• Қоғам
  • 04 Ақпан, 2021

ТЕЛЕХИКАЯҒА ТЕЛМІРЕТІНДЕР КӨП...

Бүгінде телехикая көретіндер көбейді. Әсіресе түрік, үнді сериялдарына сұраныс көп.  Қай ­телеарнаны қосыңыз, әйтеуір  бір телехикая жүріп ­жатады. ­«Абысындар» атты телехикаяны көрушілер «алтыжүзінші сериясын көріп отырмыз» деп шалқиды. Япыр-ай, қалай миы ашып кетпейді екен деп қайран қаласыз. «Қалай миы ашып кетпейді» дегеннен шығады, ғалымдар, зерттеушілер, дәрігерлер ұласпалы фильмдердің ұнамсыз жағы көп екеніне бүгінде назар аудара бастады. Мәселен, америкалық психологтар сауалнама жүргізіп, соның қорытындысы бойынша сүйікті сериясы аяқталған соң көрермен еріксіз мұңаятынын анықтаған. Солай дегенмен, жыл өткен сайын телехикая көретіндердің саны көбейіп келеді.

Респонденттердің шамамен 73 ­пайызы телехикаяны үздіксіз көру қалыпты жағдай деп санапты. Ал бірқатары «бұл жай әуестенушілік» деп есептесе, бір бөлігі «психологиялық проблема ­тудырады» деп жауап берген. Біздің осы соңғы жауапқа сенгіміз келеді. Өйткені сағат санап күтіп отыратын телехикаялардың адамдарға қолбайлау болатын тұсы шаш-етектен. Әңгіме серияны сағаттап көретіндер жайында. Мұндай адамдар басқаларға қара­ғанда көбірек зардап шеккен және күйзе­ліске ұшырағандар қатарында көрінеді.

Біз кезінде «Санта-Барбара» теле­филь­мін ең ұзақ серия деп санап келдік. Осы телехикая 1984-1993 жылдар аралығында үздіксіз көрсетілді. Бірақ осы фильмнен де асып түсетін телехикая бар болып шықты. Ол «Шамшырақ» деп аталады. 1952 жылдан бастап түсіріле бастаған осы фильмнің 18262 ­сериясы жарыққа шығыпты. Сонда да 2009 жылдың 18 қыркүйегінде қаржының жоқтығынан тоқтапты.  Түсірілген серияны көріп шығу үшін көрермен 600 күн, 4 сағат 30 минут телеарна алдында тапжылмай отыруы керек. Бір айта кетерлігі, осы телехикая ең ұзақ кино ретінде «Гиннестің рекордтар» кітабына енген.

Осы фильмнен «Как вращается мир» хикаясы да қалыспайды. 1956 жылы басталған бұл фильм 2010 жылы аяқталған. Фильмді толық тамаша­лау үшін көрермен 573 күн, 11 сағат жоғалтқан. «Бір өмір» атты телехикаяны 1989 жылы бастап, 2009 жылы аяқ­тапты. Фильмнің ұзақтығы 221 күн, 8 сағат, 30 минут. «Бір өмірде» расизм мен нашақорлық мәселесі қозғалады. Төртінші орынға 10712 сериямен «Бар­лығы менің балаларым» атты телефильм жайғасыпты. Оны 1970 жылдан 2011 жылға дейін ерінбей-жалықпай түсіріп шыққан.

«Жастар мен жабайылар» атты теле­сериал бесінші орында тұр. 10073 сериядан тұратын бұл туындыда Гени қаласында тұратын дәулетті екі адамның қарым-қатынасы, бизнестегі қитұрқылары суреттеледі. «Өзге өмір» атты хикая 8891 серияны құрайды. Мұның бір ерекшелігі, адамзат баласына үлкен қауіп төндіріп тұрған аборт мәселесін әңгіме өзегіне айналдырады. «Как вращается мир» ­сериясы қозғаған тақырыппен үндес осы телехикая да кезінде үлкен сұранысқа ие болыпты. Енді «Түн алдында» деген телехикаяға келейік. Мұның 7420 сериясы бар. «Дерзкие и красивые»  6487, «Көршілер» 6255 сериядан тұрады.

Тап қазір телеарналарда «Жат ­мекен», «Қайран күндер», «Көсем» атты созбалаңқы сериялар көрсетіліп жатыр. Сөз жоқ, оқиға желісі көрермендерді бірден тартып кетеді. Сосын «ертең не болар екен?» деп келесісін күтумен жүресіз. Телесерияларға телміретіндер тіпті басқа дүниені ұмытқан. Барлық ой-қиялы, мақсат-мүддесі, тілек-талабы сүйікті фильмінің үстінде.  Телехикаядағы кейіпкері ауырса ауырады, мұңайса мұңаяды, жыласа жылайды, күлсе күледі. Ал осыдан соң телехикаяның табынушылары психологиялық ауруларға ұшырамағанда, күйзеліске түспегенде қайтеді? Осы аралықта келіншектер қаншама тірлігінен қалады десеңізші. Күйеуінің күтімі, бала-шағаның сабағы, ата-ененің жағдайы болмаған соң отбасыдан береке кетпей ме? Мұның арасында жат елдің мінез-құлқын, әдет-ғұрпын бойына біртіндеп сіңірген жанның психологиясы бұзылатыны сөзсіз. Бір кездері «Мың бір түн» атты түрік сериясын жаппай тамашаладық. Сөйтсек, бұл фильмнің қазақи салт-дәстүрге қайшы тұстары көп екен ғой. Мәселен, күйеуімен шәй десіп қалса болды төркініне тартып кететін келіннен қандай жақсылық күтуге болады? Осы сияқты жат қылыққа баулитын сериялдардан сырт айналу керегін ғалымдар, киносыншылары жазудайын жазды. Бірақ біздің арналар біреудің қаңсығын таңсық көріп эфирге шығарудан жалығар емес.

Қазаққа білім, мәдениет керек пе? Бәлкім, осы сауалымыздың өзі артық шығар. Сіз керек деп отырсыз. Және ол бұрыннан бар деп дәлелдейсіз. Талас­паймыз. Бірақ нағыз білімді, мәдениетті болу үшін киелі кітапқа қайта оралуымыз қажет-ақ. Соның ішінде Ұлы Абайдың шығармаларын, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын қайта оқып шықсақ, ұтылмас едік. Қазақы тәрбие де, ұлттық салт-сана да, ата-бабалар жолы да осы еңбектерде тұнып тұрған жоқ па? Ендеше, алтын уақытты текке өлтіріп, басқаның былдыр-батпағына несіне соншалықты телміреміз?

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстанның құрметті

журналисі

1152 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы