• Қоғам
  • 04 Ақпан, 2021

ЕКПЕ ЕГУ БАСТАЛДЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Бүгінде дүниежүзі ­бойынша коронавирус ­инфекциясына қарсы 237 вакцина ­жасалып, оның ішінде 64 вакцина клиникалық сынақтан, ал 173 вакцина ­клиника алдындағы сынақтан өтіп жатыр. Ал нақты 8 вакцина қолданысқа еніп отыр. Атап айтқанда: Moderna, BioNTech / Pfizer, Oxford Biomedica және AstraZeneca, Н.Ф.Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу институты (Спутник V), CanSino Biologics, Sinopharm (2), Sinovac / Instituto Butantan / Bio Farma. Бұл вакциналар ­АҚШ-та, Ресейде, Қытайда жасалған және оны  42 мемлекет коронавирусқа қарсы қолданып жатыр.

ДДСҰ ДЕРЕГІ

ҚР ДСМ Ұлттық денсаулық сақтау орталығы «Санитарлық- эпи­демиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының эпидемиолог дәрігері Лена Қасабекованың айтуынша, жоғарыда аталған Moderna компаниясының вакцинасы Канада, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда, Pfizer компаниясыкі Еуроодаққа мүше елдердің бәрінде, Израиль, Аргентина, Мексика, Сауд Арабиясы, АҚШ және Ұлыбританияда, британдықтар мен американдықтардың бірлесіп шығарған Oxford Biomedica және AstraZeneca компанияларының вакцинасы Ұлыбритания, Үндістан және Аргентинада қолданылып отыр. Қытайдың 4 вакцинасы, атап айтқанда CanSino Biologics компаниясы шығарған вакцина Қытайдың өзінде, Біріккен Араб Әмірліктерінде егілуде. Ухань институты Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінде, ал Sinovac компаниясыныкі Қытайдың өзінде және Бейжің институтының Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцинасы Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейн мемлекетінде қолданылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ға қарсы сынақтан өтіп жатқан вакциналар туралы ашық деректерді жариялап отыр. ­Ресми мәліметке сүйенсек, ДДСҰ коро­навирусқа қарсы тек Pfizer вакцинасына ғана сертификат берген. Ал ДДСҰ-ның тізіміне енгізілудің сертификат алумен ешбір байланысы жоқ. Вакцинаны әрбір елдегі дәрілік заттардың сапасына ­жауап беретін орган тіркейді. Олардың өз стандарттары бар. Егер ол вакцина экспортқа шығарылатын болса, сол экспортталатын елдің сараптамасынан өтіп, сол елде тіркелуі керек.

Ал Қазақстанда 1 ақпаннан бастап Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ға қарсы вакцинация басталды. «Sputnik V» коронавирусқа қарсы алғашқы вакцина болды. Ол Ресейде Гамалея эпидемио­логия және микробиология ғылыми орталығында дамыған және бірінші және екінші фазаның екі клиникалық сынақтары аяқталғаннан кейін 11 ­тамызда тіркелген. Елімізде КВИ-ге қарсы вакцинация 2021 жылдың соңына дейін 6 миллионға жуық адамды қамти отырып жалғасады деп жоспарланған. Осы орайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев вакцинаның маңыздылығын айтты.

«Вакцина салуға денсаулығы жарамайтын азаматтардан басқалары, жаппай пандемия жағдайында екпенің аса маңызды және қажетті екенін түсінеді деп ойлаймын. 1 ақпан күні Қазақстанда COVID-19 індетіне қарсы жаппай вакцина салу басталды. Біз індетке қарсы әлемдік тәжірибені қолданып отырмыз. Вакцина – пандемияны жеңудің жалғыз сенімді жолы. Азаматтарды вакциналау шығындарының барлығын мемлекет көтереді» деп жазды Мемлекет басшысы твиттер парақшасында.

Ерікті түрде салына бастаған «Спутник V» вакцинасын қолдануды бұған дейін Белоруссия, Аргентина, Боливия, Сербия, Алжир, Палестина, Венесуэла, Парагвай, Түркіменстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Венгрия, Пәкістан елдері мақұлдаған. Ал біздегі коронавирусқа қарсы вакциналау аталған инфекцияны жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттардан бастау алып отыр. Ал 15 ақпаннан бастап вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы, көктемнен бастап QazCovid-In препараты қосылады.

QazCOVID-in вакцинасы бойынша қазір клиникалық сынақтың үшінші кезеңі өткізіліп жатыр. Алайда оның қашан аяқталатыны белгісіз, өйткені бұл фазада екпе салынған адамдардың жай-күйі, олардың бойындағы өзгерістер, антидене титрлері бақыланады, салыстырылады және талданады. Бұдан бұрын аталған отандық вакцинаны Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев салдырып, өздерін жақсы сезінетіндерін мәлімдеген болатын. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық QazCovid-in вакцинасын салдыруды жоспарлап отыр.

31 қаңтарда Қарағанды фарма­цевтикалық кешені елге «Спутник V» вакциналарының алғашқы партиясын жеткізді. Осы айда Қарағанды фармацевтикалық кешені вакцинаның 112 мың дозасын, наурызда – 150 мың доза, сәуірден маусымға дейін – ай ­сайын 600 мың дозадан жеткізетін ­болады. Сондай-ақ сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде QazCovid-in отандық вакцинасын егу және оны ай сайын 500 мың дозаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

ВАКЦИНАЦИЯ

ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Ал апта басында басталған науқанда белсенділік танытып, вакцинаны алғашқылардың қатарында салдырған ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы болды. Вакциналаудың алғашқы күнінде елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният «Sputnik V» вакцинасын салдырды. Одан кейін жарты сағат дәрігерлер бақылауында болған вице-министрлер егуден кейінгі жағдайларын да жасырмай айтты.

«Мен үнемі вакцина аламын. Бұл – ең тиімді қорғаныс құралы, сондықтан вакцинаға қол жеткізген алғашқы елдердің бірі болғанымызға қуануымыз керек. Жеке өзім вакцина арқылы медицина мамандарын, тұтас халықты қорғай алатынымызға қуандым. Ресейлік, қазақстандық вакциналарға келсек, барлық вакцинаның қорытындысы бір – ағзада коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет/антиденелер пайда болады. Вакцина саларда да еш уайымдаған жоқпын. Өйткені мен дәрігермін және вакциналық препараттардың артықшылықтары мен кері әсерлерінен хабардармын» деді Ажар Ғиният.

ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер ­Ерлан Қиясов вакцина алғаннан кейінгі хал-жағдайына байланысты ешқандай қолайсыздық туындамағанын, ­жалпы вакциналаудың барлық кезеңінде жауапкершілік емдеу мекемелеріне жүктелетінін атап өтті.

«Ең алдымен, вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек. Барлық жауапкершілік ортақ болады. Әрине, Денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды дербес қарастырады. Әрбір өңірлік денсаулық сақтау басқармасы­ның жанынан айрықша реакция секілді жағдайларды тексеретін арнайы комиссиялар құрылады» деді Бас санитар.

Алғашқы күні вакцина алған басшылардың қатарынан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен оның бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да көрінді. Шымкент қаласында коронавирусқа қарсы вакцинаның 1000 дозасы жеткізілген. Ол қалалық Қан орталығындағы мұздатқыш камераларда уақытша сақтау үшін орналастырылып, егу жұмыстарын жүргізу үшін қаладағы емханалардың базасында 4 вакцинация кабинеті ұйымдастырылған.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов: «Шымкент қаласына коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасының 1000 дозасы түнде жеткізілді. Таңертең өзім ерікті түрде алғашқы болып аталған вакцинаны салдырдым. Қазір жиналыстан шықтым, қызметімді жалғастырып жатырмын. Өзімді жақсы сезінудемін. Пандемияны жеңудің жалғыз жолы – вакцинация. Барша қала тұрғындарын вакцина қабылдауға шақырамын» десе, «Осы саланың кураторы ретінде үміт пен күдік аралас келіп жатқан кезде мен де вакцина салдыруды жөн көрдім. Жағдайым жақсы» деген әкімнің орынбасары Шыңғыс Мұқан атқаратын жұмыстың көп екенін атап өтті.

Сонымен қатар Алматы ­қа­ласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласының бас мем­лекеттік санитарлық дәрігері ­Жандарбек ­Бекшин және қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нариман ­Табынбаев алғашқылардың бірі болып коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырды.

«Мен мүлдем уайымдап тұрған жоқпын. Себебі аталған вакцина қауіпсіздіктің бірінші кезеңінен сәтті өтті. Ресейде екі миллионнан астам адам вакциналанды. Сондықтан, алаңдаушылық жоқ. Бұл вакцинаның сапасына, тиімділігіне еш күмән келтірмеймін» деген Жадарбек Бекшин Алматыда 2 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина салдыратынын айтты.

Осылайша, вакциналаудың алғашқы күнінде Алматыдағы №36 қалалық емхананың медицина қызметкерлеріне «Спутник V» вакцинасы егілді. ­Ем­хананың бас дәрігері Гүлжайнат Тілеген мәлім еткеніндей, Наурызбай ­ауданында орналасқан төрт емхананың 210 медицина қызметкері вакцина салдыруға өтініш білдірген.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметтері ­бойынша, ақпан айында 2050 медицина қызметкері вакцина салдырады. Оның ішінде, бірінші кезекте, жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел медициналық көмек, қарқынды терапия, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, жедел жәрдем қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің ­мамандары иммундаудан өтеді.

Жалпы Денсаулық сақтау бас­қармасының мамандарының айтуынша, вакцинациядан кейін қандай да бір симптомдар болуы мүмкін. Мәселен, екпе жасатқан жер ауырсынуы, қызаруы. Бұған қоса, жалпы ағзаның реакциясы болып, кей адамда дене қызуы көтерілуі, әлсіздік пайда болуы ықтымал. Мұның барлығы адам ағзасына байланысты. Сол себепті вакцинациядан кейін 3 күн бойы ішімдік ішуге, темекі шегуге болмайды. Моншаға түсуге және суық тигізуге болмайтыны да пациенттерге түсіндіріледі.

Осы орайда айта кетейік, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық ем-шара, оның ішінде вакцинация егілетін адамның келісімімен ғана жүргізіледі. Яғни вакцина салдыру ерікті түрде жүреді. Қазақстанда вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көзделмеген, кез келген қысым көрсету заңсыз болып табылады.

Коронавирусқа қарсы вакцина алдымен медицина саласының қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкерлері сияқты өмірлік маңызды салада қызмет ететін мамандарға егіледі. Олар қауіп-қатер тобына кіреді. Дәл осы топқа денсаулығында ақауы бар адамдар да кіреді. Олардың қатарында жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар адамдар бар. 60 жастан асқан егде жастағы адамдар да қауіп-қатер тобына кіреді, сол себепті ең алдымен соларға егіледі. Вакцина егуге қатысты әлемдегі барлық мемлекет осы қағиданы ұстанады. Қай топ вакцинамен алдымен қамтылатыны әр мемлекеттің өз мүмкіндігіне, вакцинаның қаншалықты жеткілікті екеніне байланысты шешеді. Қауіп-қатер тобындағы адамдардың бәрін вакцинамен қамтамасыз ете алатын мемлекеттер бар, бірақ елдегі бүкіл халықты вакцинамен толық қамтыған мемлекет әлі жоқ.

ВАКЦИНАНЫҢ

ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ҚҰНЫ

Елімізде вакциналау басталар тұста қоғамда «Ресейден жеткізілген және Қарағандыдан шығарылатын вакциналардың құны қанша?» деген заңды сұрақ туындады. Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов жауап берген болатын. Оның айтуынша, іс жүзінде өзіндік бағалары шамалас болады. Нақты айтқанда екі компонентті доза бүгінгі күні 26 доллар (11021,4 теңге) тұрады. Сонымен бірге коронавирусқа қарсы вакцинацияның халыққа тегін екенін еске салған бас ­санитар дәрігер вакцинаның бірінші дозасынан кейін карантинге оқушауланудың қажеті жоқ екенін ­айтты.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы вакцинаны 21 күндік аралықпен екі кезеңмен енгізеді. Бірінші доза анти­денелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.

Осы орайда елімізде салына бастаған «Спутник-V» вакцинасының қауіпсіздігі туралы айта кеткеніміз жөн. Клиникалық сынаққа қатысып жатқан адамдар туралы мәліметтерге сүйенсек, «Спутник-V» вакцинасының тиімділігі шамамен 70%. Ал ресми мәлімет ретінде Гамелия ­институты оның тиімділігі 91% деп жария етті. Бұл кезде Ресей аталған вакцинаны көптеген елдерге экспорттап үлгерген. Мысалы, Аргентина осы вакцина бойынша жан-жақты есеп жариялап, вакцина 200 мыңнан астам адамға егілгені хабарланды.

ҚР Денсаулық министрлігінің хабарлауынша, осы айдың ­басында Ресейден 20 мың доза көлемінде бірінші партия келеді. 15 ақпаннан бастап, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндірісі басталатын «Спутник-V» вакцинасының 90 мың доза көлеміндегі партиясы тіркелетін болады. Ал, отандық вакцинаға қатысты QazCOVID-in вакцинасын зерттеудің бірінші және екінші фазасы ­бойынша, қауіпсіздігі анықталған. SARS-CoV-2 вирусына қатысты вакцинаның жоғары иммунногендік белсенділігі 96% деңгейінде байқалған.

2322 рет

көрсетілді

128

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы