• Cұхбаттар
  • 28 Қаңтар, 2021

«Ер Төстік» – ең сүйікті ертегі

Қазақстанның балалар әдебиеті тағы да бір жақсы жаңалықпен толықты. Қазақ фольклорының алтын жауһары «Ер Төстік» халық ертегісі еріктілер тарапынан екі тілде жарық көріп отыр. Автор аталмыш кітапты басып шығару идеясы бірнеше жылдар бұрын келгенін айтады. Ал оны жасап шығаруға екі жылға жақын уақыт жұмсаған. Тек қана иллюстрацияларының өзін салуға он айға жуық уақыт кетіпті. Кітаптың әр бетінде әдемі иллюстрациялар берілген. Осындай үлкен жобаның авторы Мадина Қасымбаева бұл туралы әңгімелеп берді.    

– Осыған дейін басқа ­салада істеген екенсіз. Кітап шығаруға не түрткі болды? 

– Қазақтың халық ­ер­тегісі «Ер Төстікті» басып шығару идеясы бұдан көп уақыт бұрын ойға келген еді. Өмі­рімде негізгі жұмысым­нан басқа қандай да бір іспен айналысқым келген уақыттар болды. Өз өміріме көбірек шығармашылық жағдаят­тар мен әсем бояуларды енгізгім келді. Бірақ бұны қалай жүзеге асыруға болатынын ұзақ ­ойландым. Бірде кішкентай сіңліме сыйлық іздеген сәтімде нарықта қазақтілді балалар басылымдарының өте аз екеніне көзім жетті. Қазір олар көп, бірақ сол сәтте, яғни ойыма қазақ ертегісін басып шығару идеясы келген тұста бұндай басылымдар сөрелерде жоқ деуге де болар еді. Ал сол кездегі қолыма түскен кітаптардың маған көркемдік безендірілуі, дизайны мен иллюстрациясы ұнаған жоқ. Міне, сонда мен әдемі, сапалы, қызықты бүлдіршіндерге арналған кітапты басып шығару жобасымен айналысуды ойладым.  

Басқалар сияқты мен де балаларымның, отбасымдағы барлық балалардың, достарым мен таныстарымның балаларының, бір сөзбен айтқанда, еліміздегі барша балалардың қазақ фольклорын, халықтық өнер туындыларын, тарихымыз бен салт-дәстүрімізді білгенін қалаймын. Меніңше, егер осы айтқан білімнің бәрі де қолға ұстап жүруге ыңғайлы және үй кітапханасы сөрелерінде ұзақ сақталатын әсем әрі сапалы әрленген басылымдарға енетін болса, онда бізге, ата-аналарға, бұл білімді баламыздың ­санасына сіңіруге мүмкіндігіміз артар еді.

– Не себептен «Ер Төстік» ертегісін шығаруға бел будыңыз?

– Бұның жауабы өте оңай. Кез келген адам балалық шағында ертегіні сүйіп оқитыны анық. Және әркімнің өзінің бір ұнатқан ертегісі болары да рас. Сол секілді менің де бала кезімде сүйіп оқыған ертегім болды. «Ер Төстік» – балалық шағымдағы ең сүйікті қазақша ертегі. Сондықтан бұдан басқа нұсқаларды ойлап көр­медім.

 – Кітап шыққаннан кейінгі оған деген сұраныс қалай болды? Оқырман қалай қабылдады?

– Кітап желтоқсан айында басылып шық­қан­дықтан оның сатылымы туралы көп біле бермеймін. Дүкендерде де әлі қанша кітап сатыл­ғанын айтқан жоқ. Әйтсе де, Меломан кітап дүкені кі­таптарға тағы да тапсырыс бергеніне қарап, саты­лымның жақсы бағытта жыл­жып жатқанын айтуға болады. Мен достарымнан кітапқа байланысты көптеген жылы пікір естідім.

– Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Алдағы уақытта да балаларға арналған кітаптарды шығарумен айналысқым келеді. Әрине, олардың арасында қазақ ертегілері мен аңыз әңгімелері болары сөзсіз. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

3355 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы