• Әдебиет
  • 28 Қаңтар, 2021

АҚЫН НЕ АЙТҚЫСЫ КЕЛДІ ЕКЕН...

Арман жетелеген өмір жолында қиындығымен қатар, естен кетпес оқиғалары да аз болған жоқ. Қызығы таусылмайтын, қиялыңды алысқа самғатқан студенттік мазасыз күндердің жүректі тербеген шақтары ешқашан қайталанбайтыны қатесіз шындық. Жаныңа шуақ сыйлайтын сол бір мерейлі мезгілдің әр бір сәттері ойға қозғау салып, қолға қалам алғызары анық. Қазақ мемлекеттік университетінде өткізген бес жылда талай жағымды оқиғаны тізбектей ­беруге болады. Ал мына жағдайды айтпай кетуге болмайтын шығар.

Алматыда ҚазМУ-дің 2-курсында оқып жүрген кезіміз. Өзіміз пір тұтып, атына қанық болған біз ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың жаңа жыр жинағы шығыпты дегенді естігенбіз. «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабы қолымызға тимесе де, көруге құмартып жүрдік. Ақындықтың ауылына бет бұрған курстас жігіттер Мұқағалидың лапылдаған өлеңдерін жатқа айтып, жаңа жинағынан сыр шерткенде ұйып тыңдап қалатынбыз. Тезірек сол кітабына қол жеткізіп, өлеңге деген шөлімізді қандыруға асығып, дүкеннен аталған туындыны іздедік.

Бір күні курстасымыз Жәнібек Кәрменов Мұқағали ағамызды корпустың алдында қарсы алып, қолтығынан ұстап, сабақ өтіп жатқан ­ау­диторияға алып келмесі бар ма. Стилистикадан дәріс оқитын Бари ­Манасбаев ағайдың лекциясы болатын. Үзіліске шыққан бетіміз еді. Кең иықты, тау тұлғалы, келбеті кісі қызығарлық, қою қалың қара шашты, арыс­тандай айбатты ақиық ақын алшаң басып, аудиторияға кіріп келді. Қолтығында «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабының бір бумасы бар. Мен Мұқағалиды бірінші рет жақыннан көрдім. Ақынға тән мінезді байқадым. Жасқану, имену деген жоқ. Даусы ашық, таза, саңқылдап сөйлеп тұр. «Қарақтарым» деп бастағаннан кейін, біз де иіліп ақынға құрмет көрсеттік. Жаңадан шыққан кітабына байғазымызды беріп, қолтаңба беруін өтіндік. Арқалы ақын жарқылдап, мәре-сәре болып қалды. Бір-бірлеп атымызды сұрап, қолтаңбасын беріп жатыр. Біз оны қоршап алғанбыз, жібергіміз келмейді. Сұрақ қойып, әрнәрсені білгіміз келеді. Ақын жазып жатыр, сұраққа да жауап беріп үлгеруде.

Бір кезде сабаққа қоңырау соғылды. Ұстазымыз Бари ­Манасбаев ақынды көріп, тіксініп қалды. Сөйлегісі келіп тұр, бірақ сөйлей алмайды. Наркескендей өткір ақынның мысы басып тұрғаны анық білінді. Ары-бері қипақтап, кінәлі баладай жүрді де қойды. Шыңға қонған қырандай жан-жағына барлай қарап, қақпақтай жауырынымен бір партаны жалғыз өзі жаулап алып, жыр жинағына маржандай сөздерін тізбектеп жазған қазақтың тұлпар ақыны ешкімге мән берер емес. Мына дүниеде өзінен басқа мықтыны сезбегендей еркін отыр. Аласа бойлы, шағын денелі оқытушымыз ақынға естіртпей, жіңішке даусымен жайлап қана бізге: «Сабақты бастауымыз керек қой» дегенге шамасы келді.

Бұл кезде Мұқағали ағамыз қолтаңбасын аяқтап қалған еді. Мұғалімнің келгенін байқаған болуы керек, жайлап орнынан көтерілді. Шетте тұрған оқытушыға қарап, онымен амандасты. Бари ағамыз ақынның бетіне тура қарай алмай, сасқалақтай берді. Өзін ыңғайсыздау сезініп, ары-бері теңселе берді.

Міне, нағыз ақын. Бізге қырандай қанатын қомдап, биікке самғағысы келіп тұрғандай көрінді. Жүзі нұрланып, еңсесі биіктеп, керемет күйге түскендей болып тұрды. Біз ақыннан көзімізді алмаймыз. Тұлғасына, бітіміне тамсанып тұрмыз. Ақын сөйлегісі келетіндей.

– Сендерге лекция оқып берсем бе екен? – деді бір кезде ақын. Сосын Бари ағайға қарады. Ол ештеңе демеді.

– Егер ағайларың рұқсат етсе менің оқитын лекциям бар, – деді. Сөйтті де, тағы да ұстазға қарап, одан жауап күтті. Дәріс беретін ағай қипақтай берді. Жауап бермек түгілі үн шығармады.

– Жарайды, уақыт алмайын. Құрметтеріңе ризамын. Үлкен азамат болыңдар! – деп есікке қарай беттеді.

Міне, осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. «Мұқағали ақын не айтқысы келді екен, бізге нені жеткізбек болды екен?» деген ой жиі мазалайды. Мүмкін артынан ерген іні-қарындастарына, күллі жастар қауымына, жалпы қалам ұстаған ұрпағына ұлағатты ой, өсиет-арманын айтып, өзінің көкейде жүрген аманатын тапсырып, көзі тірісінде ақ батасын беріп кеткенді жөн санады ма екен?! «Бари ағамыз неге рұқсат бермеді?» деп ойлап қоямын.

Ақын кеткеннен кейін лекцияны тыңдауға зауқым соқпады. Көпке дейін ақын бейнесі көз алдымнан кетпей қойды. Оның тағдырын ойлап, өлеңдерін жаттаумен болдым. Өзінен-өзі жатталатын өлеңдері неткен мөлдір, неткен керемет! Ол менің жатпай-тұрмай оқитын ақыныма айналды. Қолым қалт еткенде жыр көгінде қырандай самғаған саңлақ ақынның өлеңдеріне бас қоямын. Мен оның өлеңдерінен рухани ләззат, рухани күш аламын.

Иә, ақын ұстаз да бола алады. Ақын да ұстаздың алдынан өткен. Мұқағали секілді ғажап ақынның тағылымды тәлім-тәрбиесін, парасат-пайымын тыңдаудың өзі рухани дүниемізді барынша байытып, үлкен әсерге бөлейтінін айтсам да болатын шығар. Университетте оқыған бес жылда елге мәшһүр болған талантты ақынымыздың шығармашылық кешінің немесе арнайы кездесу-жүздесулердің куәсі болған жоқпыз. Соған қынжыласың. Тірі кезінде ақынды қадірлей алмағанымызға өкінесің. Асқан дарыны мен талантын көре алмай, қызғаныштан іші күйген кейбір бейшаралардың болымсыз бақталастығына күйінесің. Әдебиет төңірегінде жол бермей аяқтан шалған, тасада тұрып тас атқан кейбір жарымжан шала жандардың шарасыздығына опынасың. Тау тұлғалы арқалы ақынымыз солардың сорлы әрекеттеріне пысқырып та қарамастан, асқар таудай бойын асқақ ұстап, жалынды жырларымен жалпақ жұртының жүрегінен орын таба білді.

Ақын туралы шағын естелік жазып, сөзін тыңдап, қолтаңбасын алғанымды, ақ тілегін естігенімді, бізді туған баласындай бауырына басып, ыстық ілтипатына бөленгенімді мақтан етемін. Оны ешқандай сыйлыққа теңемеймін.

Биыл дүлдүл ақынымыздың туғанына 90 жыл толады. Қазақ халқы барда Мұқаңдай ірі тұлғаның мерейтойы атаусыз қалмайтындығына сенгіміз келеді. Бұл ақиық ақынымыздың рухына, жалпы қазақ поэзиясы мен әдебиетіне көрсетілген құрметіміз болар еді.

 

Мақұлбек Малдарбеков,

Қазақстанның Құрметті

журналисі           

Жамбыл облысы

 

1882 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы