• Cұхбаттар
  • 21 Қаңтар, 2021

Тоқтамыс МЕҢДІБАЕВ, техника ғылымының докторы, профессор:ТҰЩЫ СУ ТАПШЫЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Осы күні жаһандық жылынуға қатысты сөз көп. Шешім аз. Әрине, нақты қадамдар жасалып, жаһандық деңгейде түрлі іс-шаралардың атқарылып жатқанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Десек те бүгінгі таңда өз тарапымыздан жаһандық жылыну үрдісін барынша баяулату үшін не істеуге болатынын ой елегінен өткізсек. Сонымен, біздің бүгінгі кейіпкер әңгімесінде болашақта жаһандық жылынудың зардабы – тұщы су қорының азаюынан болатын мәселеге көп назар аударады. Трансшекаралық өзендер үшін талас-тартыс ендігіне аспандағы бұлт үшін, суық ағыстар үшін үлкен тартыс алаңына айналып кетпей ме деген қауіп бар. Міне, осы және өзге де мәселелерді бүгінгі әңгімемізде тарқатып айтуға тырысамыз... 

– Сөзіміздің басын жаһандық жылыну туралы сұрақтан бастасақ. Осы күні бұл сөз ең жиі айтылатын мәселелердің қатарына енді. Қалай ойлайсыз, жаһандық жылынудың апатты салдарының алдын алуға бола ма?

– «Казгидрометтің» мәлімет­терінше, соңғы 100 жылда жеріміздегі ауа қызуы 1,37 градусқа жетсе, алдағы 2050 жылға қарай тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Әлемдік ауа райын бақылау, зерттеу орталықтарының ақпараты бойынша, жер шарындағы ауа қызуы соңғы 50 жылда 2 градусқа көтерілген.

Адам өзін қоршаған ортаның, жер және оның қойнауының бір бөлшегі екенін сезіне бермейді. Өткен ғасырдың ортасында қарқын алған ғылыми-техникалық дамудың зардаптарынан, алғашқы адам пайда болған тұма табиғаттың бүгінде 70% жойылып кеткен. Бұрындары жер қойнауындағы өзгерістер миллиондаған жылдарға ­созылса, қазір ол өзгеріс үшін 30-40 жыл да жеткілікті.

Ғылыми болжамдар ­бойынша, адамзат қоғамының бүгінгі даму үрдісі өзгермесе, ХХІ ғасырдың екінші жартысында-ақ жаһандық күйзеліс басталуы мүмкін. Оның белгілері осы күні-ақ айқын байқала бастады. Олар: жаһандық жылыну, тұщы су тапшылығы, лас ауа, соңғы жылдары жиілеген табиғи апат түрлері – тайфун, циклон, орман өрті, су тасқыны. Мұның салдары деп мыналарды айта аламыз: обыр, жүрек тамыр ауруларының жасаруы, көбеюі, бұрын болмаған вирустардың пайда болуы, жануарлардың жаппай қырылуы.

Ғалымдар жаһандық жылынудың себептерін, көмір, мұнай, газ қалдықтары – көмірсутекті газдың ауаға тарап, күн сәулесі қыздырған жер бетінің қызуын ғарышқа жібермеуімен түсіндіреді. Міне, осы себептердің алдын алғанда, бәлкім, жаһандық жылыну үрдісін баяулатуға болатын шығар.

– Жер беті жылына түскен сайын айнала қандай өзгерістерге түседі? Ауадағы көмірсутекті газ ұлғайған сәтте жағдай қалай болмақ?

– Егер жаһандық жылыну жалғаса беретін болса, алдағы 50 жылда ауа қызуы тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Ғылыми болжамдар бойынша, ауа қызуы 3 градусқа жоғарыласа, биосфера қайтарымсыз күйзеліске ұшырайды, жер бетіндегі тіршілік тоқтайды.

Қызуы жоғарылаған ауа кеңейеді, тығыздығы төмендейді, ұшақтардың көкке көтерілуі қиындайды, ­жанармайды көп тұтынатын қуатты қозғалтқыштар, ұзаққа созылатын көтеріліп-қону алаңдары қажет ­болады, салмақ көтеру мүмкіншілігі төмендейді. Рединг (Ұлыбритания) уни­верситеті ғалымдарының көрсе­тулерінше, ауадағы көмірсутек газы екі есе ұлғаятын болса, Атлант мұхитында ешқандай дауылсыз, ашық күннің өзінде, ауа ағыстарындағы құйын жиілеп, ұшақтың қозғалысына кедергі 2,5 есе көбейеді.

Ауа райындағы өзгерістер жер шарының 71% құрайтын мұхиттарға байланысты. Зерттеулер бойынша ондағы судың 2000 метр тереңдікке дейінгі қызуы көтеріліп келеді. Судың қызуынан көтерілген бу атмосфераға жиналады, жер бетіне дауылдар әкелетін қуат пайда болады.

Атмосферада көмірсутекті газдың ұлғаюына, жылына 4 млрд тонна көмір жағатын ҚХР елінің үлесі мол. Бейжің қаласында ауаның ластануынан халық бетпердемен жүруге мәжбүр болса, өзгелердің жағдайын ойлап Қытайдың бас ауыртпайтыны белгілі.

Күн сәулесінен басқа, жер бетіне жақын ауаны қыздыратын және бір ошақ – жер қойнауының қызуы. Бұл әзірге еш жерде айтылмаған жайт. Геологиялық зерттеулерде көрсетілген жер қойнауының қызуы әрбір 100 метр сайын 3 градусқа жоғарылайды. Жер ядросының қызуы, шамамен 6000 градус. Әлемдегі қазба байлықтарды іздестіру, барлау жұмыстары жер қойнауына тереңдей еніп барады. Мексика шығанағында, мұнай тереңдігі 11200 метр ұңғыдан өндіріледі. Жер шарындағы жалпы саны белгісіз әрбір ұңғы, тереңдегі қызуды, қысымды жер бетіне жеткізетін даңғыл жол.

Өкініштісі, келешекте орын алуы мүмкін ғаламат күйзелісті түсі­нуге, болдырмаудың алдын алуға әлемде бірыңғай дұрыс көзқарас қалыптаспаған.

Қуатты ең көп тұтынатын АҚШ, Қытай көмірсутекті газды ауаға таратуды шектейтін Париж келісіміне қол қоюдан бас тартты.

Жаһандық жылынудың салдарынан, болашақта тұщы су мемлекетаралық бөліске түспейді. Әрбір ел, бұл мәселені ішкі мүмкінші­ліктеріне сүйеніп шешуге тырысады. Ежелгі қағида, бұлақтың басында кім отырса, судың қожайыны сол болады.

– Тұщы су тапшылығы қандай кедергілерге ұшыратуы мүмкін, қалай ойлайсыз?

– Жаһандық жылыну – жаһандық құрғақшылық әсерінен өзен, көлдердегі тұщы судың 20% буға айналып, жоғалады. Жер шарындағы судың тек 1% ғана ауызсу ретінде пайдалануға жарайтынын ескерсек, алдағы уақытта тұщы су үлкен геосаясы тартыс алаңына айналады. Табиғи қорларды пайдалануды зерттеумен айналысатын халықаралық орталықтардың болжамынша 2025 жылға қарай 5,5 млрд адам су тапшылығының зардабын тартады. Саясаткерлердің пікірінше, бітімсіз Израиль-Араб жанжалының, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың, Африка халықтарының босқынға айналуының түпкі себебі – тұщы су дағдарысы.

Дағдарысты күшейтіп, күрделен­діретін жағдай: жаһандық жылынудың ықпалы, планетадағы негізгі тұщы су қорлары Антарктида, Гренландия, Гималаи, Памир тауларындағы мил­лиондаған жыл бойы қалып­тасқан мұз қабаттарының еру мерзімі ұзарып, жылдамдығы жоғарылауда. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік шығысындағы тауларда мұз көлемінің бірыңғай азайып бара жатқаны рас, ол аймақтағы өзен, көлдер жоғалып, жерасты тұщы су кен орындары тартылады.

– Ал біздегі жағдай қандай?

– Атырау мен Шығыс Қазақстан аралығындағы жүздеген жерасты су ұңғыларын бейнекөрініс арқылы зерттеу нәтижесі көрсеткеніндей, тау-кен жұмыстары жүргізілген кен орындарына жақын орналасқан аудандарда мемлекеттік қорға енген жоғарғы су қабаттары жоғалып кеткен, тереңдегілерінің көлемі едәуір азайған.

Егер жаһандық жылыну жалғаса беретін болса, алдағы 50 жылда ауа қызуы тағы 4 градусқа көтерілуі мүмкін. Ғылыми болжамдар бойынша, ауа қызуы 3 градусқа жоғарыласа, биосфера қайтарымсыз күйзеліске ұшырайды, жер бетіндегі тіршілік тоқтайды.
Қызуы жоғарылаған ауа кеңейеді, тығыздығы төмендейді, ұшақтардың көкке көтерілуі қиындайды, жанармайды көп тұтынатын қуатты қозғалтқыштар, ұзаққа созылатын көтеріліп-қону алаңдары қажет болады, салмақ көтеру мүмкіншілігі төмендейді. Рединг (Ұлыбритания) уни­верситеті ғалымдарының көрсе­тулерінше, егер ауадағы көмірсутек газы екі есе ұлғаятын болса, Атлант мұхитында ешқандай дауылсыз, ашық күннің өзінде, ауа ағыстарындағы құйын жиілеп, ұшақтың қозғалысына кедергі 2,5 есе көбейеді.
Ауа райындағы өзгерістер, жер шарының 71% құрайтын мұхиттарға байланысты, зерттеулер бойынша ондағы судың 2000 метр тереңдікке дейінгі қызуы көтеріліп келеді. Судың қызуынан көтерілген бу атмосфераға жиналады, жер бетіне дауылдар әкелетін қуат пайда болады.

– Есесіне өзендер өрнектеген өлке емеспіз бе?

– Географиялық орналасуымызға орай, жеріміздегі ірі өзендер сырт елдерден басталады. Көршілеріміз Қытай, Өзбекстанда тұщы су жетіспеушілігі жылдан-жылға ұлғайып келе жатқанын ескерсек, олардағы Сырдария, Іле, Ертіс өзендерінің суларымен толтыратын қоймалардың салынып жатқанына, көлемдеріне назар аударсақ, жаман айтпай, жақсы жоқ, келешекте аталған өзендердің қазақ жеріне жетуі екіталай. Олай болған жағдайда Ертіс өзенінің арнасы тартылып, батпаққа айналады, суының 80% Іле өзені құрайтын Балқаш көлінің ­ауданы кішірейіп таязданады, судағы тұздың мөлшері ұлғаяды.

Халық санының өсімі жоғары Өзбекстанда суармалы жердің ­ауданы 4 млн гектар, тағы 9 млн гектар құнарлы топырағы бар жерлер су болмағандықтан игерілмей жатыр. Ала шапанды ағайындарды жаппай жұмыссыздықтан құтқаратын бірден бір жол – осы жерлерді суландыру.

Өмірлік мәселенің шешімі – тәжік жерінен азайып жеткен Сырдария өзенін құбырлар жүйесімен қуаңшылық зардабын тартып отырған солтүстік аймақтарын бойлай Арал теңізіне өзбектер жағынан құятын Әмударияның арнасына жіберу. Заманауи техника, технология даму кезеңінде, бағасы арзан құбырларды, су айдағыштарды пайдаланып, бұл жобаны іске асыруға көп уақыт, мол қаржының қажеті жоқ.

Өзбекстанның Сырдария ағы­сының жоғары жағында орналас­қаны ескерілмей, 2005 жылы Көкарал бөгетімен Арал теңізін екіге бөліп тастағанымыз үшін, олардың бізге алғыстан басқа айтары жоқ.

Сырдария өзенінде су азайса, онымен табиғи байланыстағы жерасты су қоймалары сарқылады, халық тығыз қоныстанған Түркістан, Қызылорда облыстарының сусыз тіршілігін көзге елестетудің өзі қорқынышты.

Қытай, бізбен Іле, Ертіс өзен­де­рінің суын бөлісуге келісім берсе, оны басқалардың жеріне жымысқы әрекеттерімен жүргізетін жұмсақ ену саясатымен түсіндіруге болады.

Соңғы 15 жылда, 3 рет саяси төңкеріс жасаған Қырғызстан, Шу, Талас өзендерінің суына келісіммен белгіленген бағаны, бірнеше есе көтеруге аса ынталы. Қытайлық компаниялардың «көмегімен» жеріндегі басқа қазба байлықтардың қоры сарқылуға айналған, егістікке жарамды жерлері аз қырғыздар үшін су саудасы негізгі табыс көзі болады.

Өтпелі өзендердің суын бөліске салу мәселесінде көрші елдермен келіссөздер жүргізу қажет, тек олардың жомарттығына үміт арту орынсыз.

– Болашақта тұщы су үшін талас тоқтамайды демексіз ғой?

– Болашақ тұщы су үшін талас жер бетінде ғана емес, жер қойнауында және ауа кеңістігінде жалғасады. Құрғақшылықты, жаңбыр бұлттарын, қар әкелетін суық ағыстарды тежеу, бағытын өзгертуін ұйымдастыру қиын шаруа емес.

Сонымен, жаһандық жылыну дәуірінде, табалдырығыңызға тақап келген тұщы су дағдарысын болдырмау жолында не істеуіміз керек.

Басты үміт, табиғитума техноло­гияға негізделген, отандық ғылымға берілетін тапсырыстың қоғам сезі­нетіндей нақты нәтижелері – жоғалуға айналған өзендер мен көлдердегі су деңгейін тұрақты қалпына келтіру, ­жерасты су қорларын толтыру, тазалығын және табиғи қасиеттерін сақтау, сырттан келетін өзендерге деген тәуелділіктен арылу.

– Ол үшін қандай да бір іс-шаралар жоспары бар ма?

– Бар, әрине! Нәтижелерге қол жеткізу үшін жедел іске асырылуға тиіс бағдарлама жобасы мынадай:

Жер шарының айналу бағытын, бедерін, жердің тартылыс күшін, магнит алаңдарын, жауын-шашын шөгіндісінің қозғалыс бағыттары есепке алынып, ауадағы ылғалды тежейтін және реттеулі басқаратын жүйе жасау;

Жерасты өтпелі су кен орындарында бағыттаулы ағыстар арнасын жасап, судың басым бөлігін иелену;

Хантәңірі тауындағы, шека­раға жақын орналасқан биіктердегі қайтарымды су қабаттарын ашу, ішкі өзендерімізге бағыттау;

Ірі су кен орындары бар ­аудандарда жер қойнауында жүргізілетін жұмыстарға тыйым салу;

Елді мекендерді орналастыру, жол салу, құбыр тарту жұмыстарын су кен орындарынан аулақ жүргізу;

Атмосфералық жауын-шашын шөгінділерінің жер асты су кен орындарына баратын түтікшелеріне сүзгіштер орнату;

Егістіктерді ылғалдандыруға жаппай жерасты суларын пайдалану;

Экономикада суды аз тұты­натын бұйымдар, өнімдер шыға­ратын өндіріске үстемдік беру;

Өзендердің бағытын өзгертуге, бөгет, гидроэлектрстансалар салуға заңмен тиым салу.

 Себебі бөгетте судың буға айналып жоғалуы күшейеді, жер бетіне жақын орналасқан лас судың деңгейі көтеріледі, цианабактериялы көкшіл-жасыл түсті балдырлар пайда болады, олар органикалық заттардың 300-дей түрін бөліп шығарады, біразы улы. Қуарған балдырлар шөгіндісі суда фосфор мен азоттың мөлшерін көбейтеді, өсулеріне ыңғайлы ортаны қалыптастырып, жәндіктер мен өсімдіктерді жойып жібереді.

Жақында Камчаткада (Ресей) болған экологиялық апаттың салдарынан судағы тіршілік иелерінің жаппай қырылуының себепкері балдырлар екенін Ресей ғалымдары дәлелдеді.

– Ал жаһандық жылынуға қатысты қандай да бір нақты қадамдар қандай бағытта жасалуы керек деп ойлайсыз?

– Жаһандық жылыну, тұщы су көздерінің азаюы, жер қойнауындағы өзгерістермен тікелей байланысты. Жеріміздегі жалпы саны шамамен жүздеген мыңға жететін әрбір ұңғыдан қоршаған ортаға қызу, радиация көтерілмеуі қатаң бақылауға алынуы керек. Болашақты ойласақ, санамызда жер қойнауын пайдаланудан жер қойнауын сақтау ұғымына бетбұрыс жасайтын уақыт жетті. Жер қойнауын жарылғыш заттармен қопарып, жерасты су жүйелерін құрдымға жіберетін, үлкен бос кеңістік пайда болатын, қазба-байлықтарды шахта, карьер арқылы өндірудің уақыты өткен.

Жаһандық жылынуды тежеудің шешімі – қуаттың қалдықсыз, қайтарымды түрлерін (күн сәулесі, жел, ыстық су көздері) пайдалануға көшу. Ең тиімдісі қоршаған ортаға зиянсыз, арзан, жерасты ыстық су кен орындары.

Көмір, мұнай, газды өртегеннен, уранды ыдыратқаннан алынатын өнім – кернеулі бу, ол жылу, атом стансаларының турбинасын айналдырады, электр тогы пайда болады. Жер қойнауында кернеулі буға айналатын ыстық су кен орындары тұрғанда, жерімізді қопарып, су жүйелерін жойып, тереңнен ауаға көтерілетін радиоактивті сәулелерге жол ашып, көмір, мұнай, газ, уранды өндіріп, тасымалдап, өңдеудің не қажеті бар.

Жерасты ыстық су көздерінен алынатын қалдықсыз қуат мәңгілік, жер қызуының бір миллиард жылда 300-350 градусқа төмендеуімен өлшенеді. Ыстық су көздері, әлемнің экономикасы дамыған 80 мемлекетінде негізгі қуат ретінде қолданыс тапқан. АҚШ-та олардан өндірілетін электр қуаты, бес атом электр стансасының қуатымен пара-пар. Рейкъявик (Исландия), Клайнеда (Литва), Сан-Франциско қалаларының жылу жүйесі түгелге жуық жерасты ыстық су көздеріне қосылған. Жапон елінде қуаттың 15% ыстық су көздерінен өндірілсе, Қытай әлемдегі қуаттың бұл түрінің 19% пайдаланады.

Қазақ жеріндегі 3500-4000 метр тереңдікке дейінгі анықталған ыстық су қорлары, шартты отын есебінде еліміздегі мұнай, газ қорларының қосындысынан 10 есе артық. Жердің терең қабаттарына барлау жүргізілсе, ыстық су қоры еселей ұлғаюы мүмкін. Таралуы – Батыс Қазақстанда – 75%, Оңтүстікте – 15%.

Электр тогын өндіру, жылу жүйесіне жіберуден басқа, батыс аймақтарда, пайдалы минералдарға бай, ыстық суды жемістер өндіретін жылыжайларда тиімді пайдалануға болады, мұнай, газ кен орындары күтулі жабылғанда, халыққа жұмыс орындары ашылады.

Алматы қаласының іргесінде, осы ­аттас, жер бетіндегі қызуы 40-65 градусқа жететін ыстық су кен орны бар. Оны жылу электр стансасымен жалғастыру, тұйықталған сызба арқылы қаланың жылу жүйесіне жіберу, электр қуаты мен жылудың өзіндік құнын біршама төмендетіп, ауаға тарайтын зиянды, лас қалдықтарды шектейтіні даусыз. Батыс Еуропада ыстық су көздерінің қызуы 20-30 градус болса, жылу жүйесіне жіберу тиімді болып саналады.

Қалдықсыз қуат өндірудің және бір мүмкіншілігі – еліміздегі қаңтарылып тұрған шахталар. Олардың жер қойнауына тік бағытталған оқпандарында аса қуатты, арынды, жасанды жел ағыстарын тудырып, көрсеткіштері тұрақты электр тогын айналмалы жел қондырғыларымен жыл бойында өндіру қиын шаруа емес. Табиғи желдің қажеті жоқ. Жел қуатын жер қойнауында электр тогына айналдыратын бұл тәсілдің келешегі зор болуы мүмкін.

– Ал бұл тәсілдің нақты бір мысалдарын келтіре аласыз ба?

– Табиғитума технологияны қолданып, қалалардағы ауаны өмірге қатерлі қалдықтардан, жер бедері, ауа қозғалысы, физикалық заңдылықтар ескерілген, сіздің газетке ұсынатын сызбамен қалай тазартуға болатынын Алматы қаласының мысалынан байқауға болады. Қала таға бейнелі қазандыққа орналасқан, оңтүстік, оңтүстік батысында Іле Алатауы, солтүстікте биік шоқылар, қоршаудың ашық аралығы – солтүстік шығыс. Сызба бойынша, тағаны айналдыра төмендегі ауа қысымы жоғары ойпаттар, биіктегі ауа қысымы әлсіз алаңдармен қара түске боялған, жылуды тартатын, шығар аузы қала аспанындағы қара түнекке бағытталған құбырлар тізбегімен жалғастырылады. Тізбекті бойлай, құбырдың бетіне күн сәулесімен ауа қыздыратын парабола линзалары орналастырылады. Сонда, құбырлар арнасында, қысым және қызу айырмашылығынан тығыз, қуатты, жасанды жел өзені пайда болады. Түнгі мезгілде құбырдың қақпағы ашылғанда, оңтүстік-батыстан соғатын табиғи желмен бағыттас болатын жасанды жел өзені, қаратүнекті қала көшелеріндегі лас ауаны ілестіре таға қоршауының ашық аралығына, солтүстік-шығысқа қарай ығыстырады. Ашық аралықта, есепті жобамен биік мұнараларға орнатылған сорғыш-сүзгіш қондырғылары ­ауаны зиянды қалдықтардан ­тазартады, ары қарай таза ауа Талғар, Есік, Қапшағай қалаларына, елді мекендерге, жайылымдарға, егістіктерге тарайды.

Сызбаның ерекшелігі, оның қызметінде қашықтан басқаруымен қақпақты ашу-жабудан басқа қозға­латын механизмдер жоқ, қуат шығын­далмайды.

Қоршаған ортаны, жер және жер қойнауын қорғауда, тұщы су дағдарысын болдырмаудың шараларын іске асыруға мүмкіндік беретін, жеріміздің ішкі ерекшеліктеріне негізделген, әлемдегі ғылыми жаңа­лықтар ескерілген табиғитума технология отандық ғылымды дамытудың басты бағыттарының бірі деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

 Қарагөз Сімәділ

1480 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы