. Ол да ауылда. Сосын қарындасы Бейсекүл. Ол менен бір сынып төмен оқыды. Таразда тұрады. Аналары Пиякүл апамыз. Ол – ауылдағы бадырақтың қызы. Менің шешем екеуі апалы-сіңлілі.Ол да бадырақтың қызы. Екеуі сырлас еді, Мінездері де ұқсайды. Тік. Бетің бар, жүзің бар деп төменшіктемейді, айтып салады. Тұрмыс құру жағынан абысын. Екеуі де төртсарының келіндері.

Ұрпақ жағынан ұқсастығымыз да бар. Біз анамыз Жансаядан 5 ұрпақпыз. Ең үлкеніміз Бекқыз әпкем болса, одан кейінгі ағаларым Қалдыбек пен Бердібек. Бұлардың барлығы өмірден ерте өтіп кеткен жандар. Содан кейінгі Нұрипа мен мен.

Бір жағынан туыс, екеуміз де төртсарының балаларымыз. Екінші жағынан бөле едік. Кейін де көп араластық. Кішіпейіл, ылғи кішірейіп тұратын ағаны кім ­сыйламайды? Ауылдағы інілерінің барлығы Исан көкемізді төңіректеп, сол кісінің аузын бағып жүргені. «Мені бір жаққа жұмсаса екен» деген тілектері пейілдерінен, ағаға ­деген құрметінен көрініп тұрады. Аузын бағып, тірлігін тастай ғып бітіруге әзір, ­дайын.  Мен ол кісіні «әулие» көремін. Әулиелігін ­айтайын. Оқу бітіргелі көрмеген ағайымның бір күні біздің есіктің қоңырауын басып тұрғанын көріп таңғалғаным бар. Араласпағанбыз, бір-біріміздің тұратын ­мекенжайымызды да білмейміз. Есікті ашсам, табалдырықта өзіне тән әдемі жымиысымен күлімсіреп тұрған Исан көкемді көрдім. Аң-таңмын. Мекенжай сұрасып, әңгімелескен жағдай болмаған. Оны Исан көкемнің өзі түсіндіріп айтып берді. Мені іздеп қазақ теледидарына барған ғой. Мен ол уақытта қазақ теледидарында қызмет ететінмін. Алғашқы жолыққан адамнан мені танитын, ­танымайтынын сұраған. Ол адам мені танитын болған.

– Танысаң, айтшы қайда тұрады, мекенжайын білесің бе? – деген.

Ол менің Абай мен Саинның қиылысындағы «Жетісу-2»  шағын ауданында тұратынымды айтқан. Дәл сол жерге келіп, алғашқы жолыққан адамнан «Толымбекті танисың ба?» деп сұраған. Ол адам да мені танитын болып шыққан. Ол да менің пәтерімнің нөмірін атаған. Есікті ашсам, Исан көкем табалдырықта тұр күлімдеп.

– Қалай таптыңыз, қалай келдіңіз? – деп сұрақтың астына алып жатырмын.

– Төртсарының жігіттерінің ­мекенжайын таппай не көрініпті? – дейді өзінің жымиған жүзінен таймай және біратар әзілін де қыстыра сөйлеп.

Осындай жеңіл әзілімен ағайын­дардың барлығына жаққан ағамыз ауылдан қол үзген емес. Ылғи барып тұрады, хабарласып тұрады. Өзінің соңынан ерген інілерімен құрдастай қалжың айтып, әңгімелесіп жүргені. Менің үлкен ағам, марқұм Қалдыбекпен талай бірге асық ­ойнап өскен ағамыз енді бізбен араласады. Егер Қалдыбек ағам тірі болғанда оның да сексен жылдығын келер жылы атап өтетін едік. Тағдырдың ісіне не шара жасайсың, елуге толмай жатып жарық дүниемен қоштасты. Бізбен сыйласады. Ол кісінің түсінігінде «Мынаның жасы үлкен-оның алдында құлдық ұруым керек, мынаның жасы кіші – құрдай жорғалатуым керек» деген түсінік мүлде жоқ. Кіммен болса да тең дәрежеде, тең сыйластықта сөйлеседі. Осы мінезі оның жасы үлкен ағаларына да, жасы кіші інілеріне де жағады.Қатар әзілдесіп жүре береді.

Сексенге келсе де мәшиненің рөлін ұршықша айналдырады. Астындағы темір тұлпарын тізгіндеп, қай жаққа болса да тартып кетуге әзір ағамыздың көңілі де жас, өмірі де жас.

Ұлы үйленді. Құдалардың ­командасына қосыпты. Команданың сапында болып, келінді алып келу, құдалық құрамында болу секілді тапсырмаларды орындап, келінді сонау Шым қаладан Таразға алып келдік. Ертесіне ертемен екеуміз базарға ­барып, беташарға сойылатын қой алдық. Алыс-жақын ағайынды беташар тойына шақырып, келіннің бетін аштық. Сол тірліктің барлығының басында өзі ­болып, өзі атқарды. Ол кезде әлі ­сексенге келмеген, бірақ сол сексеннің есігін қағып тұрған жаста еді. Қимылы ширақ, қозғалысы жылдам ағамызға ілесіп менің де біраз шаруаға қатысқаным бар.

 

Әкесі марқұм Сапы көкемізді де, ­анасы Пиякүл апамызды да көзіміз көрген. Біраз дастарқандас болып, әңгімеміз де жарасқан. Исан көкемнің болмысы сол Сапы көкеміздің мінезі секілді. Тіпті бетіндегі қалы да сол Сапы көкемізді еске түсіреді. Көп ашуланбайды. Неге болса да күле қарайды, шаруаға тындырымды. Ақырын жүріп, анық басатын көкеміздің сол мінезі Исан ағамыздың ­бойында да бар. Інілері Дүйсен көкеміз де ауылдағы Құрманбек Сағындықов атындағы біз бітірген мектепте директордың орынбасары болып, зейнетке шыққан.  Одан кейінгі інісі ­Пернебек ағамыз да сол бауырларындай біртоға, жайдары мінезді. Неге болса да күле жауап беретін ол ағамыз да алма ағашынан алыс түспеген. Бойында бар қасиеттер Сапы көкеміздің көшірмесі сияқты.

 

Басымыз қосылғанда, ағайындар жиналғанда аздап карта ойнайтынымыз да бар. Преферанс. Онда да тең дәрежеде сөйлесеміз. Үлкендігін білдіріп, кеудеге салу деген ол кісіге жат қылық. Таразда да Абай, Бақыт сынды өзінің інілерімен қатты ­сыйласады, араласады. Олар кішілігін білдірсе де ағамен өзінің қатарындай реті ­келсе қалжың айтып жүре береді.Менің Исан көкем осындай адам. Асып кеттім деп тасуды, қалып қойдым деп жасуды білмейтін қарапайым біртоға жан. Оның езуін керіп жымиғанының өзі табиғаттың ерекше бір тартуы дер едім. Сол қылығымен де жағымды, сол әдетімен де сыйлас.

Алматы политехникалық институтын бітірген. Лениндік стипендиат. Ол кезде мұндай дәрежеде оқу бітіру кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ қой. Институтта оқып жүргенде болашақ ғалымның ізденістерінің негізі қаланған. Ол  кісі жайында әңгіме де таусылмайды. Оның кішіпейілділігі мен адамгершілігі жөнінде қалай айтса да жарасады. Үлкендігін білдіріп, өктем сөйлеу секілді қылықтар ол кісіге өте жат. Реті келсе, қалжың айтып та інілерін жұмсайды. Жұмсаған жағына бара жатып жаңа ғана айтқан қалжыңына риза боп, езуіңді жиып біткенше шаруасы да біржақты болып, тындырылады.

Исан Сапыұлы Тілегенов ­техника ғылымының докторы, экология және тіршілік қауіпсіздігі халықаралық ғылыми академиясының академигі, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңір­лік университетінің ­профессоры, әлі де ­аттан түскен жоқ. Сол өз уни­верситетінде шәкірттерге білім беруде.

Әкесі марқұм Сапы көкемізді де, ­анасы Пиякүл апамызды да көзіміз көрген. Біраз дастарқандас болып, әңгімеміз де жарасқан. Исан көкемнің болмысы сол Сапы көкеміздің мінезі секілді. Тіпті бетіндегі қалы да сол Сапы көкемізді еске түсіреді. Көп ­ашуланбайды. Неге болса да күле қарайды, шаруаға тындырымды. Ақырын жүріп, анық басатын көкеміздің сол мінезі Исан ағамыздың бойында да бар. Неге болса да күле ­жауап беретін ол ағамыз да алма ағашынан алыс түспеген. Бойында бар қасиеттер Сапы көкеміздің көшірмесі сияқты.

Біздің бүгінгі тілек:

Біз де басып келеміз ізіңізді,

Қысың жомарт, жаз ыстық, күзің ізгі.

Күліп қана жүріңіз бұл фәниде

Бұлт шалмасын жайдары жүзіңізді.

Аман болсын ағайын, отбасыңыз,

Көрейік аман келген жүзіңізді.

Жүзден асып кетсеңіз ол да бақыт

Көп көрмесін құдайым мұнымызды!

Осылай айтайық тек шынымызды!

Іздескенге не жетсін мына өмірде

Жоғалтып, қайта тауып бірімізді.

Құрметпен тек сыйласып жүрейік біз

 Сындырмай сағымызды, сынымызды.

Ашып, айтып жүрейік ылғи да біз

Жұрт білмейтін ерекше қырымызды.

Иә, аға сіз жүзге келгенде біз: ­бауыр інілеріңіз: мен, Бақыт, Абай, тағы басқалар тәтті-тәтті тілек айтып тұрайық. Сол тілектерге адал болыңыз! Сексеніңіз құтты болсын! Сексеннен секіріп өтіп, тоқсанға тоқтамай, ­Жамбыл көрген, Жамбыл келген жүзге жетіңіз!

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар және

Журналистер одағының мүшесі

878 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы