• Тұлға
  • 21 Қаңтар, 2021

СЕГІЗ ҚЫРЛЫ САРЫБАЕВ

(Ұлттық Ғылым академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

 

Айдарды жүргізетін Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик,филология ғылымының 
докторы, профессор

«Тіл білімінің ­тарландары» есімнамалық мақалалар топтамасының бүгінгі кейіпкері – қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі – академик Шора Сарыбаев ­(1925-2018). 
Халқымызбен бірге жасасып келе жатқан бай ана тіліміздің өткені мен бүгінгісін егжей-тегжейлі зерттеп, қазақ тіл білімі аталатын іргелі ғылымның ілгері дамуына еселі үлес қосқан қаламы жүйрік, зердесі биік аға буын өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, түрколог-ғалым, ұстазым Шора Шамғалиұлы Сарыбаев екені сөзсіз. Ғалымның шығармашылық шеңбері кең, сан-салалы. 

Көзі тірісінде-ақ Шөкең ғылыми ортада танылып, талай ғылым қайраткерлерінің оң пікіріне ие болған еді. Мәселен, ҰҒА академиктері, көрнекті тілші-ғалымдар Ә.Қайдар мен Ө.Айтбайұлы өздерінің «Өнегелі өмірдің өрелі биіктері» атты мақаласында Шора Шамғалиұлының есімі бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдерінде де, тіпті көптеген шет мемлекеттерінде де әйгілі екенін айта келіп, «Оның басты себептері, біріншіден, ғалымның жеке басына тән қасиеттеріне – ғылымға деген адалдығына, жауапкершілігіне, принципшілдігіне, еңбексүйгіштігіне байланысты болса, екіншіден, зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, ауқымдылығы мен ғылыми-практикалық тиімділігіне, актуалдылығына байланысты деп қараған жөн» деп, ғалымның еңбегін үлгі еткенін ұмыта қойған жоқпыз.

Көрнекті ғалым, академик Р.Сыздықтың «Біз үшеу едік» атты мақаласында және атақты тілші-ғалымдар Т.Жанұзақов пен О.Нақысбеков дайындаған ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған қысқаша очеркте оның ғылымдағы ғибратты ғұмырының мәнін көрсетіп, тұлғалық келбетін сомдаған. Бұл – ғалымның қаламынан шыққан 300-ге жуық ғылыми мақалалар, 20-дан астам монографиялық еңбектер, оқулықтар мен сөздіктер, нақтылай айтсақ, қазақ тіл тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, этимология, терминология, т.б. қазақ тіл білімінің өзекті салаларына арналған еңбектеріне берген баға деп түсінген жөн шығар.

Ерекше еңбегі ретінде, алтаистика мәселелеріне мән бергенін айтуымыз керек. Өйткені қазақ тіл білімінде түркі және моңғол тілдерінің туыстық төркінін салыстыра зерттеген аз тілшілердің арасында оның атының айтылуының да жөні бар. «Диалектілік-лексика ұлт мәдениетінің дәйекті дерек көзі ретінде» деген мақаласында белгілі лексиколог-ғалым, профессор Ж.Манкеева: «...Тіл тарихы мен диалектология мәселелерін сабақтас қарау дәстүрін қарастырған, көшпелі тұрмысы мен мәдениет ұқсастығы негізінде қалыптасқан тілдік ортақтықты қазақ-моңғол туыстығы деп қараған, диалектілік-лексиканы әдеби тілді байытудың қайнар көздері деп санаған көрнекті диалектолог-лексиколог ғалым Ш.Сарыбаевтың бұқаралық ақпарат құралдары тіліндегі жаңа қолданыстар, аудармалар және терминдер туралы ой-тұжырымдарын тілге ­деген науқандық сипаттағы жай қызығушылық, әуестік деп түсінуге болмайды. Біздің ойымызша, оның тамыры жоғарыда көрсетілген ғалымның ғылыми-зерттеушілік мұрасы мен теориялық-әдістанымдық қағидаларымен сабақтасып жатқан, ішкі даму болмысын көрсететін идеяларымен сабақтасады» дей келе, диалектілік-лексиканы тіл тарихы мен ұлт мәдениетін жан-жақты бейнелейтін кәсіби және аймақтық лексикамен тығыз байланыста зерттеуші ғалым екендігіне ерекше тоқталған.

Фонолог-ғалым, ҰҒА академигі З.Базарбаева «Академик Шора Сарыбаевтың еңбектеріндегі интонация мәселелері» атты зерттеу нысанасы етіп алған мақаласында ғалымның қазақ тіліндегі одағайлар туралы монографиясын жоғары бағалап: «...Жарты ғасыр бұрын жазылған еңбегі соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан интонология саласының өзекті проблемаларымен ұштасып, қазақ тілінің интонация теориясының аясын кеңейтуге үлес қосатынына сенеміз» дейді.

Ғалымның ерекше еңбектеніп, қажырлы еңбегін жұмсаған саласы – қазақ тіл білімінің тарихы. Тіл білімі саласындағы бай мұраны жинақтап, ғылыми жүйеге келтіре отырып, «Қазақ тіл білімінің библиографиялық көрсеткішін» әзірлегенін, әрі осы көрсеткішті шығарған кезде А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, Т.Шонанұлы, т.б. арыстардың жүз қырықтан астам еңбегі енгізілгені үшін бұл кітаптың пышақтың ­астында туралып кеткені және сол кездің солақай ­саясатына сәйкес, саяси қате жіберді делініп, қызметтен қуылғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ғалымның басынан өткен қиыншылықтарына қарамастан ғылымнан қол үзбей, жемісті қызмет еткенін келешек ұрпаққа үлгі еткеніміз артық болмас. Танымал ғалым, профессор Т.Сайрамбаев Шөкеңнің «Библиографиялық көрсеткіші – қазақ тіл білімінің айнасы» деп бағалауының мәні зор.

Белгілі лексикограф-ғалым, профессор М.Малбақов академик Ш.Сарыбаевты қазақ аймақтық лексикографиясын теориялық тұрғыдан зерттеудің негізін салушы ғалым екенін айта келіп: «Жалпы қазақ тіл білімінің, қазақ диалектологиясының дамуына зор үлес қосумен бірге, күллі түркі лексикографиясында алғашқылардың бірі болып, диалектологиялық сөздік түзудің теориялық және құрылымдық негіздерін жасаған ғалым» екеніне назар аудартады.

ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Е.Қажыбек Шөкең туралы: «Қазақтың лексикографиясын, диалектологиясын, алтаистикасын шырқауға көтерген адам, шоқантанушы, ­библиограф, футбол зерттеушісі, әзілкеш, әнші, музыкант, ақын, сері, шешен... Айта бересің, айта беруге болады. Бәрібір тауысып айту мүмкін емес. Әмбебап адам. Ерекше адам, ғажап адам. Баяғыда-ақ аңызға айналған адам, баяғыда-ақ қазақ халқының сүйікті персонажына, кейіпкеріне айналған тұлға» деп толғанады.

Ғалымның қатардағы аспиранттан Ұлттық Ғылым академиясының академигіне дейін, қатардағы қызметкерден Тіл білімі институтының директорының орынбасары деңгейіне көтерілуі «қазақ тіл білімінің еңбек торысы» деген атқа әбден лайық екендігін аға-буын өкілдерінің айтқанынан аңғарғандай болдық.

Шора Шамғалиұлының ғылымдағы жеткен жетістіктері мен атақ-дәрежелері өз алдына, енді жұртшылыққа «ұсақ-түйек» болып көрінетін, шынтуайтқа келгенде, көпшіліктің көңілінен шығатын игілікті істердің бір шоғырын ғана сөз етпекпіз. Жалпы қай нәрсені болса да құнттап, ыждағаттылықпен барын салып, рет-ретімен, жүйе-жүйесімен жинастырып, ұсақ-түйекке дейін ұқыптылықпен мән беретін қасиеттерді бойға сіңірген жандар көп те емес шығар. Солардың алдыңғы қатарында академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаевтың есімін атауға әбден болады. Ұлы ойшыл Сократтың: «Хорошее ­начало – не мелочь, хотя начинается с мелочи» ­деген қанатты сөзі ұстазымыз Шора Шамғалиұлына арналғандай ­болады да тұрады. Алғаш рет, бұдан отыз жыл бұрын Шөкеңмен кездескен күннен бастап, бүгінге дейін ұстазымның ұқыптылық пен тиянақтылықты талап ететін қасиеті біз сияқты шәкірттеріне үлгі-өнеге болып келе жатқанын мақтаныш сезіммен айтқымыз келеді. Алғашқы ғылыми мақаламды ұстазыма апарғанымда: ­«Театр киім ілгіштен басталады, ал ғылыми жұмыс ­библиографиядан басталады» деп, ізденуші сала бойынша жарияланған ғылыми еңбектерді түзіп шығуды тапсырғаны есімде. Қазір ойлап отырсам, кезінде хош көрмеген, соншама еңбектерді түзіп, картотекаға түсірудің «азабын» тартқанмен, бертін келе Шөкеңнің берген ақыл-кеңесінің пайым-­парасатын терең түсінбегеніме әлі де ұяламын…

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының екінші жартысында спорттың бір түрі – футболға деген көпшіліктің көңілі мықтап ауған кезі болатын. Жас жеткіншектер «Қайрат» футбол командасындағы ағаларына еліктеп, аяқдоп өнеріне қызығушылықпен қарап, солар сияқты атақты футболшы болуды армандайтын. Шора Шамғалиұлы ғылыми жұмыстан қолы қалт еткенде, «Қайрат» командасы туралы газет-журналдарда жарық көрген материалдарды жинап, жүйеге түсіреді. Қазіргі күні Шөкең 100-ден астам футбол туралы альбом жасап, 3 кітап, футбол күнтізбелерін басып шығарумен қатар, мыңдаған футболға қатысты төсбелгілері мен доп белгіленген спорт киімдерін, «Қайрат» командасының аға буын өкілдерінің қолы қойылған доптарды жинаумен айналысқанын көпшілік біледі десем, артық айтқан болар едім.

Көпшіліктің көбінесе коллекция дегенге аса мән бере бермейтіндігі белгілі. Кейбіреулер «ұсақ-түйек» десе, бәзбіреулер «кәкір-шүкірдің» қатарына жатқызады. Ал Шөкең коллекцияны тарих деп түсініп, заманымыздың шежіресі сол ұсақ-түйек заттар арқылы жазылатынын ескере бермейтінімізге қынжылады. Осындай ұсақ-түйек деп түсінетіндерге оның айтатын уәжіне құлақ түрейік. Ертеректе музыка зерттеушісі, профессор, туған інісі Болат Сарыбаевқа қазақтың көне музыкалық аспаптарын жинауға кеңес береді. Талай жылғы жиналған музыкалық жәдігерлердің негізінде бүгінгі күні Елордамыз – Нұр-Сұлтандағы Президенттің мәдени орталығында «Ұлт аспаптар мұражайы» ашылғанын айтсақ, артық болмас. Кезінде кейбіреулердің «кәкір-шүкір» дегендері ұлттың игілігіне айналғанын тарихтың өзі-ақ таразылағанына таңғалуға бола ма?!

Біздің тойды жақсы көретініміз рас қой. Оның үстіне дөңгеленіп келетін мерейтойлардың орны тіпті ерекше. Ал ұстазымның ұстанымына қайранмын. Марапатталған медальдар мен ­ордендерден, алған ғылыми атақ-дәрежелерінен «ат үркетін», түркі әлемі түгел білетін түрколог ғалымның 70,80,90 жылдық мерейтойларын тойлаудағы тосын «мінезі» талайды таңғалдырды. Әдетте, мерейтой иелері аста-төк той өткізіп, әкім-қарарларға қоңырау шалдырып, ел аралап, шапан киіп, қазіргі тілмен айтсақ, «темір тұлпар» мінетіні әдетке айналғанына етіміз үйренгені қашан. Ал Шөкең өзі бітірген Алматыдағы №12 қазақ орта мектебіне мерейтойларында өз қаражат есебінен Абай атындағы опера және балет театрында қойылатын «Біржан-Сара» операсына билет ­сатып алып, мектеп оқушылары мен ұстаздарына, жоғары оқу орындарының студенттеріне сыйлық жасағаны қандай жарасымды десеңізші.

Сондай-ақ Шора Шамғалиұлы қазақ тілін меңгертуде балабақшаға көңіл аудару керектігін айтып қана қоймай, бұқаралық ақпарат құралдарында, теле-радио хабарларында «Қазақ балабақшасын көбейтпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді» деп ұран тастауда қызыл сөзге ерік бермей, өзінің немерелерімен қазақ тілінде сөйлесуден бастағанын баса айтқым келеді. Реті келгенде айта кетейін, бүгінгі күні елімізге белгілі елші-дипломат, қоғам қайраткері Қайрат Шораұлын да Алматыдағы жалғыз қазақ балабақшасына (бірнеше автобустарға ауысып міну арқылы бару керектігіне қарамастан) апарып, ұл келешегін ойлаған данагөй әке баласының тілін қазақша сындырғанын біреу білсе, біреу білмес. Патриотизм отбасынан бастау алу керектігі, сөзден гөрі іспен астасып жату керектігіне үлкен мән беретін.

Шора Шамғалиұлының үлгі етер тағы бір ісіне тоқталсам, Алматы көшелерінде қате жазылған сақау жарнамалар берген мекеме басшыларына барып, бетіне басып, түзетуді талап ететін. Белгілі ғалымның мекемелердің табалдырығын тоздырып, өз шаруасын емес, мемлекет мүддесін күйттеп жүргенін талай көргенімді көзі қарақты оқырмандарыма ой салу ретінде айтып өткенді жөн көрдім.

Қорыта айтқанда, ғылымдағы даралығын, сан-қилы адами қасиеттерінің ерекшелігін ескере келе, ғылыми орта сегіз қырлы Сарыбаев атап кеткен сара сөздің сардары – академик Шора Шамғалиұлының әрбір игілікті істері ел есінде сақталары сөзсіз.

2355 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы