• Тұлға
  • 21 Қаңтар, 2021

ӘЛІБЕКТІҢ ЖАЗУШЫЛЫҚ ӘЛЕМІ

Әдетте, әдебиет әлеміне шолу жасай келе, көп ретте уақытпен үндес, заманмен заңдас, қоғаммен көңілдес көркем шығармалардың кемшіндігін, ал қолда барын қомсынып, жеріне жеткізе жазылмаған, әлі де болса бір қайнауы ішінде деген пікірді көпсітіп жүргеніміз рас қой. Әйтсе де өмір шындығын өнер шындығымен шыңдап, оқырмандарын ойландырып, таңдай қақтырған ­тамаша туындылар баршылық. Тек соны танып, бағалар, үлгілісін үкілеп, өнеге алу жағы кемшін. Осы ­орайда тақырып таңдауы, жазу мәнері, көркемдік сипаты жөнінен дара жолы қалыптасқан көрнекті қаламгер Әлібек Асқаровтың сұңғыла суреткерлігін айрықша атап өтсек артық болмас деймін. Кесімді пікір, тура сөзіміздің дәлелі бар ма, болса соған толығырақ тоқтала кетейік...
Басқа-басқа, ал Әлібектің өткен ғасырдың ғаламат қасіреттерін, қазақ халқының  басынан кешірген қилы тағдырын, әр қырын қамти отырып, өрнектеген бағасы өмірлік ­баяндары – хикаяттары мен әңгімелері туған әдебиетіміздегі орны бөлек туындылар санатында. Еліміз еркіндік алып, бүгініміз бен болашағымыздың бағыт-бағдарын айқындауға жұмыла кіріскен сәтте, өкініші көп өткен заманның зардаптарын есімізге ­салып, сабақ алуы­мызға септігі тиетін, пайым-парасаты тәлімді, көркемдік кестесі келісті, ­шы­найы да шырайлы шығармалар қажет еді. Сол сұранысқа сай келетін әдеби туындылар жазылып та, жарияланып та жатыр. Соның ішінде тақырып таңдауымен, көздеген мақсатымен және оның  ойдағыдай орындалуымен оқшау тұрған Әлібек Асқаровтың шығармалары. 
Жазушы өмірдің толғауы тоқсан өзекті мәселелерін қозғап, қоғамның да, адамның да жадының жаңғыруына, жанының жасануына, кемелденіп келешегін ізгілендіруге арнаған ай­шықты шығармаларының алты томдық таңдамасының қай-қайсысын оқысаң да көңілің толып, риза боласың. Өйткені ол әңгіме, хикаяттар түгелдей әдебиетке көшкен кешегі күндердің ел-жұртымыз басынан ­кешкен боямасыз баяндары.
Тіпті олардың қайсысын таңдап, қайсысын талдап айтуға қиналасың. Бәрі де мәнді, бәрі де сәнді. Оған көз жеткізгісі келген кісі өздері оқып, өздері түйсініп, түсінуі керек. Ал біз болсақ соған жолбастар жоралғы болатын өз ой-пікірімізбен бөлісіп отырамыз.

Қазақ қоғамының күні кешегі келбетін замандастарының көзімен, суреткердің сөзімен, ақиқатын ақтарып, шындығын шырылдап жетемізге жеткізе жазылған «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романын оқып көріңіз. Тәуелсіздіктің тізгіні қолға тие сала, шаруашылықты басқарудың жаңаша жолына көшпекші болып, колхоз-­совхоздар жаппай тарап, қарамағындағы мал-мүлік талан-таражға түсіп, ­ұстаға­н­ның қолында, тістегеннің ­аузында кетіп, онсыз да күйі мүшкіл ауылдардың ахуалы нашарлап, берекесі қашқан кездің жүрегіңді сыздататын келеңсіз көрінісі осы романда айрықша айшық­талған. Тұрғындары, әсіресе жастар жағы, біреулері жұмыс іздеп, біреулері қызық қуып, қалаларға қоныс аударып, ауылдарда қариялар қалған шақтың шындығы көркем әдебиетке көшкен. Жазушы төртінші бригада – төртінші ауылдың жүз үйінен жеті-ақ үй қалғанын, ол аздай, совхоз орталығы Мұқырға да тықыр таянғанын әңгімелей отырып-ақ сол жылдардағы күллі Қазақ Елінің құты қашқан тұрмыс-тіршілігін айна-қатесіз көрсеткен. Сондай-ақ романның негізгі кейіпкерлері – ауыл ақсақалдары Нұрғали, Қанапия, ­Орынбай, Әмір, Бектемір, Қасиман, Байғоныс, Қабден­дердің мінез-құлқын, өмір-тіршілікке көзқарасын, ауылдастарымен аралас-құраластықтарын, жаңа заманның ыңғайына қарай бет бұруға көшкенін сондай бір қызғылықты, сондай бір тәлімді мысалдармен тұздықтай отырып, тағдыр кешулерін көркем тілмен суреттеп, әрқилы адам бейнелерін сомдауы өзгеше өрнекті. Роман кейіпкерлерінің тағы бір ­тамаша қасиеті кіндік қаны тамған атамекеніне өлердей ғашық, ойлайтындары ел ішінің іргесі бұзылмауы, береке-бірлігі, аман-саулығы. Бұл олардың тек аузындағы сөзінен емес, күнделікті іс-әрекеттері арқылы аңғарылады. Әлібек кешегі ауылдың тозған тіршілігін, оның ­себеп-салдарын санада саралай келе, жалпақ жұртының қанша тауқымет тартса да келешегінен күдер үзбей, жақсы күндерді жалғастыра беретін сәттілік тілеген сезімін де әдемі әдіптеген. Оқырман оны Мұқыр ауылының тағдырын таразылап, бір шешім қабылдау мақсатымен ақылдасу үшін ­аудан басшылары келіп жиналыс өткізгелі жатқан кездегі жұртшылықтың мына көңіл күйінен сезеді: «Қалай болғанда да қоғамдасқан тірліктері тұйыққа тіреліп, кезеңді бір белеске жеткенін бәрі де мойындап...туған ­ауылдарын алдағы уақта орасан өзгерістер күтіп тұрғанын жүректері сезіп бара жатты». Клубта өтетін жиынға бара жатқан ауыл адамдарының ­ой-түйіні осылайша пайымдалуы шұғылалы күндердің шуағы жүдеген көңілді жадыратар жаңалық екеніне сөзсіз сендіреді.

Жазушының күні кешегі өтпелі кезең тудырған небір қиыншылықтарды басынан өткерген жастар өмірінің ақиқат сырын ақтарып жазған тағы бір тағылымды туындысы «Алданған ұрпақ» повесі. Бас кейіпкері Базарқан есімді жас жігіт. Әскер қатарынан босап Алматыға оқуға түсуді армандап келген. Алайда жолы болмаған. Емтиханнан оңбай омақаса құлап, тағдыры тұйыққа тірелсе де, бәлкім келесі жолы жолым оңғарылып, оқуға түсіп кетермін деп өзін-өзі жұбата жүріп, ауылға қайтар алдында армансыз қала аралап, көшелерді кезіп, небір жағдаяттарға тап болады. Сол бір тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан әрі-сәрі тұсындағы боямасыз көріністер арқылы еліміздің тұрмыс-тіршілігін, адамдардың мінез-құлқын қаз-қал­пында көркем әдебиетке көшірудің қи­сынды тәсілін тапқан қаламгердің шы­ғармашылық шеберлігіне тәнті боласың.

Иә, ол кездің сұрқай суреттерін бірде күлдіріп, бірде күйінтіп баяндаған Базарқанның әңгімесі бәріміздің де басымыздан кешірген хикаяттар. Арақ-шарап дүкендері мен сыраханалардағы у-шу, кезекке талас, былапыт сөздер. Таң бозынан тұрса да кезегі жеткенше сүт таусылып, үйлеріне қамығып қайтатын шал-кемпірлердің ренжісі. Көшеде кезіккен кісіден тиын-­тебен сұраған тіленшектер. Тілерсегі майысып ала қап арқалаған жас қыз-келіншектер. Автобустардың жүріп-тұруының қиындығы. Осындай келеңсіз көріністер көңілін қалдырған Базарқан адаспай ауылына жетуге асық. Ауылда өскен, ақкөңіл, адал бозбала Базарқанның сол кездегі іздесең де табылмайтын джинсы шалбар сатып алып қуанып, артынан алданып қалғанын біліп таң-тамаша қалғанына куә боламыз. Сөйтсе, сұмырай жігіт шалбардың бір балағын кесіп алып қалыпты. Қымбат бағалағаны былай тұрсын, жылпос жігіт киімді екіге бөліп айласын асырған. Бұл бұл ма, ­повесте бұдан да өткен өкінішті оқиғалар, ұсақ адамдардың аярлық қылықтары жеріне жеткізіле әрі жиіркендіре әшкереленгеніне көз жеткізесің. Мысалы, вокзал ­басында кезіккен екі сержанттың әскерден келгеніне үш ай өтсе де тіркеуден өтпегенін сылтауратып, бопсалап ақшасын қағып алуы, өзі қатты сыйлайтын сұлу да сүйкімді мұғалима Қанағатты алдап қолына түсіріп, кейін қайрылмай кеткенін жолдастарына мақтана әңгімелеген Жандарбекпен өштесіп, жасы кіші, күші келмейтінін біле тұра төбелесуі, әскерде жүргенде бір әулекі, ұлтшыл, мас офицердің ұлттық намысына ­тиген қорлық сөздеріне ­шыдамай ұрып жығып, ақырында жазықсыз жазаланып, қызметінен ­босатылуы, география пәнінен сабақ берген, студент кезінде кемеге мініп, бірқатар шетелді, Жерорта теңізін көріп, сонау Гибралтар бұғазына дейін барып қайтқанын қызықтыра әңгімелейтін Смағұл ұстазын жиі есіне алып, арманшыл болуға үйреткен ­аяулы жанды жақсы көруі, кітабының ­басын жаза алмай басы ауырып жүрген, кездейсоқ кездесіп, шүйіркелесе кеткен ақын Тынышбайдың сөзі қайран қалдыруы (лирик ақынның кітабын өндіріске өткізу үшін басына, алдыңғы 5-6 бетіне Ленин туралы, партия туралы өлеңдер қосуы керек екен), оныншыны бітірген бетте арман қуып, арда өскен ұл-қыздардың «көктеммен бірге көктеп келе жатқан мақсат-тілектері көктей ­солуы», яғни екі жыл қойшылыққа жегілуі – жастардың жолы кесілуі – міне, осы жағдайлар Базарқанның, сол арқылы тұтас бір ұрпақтың өмір кешулерінің керемет шындығын ­ашына айтқан шырайлы шығармаға арқау ­болыпты. Осы жерде оқыста вокзал ішінде кездес­кен, тілдескенде жүдеп-жадап, жаны жараланған адамның кейпіндегі Смағұл ұстаздың: «Сен ұшқыш боламын деуші едің ғой» деген лебізіне қалай жауап берерін білмей қысылған шәкіртіне: «Оқасы жоқ, әлі жассың, өмірің әлі алдыңда. Тек көкірегіңдегі отты өшіріп алмасаң болды. Басқа дүниенің бәрі орнына келеді әлі» деп ұстазы ұлық сөзін айтқан. Өз ырқы өз қолына ­тимеген қилы ­заманда өгей өмір кешкен қазақтың көрмегені жоқ. Әке-шешелері оқыған, көзі қарақты бола тұра, қуғын-сүргіннің, жоқшылықтың шетін көріп қалғасын ба, ұраншыл бола тұрып, үрейшіл, жалтақ, жасқаншақ болғаны аян. Олар Алаш азаматтарының ерлік, елдік салтын сақтай алмапты. Сондықтан да бүгінгі ұрпақтың да тағдыры тайқы, тұзы жеңілдеу сияқты. Мақсатты жолда оларға ылғи да қажыр-қайрат, табандылық жетіспей жататыны ақиқат. Әйтсе де Базарқан сынды бүгінгі жас ұрпақтың өткеннен сабақ алып, тәуелсіз еліміздің тұғырын бекітіп, жаңа заманда жарқын ғұмыр кешеріне сенесің. Рухы оянған Базарқан сынды өмір жолынан адасқан ұрпақтың өткен заманның қиянат-қиыншылығын санасында саралап, келер күндерге үміт артқан арман-мақсаттарының шамшырағын лаулата берері сөзсіз.

Оның төгілген тілі, тақырып таңдауы, оқыс та оқтайлы оқиғаларға құрылған әңгіме, хикаят, романдарының жаңаша желісі, қай шығармасында болмасын жарасымды, қағытпа әзіл-қалжыңдарды да орнымен қиыстыра келтіруі – бәрі-бәрі арналы талдау мақалаларын арнауға сұранып-ақ тұр. Әлібектің табиғат тынысын, аң-құстардың, гүл-шөптердің қазақша атауларын, түр-түстерін, мінез-құлықтарын жетік біліп жазуына да сүйсінесің. Бұл күллі шығармашылығына тән ерекшелік. Алайда «Алтайда алтын күз еді» деген қара сөзбен жазылған поэмасын айрықша бөліп айтар едім. Әуелде атақты суретшілер санатында жүріп, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда шығармашылық күйзеліске түскен Жанымқанның туып-өскен елі, жер жаннаты Алтайға барып, рухтанып, сергіп-серпіліп, жан дүниесі жасанып қайтқан тағдыры туралы толғанысы қандай ғажап. Осынау суретшінің көзімен, жазушының сөзімен жазылған шығармадағы суреткерлік, кемел ойлылық Әлібектің өзге туындыларына да қатысты қасиет.

 

Айтқандай, Базарқан тағы да ауылға апаратын поездан кешігіп қалып қояды. Бұл сөздің де астары бар. Енді қайтып кешігіп, баратын жерімізден адасып қалмайық деген тәмсіл емес пе? ...Жаны жасанып, жады жаңғырған жас ұрпақтың бақытты жолына, ­баянды болашағына сендіретін суреткер жазушының сөзінің қуаты осындай ойға жетелеп, түйін түйдіреді.

Әлібектің әу бастан өзінің өр ­Алтайын, туған жерінің табиғатын, сол аймақты мекендеген адамдардың әрқилы тағдырын тарата жазумен танылғаны мәлім. Солардың бірі «Сүргелең» ­хикаяты. Сүйікті жары ­Айзада мен жалғыз ұлы Тоқтасыннан ­айырылып, қара жамылған аңшы Қараман өмірінің бір үзігін арқау ­еткен хикаятта сыры терең тіршіліктің беймәлім шерлі шежіресі шертіліпті. Ғұмырының ­базары тарқаған Қараманның ­ауылынан аулақ, қалың орманның арасында, көлденең көпшіліктің көзіне түсе бермейтін иендегі Қараңғысайда тұрып жатқанын, елден безіп кеткенін жұртшылық түсінбеген. Оның жұмбағы Қараманның жүрегінде екен. Тоқтасын бір жолы ауыл іргесіндегі бұлақтан өте бере жұдырықтай қоңыр тас ­тауып алыпты. Өте салмақты, өзгеше бітімді екен. Қала мен даланы аралап, ел кезіп жүретін, сөзі сұйық, қылығы қияңқы, баукеспе ұры, басбұзарлығы да бар Ерофей есімді ауылдасына, осы бірдеңе біледі-ау деген оймен, әлгі ­тасты көрсеткен. Тастың алтын екенін сезген қуаяқ Ерофей аңдып жүріп, үйде ешкім жоғында келіп, әлгі ­тасты алып кетпекші болған. Оқыста ұрлығының үстінен түскен Тоқтасынды өлтіріп ­тайып тұрған. Айзада баласының қазасын естіп, төсек тартып жатып қалып, Тоқтасынның қырқына жетпей қайтыс болған. Қасыретке ұрындырған қоңыр тастың әлегінен Қараман тағдырдың уын жұтып, қанатынан қайрылып жалғыз қалған бейбақ еді. Ал оның ендігі мақсаты шаңырағын шалқасынан түсірген қандықол Ерофейден кегін алып, көзін жою. Қанша аңдыса да қолына түспеген қарақшымен, ақыры, күтпеген жерде жолығады. Қызылдардан қашқан ақтардың бір отряды Алтай арқылы Қытай асуға беттеп, жолай Қараманның иендегі үйіне тап болады. Солардың ішінде Ерофей де ереуілдеп жүр екен. Оны сыртынан көріп, күткен күннің сәті түскеніне қуанған Қараман кек алудың амалын іздеп, арғы бетке асар асудың төңірегін түгел өртеп, жаудың жолын бөгеп, қасындағы Қанайды қызылдарға хабар жеткізу үшін асығыс ауылға аттандырып, өзі жаулары жасырынып жатқан Қараңғысайға тартады. Оқиға осымен тамамдалған. Оның немен аяқталарын жазушы оқыр­манның өз қиялына қалдырыпты. Ерофейден кегін ала ма, жоқ өзі де опат бола ма, ол жағы жұмбақ күйінде. Әйтсе де, Қараман қаражаяу қазақ емес, көкірегінде сәулесі, жүрегінде сезімі бар, ар-намысын аяқасты етпейтін ер жігіт. Оны өзімен сырлас та сыйлас, ел ағасы Байсал ақсақал қиырда қыңырайып жата бермей елге қайт, қу тізеңді құшақтағаның жетер, үйлен деп кеңес бергенде айтқан Қараманның мына бір ауыз кесімді сөзінен аңғарасың. «...Айтқандарыңыздың бәрі көкейге қонады. Бірақ деймін, жауырды жаба тоқи салатын тексіз, дәрменсіз мен емеспін. Ол итпен қанжығада көрісіп, қанды басын байламай мен етекке түсе алмаймын. Сүйекке түскен таңбаны қанмен жумасам, ата-баба аруағы алдында күнәһар мен боламын».

Жалпы Қараманның жаны жайсаң, жара­тылысы бөлек, оқығаны жоқ болса да, көңіліне тоқығаны көп, ақжүрек, адал азамат санатындағы бейнесі шығармада айқын айшықталған. Кейіпкерінің елден ерек мінезі мен іс-әрекетін, адамдармен араласып, дүние-тіршілікке көзқарасы мен байламын, табиғатпен арадағы түсінісін жазушы шығарманың өне бойына шашыратып, табиғи қалыпта кіріктіріп жіберген. Оны Қараманның оңаша отырып, өткен күндерін есіне алып, ойланып-толғанған сәттеріндегі көңіл күйінен, жанындағы жалғыз мұңдасы Байсал ақсақалмен шешіле шүйіркелесіп әңгімелескен кездеріндегі байсалды да байыпты сөз саптауларынан бірден аңғарасың. Айтқандайын, өзі түгіл, әкесі де өмірін аңшылықпен өткізген кәсіби аңшы болса да, Қараман көзі тоймас, қырыпсал емес. Күнкөрістен асырып аң-құс атқан емес. Қытайлық саудагер Манжу бұғының мүйізін сатып аламын, пантысы үшін, өте көп керек деп, бесатар сыйлап кеткендегі ойы: «Бесатар бастан садаға... бесатар үшін Алтайдың бұғы-маралын қырып салар жайым жоқ...» Мұндай шаруаның обалы оқ болып өзіне тиерін іштей түйсінген де, саудагердің сөзінен түңілген. Ал аңғар түгел өртке оранған сәтте күнәһар пендесінің басқалай шарасы қалмағасын осындай әзәзіл әрекетке барғаны үшін Құдайдан кешірім сұрауы да Қараманның ізгі жан, ақ пейіл адам екенін сездіріп тұр.

Сондай-ақ жазушының ақ ­патша тақтан құлап, ел іргесі бұзылып, алай да бұлай аласапыран заман туған қысылтаяң кезеңде қара бастың қамын күйттеп жүргеніне күйінген Қараманның жан дүниесінің кілт өзгеріске түскенін көрсете кетуі де бекер емес. Мынау аласапыранның бұған белгісіз қалтарысы көп сияқты. Бір адамның кегінен қайтар қасырет емес екенін түйсігімен түсінгендей. «Бұл жалғыз Қараманның емес, жалпақ жұрттың басына төнген қара бұлтқа, қауіпті індетке ұқсайды» дегендей ойға қалдыруы арқылы заман өзгерсе адам да өзгеретінін айғақтап тұр. Ендігі жерде бел шешіп бір жағына шықпай, адам болып бір серпілмей ғұмыр кешу мүмкін емесін санасында саралаған Қараманның кейінгі өмірі басқаша – жаңаша жалғасатынына сенесің. Қырық қатпарлы тіршіліктің адам баласын небір қиыншылықтың қыл көпірінен өткізе жүріп, қанша сергелдеңге түсірсе де түбі бір адам пендесіне ақ жол ашатыны күмәнсіз. Хикаяттан ойға түйген тәмсіліміз осы.

Әлібектің әңгімелері де әрқилы тақырыптарға арналған. Олар соған орайластыра жіктелген. Оқиғалары да соған сәйкес сипатталған. Атап айтар болсақ, осынау әңгімелер топтамасы (циклі) «Әйел парасаты», «Социализм әңгімесі», «Аңшы хикаясы» аталып, жанры бір де, оқиғалары өзгеше таратылған. Жалпы жазушы өз жазбаларына мазмұнын айғақтап тұратын ортақ атаулар берудің шебері. Мысалы, «Көргендер мен көңілдегілер», «Боямасыз баяндар», «Түйінді тағылымдар», «Қойын дәптерден», «Азамат келбеті», «Алтай. Алтын бесік, атажұрт» ­деген туындылары деректі де керекті әңгіме-әпсаналар. Бұлардың бәрінің кейіпкерлері де, оқиғалары да өмірден алынған. Өзі жақсы білетін, араласқан, сырласқан адамдардың бейнесін, болған оқиғаларды боямасыз қаз-қал­пында оқырмандарға ойдан, қиялдан құрас­тырмай қапысыз жеткізуді діттеген дүниелерін – жан дүниеңді жасандыратын жазбаларын қызыға да құмарта оқисың.

Осы жерде тағы бір ескерте кететін жағдай бар. Ол жазушының әңгімелері де көркем және деректі болып екіге бөлінетіні. Оның айырмашылығын кейіпкерлері мен оқиғаларына қарап қана аңғарасыз. Ал көркемдігінде ешқандай өзгешелік жоқ.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рындағы тұралап қалған тұрмыс-тірліктің тауқыметі басқа түскен шақ. Елдің еңсесін көтерген еркіндікке жеткен жұртшылық жүдесе де, тарықса да шырғалаңнан шығудың жолын табуға тырысып жанталасып жатқан мезгілдің бір оқиғасы «Аюдың өті қайда» әңгімесіне арқау болған. Қазақ елінің қазыналы жері мен табиғатының сұлулығына, орман-тоғайлары, өзен-көлдері, асқар таулары мен сайын сахаралары аң-құстан жыртылып айрылатынын естіген жатжұрттың бай-манаптары келгіштей бастаған тұс. Олардың көпшілігі жер көріп, ел аралауға қызықса, кейбіреулері аңшылық әуестігімен сапарлайтын. Алтайға тиісті мекеменің рұқсатымен, ақысын төлеп аю атып алуға келген жапондық Мурасакиді жергілікті аңшылар қоғамның қызметкерлері қарсы алып, тауға шыққан. Әрең ­дегенде кезіккен аюды атып, жалпасынан түсірген соң өлдіге санап, қасына барғанда аю оқыс атып тұрып Өрікбай мергенді мерт қыла жаздайды. Әуелі сасып қалса да, дереу естерін жиып, екі аңшы жігіт қосарлана атып, Өрікбайды өлімнен құтқарып қалады. Мурасаки да шошып кеткен. Сөйтсе, ол кәсіпқой аңшы емес, кәдімгі саяхатшы екен. Жолға шығарда бір дәрігер жолдасының реті келсе аюдың өтін ала келерсің деген өтінішіне бола келген екен. Бір қызығы, есепсіз, көздеусіз атылған оқтар аюдың өтін жарып жіберсе керек. Сөйтіп, жоғары жақтың жауапты тапсырмасы орындалмай, ұятқа қалатын сәт туған. Ақыры, Назар Панкратов деген кержақ аңшыдан кептіріп, салқын жерде сақталған аюдың өтін қиыла сұрап алып, қонаққа сыйлаған. Оқиға осымен аяқталған. Алайда жазушының айтпағы әріде жатыр. Нарыққа еніп, табыс ­табуды сылтауратып, мал табудың жөні осы деген жаңсақ пікірді малданып, аңшылықты асыра марапаттап, ақыр соңында адамдар атып азайтты ма, әлде тау жаңғырықтырған мылтық дауысынан үркіп, жер ауып кетті ме, әйтеуір соңғы жылдары аю мен бұғы, басқа да бағалы аң-құстар сирексіп, азайып кеткенін білеміз. Сол сорақылықтың алдын алмасақ, табиғатымызды тонатып, атамекеніміздің алабын жайлаған аң-құстардан айырылып қаларымыз анық. Ұлан-байтақ өлкеміздің сәні мен мәнін табиғи қаз-қалпында сақтап, қадірлеу перзенттік парызымыз. Жазушының жаны күйіп, шырылдап шындықты жазудағы бар мақсаты осы.

Кешегі қанды қырғын, сойқан соғыста құрбан болған боздақтар есімі ел есінде сақталуға тиіс. Отан үшін отқа түсіп, оққа ұшқан бауырларымыздың атын өшірмей, ерліктерін жас ұрпақтың өмірлік өнегесіне айналдыру адами парызымыз. Осы мақсатпен жазылған «Долдаш ағайдың кітаптары» әңгімесі. Әңгіме кейіпкері Долдаш қара танығаны болмаса, оқып-тоқығаны шамалы адам. Соған қарамастан айрықша кітапқұмар. Онда да көбірек оқитыны соғыс ­туралы кітаптар. Өзі ай аралатып аудан орталығына барса да, жыл аралатып Алматыда тұратын інісі Қабдолдаға соқса да, іздегені тек кітап. Тіпті інісінің іссапармен Мәскеуге бара жатқанын естіп атақты әскери қолбасшылардың естелік кітаптарын тауып ала келуді тапсырған. Білетін жұрттың бәрі оның осы қылығына қайран. Сөйтсе, оның да сыры бар екен. Ол соғыс тақырыбында жазылған кітаптарды жалықпай оқып, хабарсыз кеткен жалғыз ағасын іздеп жүріпті ғой. Долдаш ағасы майданға кеткенде буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бала еді. Жеңгесі колхоздың қара жұмысында. Ерте кетіп, кеш келеді. Ол інісі Қабдолданы бағып үйде отырады. Ұзамай жеңгесі қайтыс болып, екі жетім жұртта қалады. Еті тірі, елгезек, еңбек ­торысына айналған Долдаш жалғыз інісін өсіріп, оқытып, қызметке тұрғанына дейін қамқорлығын ­жасап баққан. Мейірімді де қайырымды, бауырмал, жүрегі жылы, жаны таза, адамдығы мен адалдығы жарасқан бекзат бейнесін сөзбен сомдаған жазушының қалам құдіреті қарымды.

Мерейтойлық мақала көлемі көтермей­тіндіктен Әлібектің әдеби әлемін кеңінен қамтып, көсілте жазу мүмкін болмаған соң, пікір-пайы­мы­мызды қысқа қайыруға мәжбүрмін. Әйтпесе әр туындысына жеке-жеке тоқталып, толымды ойларымызды ортаға салып, кеңінен көсілсек артық болмас еді. Оған көрнекті жазушы Әлібек Асқаров толық лайықты қаламгер. Оның төгілген тілі, тақырып таңдауы, оқыс та оқтайлы оқиғаларға құрылған әңгіме, хикаят, романдарының жаңаша желісі, қай шығармасында болмасын жарасымды, қағытпа әзіл-қалжыңдарды да орнымен қиыстыра келтіруі – бәрі-бәрі арналы талдау мақалаларын арнауға сұранып-ақ тұр. Әлібектің табиғат ­тынысын, аң-құстардың, гүл-шөптердің қазақша атауларын, түр-түстерін, мінез-құлықтарын жетік біліп жазуына да сүйсінесің. Бұл күллі шығармашылығына тән ерекшелік. Алайда «Алтайда алтын күз еді» деген қара сөзбен жазылған поэмасын айрықша бөліп айтар едім. Әуелде атақты суретшілер санатында жүріп, тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда шығармашылық күйзеліске түскен Жанымқанның туып-өскен елі, жер жаннаты Алтайға барып, рухтанып, сергіп-серпіліп, жан дүниесі жасанып қайтқан тағдыры туралы толғанысы қандай ғажап. Осынау суретшінің көзімен, жазушының сөзімен жазылған шығармадағы суреткерлік, кемел ойлылық Әлібектің өзге туындыларына да қатысты қасиет.

***

Әлібектің үлкенді ағалап сыйлайтын, құрдасын құрметтеп, інісіне ілтипат көрсетуден айнымайтын ­адами асыл қасиетін бәріміз де білеміз, ­ризамыз. Жоғары дәрежелі қызметтер атқарып, шырайлы шығармалар жазып, есімі елге танылған талантты жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Әлібек Асқаров бауырымыздың ерен еңбегі еленді. Жетпіске толып, таяуда ғана ІІ-дәрежелі «Барыс» орденін өңіріне тақты. Бұған дейін «Парасатпен» марапатталып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанғаны өз алдына. Мен де асыл азаматқа тілектес көпшілік, ағайын-бауыр, дос-жарандарына, қызметтес ел ағаларына қосыла, жасың ұзақ болсын, бала-шағаңның қызығын көр, әдебиет әлеміндегі жарқын жолың жалғаса берсін деймін!

Қуанышбай Құрманғали,

сыншы, Халықаралық

«Алаш»  әдеби сыйлығының

лауреаты

1239 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы