• Руханият
  • 28 Қаңтар, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК – ТІРЕГІМІЗ

Жаңабек Жақсығалиев, 
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің доценті, 
тарих ғылымының кандидаты

Тәуелсіздік - үш ғасырға жуық бодандықтың қамыты мойнын әбден қажап, еңсесі түсіп, жігері қанша ­жаншылса да жасымаған, ұлт қаймақтарын қанша жерден қынадай қырса да, қандағы бар тектілік қайта оралып соғатын генетиканың ұлы  заңы бойынша асылдарын жарық дүниеге топ-тобымен  әкеліп отырған арда халықтың ­басты құндылығы. Бізден бірнеше есе көп, бірақ тағдырдың тауқыметі мен тарихтың теперішін көріп, елдігінен айырылған, мемлекеті жоқ халықтарды көргенде бұған әбден көзің жетеді. Тәубе дейсің. 
Иә, сол тәуелсіздік жарияланған жылы елімізде мемлекет құраушы ұлт – қазақ халқының саны небәрі 40%-дың о жақ, бұ жағында болуы, шындығына келгенде, ойланарлық нәрсе. Өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында қаракөздің мұндай болуы ғасырларға созылған отаршыл­дықтың қанқұйлы саясатының нәтижесі еді. Бұған сол 40% қазақтың жартысына жуығы өзінің ана тілін білмегенін қосыңыз. Мұның зардабын әлі тартып отырған ­жайымыз бар. 60% өзге ұлттар мен ұлыстар мекендеген және жер асты қазба байлығы өте мол ұлан-ғайыр аумақта қазақ халқының жеке дербес ел ретінде тарих сахнасына көтерілуі алда әлі де өте күрделі міндеттің тұрғанын іштей сездіретін.

Бабаларымыз: «Көршіні – Құдай қосады» дегенді де бекер айтпаса ­керек. Өз дәуірінің ірі геосаяси ойыншылары Әбілқайырдың Ресей және Жоңғариямен, Абылайдың Ресей және Қытаймен ­барынша арбасып баққанын, соның нәтижесінде империялардың ­жемсауында жұтылып кетпей, елі мен елдігін сақтап қалу жолында нағыз шығыс саясатшысына тән стратегиялық айла-амал мен тактикалық әдіс-тәсілді Қазақ дипломатиясының өзегіне айналдырғанын тарихтан жақсы білеміз. Олардың да басқа жолы болмаған. Елбасының бұдан бұрын айтқан: «Менің кабинетімде Абылай мен Әбілқайыр ханның портреттері ілулі тұр» деген сөзі осы ойымызды қуаттай түскендей.

Қазақстанның қуатты державалардың нақ ортасында орналасуы, оның мұнайдан түсетін мол қоры, елдің көл-көсір табиғи байлығы, көптеген елдердің қуат көздеріне зәрулігі еліміздің халықаралық сахнада өзіндік салмақты орны һәм ­саясаты бар мемлекет екенін көрсетеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазір үлкен мемлекеттердің мүдделері Қазақстанда, біріншіден, біздің энергетикалық ресурстарымыз үшін түйісіп отыр. Оған Америка, Ресей, Қытай, Еуропа және басқалары мүдделілік танытуда. Ал біз мұнда тек Қазақстанның мүддесін көздейміз» деді.

Қай кезде де ел басқару оңай болған емес. Қай заманда да, қай қоғамда да дара тұлғаның жөні бөлек. Солай болған, солай бола да береді. Елім деген, жерім деген ерлердің тарихтың тар тұстарында қандай іргелі істер атқара алғанына кәрі тарих куә. Әлемдік саясатта кез келген уақытта оқтын-оқтын болып тұратын саяси ойындар мемлекет тізгінін ұстаған билеушінің бойынан дара бітімді, ерекше тұлғаға тән көптеген жеке қасиеттерді талап етеді. Оның үстіне Қазақстанның геосаяси орналасуы жағынан ғасырлар бойы аз зардап шекпегенін қосыңыз.

Тіршілік заңы – күрес. Әлемде ­геосаяси ойын әдеттегідей тоқтаусыз жүріп ­жатыр. Бұрын бабаларымыз ғасырлар бойы ұлт азаттығы жолында қанын төгіп, ­жанын берсе, ендігі күрес, ендігі мақсат – тәуелсіздікті мәңгілік ету.

Осы ретте аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білімі кемел Ә.Кекілбайұлы: «Мынау өліп-талып келген тәуелсіздікті ақымақ иттің алдына қойған ас сияқты төгіп алатын болсақ, ертең біздің күніміздің не болатыны әлі белгісіз. Оның үстіне бізге алтын сандықтың үстінде отырған алты жасар бала деп қарайтындар бар. Мен баяғыда тәуелсіздік алған жылы да осылай сөйлегенмін. Соған әлі де көзім жетіп келе жатыр. Жер астында жатқан байлық қазақтың бағы ма, соры ма, оны тарих шешеді... Тарихтың өрмегін сен тоқымайсың, ұлт тоқымайды. Тарихтың өрмегін бүкіл адамзаттың коллизиялары тоқиды. Сен соның қайсысына шыдам бере аласың, қайсысына ақылың жетеді, қайсысына күшің жетеді, қайсысына айлаң жетеді, қайсысына арамдығың жетеді» деген еді.

Осы айтылғандардың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған азаматтардың, игі жақсылардың мойнында, өз халқының алдында қаншалықты жауапкершіліктің жүгі бар екенін көрсетеді.

Еліміз тәуелсіздік алғанда мемле­кеттің негізін қалаған ұлт – қазақ өзінің кіндік қаны тамған туған топырағында небәрі ­40% болғанын жоғарыда айттық. Бұл – ­тарихи шындық. Тіпті солтүстік облыстарда байырғы ұлттың саны 20%-дан да төмен құлдырағаны ешкімге жасырын емес. 1959 жылғы халық санағы бойынша, республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 млн 787 мың, яғни Қазақстанды мекендеген барлық тұрғындардың небәрі 29%-ын ғана құрап, өз жерінде ұлттық азшылық жағдайына түскенімізді қазір мектеп оқушысы да біледі.

Атақонысында отырған байырғы ұлттың жанына бататын осы бір өте төмен көрсеткіш халқымыздың балажандығы мен өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қытайдан келген 200 мыңдай қандасымыздың арқасында 1960-1991 жылдар аралығында үш есеге жуық өсіп, еліміз тәуелсіздік жариялаған тұста қаракөздің ұзын саны 7 млн-ға жетіп, соның өзінде республика халқының тең жартысын да құрай алмаған еді. Тарихи тәжірибеге сүйенсек, мемлекет тарихында мемлекет құраушы титулды ұлттың саны ерекше рөл атқаратындығы белгілі.

Біз осындай мүсәпір халге қалай түстік? Ол үшін тарихқа сәл шегініс жасағанымыз дұрыс. 1913 жылы Қазақ газетінде қайран Ахаң, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Әлхамдуллаһи, әйтеуір қазақ 6 миллионға жеттік» деп қуанған екен (Кейбір мәліметтерде 8 миллион деп те кездеседі – Ж.Ж.). Тура бір ғасыр, яғни жүз жыл өткеннен кейін республикадағы қазақ халқының көрсеткіші енді-енді көтеріле бастаса (Тәуелсіздік жылдарында шетте жүрген 1 миллиондай қандастарымыз Қазақ жеріне оралса, соңғы кезде елімізде бала туу көрсеткіші біршама жоғарылап, жыл сайын шамамен 400 мың сәби дүние есігін ашып жатыр – Ж.Ж.), кейбір деректер бойынша сол кезде 1-2 миллион болған «өз ағамыз» өзбектер қазір 30 миллионнан асып жығылыпты. Көршілеріміз сияқты еселеп өсудің орнына қазақ халқы өзінің атамекенінде тұрып-ақ, құрып кетудің алдында тұрды.

Неге бұлай болды? ХХ ғасырда қазақтай азап көріп, «мың өліп, мың тірілген» халық жер бетінде сирек. Бірін­шіден, кеңестік кезеңде қазақ қолдан жасалған ашаршылық, ұлт асылдарын қынадай қырған қуғын-сүргін, нәубет пен зобалаңдар, әртүрлі қақтығыс пен соғыс, т.б. салдарынан қойша қырылды. Қазақ даласында өлік тау-тау болып үйіліп жатты. Кремль қожайындары қазақты шыбын құрлы көрмеді. Екіншіден, голощекиндік геноцид кезінде жан сақтау мақсатында көрші елдерге миллиондаған қандастарымыз көшіп кетуге мәжбүр болды. Үшіншіден, әуелі патшалы, кейін Кеңес одағы тұсында әртүрлі делимитациялар (шекара межелеу) тұсында кесіліп қалған жерлерімізбен бірге қандастарымыз шекараның арғы жағында көзі мөлдіреп қала берді.

Бағзыдан бүгінге жеткен топонимдік деректерді зерделесек, қазақ халқы өткен ғасырларда өз атамекенінің үштен бірінен айрылғандығына көз жеткіземіз. Еділ ­(Волга), Хажытархан (Астрахань), Сарытау (Саратов), Селебе (Челябинск), Қорған (Курган), Орынбор (Оренбург), Төмен (Тюмень), Барнауыл (Барнаул), Үстіқұт (Усть-Кут), Ащылы (Ачинск), Байкөл (Байкал), Енесай (Енисей), Аңғар (Ангара) деп аталатын ондаған-жүздеген елді мекен мен жер-су атауларының күні бүгінге дейін таза түркілік-қазақтық мән-мағынада ­айтылуы көп жайды аңғартатыны айғақ.

Тек қана Кеңес заманында 5 миллион қазақ репрессия мен аштықтың құрбаны болып, 2 миллиондай қазақ шет елді паналауға мәжбүр болды. Қазір 4 миллионнан астам қазақ дүниежүзінің 32 мемлекетін паналап, тілі мен діні әртүрлі ортада ғұмыр кешуде (Жолдасбекұлы М., Салғараұлы Қ., Сейдімбек А. Елтұтқа. Астана, 2001, 10-б.).

Нағыз ұлтжанды алаш баласын тәрбиелеу үшін түптің түбінде көр­шілеріміздің көңіліне қарамастан, нағыз ақиқат айтылуы тиіс. Сондықтан тарихтың бұралаң жолдарында үштен бір жерімізден айрылып қалғанымызды, соған байланысты Ресей мен Қытай қанатын жайып, қазақ жері тарылғанын бүгінгі мектеп партасында отырған әрбір жас өскін біліп өсуі тиіс дегенімізбен, әрине, бұған әлі де уақыт керек екенін іштей сеземіз және ол тек жас ұрпақтың өз тарихынан тағылым, сабақ алуы үшін ғана. Тарих пен тіл қашан да ұлттық сананың негізгі құрауыштары. Олар құстың қос қанаты тәрізді біртұтас дүние.

«Шындығында, тілдік проблема­ның үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұ­райдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсізді­гімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. Бұған Украинаны мысалға келтірсек те жеткілікті деп ойлаймын. Мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық» деген еді ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл тұрғыда геосаяси жағдайды да ­назардан тыс қалдырмауымыз керек. Әсіресе Ресей­мен арадағы шекарамыздың әлем­­дегі ең ұзын шекара екенін де әсте естен шығармаған жөн. География – геосая­саттың маңызды факторының бірі».

Саясаттың нәзік иірімдерін кірпік қаққаннан-ақ сезетін кәнігі дипломат, бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ой орамдары мен түрік көсемінің айтқаны өзара үндесіп, іштей қабысып жатқаны соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Қазақстанның тәуелсіздігін тұңғыш мойындаған мемлекеттердің бірі – Түр­кияның президенті Тұрғыт Өзал бауы­рымыздың: «Қазақстан басқаларға қарағанда Ресеймен біртұтас болып кеткен. Араларыңызды ажырату үшін мәселені пісіріп барып, сонан кейін ғана кесіп ­тастап отыру керек. Ал шикі жерден кесіп тастасаңдар қан шығады» деп айтқаны бар.

Қалай десек те, тарих әділдікті іздейді, бұрмалауға жол берілсе, ол тарих болудан қалады. М.Шоқай айтпақшы, ­тарих ешқашан ешкімді аямайды. Айтуға ауыз бармайды, халқының саны көп, бірақ мемлекеті жоқ, жат жұрттың жетегінде жаутаңдап өмір сүріп жатқан тарихи тағдырлары қиын халықтар қаншама?! Ұлтымыздың басынан өткен ­талай тауқымет пен өзімізбен тағдырлас халықтардың тартқан азабын таным таразысына салсаң, қазіргі тірлігімізге тәубе демеске лажың жоқ.

Елімізде ең соңғы санақ 2009 жылы өтті. Санақ көрсеткіші бойынша жергілікті халықтың саны 65% болса, 2017 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәліметте еліміздегі ұлттардың арасалмағы өзгергендігі байқалады: қазақ 71%, ­орыс 21%, өзге ұлт 8% құраған екен. 2020 жылы берген сұхбатында Мемлекеттік ­хатшы Қ.Көшербаев, Құдай қаласа, алда келе жатқан тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қазақ халқы кемінде 78%-бен қарсы алатыны туралы қуанышты хабарды жеткізді. Француз Ашиль-Клод Дебюсси: «Кез келген билікті бағалаудағы өлшем сол мемлекеттегі мемлекет құраушы халық санының өсіп немесе кемуінен байқауға болады» деген екен. Бұл даналық сөз қазіргі Қазақстан билігі ұстанып отырған ішкі-сыртқы саясаттың өресі мен өрісін аңғартқандай.

Осылай, ел аман, жұрт тыныш болса, қазақ халқының саны өз Отанында әлі де көбейе беретінін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұған да шүкіршілік!

Қазақтың саны – қазақтың айбары!

Қазақтың саны – қазақтың рухы!

Қазақтың саны – қазақтың болашағы!

Қазақ «Көп қорқытады, терең батырады» немесе «Сан сапаға жеткізеді» дегенді бекер айтпаса керек.

Қазір Орал қаласында тәуелсіздік тұсында ашылған мектептердің барлығы қазақтілді. Бейнелеп айтсақ, қаламыздың шеткі аудандарында жаңадан салынған қазақтілді мектептер шаһарды сақи­налап, шеңберлей бастағандай. Бұрынғы орыс мектептерінің өзі алдымен аралас мектепке айналып, сосын қазақыланып жатыр.

Әрине, Қазақстанның Ресейге ­шы­ғатын батыс қақпасы, яғни шекара­лық қала саналатын өзіміздің Орал шаһарында да қазақ мектептерінің жыл өткен ­сайын көбейіп, қарадомалақ­тардың саны еселеп артып келе жатқанына жаның сүйсінеді. Кеңес билігі тұсында ұзақ жылдар астанамыз болған, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласының өзінде бір-екі ғана қазақ мектебі болса, сол тұста Орал қаласында бір ғана қазақ мектебі (қазіргі С.Сейфуллин атындағы 11-мектеп) болғанын еске түсірсек, көп нәрсенің бізге өзінен-өзі түсінікті бола түсері хақ.

Біздің қазіргідей ұлан-ғайыр ­ау­маққа ие болуымыздың негізгі сыры ұлы бабаларымыздың өз заманында төрткүл дүние санасатын алып империя­лар құруымен тікелей байланысты. Бұл мемлекеттерді Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда сөйлеген сөзінде былай түзген еді: «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын Орда орнығады. Сөйтіп  хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар».

Мұндай үлкен тарихы бар елдің бола­шағы жарқын болатынына еш күмән­данбаймыз. Тәуелсіздік бойы­мызға осындай сенім ұялатады.

1468 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ ЕДІ
Келесі мақала Жаны – сұлу ойы – кемел

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы