• Қоғам
  • 21 Қаңтар, 2021

АНТҚА АДАЛДЫҚ ТІЛДЕН БАСТАЛАДЫ

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili» 

Парламент Мәжілісінің жетінші шақырылымдағы жаңадан сайланған 65 депутат салтанатты ант беру рәсіміне қатысты. Осы шара барысында кейбір халық қалаулыларының екі сөздің басын құрай алмай, кібіртіктегендері қоғам ішінде түрлі пікірлер тудырғаны рас. Біз де өз тарапымыздан журналистік зерттеу жүргізіп, депутаттардың қаншасы мемлекеттік тілде, қаншасы ресми тілде ант берді, қаншасы жаңылды деген сауалдарға жауап іздедік. Сонымен, депутаттардың ант берген сәтін қарап, талдап шықтық. Байқағанымыз, жаңа сайланып ант берген 65 депутаттың 8-і ресми тілде, 57-і мемлекеттік тілде сөйлеген. Мемлекеттік тілде ант бергендердің арасында 6-ы өзге ұлт өкілі. Ал ұлты қазақ депутаттардың ешқайсысы да ресми тілді пайдаланбады. Осы уақытқа дейін орыс тілінде сөйлеп жүрсе де, антты мемлекеттік тілде берді. 65 депутаттың 13-і ант мәтінін оқырда шатасқандай болды. Орыстілді қандастарымыз -ғ, -ң, -қ, -і секілді әріптерді дұрыс айта алмады. Керісінше ұлты өзге бола тұра мемлекеттік тілде сауатты сөйлеген Наталья Дементьева секілді депутатты өзгелерге үлгі етсек орынды. 

Әділбек Қаба, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы: МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ БАСА КӨҢІЛ  БӨЛІНУІ ТИІС

Жақында ғана Мемлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне жариялаған мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға ­болады» деді.

Қазақстан Республикасы Конс­титуциясының 7-ші бабында және  «Қа­зақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңның 4-ші ­бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі екені анық жазылған. Мұны да Президент өз мақаласында қадап айтты. Сон­дықтан халық сайлаған де­пу­таттардың тілді білуі – заң талабы. Ха­лықтың Парламент заң шығарушы қызметін атқаратындықтан, заңдар­дың қазақ тілінде жазылуынан ­бастап, Парламент пен оның құрамы өзі мақұлдап, қабылдаған заңдарды сақтауды өздерінен бастаған дұрыс деген талабы орынды.

Қоғамда талқыланып жатқан ­«депутаттар антты неге мемлекеттік тілде ғана бермейді» деген пікірге келсек, Қазақстан ­Республикасы Прези­дентінің «Мемлекеттік қызмет­шілердің және Қазақстан Рес­пуб­ликасының Парламенті депу­таттарының ант беру қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 16 тамыз­дағы №532 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті депутаттары мемлекеттік тілде ­немесе ресми тілде басылған ант мәтінін таңдауға құқығы бар екені айтылады.

Тиісінше, ант мәтіні «Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi ­тура­лы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы №2529 Конс­­титуциялық заңымен белгілен­ген.

Президент айтпақшы, барлық мәселе ниетте. Егер ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толатынын ескерсек, осы уақыт ішінде олардың мемлекеттік тілде еркін сөйлеуге, жазуға мүм­кіндігі болғаны анық. Мемлекет тілді үйренуге жан-жақты жағдай туғызып отыр. Сондықтан да халықтың қоғам­дық пікірді ескере отырып, антты тек мемлекеттік тілде беруге қатысты жоғарыдағы құжаттарды қайта қарау туралы уақыт талабын ескерген жөн.

Ант беру салтанатты рәсім болған­дықтан, қай тілде болса да ант мәтінін нақты және анық айту немесе оқу қажет екені анық. Өйткені оны бүкіл халық көріп отыр.

Сондықтан да Мемлекет басшысы мақаласында барша қазақстан­дық­тарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға «ештен кеш жақсы» екенін ескерте отырып, мемлекеттік тілді меңгеруге үндеу тастады.

Жаңа сайланған Парламент мем­лекеттік тіл мәселелеріне ерекше көңіл аударуға тиіс. ­Он­дағы депутаттардың көпшілігі өздерінің халықпен сайлауалды кездесулерінде мемлекеттік тілге қатысты уәде еткенін білеміз. Депутаттық мандат, ол – халық ­аманаты. Енді халыққа берген уәдені орындайтын кезең басталды. Халық жаңа құрамнан мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге қатысты жаңа іс-әрекеттер күтеді.

 

Асылы Осман, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: ЕҢ КЕРЕГІ - ҚАЖЕТТІЛІК

Тіл – ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбат дүниесінің алтын қоймасы. Бірақ сол тілдің соншалықты адам жанының жан дүниесі екендігін біз әлі ұғып жатқан жоқпыз. Қазақ тілін тек қазақ болғаны үшін емес, топырақтың иесі де, киесі де қазақ болғандықтан, қазақтың тілі – мемлекеттің тілі, күллі қазақ топырағын басып жүрген адамның бәріне ортақ, сондықтан ол тілді білу керек.
Ал енді кешегі депутаттардың өзінің мекен етіп жатқан елінің тілінде 5-6 ауыз сөзін айта алмау деген, ол елін де, жерін де қадір тұтпай, халықты сыйламағандығы деп есептеймін. Егер тілін білсе, мына елін де, жерін де сүйген болар еді. Ұлттың болмысын, жан дүниесін ұғар еді, сыйлар еді, қадірлер еді. Ұлт тағдыры – тіл тағдыры деп неге айтамыз? Сондықтан тілді ең бірінші орынға қоя білуіміз керек. Мен Қазақстан халқы Ассамблясынан он адамды сайлаған кезде, ең алғаш бұдан 10-15 жыл бұрын сайлады ғой, сол кезде 9 адамды бірдей сайлауға менің құқығым жоқ еді. Бірақ елдің заңы солай болғандықтан, заңға бағынамын, дауыс беремін, бірақ депутаттыққа өткен адамдардан талап ретінде тұрған елінің тілін, мемлекеттік тілді білетін адамдар жіберілсе қайтеді деп ұсындым. Неге біз мемлекеттік тілді білуі жөнінен тек Президенттен ғана емтихан аламыз? Неге депутаттардан да алаймыз? Мемлекет пен оның халқы туралы заңдар қабылдайтын депутат тілді білетін адам болу керек. Тілді білсе ғана ұлттың жанын түсінеді, ұғады. Тілді білмеген адамнан не сұрауға болады? Тілің жоқ болса, түгің жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы кезінде: «Байтақ жер де, бай тіл де қазақтікі» деп неге айтты? Қазақ өз тіліне ие болуы тиіс. Тәуелсіздікті алған алғаш жылдары тілді білуге ниет те, талпыныста болды. Бірақ қазір ондай сұраныс та, талап та, қажеттілік те, талпыныс та жоқ. Сондай болғаннан кейін тілді үйренуде адамдарда ниет те, ықылас та болмайды.
Қазақ тілі ең әуезді, шұрайлы, әдемі тіл. Неге осының қадіріне жетпейміз? Өкініштісі, қадір-қасиетіне жетпей келеміз. Сол тілді білмегеннен кейін  ол ұлттың жанын да ұқпаймыз, түсінбейміз де. Қазақтың тілін білу үшін талап керек, қажеттілігін арттыру керек, сұраныс, ниет, ықылас болу керек.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тіл туралы айтып жатқан пікірлері қандай керемет. Осыны біз ары қарай жандандырсақ, онда біз мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыруға қол жеткіземіз. Егер тілің жоқ болса, түгің де жоқ. Екіншіден, мың үгіт-насихаттан бір үлгі-өнеге артық. Ол үшін өзіміз үлгілі, өнегелі болуымыз керек. Мен Сенатта онлайн әңгіме жүргізгенде айтқанмын. Неге бізде «Тілдер заңы» деп айтады? Әзербайжанның тілін сіз Қазақстанда дамыта алмайсыз, дамытпай-ақ қойыңыз. Өйткені Әзербайжанның өзінің елі бар, елінде дамып жатыр. Ендеше бұл – «Тіл заңы» болу керек. Ол мемлекеттің тілі, қазақтың тілін ғана дамытып, өзінің тұғырына қондыруымыз керек.  Тілді өз дәрежесінде мемлекеттің заңымен, талабымен орындай білуіміз қажет. Сонда ғана біз Қазақстанның толыққанды азаматы бола аламыз. 
Ана тілі деген бар, ол жалқы ұғым. Сіздің де ана тіліңіз бар, менің де ана тілім бар. Ал ол жалқы ұғым, ол өзінің тіршілігі үшін керек. Ал мемлекеттің тілі қазақтың тілі, ол бәрімізге ортақ тіл.  Ол жалпы ұғым. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының әрбір сессиясында айтатын. Әсіресе 2006 жылы шегелеп тұрып айтты. Қазақтың тілі мемлекеттік тіл  деп. Ал содан бері қайда жүрміз? Неге сол Ассамблеяның әрбір мүшесі осыны мәселе етіп көтермейді?  Осы күнге дейін біз мемлекеттің тілі қазақтың тілін өзінің тұғырына неге қондырмаймыз, неге мәртебесіне немқұрайлы қараймыз. Ешуақытта жалтақтамау керек. Біз алдыменен тұрған жеріміздің, мемлекетіміздің тілін, ол мемлекеттің иесі де қазақ болғандықтан, қазақтың тілі мемлекеттік тіл болғандықтан алдымен мемлекеттің тілін меңгеріп алуымыз керек.  Біз жапондардан асып тұрмыз ба?  Жапондар соншалықты техниканың бәрін меңгеріп алса да, соның өзінде бастауыш мектептің барлығын өз ана тілінде  оқытады. Ал  менің елім 1 сыныптан бастап басқа тілді оқытады. Бұл дұрыс емес. Әр нәрсеге шынайы, әділетті түрде қарау керек. Менің елім тәуелсіз ел болғаннан кейін тілі де тәуелсіз болғанын жақсы көремін. Мемлекетім тәуелсіз, мемлекеттік тіліміз тұғырлы болсын деп тілеймін. 

 

Генадий Шиповских, Мәжіліс депутаты: ТҮСІНІСТІКПЕН ҚАРАЙЫҚ

Қоғамда көтеріліп отырған бұл мәселе өте маңызды. Бұның алғашқы қадамдары бұған дейін де жасалған, бұл жолы да болды. Бүкіл жұртшылық көрді, бұл жолы да өзге ұлт өкілдерінің көбі антты мемлекеттік тілде берді. Сондықтан түбінде ұлтына қарамай барлық деңгейдегі депутаттар антты мемлекеттік тілде беретін болады. Қазақта жақсы бір сөз бар ғой, «асыққан шайтан ісі» немесе «келісіп пішкен тон келте болмас» деген. Бірақ соған қарамастан кейбір қоғам белсенділері, блогерлер әлеуметтік желілерде өз наразылықтарын білдіруде. Бұл олардың құқықтары. Мен бұл жерде әріптестерімді сынай да алмаймын, тәрбиелей де алмаймын. Алайда сын айтып жатқан азаматтарға айтарым, ант берген депутаттардың бәрі алғаш рет сондай күрделі жағдайға тап келді. Себебі ант беруі бар, Мәжіліс төрағасын сайлауы бар бәрі тікелей эфирде өтті. Сондықтан халық қалаулыларының көбі қобалжулы, толқулы болды. Бұл жерде психологиялық фактор да орын алды. Ендеше бұл жағдайға кішкене сабырмен, түсінушілікпен қараған жөн болар. Көптеген елдерде басқа елдің азаматтары мемлекетті құраушы ұлттың тілін игеретін болса оларға қолдау көрсетеді. Ал, бізде қандай? Мемлекеттік тілді үйренгісі келеген кейбір азаматтарды біздің қоғамда бұрын да сынап, мін тағып, оларды ыңғайсыз жағдайға түсірді. Үрейде жүретін жағдайға жеткізді. Мұндай жағдаймен олар мемлекеттік  тілді үйрене алмайды. Оларға да қолдау, сенім керек. 
Шешілмейтін түйін, мәселе болмайды. Мемлекет ­басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың қыркүйек айында Парламенттің қос палатасының отырысында өзінің халыққа кезекті Жолдауында «Алдағы уақытта мемлекеттік тіл қазақ тілі ұлтаралық тілге айналады» деген. Осының бәрі алдағы уақытта қабылданатын «Тіл туралы заңның» тұғырнамалық құрылымы болады. Бірақ Мемлекет басшысы да кез келген мәселеде асығыстыққа бармау керек екенін айтқан болатын. Сондықтан болашақта мемлекеттік тілді ұлтаралық тілге ие болатындай мәртебеге жеткізсек, сонымен қатар оны тек ғана біздің шенеуніктер емес, күллі біздің халқымыз қазақ тілінде сөйлеуі үшін нақты, салиқалы реформаларды іске асыруымыз керек. Ал менің айтарым,  дәстүрлі, салиқалы бұқаралық ақпарат құралдары осыны халыққа түсіндіріп, жеткізуі керек. Ел тұрғындарына, қоғам мүшелеріне дұрыс ақпарат берілсе, қоғамда дау тудыратын мәселелер орын алмайды.

 

 

 

1209 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы