• Руханият
  • 28 Қаңтар, 2021

БЕЛГІЛІ «БЕЛГІСІЗ» БЕЙІС ХАЗІРЕТ

...«Бейіс хазірет Арабиатқа 
жетік бір әлем екенін іңкар етеміз.»

Мадияр.
«Қазақ» 25 июнь.1915-ж № 138-саны

...«Өз ұлын, өз  тегін ескермесе, ел, тегі, алсын қайдан кемеңгерді?» деген бір сөз Ілияс Жансүгіровтен де қалған екен. Торғайдың  қазақ даласындағы білім ордасына айналуына еңбегі сіңген ­танымал тұлғаның бірегейі – мақаланың аңдатпасындағы «Мадияр» бүркеншік есімімен белгілі Міржақып Дулатов мағұлымдап, айқындаған – Бейіс хазірет Мыңбайұлы еді. Амал не, шындық шежіресі түгенделмегендіктен бе, не, осы кезге дейін жоқшысы болмағандығынан ба, «әлде, әлдебір себептермен» ­деген көмескі сұрақтардан ба өмірі мен қызметі тасада  қалып келе жатқан Торғай тұлғаларының бірі де осы – Бейіс хазірет. Торғай, Тобыл төңірегінде дамолла, хазірет, бас имам, мүддарис, қажы, қалпе атауларымен нақтыланған атаулы адам да осы – Бейіс Мыңбайұлы еді.

Оған нақты дәлел: оның молда, медреседе мүдәрис, ең соңында, барлық Торғай аймағы мешіт­терінің бас имамы-уәзірі болып білім саласында қызмет еткені куә.

ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында сауаттандыру­дың сан саясаты белең ала бастады. Соның бірі болған Еділ бойы, Кавказ, Түркістан, Қа­зақ­станда ашылған Жәдит мектептері елді сауат­тандырудың басы еді. Ол ағымның бас­таушысы, қолдаушысы – педагог, публицист, Қырым татары Гаспралы Исмаил би бола­тын. Бұл шақта Ресей империясының да бұра­тана халықтарды православие дініне жақын­дастырудың бірнеше психологиялық әдістерін де қолданғаны, діни негіздегі араб әліп­биін ығыстырып орыс графикасын енгізуге ниет­тенген миссионерлік бағытың да бел ала бас­тағаны белгілі. Торғай өлкесінде еңбек еткен орыс педагогтары Н.И.Ильминский мен оның шәкірті А.Е.Алекторов қазақ ұлтының салт-дәстүр қағидаларын, эпостық жырларын жинап, жариялаумен қоса, патша өкіметінің усул жадидтік, хадимша оқуларды шектеу ­жө­ніндегі тапсырмаларын да «ұмытқан» емес. Осының бір куәсіндей оқиға «1895 жылы Алек­торовтың Торғай облысында инспектор болып тұрғанында «Рұқсатсыз медресе аштың» деп, Байту молла Асанұлы мен Бейіс хазірет Мыңбайұлын сотқа беріп, медреселе­рін жапқанын Торғай қазақтары әлі ұмытқан жоқ шығар» деп жазды Мадияр – Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінің 1915 жылғы 25 маусымындағы 138 санында. Мақалада Бейіс хазіреттің хадимша оқыса да муафиқ өнер-білімге қарсылығы болмағанын, ол дәріс берген мектепте орысша оқыған Кәрім Досжанұлы мен оның замандастары болғанын, өз баласы Мырза ишанның Ыстамбұлда оқығанын жазып, медреседе жантану, жаратылыстану, география пәндерінің жаңа ғылымға сай жүргізілгенін атап өтеді. Медресе жабылған 1918 жылға дейін Бейіс хазірет пен Байту молда баласы Салих мырзадан жыл сайын жүздеген шәкірт оқып, қырға барып, бала оқытып жүргені туралы дерек осы мақалада келтірілген. Олардың соңын өткен ғасырдың 80-шы жылдарында біз де көрдік. Таласбай, Ерғали, Закария, Арыстанбек, Сабыр, Әлмұхамбет, Жұмабай, Ырыскелді, Көпей, Дайыр, Нақып, Ғайып, Мұхамедуәли, Қапыш, Нұрғазы, Жақыпбек, Аймағанбет, Жармақ, Сұлтанғали сынды тұлғалар бүкіл ұрпақ мақтан ететін аңсаулы бейнелердің санатынан еді.

Торғай қияндағы шағын қала болғанымен, қазақ мәдениетіне, іліміне айырықша із қал­дырған: Троицк, Уфа, Бұқара, Қазан тәрізді ірі қалалардың санатына кіріп, ХІХ ғасырдың ортасынан бастап ілім-білімге ұмтылғанын 1911 жылғы Қазақ даласы санағынан да аңғаруға болады. Сол санақтағы 84 медресенің бірінің Торғайда болуы, 28 814 шәкірттің жүзден астамы Торғай жастары болуы, медреселердегі 130 оқымысты ұстаздар қатарында: Байту молда, Бейіс хазірет, Салих молдалардың болуының өзі көп мағлұмат аңғартса керек.

1868 жылы құрылған Торғай уезіне 1917 жылға дейін 13 болыс 65 ауыл қараған елде ұстазға айналған дамолла Бейіс хазірет 1860 жылы Қоймашыда туып, 1919 жылы Өлеңдіде жерленген.

Міржақып Дулатовтың «Торғайдағы мұсылманша оқу жайында» жазғанындай, Бейіс хазірет Троицкідегі ­Зейнолла ишан, Ахон хазіреттермен тығыз қарым-қатынаста болған. Сондықтан да олармен бірге 1892 жылғы Орыс императорының бұйрығы бойынша қазақ даласы, әсіресе Көкшетау, Ақмола, Торғай өңірлерінде миссионерлікті күшейтіп, православиеге мәжбүрлеу саясатына қарсы шығып, Бейіс хазірет Байту молданың басшылығымен Торғайда медресе ашып, халықтың ұлттық және діни дәстүрлерін қорғауға, сақтауға күш-жігерін салды. Бұл істе олар Троицкідегі Зейнолла, Ахон хазіреттер, Көкшеден ­Науан хазірет, Атбасардан өзі аттас Бейіс хазірет Тек­тенұлдарының түрік сұлтаны Екінші Абдул­хамитке орыс миссионерлік саясатынан қорғау жөніндегі 1903 жылғы жолдаған хатына қолдау көрсетті. Соның арқасында 1905 жылы Санкт-Петербург пен Нижний Новгородта Бүкілресейлік Мұсыл­мандар сьезі ашылды. Қазақтардың ресми өкілі болып барған Шаймерден Қосшығұлов делегациясының құрамында Бейіс Мыңбайұлы да болса керек. Содан бастап Қазақтың басқа да дін өкілдерінің қатарында ол да патшаның «Сенімсіздер» тізіміне де алынған. Мақала басындағы «әлде, әлде бір» себептердің бір негізі осы болса керек. Бейіс дамолланың 1916 жылғы көтерілісшілерді патша жарлығына қарсы шықпау жөніндегі үгіті, Аманкелді үкіметінің бір күн түрме қама­ғы­на алуы да «әлде бір себептердің» негізі болса керек.

Торғайдағы білім негіздерінің бір қалау­шысы саналатын белгілі, «белгісіз» Бейіс хазірет өмірі мен қызметі жайлы бұл үзінді ғана. Ал Торғай медресесінің қызметі, оны ұйым­дастырушы, оқымысты, Байту молда Асанұлы, Бейіс хазірет, Салих молда жайлы тың дерек тауып елдің рухани қазынасын байыту зерделі ұрпақ үлесіндегі келелі іс болып қала бермек.

 

Ибраһим Ағытай,

өлкетанушы

2170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы