• Мәдениет
  • 04 Ақпан, 2021

Ененің батасын алған...

...Әлі есімде, Денсаулық сақтау министрлігіне ауысқаныма екі жылдан асқан. Алматыда ешкімді танымаймын, жұмыс, үй... бір сарын өмір. 1990 жылы тамыздың аяғы,  демалыста, институтта бірге оқыған Әбілхакімнің үйіне,  Тұздыбастау кентіне келдік. Үй толы кісі, амандасқаннан кейін көңілді ортаға біз де бөтенсінбей еніп кеттік. Төрде орта бойлы, көзі тостағандай келіншек қазақша-орысша әзіл-қалжың айтып, жұртты күлдіріп қояды. Есімде жоқ, отырғандардың бірі әлгі келіншекке қарап «Нұржамал, сен институтта белсенді, спортшы-гимнастшы болдың, сонда көп жігіттердің бірі сені қалай алып кетпеген?» дегенде, Нұржамал ойланбастан: «Қалайша жүрегімді алдай алам, мен оны жалғыз саған арнай алам» деп жұбайы Әлиханды құшақтап: «Көз мыңды көрер, көңіл бірді сүйер» дегенде қол шапалақтап жібердік. Үйге көптен көтерілмеген еңсеміз биіктеп, қарапайым, жылы қабылдаған ортаға кездескенімізге қуанып қайттық. Содан бері сынаптай сырғып 30 жыл өте шықты. Сол дастарқанда араласқан достармен арамызға сызат түскен жоқ. Күні бүгінге дейін қуанышта да, қиындықта  да біргеміз.

Нұржамалдың кезекті бір туған күнінде жастайынан бірге өскен, институтта бірге оқыған жан досы Қарлығаштың сөзін ұмытқан жоқпын: «Нұржамал үлкен әкесі мен әжесінің тәрбиесінде болды, сабақты жақсы оқыды. Институтта филология факультетінің «орыс тілі мен орыс әдебиеті» мамандығын игерді. Кітаптан бас алмайтын. Орыс, Еуропа қаламгерлерімен қатар, қазақ ақын-жазушыларының кітаптарын да қызыға оқитын. Әлем данышпандары­ның, қазақ би-шешендерінің сөздерін ерінбей жазып жүретін. Кейін ұстаз болғанда философтар еңбектері мен тарихи романдарды көп оқитын болды. Екеуміз қосылып екі дауыста ән салатын едік. Әлихан Тойбаев  сол кезде комсорг болып ерекше ұйымдастыру қабілетін көрсете білді. Нұржамалдың достыққа адалдығы, қиналғанда ­жанашыр, қолындағы барды алаламай бөліп беретіні замандастарының есінде. Белсенді қызметін жалғастыра бергенде үлкен тұлға болып қалыптасары сөзсіз еді, бірақ Әлихан парторг болып ауысқаннан бастап қызметті қойды. Оның түсінігінше «Бір үйде екі бастық болмау керек. Әйел адам күйеуіне жағдай жасап, саналы ұрпақ тәрбиелеп, ағайын-туыстың басын біріктіріп, жұмақ  жасамаса да, жұмақтай жылылық орнатып үйде отыру керек» деген сөзін ақыры орындады». Мынау әріптес досы Нәйлә Үмбетованың айтқаны: «Ол өзінің мүмкіндігі бола тұра той-жиынға барар алдында әртүрлі әшекей тағып, жаңадан киім тіккізіп, ерекше боянуды ұната қоймайтын. Сол шынайы қалпында, жаны да, ары да таза күйінде өмірден өтті».

Әлиханның кіші қарындасы Әсия: «Нұржамал ауылдағы үлкендердің алдынан көлденең өтіп көрген жоқ, инабатты деп анам Әспент мақтап отыратын. Анамыздың көңілінен шығып, батасын алған келін. Анам өмірден өткен соң бәрімізге ана орнына ана болды. Ешқайсымыздың бетімізден қаққан жоқ, қабақ шытқан емес. Келіндердің бәрін бірдей көріп, барымен бөлісіп, мейірімділік танытты. Немерелері қашан барсаң да әжелеп, жанынан шықпайтын. Балаға деген мейірімі, шыдамдылығы ерекше болатын» деп Нұржамалдың балажандылығын үнемі айтып отырады.

Осы естіген сөздерімді, көзбен көрген, куә болған кездерімді сараптап, ой елегінен өткізгенде Нұржамал Есперқызы тектінің ұрпағы, өнегелі тәрбие алған, саналы, терең білімді, намысқой, ұятын жоғалтпаған адам екеніне күмәнім қалмады. Кейбір қасиеттеріне тоқтала кетсек. Оның жанындағы адамдарға жанашырлық ­танытып, қамқорлық көрсетіп, ізгі ­ниетте болуын, тапқан-таянған ­бө­денеше бауырына баспай, сұңқарша шашып отыру қасиетін әр адамның басына бермеген. Қашанда дастарқаны берекелі, отының басы мерекелі. Барға тасымады, жоққа жасымады, тәубасын ұмытпады, өте қанағатшыл болды. Көреалмаушылық, қызғаншақтық көрсетпеді, оған бәріміз куәміз. «Бұтақпен ағаш қымбат, ұрпақпен адам қымбат» деген қағиданы ұстана отырып, немерелерін түсінуі, оларды өзіне тез баурап алуы, адами қасиеттерді ­бойларына сіңіре білуі жай ғана ұстаз емес, педагог-психолог екенін аңғартатын. Орысша оқып, орыс тілінің маманы бола тұра қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін егжей-тегжейлі білуі ананың сүтімен сіңген қасиет екені даусыз. ­Осыларды ұрпақтың санасына сіңіре білуі әр ананың қолынан келе бермейтінін білеміз. «Бөлінгенді бөрі жейді». «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» ­деген бабалардың сөзін есте сақтап, ­Тойбай әулетінің ақылшы үлкен анасы ­атануы да оңайлықпен келген жоқ. Ол үшін көрегендік, парасаттылық, қадір-қасиет керек екені айдан-анық. Отау иесі Әлиханның атын атамай, «бас ием» деп құрметтеуінің өзі келіндерге, жас ұрпаққа көрсеткен өнегесі емес пе? Қазақтың атақты Шәңкі биі: «Елдің береке-бірлігі биінде, ердің береке-бірлігі үйінде» деп айтқандай, Әлихан әулетінің береке-бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосты. Ол басқосуларда әрдайым да: «Әке баланың атын шығармайды, бала әкенің атын шығарады. Сондықтан саналы ұрпақ тәрбиелеу ата-ананың борышы» дейтін. Расында да, ол өзі айтқандай ­балалары өнегелі тәрбиенің арқасында адал еңбек етіп, жұртшылықтың алғысына бөленуде. Әкесінің атын баласы шығарады деген осы емес пе?

Оның білікті филолог маман ғана емес, аса талантты энциклопедиялық терең білімді, жан-жақты ой-пайымы кең адам екені бізге аян. Өзі өмірден өтетінін сезді ме, құдай қосқан қосағы Әлиханды, бауыр-еті бала-шағасын жинап, өткен күндердің қызығы мен қиындығына шүкіршілік айтып, қабағын шытпай, ештеңе білдірмей, егер олай-бұлай болып кетсем келін болып түскен ауылыма апарып жерлеңдер деген аманаты үлкен ақылдылық емес пе? Кейінгі жастарға одан артық қандай үлгі-өнеге керек! Біздің есімізде Нұржамал Есперқызы сүйікті жардың, ардақты ананың, асыл әженің ең жоғарғы үлгісі болып қала береді.

Туғанбай Жанысбаев

 

1367 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы