• Тіл
  • 04 Ақпан, 2021

КЕМЕЛ ЕЛ БОЛУДЫҢ КЕПІЛІ

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің экономикасынан бастап жердің, адамның, табиғаттың ресурстарын тиімді пайдалану, мемқызметшілер сапасын жақсарту ісінде реформа қажеттігін айтып отырғанда, республикамызға аты берілген қазақ тілін жаппай үйрету ісіне де реформа керек екені сөзсіз. Проблеманың бірі - орталық, батыс, солтүстік облыстардағы орыстілді қазақтардың ана тілін еркін меңгеруге жете мән бермейтіндігі дер едім. 

Әрине, олар (мәселен, қарағандылық орыстілді мемқызметшілер) талаптанады, жалпы қолданыстық сөздер мен терминдерді «Сөздіктен» жаттап, «Қазтест» сынағын тапсырып жүріп үйренеді, алқалы жиындарда ауызша айтар ойын даналық ұлағатпен, жаңа сөздермен көркемдеп, жатық жеткізе алады. Десек те, ана тілін еркін қатынас құралына айналдыра алмай дағдарады. Себебі олардың көпшілігі қазақша көркем әдебиет оқуға төселмегендіктен, тіліміздің көркемдігіне сүйсіне, сөздік қорымыздың молдығына көз жеткізе алмайды. Яғни қазақтың орыстілді ­интеллигенциясы ұлттық әдебиетіміздің шедеврімен орыс тілінде (аудармадан) танысқандар ғой... Сондықтан орыс мектептерінде қазақ әдебиетінің хрестоматиясын оқып-мазмұндауды талап етсе, он жылда мемлекеттік тілдің өрісі кеңейеді деп ойлаймын. Кезінде Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының тұңғыш басшысы Б.Мұсабеков қазақ тілін балабақшадан үйретуге қадам жасады, сол жылдары қазақша балабақшалар көптеп ашылды, басқарма қызметшілері Балалар үйіне дейін барып, ондағы балалардың қазақша сөйлеуі бағытында іс-шаралық жұмыс жүргізетін. Кейінде бәсеңсіп кеткен осындай жобаларды жандандырса қайтеді.

Президентіміз «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: азаттық жылдарында дүниеге келген талантты ­жастарды қолдау мақсатында «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынды. Бұл грант ғылым мен өнерде ғана емес, қазақ тілін балабақшадан, бірінші сыныптан бастап үйренген, азамат жасында ана тілінде жетік сөйлеп-жазатын, Президенттік кадр резервіне тартылуға мүмкіндігі мол жастарға да берілетінін мотивациялау қажет. Сонан соң ҚХА сайланған депутаттардан бастап, жоғарғы эшелон құрамы қазақ тілін лайықты сапаға көтеруге атсалысуы міндеттелуі керек. Сондай-ақ Президентіміздің бастамасымен 2020 жылдан бастап «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығы тағайындалды. Осындағы байқау жеңімпаздарын анықтаушы «Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін» аталымы қазақ тіліне жетік және басқа ұлт баласын қатарға тартқан, қазақшаны жедел меңгеру тәсілін практикада көрсеткен волонтерге де берілуі керек.

Тілімізді өрістету үшін бар тәсілді қол­данып бағуымыз керек. Мәселен, қаһарынан қар жауған Сталиннің өзі «сенімсіз» санап Қазақстанға депорта­циялаған неміс, орыс, украин, кәріс, шешен халықтарына: «Қай республикаға табан тіресеңдер, сол елдің тілін шапшаң үйренуге міндеттісіңдер» деп шарт қойған; сол ұлттың жазу-сөйлеу тілін тез меңгеріп, кеңестік жұмыстарда озат шыққандардың еңбекақысына 15 пайыз үстеме қосуға жарлық шығарған екен. Нәтижесіне жетпіс жастағы мен куәмін: мына Қарқаралының егде жастағы орыс, неміс, (татары боса-болмасын), украиндары қазақшаны туған тіліндей біледі, акцентсіз сөйлейді. Қазаққа келін болған кәріс, неміс, орыс қыздары қазақы салт-дәстүрді қалай біледі десеңізші!..

90-шы жылдары күллі елімізде, соның бірі – Қарқаралы ауданында да «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдасып, қоғамның бір топ мүшелері неміс жұрты көп тұратын ­Карбышевка селосында жиналыс өткізгеніміз, сол жиналыстан өзіміз күлкіге ұшырап қайтқанымыз бар! ­Совхоз кәсіподақ комитетінің төрағасы В.Унгефук бастаған немістер әуелі маған: «Қызым, неменеге орысшалайсың, жиналысыңды қазақша өткізе бер» деді. Аңтарылып қалып, кешірім сұрап, қазақшалап күн тәртібін хабарлағанымда, «Мына біздің Карл баяғыда жиналыстың протоколын қазақша жүргізіп отыратын» деп, бір қария залды ду күлдіріп алды. Сол-ақ екен, жасамыстар бірінен соң бірі жарыссөзге шығып берсін. «Қазақ тілінің құнын түсірген, қазақ жұрты, өздерің. Осыдан 30 жыл бұрын осы ауылдың күллі немісі қазақша сөйлейтін. Ал қазіргі қазақтар кілең орысша сөйлейді» десе Вильгелм қария, өзін «Вульферт» деп таныстырған енді бірі: «Кеше Ахмет құрдасымның немересін кезіктіріп: «Менің Ақаң досым аман ба, қызым? Мүлде көрінбейді, сырқаттанып қалғаннан сау ма!..» десем, қыз бала маған: «Слава богу, деда наш жив-здоров. Спасибо, что спрашиваете. Могу привет от вас передать...» деп, тақылдай жөнелді. Енді өзіңіз қараңыз: мен, немістің шалы, қазақ баласына қазақша сөйлесіп тұрсам, ол қазақ басымен неміске орысшылап тұр!..» деп бетімізді аймандай қылды. «Қазір біздің жастар да қазақшаны керек қылмайтын болды, әйтеуір үй ішінде ­болса да өзіміздің тілімізде сөйлетіп бағамыз» деп жатыр бір кейуана... «Қазіргі басшылар жиналысты ­орысша өткізеді, бүгін бір қазақша сөйлеп сағынышымызды бастық-ау өзі!..» деп ­тарасты ауыл халқы сол ­жиналыстан... Сол 90-жылдары этникалық немістердің көбі Германияға көшті де, Карбышевкаға бозбала кезінде келген бір неміс қарияның қоштасу дастарқанында көзіне жас алып тұрып: «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде, құриды ынтызарым сен ­дегенде...» деп жасынан шырқайтын әніне салып, күллі ауылды жылатқанын қазір Қаршығалы округі «Көктас» аталатын (жұрт әлі ­Карбышевка дейтін) ауылдың әкімі ­Самат Райымбеков жырдай ғып жеткізген-ді.

Иә, ауылдағы жағдай осындай болғанда, «қазақ тілінің керегі шамалы» деп өткен ғасырымыздың 65-85 жылдары қазақ мектептері көптеп жабылған қала балаларына нендей кінә қоярсың!?.. Балаларымен, олардан туған немерелерімен ата-әжелердің тілін бұрап орысша сөйлесетіні де сол жылдардан ғадет боп қалды...

Тілімізді орысшамен шұбарлап жүрген – өзіміз екенін де мойындайық: кейбір телеарналарда уақытын өткізе алмайтын бойкүйез көрерменге ғана «қызық» көрінетін арзан күлкі, мәнсіз қылжаққа құрылған «Келіндер», «Пәленшеевтер» секілді сериалдар, «Қош келдіңіздер» секілді телехабар, сын-сықақ театрының сапасы сын көтермейтін сахналықтары көбейіп кетті. Ең сорақысы, ауыл арасының күйкі тірлігін, өсек-аяңын сипаттайтын бұл телеқойылымдарда кейіпкерлер әр сөйлемінің ішінде орыс-қазақ сөздерін мейлінше қойыртпақтап (әдейі насихаттап тұрғандай) қолданады. Есіл қаржыға түсірілген мұндай қойыртпақпен тілін «дамытқан», көркемсөз шеберлері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Әнес Сарай, Тәкен Әлімқұлов­тардың роман-хикаяттарын оқымаған жеткіншектің тілдік қоры қалай молықпақ?!.

Біз ұлттық тіліміздің әлемдегі ең сөздік қоры бай тіл екенін жастарға ауызша айтамыз да, сонымен шектелеміз. Ал жаңағы классиктерді оқып-тамсанбаған орыстілді жастар әлемдегі ең бай, ең күрделі тіл – орыс тіліне ғана ден қойған. Жалпы қазақ тілімен грамматикалық, фонетикалық ұқсастығы жоқ славяндық тілді түркітектес халықтар ішінде дәл біздей жетік меңгерген ұлт жоқ шығар. Орыс тілін Кеңес Одағы халықтарының ортақ тілін білу шартымен, үш жүз жылдай Ресей империясының құра­мындағы ел болғанымызбен үйрен­ген шы­ғармыз, алайда осы тілге деген ықы­ла­сымыз ­ерекше екенін жасыруымыз керек пе?

Жасырмауымыз керек, мақтануымыз керек. Ата-бабамыздың өзі «Жеті жұрттың тілін білген жетпіс жұрттың сырын біледі» деді емес пе. Тіпті біз өзінің орысшасын сауатты сөйлей алмайтын орыстарды ұялтып тастаймыз ғой. (Негізінде, біздің Отанымызда туып-өсіп, бізбен бірге тұратын, қазақ тілін сыйламайтын өзге ұлт өкілдерін ретті тұста намыстандыра да білу керек.)

Тіл – әр халықтың жазуы жоқта кітабы, мектебі жоқта ұстазы болған. Өз ұлтының тілінде жетік сөйлейтін текті, намысты, рухы мықты кісі ғана өзін «мәдениетті кісімін» деп санауға құқылы. Ана тіліңде еркін сөйлей алмасаң, сенен кедей, ­сенен намыссыз, сенен нашар қазақ жоқ! Осыны әркімнің есте ұстауына жетуіміз керек-ақ! Оларға нағыз зайырлы жандар – қазақтың тарихын, тілін, мәдениетін қадірлеп-сүйсініп зерттеген ежелгі түркітанушы-этнографтар В.Радлов, Л.Гумилев, В.Бартольд, Н.Ильминский, бертінгі тарихшы-академик С.Кляшторный, қазақ халық музыкасын жинап-ноталауға, операға салуға, аспапта ойнауға ғұмырын сарп еткен Қазақстан халық артистері А.Затаевич, Е.Брусиловский, Ю.Клушкин, жұмысшы қыз Бибігүлден болашақ сопрано саңлағын таныған ­жазушы-аудармашы Г.Серебрякова, Қазақстан халық жазушылары Г.Бельгер, Бейбарысты қазаққа қайтарған Д.Снегин – міне, осылар екенін білдіру керек болар, бәлкім?!.

Президентіміздің өткен үш онжыл­дықты сипаттап келіп, «Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу» дегеніне жауап ретінде қуатты, кемел халық болудың бір шарты – мемлекеттік тілді өзін «қазақстандық» санайтын әр адамның білуіне бүгіннен бастап жұмыс істейік.

Назипа АСҚАР,

ҚР Журналистер

 одағының мүшесі

1582 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы