• Мәдениет
  • 28 Қаңтар, 2021

СЕГІЗІНШІ СЕРІ

Маңғыстаудың майлы қияны, кең даласы, адайдың дес бермеген күйшілері, жыраулары, орындаушыларының бейнесін елестеткен кезде алдымен олардың есімін жаңғыртқан адамның бейнесі келері анық. Маңғыстаудың арғы-бергі тарихында аты қалған, ұрпақтан-ұрпаққа жыраулық мектептің мол мұрасы Мұрын жырау, Сүгір, Айтуған Тайұлы, Арал, Әлмұрат Құлшарұлы, Елбай, Атанғұл, Шамғұл, Мұрат Өскенбайұлы және т.б. талантты насихаттаушылары арқылы жаңғырғаны шындық. Солардың ізін басқан, өз насихаттауымен ғасырлар бойы Маңғыстау өлкесінде дамыған дала дүлдүлдерінің ән-жыры өне бойыңды шымырлатып, қаныңды қайнатып, аласапыран күйге түсіретін бабалар өнеріне құрметімізді арттырып, тамсана түсірген осы Күріш Құбашұлы болатын. Сұрағаныңды күтпей, алқалы жиында тынысы ашылған жүйріктей таңды-таңға ұратын маңғыстаулық ақпа-төкпе әнші-жыршылар мектебінің көрнекті өкілі, солардың мұрасын ­насихаттаушы, лайықты ізбасары, өнердің өз баласы, сол теңдессіз дауыстың иесі Күріш Тасболатовтың өнегелі өмірі көз алдымызда өтті. 

Салмасам Айна-а-амкөзге, аха-ау,

ән болмайды-ау,

Кимесем екі-ау шапан, аха-аау,

Айы-нам-м-м-көз сән болмайды-ау.

Ойнасаң өзің теңдес-ау,

ахаау жаспен ойнаң-ау,

Ол дағы-ау, алғаныңнан Айнамкөз,

кем болмайды-ай-ау.

Күріш Тасболатовтың өзі талай орындаған «Айнамкөзі». Естіген сайын құлақ құрышыңды қандыратын, домбыра құлағында шебер ойнай отырып, отырған жерін думанға айналдырып жіберетін Күрекеңнің бейнесі санамда жаңғырып тұрады десем, өтірік емес. Көзі тірі, дені сау болса алқалаған әлеумет ортасында ән сұрағанның меселін қайтармай, бәлсінбестен домбырасын қағып-қағып жіберіп, Мұхиттың «Ақ иісіне», өзі ұстазым деп есептеген Ғарифолла Құрманғалиевтің «Нұржамалына» салар еді. «Зәурешпен» ұйытатын. Ән өнері тарихында суреткерлік болмысымен танылған сирек таланттардың бірі Мұхит Мералыұлының арнау өлеңдерінен кейін, өзінің әдеттегі шабысына түсіп, адайдың жеті қайқысы болып сайрайтын. Енді бірде Досат болып «Босмойынға» салады.

Тағы бірде домбыраны екпіндете соғып, адайдың ақпа-төкпе мектебінен бір жырды бастап жатады. Қазіргідей бір ән салса шаршап қалатын әншілер емес, таза жанды дауыспен айтқан сайын ұзақ қашықта бауырын жазып, шаба түсетін сәйгүлік сынды еді. Жылкелдінің «Құнан нарын» айтып отырып, ағаның домбыра қағысымен бірге толқып, қалың ойдың жетегінде кеткеніңді сезбейсің. Тоқтаусыз өтіп бара жатқан дүниеге наз айтасың. Әншінің кең даусы:

Бір әнді сатып алдым құнан нарға,

Берейін керек десең құмарларға.

Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды,

Жас келіп қартайған соң амал бар ­ма-ай, – деп бебеулетеді.

Күріш Тасболатовтың туған жері Таушық болғанымен, ата күлдігі Жың­ғылдыбұлақ еді. Әнші-жыршылардың нағыз мекені, сөз ұстаған талай дүлдүл әншілер өмірге келіп, туған жерінің төсін ән мен жырға бөлеткен жер. Күріш өнерпаздың әкесі Құбаш пен анасы Ұлмаш өнерлі болған екен. Шаңырағында маңғыстаулық талай жақсы мен жайсаң бой жаза жатып, таңды-таңға ұрып, шапқан аттай желдірген талай жез таңдай әнші-жыршылар Құбекең мен ана­мыздың ақ дастарқанынан дәм татыпты. Осындай ән бесігінде тербеліп өскен Күріш, басқа мамандықты меңгерсе де, өмір арнасы музыкамен өрілді. Ал жан серігі домбырасы мен Маңғыстаудың мақамы ағамыздың талай жердің топырағын басуға себеп болды.

К.Тасболатовтың ата қонысы деп айтатын Маңғыстаудың Жыңғылдыбұлағы ХVІІІ-ХІХ ғасырда үлкен өнер ордасы болған өлке. Күріш Құбашұлы Маңғыстаудың ән-жыр, сөз маржанын терген Айтуған ата жыры мен айтулы Есір Айшуақұлы күйлерінің сазына бесікте тербелсе, кейін Арал, Әлмұрат Құлшарұлы, Елбай, Атанғұл, Сәттіғұл, Шамғұл, Мұрат Өскенбайұлы сияқты марғасқа күйші-жырауларды көзі көрді. Оның сол дәулескер күйші-әншілердің жолын қуып, насихаттаушыларының ортасынан ойып тұрып орын алуына осы жағдайлардың барлығының игі әсері болғаны анық. Әрідегі дала даналары, таудан аққандай тасқын жырды ауыздықтаған жыраулар: Абыл, Нұрым, Ақтан, Сүгір, Қашаған мен Түмендердің өнерін жеткізушілерді де сүйсіне тыңдаған кезі сансыз. Ата-ананың ерекше қонақжайлығынан болар, шаңыраққа елге танымал өнер иелері кіріп-шығып жататын. Мәскеуде өткен Қазақ өнерінің алғашқы онкүндігінен кейін қазақ музыка, ән, өнер саласында ерекше уақыт басталды. Маңғыстау өнер мектебі де Кеңес кезеңі тұсында оң ­назарда болып, оның дамуы барынша қолдау көрді. Елбай, Тұрарбек Қойшыбайұлы, Алым Жаңбыршыұлы, Қалшабек ­Мыр­загелдіұлы, Исладин Шамғұлұлы, Құлбатыр, Ізбасар Шыртанов, Мыңбай Жолдасбаев, Орын Құлсариев, Сержан Шәкіратов секілді өнерлі азаматтардың қатарында Маңғыстау өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан Өтежан ­Ал­шымбайұлы әкеміз де бар екенін ерекше айтып өткім келеді. Маңғыстауда халық ­театрын ұйымдастырушылардың бірі, ұзақ жылдар Маңғыстау аудандық партия комитетінің идеология хатшысы болған, Қазақстанның мәдениет қайраткері атанған әкеміздің өңір өнерін өркендетуге қосқан үлесі зор. Осындай құнарлы жерде өскен Күріштей абзал азаматтың өнерден құралақан болуы мүмкін емес еді.

Маңғыстаулық ән-жыр мектебінің үздік насихатшысы, оны дамытуға үлкен үлес қосқан көрнекті өкіл, «Адайдың жеті қайқысы» мұрасын үздік орындау­шысы Күріш Тасболатов 1941 жылы Таушық ауылында дүниеге келеді. Күріш ағамыздың атасы Тасболаттың балалары Мұрат, Ақтөре, Ретбай, Шора, Шауқыбай, Қуатбай, Құбаш көмейлеріне бұлбұл ұялаған, шеттерінен өнер дарыған, әнші-жыршы болыпты. Күріш ағаның өз әкесі Құбаш пен анасы Ұлмаш та өнерлі кісілер болғанын айтып өттік. Әкесі өз заманында Шамғұл, Сәттіғұл, Сәду, Көшен, Әлқуат, Жанжігіт, Дүйсенбай, Шәдіман, Шәкірат, Ұзақбай, Назарбек сияқты күйші, жыршылармен замандас болып, бірге жүрген екен. Осындай өнерлі ортада өскен жас Күріш те жастайынан Досат, Мұхит, ­Хамит, Қыздарбай, Қазыхан, Әділ әндерін үйренеді.

Осы жерде Айтуған жырау ­Тайұлы­ның:

Өнер сүйген кісіге

Сусын берген мен едім.

Бойымдағы барымды

Артымдағы ініге

Үйретейін деп едім, – деп жырлаған, баталы шумағын еске алсақ, бабамыздың жыршылық қасиеті кейінгі өскінге де дарығанына көз жеткізер едік. Айтуған жырау ХVІІІ ғасырдың аяқ кезінде туып, 97 жасқа келіп қайтыс болған деп әкеміз Өтежан айтып отыратын. Түбегіміздің шежіреші абызы ­Алшын Мең­­да­лыұлының «Адай ше­жіресінде» «Даңның Тай деген баласынан Айтуған атты жырау туған» деген деректі жолдар бар. Ізбасар Шыртанов ағамыз да Айтуған жырау жөнінде жасынан «Қырымның қырық батырын», «Отыз түрлі ноғайлық» жырларын жаттап, халыққа таратқанын жазады. Айтуған бабамыздың әкесі Тай Даңұлы да Маңғыстау түбегіне белгілі сыбызғышы болған. Халық аузында қалған әңгімелерге сүйенсек, Тай атамыз елін жаудан қорғаған батыр кісі екен. Адам ұрпағымен мың жасайды. Олардың өнерін кейінгілерге табыстаған өнерлі қауымның ішінде, Күріш ағамыздың артындағы ізбасарлары да аз емес.

 Бүгінде Күріш Құбашұлының ізін басқан, өнерді өзек еткен, ата-баба дәстүрін ілгері жалғастырып жүргендер қатарында елге белгілі Роза Айдарбаева, Рухия Батыршиева, Жеткізген Сейітов, Бердіғали Сыранов, Амандық Көмеков, Айгүл Қосанова, Елдос Еміл, Ақмарал Ерімбетова, Ақылбек Тасқараев, Ізмұрат Молбаев және т.б. айтып өтуге болады. Отба­­­сында Күріш аға ғана емес, бауырлары да ән-жырдан кенде емес. Ағасы ­Бопыш, інісі Ерлеш та халық әндерін асқан шеберлікпен орындайтын нағыз өнерпаз азаматтар еді.

Аға көзден кеткенімен, көңілімізден ешқашан кеткен емес. Күріш дүниеден озды дегенде Маңғыстау дәстүрлі ән тарихы көшін аға буынмен жалғастырып тұрған үлкен бір дәуір төңкеріліп түскендей болғаны рас. Өйткені білімі мен білігі мол азаматтың Маңғыстау фольклорын дамытудағы, насихаттаудағы орны ұшан-теңіз еді. Біздің осындай ірі тұлғалы адаммен замандас, дәм-тұздас болуымыздың өзі бақыт. «Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек бізді атадан үшеу (Ізбасар Шыртанов, Сержан Шәкірат және Күріш Тасболатов) деп айтатын еді» деп сыйлас досы, елімізге танымал күйші Сержан Шакратов ағамыз жоқтау шығарды. Сол жоқтаудың ішінде мынадай сөз бар:

Әннің әмби пірісің,

Қайқылардың бірісің,

Өнерде тіпті ірісің

Еліңнің ерен Ерісің!

Әбіш достың әзілі

Сен бір сайқы «перісің».

Өлді дейді-ау осы жұрт,

Сен мәңгілік тірісің!

Алтын қорда жазылған

Маңғыстаудың үнісің..

Қалай дөп тауып айтылған сөз десеңізші. Маңғыс­таудың жыр-тер­ме­шілерге деген сый-құрметі ерекше. Содан болар, олар жүрген жерге немесе үйіне іздеп бару үйреншікті жағдай. Кү­рішті арнайылап іздеп барғандар жиі кездесетін.

Күріш Құбашұлы өнермен егіз туса да, басқа салада қызмет етті. 1958-1960 жылдары Ақтөбе сауда техникумында білім алып, кейін Ленинградтағы (Қазіргі Санкт-Петербург) Жоғары сауда мектебін 1968 жылы бітіріп шығады. Ал 1974 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын аяқтады. Кейін Жетібай мұнайгаз кәсіпшілігінде ұзақ жылдар бойы мұнайшыларды жабдықтау саласын басқарды. Сол себепті ағамызды Маңғыстаудың мұнай саласының ардагері деп толық айта аламыз. Зейнеткерлікке шыққанға дейін білім алған мамандығымен халқына қызмет етті. Қызметінде биікке көтерілсе де домбырасын, жыршылығын тастамады. Күріш ағамыздың репертуарында Абай, Естай, Біржан, Досат, ­Хамит, Қыздарбай, Мұхит, Әділ, Қойбас, Тастемір, Шолтаман, Жылкелді сияқты қырыққа тарта халық сазгерлерінің әні бар екен. Күрекең жатқа соққан сол жырларды аға буынның аманатына балап, саф күйінде ізбасарларына табыстап кетті. Таза, сұлу, асқақ дауыс­пен шырқайтын әншінің репертуарында қазақтың ән-жырларынан басқа орыс, украин тілінің әндері де бар.

Күрекең тура­лы қазақтың бір­туар ғалымы, маңғыс­таулық ­Қаби­болла Сыдиықов аға­мыздың айтқаны бар: «Күріш халық әндерін домбыраға қосып орындаудың хас шебері. Таза нақыш, сұлу да асқақ дауыспен шырқайды».

1977 жылы Павлодарда өткен ­Сұл­танмахмұт Торайғыровтың 100 жылдық мерейтойына Күріш Құбашұлы арнайылап барады. Қасында қазақтың аймаңдай жазушысы, классигі Әбіш ағамен бірге маңғыстаулықтар Біржан сал атымен тігілген қазақ үйге түсіп, өнерін ортаға салады. Ал 1991 жылы Украинада өткен Тарас Шевченконың мерейтойына Маңғыстау облысының атынан делегация құрамында сапарлап барады. Сол жолы Күріш ­Тасболатов украин әнін үйреніп, «Ти ж мене підманула», орыстың «Вдоль по улице метелица метет» романсын, әндерін Тарастың еліне орындап береді. Сөйтіп, олардың да сый-құрметіне бөленеді. Киевте, Черкасскіде өткен кездесуде Сергей Есениннің «Не жалею, не зову, не плачу» романсын, сыған халқының «Очи черные» әні, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасын» шырқап, қазақ пен украин ұлтының арасындағы достық жібін бекіте түседі. Бұл ағамыздың жауапкершілік деңгейінің биік екенін аңғартып, кейінгілерге ұлтты сыйлаудың жоғары үлгісін көрсетеді. Осы әндерді ағамызбен болған көптеген кездесу мен отырыста өз аузынан талай тыңдаған едік. Шаңырағымызға қонақ болып түскен кезде үйдегі келініне, «Саражан, сенің сұрайтыныңды білемін ғой» деп, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын айтып беретін. Жалпы осы ария­ны ағамыз жүрген жерінде жеңгелеріне, қарындастарына арнап жиі шырқайтын. Кәсіби музыкалық білімі болмаса да тыңдаушылар табиғатын тап басып, оларға ұнайтын әнді ұсына білетін тал­ғам­паздығы табиғатынан берілген-ау, сірә! Бұл көзі ашық, көкірегі ояу жан­дарға Күріш Құбашұлының өнер иесі ретінде үнемі ізденіс үстінде жүретінінен хабар беретін.

Білетініміздей, әр аймақтың өзіне тән ән-жыр мектебінің айырмашылығы көп. Домбыра қағысы, екпіні, шегін пайдалану ерекшеліктері, мақамы, нақышы, ырғағы өнерде жүргендерге ғана емес, өнер сүйер қауым үшін де анық. Біздің Маңғыстау мектебіне, Күріш Құбашұлы­на тау өзеніндей тас­қын жыршылық, даңқын алты қырдан асырған әншілік пен күйшілік тән.

Нотаға түспесе де мұрты бұзылмай бүгінге жеткен қазақтың саф өнері, фольклорын кеңес тұсында таспаға басып алу жұмыстары қарқынды жүрді. Әрі жергілікті билік тарапынан өнерге деген қолдаудың оң көзқараста болған жылдары көп жұмыс атқарылды. Соның бірі Мұрат Өскінбайұлының Түрікменстаннан қазақтың зиялы қауым ордасы атанған Алматыға алдырылуы да соның нәти­жесі еді. Күріш Құбашұлы да Алматыға шақырылды деп естідік, алайда жол түспеген екен. Бәлкім, жусан иісі бұрқыраған елдің топырағы, сайын даласы, алқалаған әлеуметі жібермеген шығар деп те ойлаймыз. Қалай болғанда да ол ел алдындағы, бабалар алдындағы миссиясын толық орындап кете барды.

Адайдың бес жүйрігі саналған Абыл, Нұрым, Қашаған, Аралбай мен Ақтанның исі қазаққа, қарақалпақ, өзбек еліне ортақ таныс өнер жауһарлары алты Алашқа Күріш жыршының орындауында таралды. Жұптарын жазбай жиналған жерде халықты таңдай қақтырған адайдың жеті қайқысының шығармалары да жыршы репертуарынан ойып тұрып орын алды.

Маңғыстаудың жыр саңлақтарын біз Күріш Тасболатов, Ізбасар Шыртанов­тардың орындауында тыңдап өстік, олардың жырын кең тынысты даусымен жақсы көрдік. Олардың өнері арқылы бабалар аманатына құлақ астық. Ауыл-елді, қатар-құрбыны, досты қадірледік. Жақсы мен жаманды ажыраттық. Мағыналы мәнді арнаулар мен дастан, жырлардың мәнін ұқтық. Мен дегенім жалғыз емес, тұтас буын, замандастарым мен Күріш Құбашұлының ізбасарлары еді.

Халық ауыз әдебиеті мен көне жыраулар мұрасы Күріш Құбашұлының орындаушылық өнерін шыңға шығарған қайнар көз. Бұл даусыз. Осы орайда біз оның зеректігіне, құймақұлақтығына қызығатын едік. Шіркін, дәурен, ағамыз домбыраны бебеулетіп, жатқа соққан Адайдың жеті қайқысының туындыларын, қала берді Ғарифолланың, Мұхиттың шығармаларын, орыс, украин романстарын қай уақытта, қалай жаттап үлгерді екен?! Оны нақышына келтіріп, келесі ұрпақ өкіліне аманаттау қандай жауапкершілікті талап ететіні, білетін адамның өзіне ғана аян.

Әркімнің асылдың тұяғындай ар­дақтап, рухы алдында бас иіп өтетін абзал азаматы болады. Мен үшін Күріш Құбашұлының өзі де, сөзі де бөлек жаралған азамат еді. Қазақтың, әсіресе батыс жыр мектебіне сіңірген еңбегі, қоғам қайраткері, азамат ретіндегі өмір жолы маңғыстаулықтардың, қала берді, қазақ халқының мақтанышы дер едім. Сондықтан болар, Күрекең атақ пен марапатқа кенде болмады. Бұлардан бөлек туған өлкеміздің Күріштің өнері мен қайраткерлігін ескере отырып, ұсынған марапаты да бір төбе. Ізінен ерген өнерпаздардың басы қосылып, екі рет республикалық «Жеті қайқы» атты сайыс өткізілді. Бұл Күрішке көзі тірісінде елі көрсеткен құрметі еді.

Адайдың жырларынан бөлек, өзі қадір тұтатын Ғарифолла Құрманғалиевтің «Ақ кербез», «Бозжорғасын», «16 қызды» сүйіп шырқайтын. Кең қазақы дауыспен құйқылжыта салған ән тыңдаған жанды да ғашық етпей қоймайтын.

Ұлттық өнерді насихаттауда тумысы бөлек, тұлғасы дара азамат талай көмулі қазынаның көзін ашып, ұрпағына аманаттап кетті.

 

Зейнолла АЛШЫМБАЕВ,

 «Мұнайгаз кешені ардагерлері»

 республикалық қоғамдық бірлестігінің

 бас директоры

 Нұр-сұлтан

 

1986 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы