• Тұлға
  • 21 Қаңтар, 2021

ШАТТЫҒЫМНЫҢ БАСТАУЫ...

Қазақ «ата-ананың сөзі – айдын жолдың өзі» деген сөз қалдырған халық. Қолыма қалам алып, сіздерге хат жазуымның себебі – осы күні ата-әже жасына келіп қалғандардың жастық шақтағы ұстанымы, ізгілікке құмарлығы, сертке беріктігі, кейінгі ұрпақ тәрбиесіне алаңдауы туралы сөз қозғамақпын. Осы күні ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы туралы көп айтамыз ғой. Сол тәрбие, сол тазалық үлкендердің өнегесінен бастау алады деп білемін... 

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді қазақ. Сол ел жаңарған елу жыл бұрынғы әңгіме, асыл сезім, айнымас серт жүрегімді әлі де жып-жылы бір сезімдермен тербейді. Мұн­дайда жаныңа қазақтың қара өлеңінен жақын не бар дейсің? ­Бұ­рындары аталарымыз бен апаларымыз жыр қылып, сыр қылып айтатын «Өткеннен де сұраймын, кеткеннен де, ауылы қалқатайдың аман ба деп?» атты әні қазір біздің де жүрегімізден сыртқа шыққысы келіп тұратыны бар. Амандықтың аяулы, амандықтың қастерлі екенін, әсіресе күллі әлемді «бір тарының қауызына сыйдырған» індет те көрсетіп берді емес пе?

Хош, біздің жүректегі амандық­тың, саулықтың, ізгіліктің, махаббат­тың жыры да таусылмақ емес. Аман болма­сақ, өмірдің ұзына көшіне ілесіп, осы күнге жетер ме едік? Сау­лығымыздың арқасында Құдай маңдайға жазған тағдырымызды арқалап, бала-шаға­ның, немере-жиеннің ортасында «шүкірімізді» айтып, құлшылығымызды жасай алып жүрміз. Ізгіліктің демеуімен «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеттік», мейірім, құндылық дәнін әр жерде көптеп егуге тырыстық. Махаббаттың қолдауымен Құдай қосқан қосағыма жолықтым, екеуміз қол ұстасып өмірдің соқтықпалы, соқпалы жолдарынан бірге өттік, қиналғанда бір-бірімізге сүйеу болдық, қуанғанда біріміздің мерейі­мізді екіншіміз асыруға тырыстық.

Адалдықты, адамгершілікті ту еттік. Оқысақ, тоқысақ деп ұмтылдық. Елге, отбасы ретінде бір-бірімізге берген сертке адал болдық.

Осы күні жетпістегі өмірдің биігінен кейінгіге көз сала отырып, жиырма бес жыл бұрын жүзін бақиға бұрған асыл жарымның азамат­тық бейнесін, ұстанымын, ұрпағына деген мейірімін еске аламын. Бізді жолықтырған Құдайға, перзент сүйгізіп, олардың қызығын көруді маңдайға жазған тағдырға шүкірімді айтамын.

Қазақ туған топырағын қастерлеп отыратын халық қой. Біздің де туған топырақ үлкен тарихи әңгімесі бар, ата-бабадан жеткен өсиетке толы мекен еді. Алматы облысындағы Бесмойнақ деген ауылда марқұм жолдасым – Дәулет Бадайұлы Әліпбаев дүниеге келген екен. Ауыл атындағы «мойнақ» сөзі екі жерді қосатын, екі жағынан су шаятын жіңішке жер жолағы деген мәнге ие десек те, бұл жердегі «мойнақ» сөзі түйенің ­мойны, т.б. малдың алқымынан ­басына дейінгі терісі деген мағынаға келетін сыңайлы. Себебі ауылдағы тау жолағы түйе мойнына ұқсас иіліп келеді екен. Мойнақ тау өзенінің иіні деген ұғымды да білдірмей ме? Міне, осы бір бетеге, жусан, селеу өскен алақандай ауыл өткен ғасыр басында да адамгершіліктен аттамай ғұмыр кешіпті. Үлкен атамыз Әліпбай мыңғырған мал өргізген бай болмаса да, тұрмысы түзу жан болған екен. Ұдайы ағайынын қамқорлығына алып, ел ішінде мейірімділігімен аты шыққан жан екен. Тектілігі, ел сыйлаған, ата көрген зиялылығы көпке тарап, елдің алғысын алыпты. Өз атамыз Бадай ақсақал да жаңа заман көшінен қалмай сауат ашып, оқу оқып, ауылда ұзақ жыл бойы бас есепші болған екен. Міне, мен осындай ұлағатты шаңыраққа келін болып түстім. Жолдасым Дәулет Алматыдағы Зооветеринарлық институтты, мен Қазақ Қыздар педагогикалық институтын тамамдап, өмірдің үлкен көшіне шағын керуен болып қосылдық.

Ол жастық шағынан жалындап тұрған жан еді. Түрі келісті, бойы да сұңғақ-тын. Өзі жора-жолдасқа бай, мінезі ашық-жарқын әрі мейірімді жан еді ғой. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, елге сыйлы, жолдасқа бай, мінезі көркем, түрі келісті жігітті біз де бір көргеннен іштей ұнаттық. Алайда ол кездің әде­бімен, жігіттің өзі келіп көңілін біл­дір­месе, өз тарапымыздан қылық ­шы­­ғарып, әдепсіздік танытқан емеспіз.

Жас күнімізде:

– Шаттығымның бастауын

сенен көрдім,

Сенен көрсем қалай мен

төмендермін.

Енді сәулем бәрі де әділетсіз.

Бізді бақсыз, бақытсыз дегендердің,.. – деген әсем әнді көп айтатынбыз.

Сөйтсек, бұл жастықтың ғана әні емес екен. Бұл бірін-бірі шын түсініскен, шын қолдаған, қуаттаған, бір-біріне шын сенген жандардың өмірлік әні екен ғой. Жарым Дәулет еңбек жолын Дегересте бастаған еді. Күллі елге аты мәшһүр Дегерес жылқы зауытын білмейтін жан кемде-кем шығар. Міне, осы жылқы зауытының басы-қасында біздің үйдің адамы жүргенін әлі күнге мақтанышпен еске аламын. Сол асыл тұқымды жылқы зауытында жүріп тәжірибе жинақтап, еңбек жолында өсіп, өркендеп, Кербұлақ ауданының Сарыөзек елді мекенінде аудандық ауылшаруашылық бөлім бірлестігінің ­орынбасары және осы өңірдегі ­Жоламан, Амангелді, Қызылжар ауылдарында ­жауапты қызмет етті. Адалдығына, еңбексүйгіштігіне сүйсінген ел ағалары арнайы ­ша­қыртып, Талдықорғанда еңбек жолын ­жалғады. Дәукең адам­гершілік мі­незді ту еткен, әділ, көңі­ліндегі сөзін тура айтатын адал ниетті азамат болатын.

Ол жұмысына адал жан ғана емес, отбасында да көргенді әке болды. Перзенттеріне әкелік махаббатын аямай төкті. Тұңғышымыз дүниеге келгенде әке жүрегі тебіреніп, ол тебіреніс жыр болып төгілгені бар. Жалпы ол қандай қызметте жүрсе де кітабы серігі болды, қаламы сырласы еді. Әр сөзін, ойын дәптерге маржандай жазуымен түсіріп отырды. Атасы, әкесінен сөз қалған еді, сол сөз-мұраны өзі де жалғады. Осы күні көне дәптерлерге тізілген сол бір жазбаларды жиі парақтап, бұрынғының аяулы сәттерін жүрегімде қайта тірілтіп аламын. Ол заманның серті бөлек, тазалығы ерек еді ғой. Біз де сол тазалыққа кір жұқтырып алмасақ дедік. Өзім әу баста бастауыш сыныптарға сабақ беріп, жыл мұғалімі атты мерейлі атты иелендім. Уақыт өте кітапханашылыққа ауыстым. Себебі жолдасым да, мен де кітапқа, жазуға ерекше іңкәрлікпен құмар едік. Үйімізде де үлкен кітапхана қорын жасақтадық. Ойымыз – осы шаңырақта желкілдеп өсіп келе жатқан ұл-қызымызға тасқа басылған баба сөзін сіңірсек дедік.

Құдайға шүкір, «алма – ағашынан алысқа түспейді» дегендей, балаларымыз да ата жолын, әке жолын қуды, ана өнегесінен үлгі алды. Бізді ұятқа қалдырған емес. Мені үйлерінің төріне шығарды. Ширек ғасыр бұрын жолдасым өмірден өтіп кеткенімен, әке алдындағы ­парызына адалдық танытып келеді. Иә, өмірдің әртүрлі сәті болады. Сондай сәттерде ағайын-туыс, құда-жегжат пен перзенттерім қасымнан табылды. Осы күні ­солармен бірге бала-шаға мен немере-шөберенің қызығын бірге көріп келемін, шүкір! 2016 жылы Құдайға тәуекел етіп Меккеге сапар шеккенім де сол перзенттердің жақсылығынан ғой деп ойлаймын.

Сөзімнің басында бұрынғыдан қалған қара өлең жүрегімді тербейтінін тілге тиек еттім ғой. Сол қара өлеңнің ыңғайымен мен де:

– Ағайын-туыс, құда-жегжат,

саулығыңды сұрадым,

Ұл-қызың менен ұрпағыңа

арналсыншы сыр-әнім!

Сабыр беріп, тәубамыздан

жаңылтпасын Жаратқан

Түзу жолдан адаспай, пейіштен болсын тұрағың, – деймін шын жүрегіммен.

Иә, осы күні жетпістегі биіктен кейінгіге көз салсам, асқаралы Алатаудай биіктей түскен аталар, әкелер өнегесіне бас иемін. «Шаттығымның бастауы» болған жолдасым Дәулеттің жарқын бейнесін көз алдыма елесте­темін. Құдайдан ұр­пағыма ұзақ ғұмыр тілейтін ­абзал әже болсам деймін. Олар­дың да жүректерінде амандықтың, ­сау­­лық­тың, ізгіліктің, махаббаттың жыры таусылмайтынына ана жүрек сенеді...

Гүлшат Іргебайқызы

 

1342 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы