• Білім және ғылым
  • 21 Қаңтар, 2021

ҚОЛҒА АЛҒАН ІС – ЕРТЕҢГІ ҰРПАҚ ҮШІН

Мағира Қожахметова,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Балбұлақ», «Дертке дауа» республикалық басылымдарының  бас редакторы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары» деп атап өтті.
Балалар әдебиеті ұғымының аясына мен сол жасөспірімдердің өздерінің де шығармашылығын қосар едім. Тілді игеру үшін балаға баланың тілімен сөйлеп жеткізу керек. Қазақ па, шетелдік қаламгер ме, үлгілі дегендері де балақайдың қызығушылығын туғыза қоймайды. Қабылдауға ауыр, айтылуы күрделі мәтіндерден гөрі қатарластары жазған өлең, тақпақ, ертегілерді  бүлдіршіндердің әлдеқайда жылдам ұғып алатынын жиі байқаймын. Балабақша, бастауыш сынып оқушыларымен кездескенде, республикамыздың балалар басылымдарында жарияланған жас авторлардың қысқа-нұсқа дүниелерін мүдірмей айтып шығатындарының талай рет куәсі болдым. Қазір ­Алматы облыстық әкімшілігінде қызмет істейтін Ғалымұрат Жүкелұлының 11 жасында, осыдан 23 жыл бұрын берген сұхбаты әлі есімде. «Балаларға арналған басылымдарды шығару ісі жас жеткіншектердің өздеріне неге тапсырылмайды? Біздің арамызда мақала дайындайтын, өлең шығаратын, тіпті қысқа-қысқа әңгімелер де жазатын бүлдіршіндер аз емес қой. Олар белгілі бір күндері редакцияға келіп, газет-журналдың тыныс-тіршілігімен танысып, тапсырма алып орындайтын болса, жауапкершілік күшейеді» деген болатын. Міне, бір кездегі ойлау жүйесі ­ерекше балақайдың тілегін жүзеге асырып, жиырма  жылдан бері жеткіншектердің өзі жасап дайындайтын балалардың республикалық «Балбұлақ» журналын шығарып келемін. Қай кезеңде де ­талантты, ойлы балалардың ортамызда жиі кездесетіні рас. Тек қана оларды дер кезінде бағыттап, жолын ашуға тиіспіз.
«Бала тілі – бал» деп, былдырлап айтқан тәтті сөздеріне шейін көптеген газет, журналдарда жариялануы ежелден дәстүрге айналып еді. «Апа, оқып берші!» деген де тұрақты тақырып болатын ертеректе. Отыз жылдай осы салада еңбек етіп, балалар хрестоматиясын ­дайындап, сұранысқа енгізу қажет екенін ұқтым. Алайда он бес жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР білім беру, мәдениет саласының үздігі, ұстаз Айгүл Хакімжановамен бірігіп балаларға арнап жасаған ойыншық түрлері ­жобасын еш жерге өткізе алмағандықтан, бұл ниетіміздің де іске асуы қиын-ау. «Қазақ тілінде білім беретін мектеп пен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп» көбейгенімен, көрнекілік оқу, тәрбие құралдары ұлттық менталитетімізге сай келе бермейді.  
Балалар әдебиетінің негізгі мән, мазмұны балалардың басылымдарында көрініс табады. Қазақтың, туысқан шетел ақын, жазушыларының жасөспірімдерге арналған шығармалары бұлардың қай-қайсысында болсын, жиі жарияланады. Және бұған жүздеген, мыңдаған қабілетті оқушылардың ұсынған ғылыми жобаларын, түрлі жанрдағы дүниелерін, салған сурет, ұсыныс, тілектерін, т.б. қосыңыз. Өкінішке қарай, осынша рухани байлықты оқитындардың саны елу мыңға да жетпейді. Басым көпшілігінің таралымы 1000-5000-ның төңірегінде ғана. Өткен жылы бас редакторлар жиналып, Президентке хат жолдап, балаларға арналған газет, журналдардың тым құрығанда еліміздің он екі мың кітапханасына жаздыртып алуын міндеттеуін, тендерге іліну мүмкіндігін  қарастыруын өтінгенбіз. Бұған министрліктер пәлендей мән берген жоқ. Әркімнің қалауы, демократия деп, жауапкершіліктен қашу билік басындағылардың да, жеке саладағы мамандардың да жаппай заңдылығына айналды. Осының салдарынан технология дамыған сайын адамдардың сауатсыздығы артуда. Күні кеше ғана кей депутатымыздың екі сөздің басын құрай алмай міңгірлеуі де осының бір айғағы емес пе?
Мен жас ұрпақтың рухани келбетін қалыптастырып, интеллектуалдық сұранысын айқындау мақсатында міндеттеу әдісін қолдану керек деп ­ойлаймын. Яғни Мәдениет, Білім, Ақпарат министрліктері, т.б. толып жатқан құрылымдар балалар әдебиетін, балалар басылымдарын, балаларға ­арналып жасалған жобаларды қолдап, насихаттап таратуда міндеттеуді жаппай тәжірибеге айналдырып жалғастыруы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай: «Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан ­айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету. Адам ­баласы дүниеге ­патриот болып келмейді. Ол білім мен тәрбие алып, әлеуметтік ­ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа ­айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің ­дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі».

 

2251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы