• Cұхбаттар
  • 04 Ақпан, 2021

Болатбек Төлепберген, «Шалқар» радиосының директоры: ҚАЗАҚ ҮНІН ШАРТАРАПҚА ЖЕТКІЗДІК

«Өткен күнде белгі бар» дейміз. Сол белгінің кейбірі бізге үн арқылы, дыбыс арқылы жеткені анық. Әдебиетте, өнерде ­«алпысыншы жылғылар» деген ұғым бар. Олардың сол уақыттағы дүмпуі жеке тұлғаның ғана емес, тұтас буынның өсіп-жетілуіне әсер еткені де рас. Міне, сол дүмпудің бір ұшқыны – Қазақ радиосының қазақша хабар тарататын қызметі қырық пайызға дейін қысқарып қалған уақытта, алыс пен жақындағы ағайынға ұлт тілінде сөйлейтін «Шалқар» атты бағдарламаның ашылуы еді. Осыдан елу бес жыл бұрын ­эфирге шыққан бағдарлама ­арасында бір жабылып, кейін ағысы кең арнаға айналып, осы күні жеке радио ретінде тыңдарманының ықыласына бөленіп келеді. «Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымының кандидаты, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепбергенмен бүгінгі сұхбатымызда арғы-бергі тарихтан сыр суыртпақтап, өткен мен болашақты жалғап тұрған бүгінгінің де мәселесін қозғап көруге тырыстық...  

– 1966 жылдың бірінші қаңтарында күллі қазаққа диктор, Қазақстанның Халық артисі Әнуарбек Байжанбаев жаңа бағдарламаның тұсауын кесіп берді. Әңгімемізді «Эфирде – Шалқар бағдар­ламасы» деп басталған уақытқа шолу жасап бастасақ...

– «Эфирде – Шалқар бағдарла­масы» деу үшін де осы салада жүрген әріптестеріміз, аға буын өкілдері бірталай машақатты бастан өткергенін осы күні біреу білсе, біреуі біле бермейді. Алпысыншы жылдар қазақ руханиятына үлкен дүмпу әкелген ғажап бір кезең еді десек, ол дүмпу теле-радио саласында да айрықша естіліп жатқан еді. Теле-радио хабарлар КСРО кеңістігінде тарап жатса да, қазақтың салт-дәстүрін, бет-бейнесін көбірек қаттауға ­тырысты. Алайда кеңестік қыспақ шеңберін тарылтып, Қазақ радиосындағы хабарлардың көпшілігі үстем тілде шығып тұрғаны белгілі. Қырық пайыздай мөлшерде ғана қазақ тілінде хабар таратқан радио қызметкерлері ұлттық тілдегі жаңа бағдарлама ашуды сол уақытта жоспарлайды. Бұл шалғайдағы ауылдар, шет жайлаған ел-жұрт, рухани қазынаға сусаған қаншама халық ел жаңалығын қазақ тілінде естісін деген мақсаттан туған ой еді. Оның үстіне тағдыр желі айдап өзге ­мемлекеттерге үдере көшкен қандастарымыздың да туған тілінде хабар тыңдағысы келуі мүмкін ғой. Әрі Одақ көлемінде ұлттық радиобағдарламалар өмірге келе бастаған кез. Осының бәрі ­себеп ­болып, Кенжеболат Шалабаев, ­Шерхан Мұртаза, Қазақ радиосының басы-қасында жүрген ардагерлеріміз ­бастап «Маяк», украиндық ­«Промин» бағдарламаларындай хабар беретін радиостанса ашуға рұқсат алу мәселесін Орталық комитетте көтереді. Бұл бастамаға өз басшыларымыз да қарсы бола қоймай, орталық жаққа құжаттар мен ұсынысты жөнелтеді. Бірақ ол жақтан біраз уақыт жауап келе қоймаған сыңайлы. Арада біраз уақыт оздырып, қосымша құжаттар жасалып, Мәскеуге қос тілге бірдей жүйрік маман, соғыс ардагері, журналист Мифтах Жантикинді аттандырады. Ол жақтағылардың сылтауы сол болды ма, әлде басқа бір себеп бар ма – «ана құжат, енді мына құжат жетпейді» дей берген соң, Мифтах Жантикин құжаттарды Алматыдан арнайы алдыртып, екі айдай Мәскеуден шықпай жүріп құжаттарды толық реттестіреді. Ақыры Қазақ радиосының «Соңғы хабар» редакциясынан «Шалқар» бағдарламасын ашу туралы бұйрыққа қол жетеді.

«Соңғы хабар» редакциясының қызметкерлері жан-жақты дайындалып, 1966 жылдың алғашқы күні «Шалқар» бағдарламасының тұсауын кеседі. Бірінші қаңтарда, кешкі сағат 19.00-де дауылпаз дауысты диктор Әнуарбек Байжанбаев «Эфирде – Шалқар бағдарламасы» деп, ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін көпшілікке қуана хабарлайды. «Шалқардың» басты артықшылығы, ел ішіндегі ғана емес, сыртта жүрген ­бауырларымыз да қазақ үнін, қазақ әнін, қазақ күйін біздің бағдарлама арқылы тыңдап, жүректеріндегі сағынышын басқаны дей аламыз.

– «Шалқардың» алғашқы қызмет­керлері кімдер еді? Алыс пен жақындағы халық «Шалқар» бағдарламасын жаппай тыңдады деп отырсыз ғой. Олар бұл жаңалықты, жалпы бағдарламалар легін қалай қабылдаған еді?

– ҚР ҰҒА Шығыстану институ­тының қазіргі директоры Дүкен Мәсімханұлы «Егемен Қазақстан» газетінде 1996 жылғы 24 мамырда жарияланған «Отан туралы ойлар» деген мақаласында «Шалқар» радиосының хабарлары шеттегі ағайынға қалай әсер еткенін былай деп еске алады: «Әлі есімде, алты-жеті жастағы кезім ғой деймін, шешем радиоқабылдағышты ашып қойып: «Қазір Алматыдан на­ғашы ағаларың сөйлейді» дейтін де, біреуімізді күзетке тұрғызып (ол заманда Қытайда Қазақстан радиосын тыңдау ең үлкен қылмыс болатын), «Шалқарға» құлағын тосатын да отыратын. Содан не керек, анамыз бауырының аты шықса да жылайтын, шықпаса да жылайтын. Оған тұнжырай отырып, терең күрсініп, «менің інім не күн көріп жүр екен?» деп, әкем қосылатын. Сөйтіп, олардың қимас жақындары, атамекендері, олар жөніндегі сағынышы біздің сәби жүрегімізден орын алып, құлағымыздан жанымызға өтіп, жанымыздан қанымызға дарып жататын... Бара-бара бұл сезім мен түйсік Ұлт, Атамекен, Отан деген қасиетті ұғымдармен іліктесіп, ендігі жерде «Шалқарды» өзіміз-ақ өліп-өшіп тыңдайтын жағдайға жеттік. Алайда біздің тыңдауымыз басқаша болды. Яғни біз «Шалқарды» ашып қалғанда, тек нағашы ағалардың атын естуді ғана армандамай, күллі Қазақ Елінің – Отанымыздың тыныс-тіршілігімен, саяси-рухани өмірімен танысуды мақсұт етіп тыңдадық. Бұл радиоқабылдағышымыз, әрине, өз жемісін бермей қалған жоқ. Ең бірінші – қазақтың еш халықтан сорлы емес екенін ұғындық...». Бұл сыртта жүріп «Шалқар» радиосын тыңдаған бір ғана жанның пікірі. Ал мұндай пікірлер легі қаншама? «Шалқар» арқылы Атамекенінің кескін-келбетін, тұрмыс-тіршілігін, арман-мақсатын таныған қаншама ұрпақ есейді – ол біздің мақтанышымыз. Алыстағы ағайынның сағынышынан кейін «Шалқар» атты халықаралық газеттің жарық көргені белгілі. Демек, радионы қағазсыз ­газет десек, «Шалқар» радиосы басылымға айналды. Бұл да осы бағдарламаны ашуға атсалысқан радио ардагерлерінің, тұтас ұжымның жемісті еңбегі.

«Шалқар» бағдарламасының шыға бастауына Мифтах Жантикин, Едіге Әбдіғаппаров, Таңатқан Рсаев, Бек Дәулетбаев, Уақап Қыдырханұлы, ­Шариф Тарғақов, Мансұр Сағатов сияқты ардагерлер атсалысты.

Алғашында ақпараттық-сазды бағдарлама болса да, бағдарлама саға­тын көбейту, түрлі жанрлық хабарлар ұйымдастыру қажет болды. Сөйтіп, «Шалқар» «Соңғы хабарлар» редакция­сынан бөлініп, өз алдына шаңырақ көтерді. Ақпараттық хабар аясынан шыққан соң айдарлар ашып, шынайы музыкалық, әдеби шығармаларды, қазақтың әдет-ғұрыптарын насихаттау қолға алынды.

«Шалқар» радиосы Әнуарбек ­Байжанбаев, Сәркен ­Оспанов, ­Досан Жанботаев, Дулат ­Исабеков, Жеңіс Қашқынов, Серік Тұрғынбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Жұмабек ­Кенжалин, Қуаныш Орманов, Шолпан Шәкірова, Кенжебек Әбдімәуленов, Руслана Құдайбергенова, Сауық Жақанова, Омархан Қалмырзаұлы, Бүркіт Бекмағамбет, Ұлжан Пармашқызы, Болат ­Быжыбаев, Аманжан Еңсебайұлы, Шолпан Байғабылқызы, Әбдірәлі Бөлебай, Гүжан Мұқамадиева, Раушан ­Айтжанова, ­Райхан Оразбақова, Серғазы Тұрсынбаев, Ләскер Сейітұлы, Дүйсенбек Қанатбаев, Дінәш Нұрмұхаммед, Сәрсенбек Бекмұратұлы, Орынбасар Доңғабақ, Әмина Жалалқызы, Әшірхан Телғозиев, Болат Айымбеков, Төлеу Қосанұлы, Сара Латыпқызы, Жұмаш Ақыпбекова, Айтмұқаш Сәдуақасұлы, Көпен Әмірбек, Гүлсара Қабланова, Алтын Иманбаева, Темірхан Момбекұлы-Түркістан, Ғалым Есенсариев, Ләззат Қапышева, Қошан Мұстафаұлы, т.б. сөз өнерінің майталмандары еңбек еткен ұжым, қадірлі шаңырақ. 

– Шекарамыз тарс жабық тұрған кезде қазақтың арман-аңсарын сырттағы ағайынға жеткізген «Шалқардың» бүгінгі таралым аумағы қалай?

– Радиомыз 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек ­Алматы қаласына, кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына ­хабар таратты. Шалқар радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде ұлт руханиятын ұлықтайтын жалғыз арна. Радио қазіргі кезде ел аумағының 64 пайызын қамтиды. Шалғай ауылдарда, өкінішке қарай, таратпайды. Бұл да уақыттың еншісіндегі шаруа ғой деп сенеміз. Алдағы уақытта радиомыз бұрынғыдай қазақ үнін естігісі келген кез келген жанға хабар тарататын ­болады деген үмітіміз бар. Одан бөлек, заман көшінен қалмай, сайтымызда, әлеуметтік желіде хабарларымызды сақтап қоямыз. Сол арқылы сырттағы ағайын да біздің бағдарламаларды еш қиналмай тыңдап жүр.

– «Шалқар» радиосы қаншама ән мен күйдің алтын көмбесі емес пе? Осы орайда «Алтын қорға» байланысты сұрақ көкейге келіп тұр. Қазақ радиосының «Алтын қорында» қаншама жыр-жауһарларымыз жатқаны белгілі. Сіздердің де сол бай­лыққа қосқан үлестеріңіз бар шығар?

– Әрине. Кезінде «Шалқар» бағ­дарламасының бас режиссері болған Тілеуберді Досбайұлының: «Дүниедегі дыбыстардың ең әдемісі де, ең сұлуы да, ең жақсысы да – адамның үні. Әрине, айналаң толған үн ғой. Құйқылжыған бұлбұлдың да, сарқыраған сулардың да үні әсем. Бірақ адам үнінен артық ешнәрсе жоқ деп есептеймін» дегені бар еді. Міне, біз сол ең әсем үнді әңгімеге айналдыру, арнайы хабарлар жасау арқылы радио қоржынын толтыра бердік. Одан бөлек, «Шалқар» шаңырағында шалқыған қаншама ән мен жыр да «Алтын қордың» қазынасына қосылды. Қазақ радиосының «Алтын қорында» 100 мыңға жуық шығарма бар. Соның қомақты бір бөлігі «Шалқардың» өнімі деп айта аламыз. Ол шығармалар бұрынырақта пленкада сақталып келгені белгілі. Былтырғы жылдың соңын ала цифрлық жүйеге толық көшіп бітті. Осы күні «Шалқар» радиосы арқылы кешкі оннан он бірге дейін «Алтын қорда» сақталған шығармаларды үзбей беріп келеміз. Осы қорда сақталған ән мен жыр, күй ғана емес, «Алтын қордағы» ұлттық өнер, тәлім-тәрбие, салт-дәстүрге қатысты барлық хабарды «Шалқардан» тыңдауға болады. Бұл біздің бұрынғыға құрметіміз ғана емес, бүгінгіге бұрынғының сөзін, әуезін, керек десеңіз, арман-тілегін жеткізу мақсатымыз дер едік.

– Бастапқыдағы «Шалқар» бағдар­ламасында, кейінгі арнасында, қазіргі радиосында тарихы ұзаққа созылған бағдарлама туралы айтып өтсеңіз.

– «Жұлдызды түн», «Саз сарайына саяхат», «Баспа базарлығы» сияқты айдарлар мен хабарлар легі отыз жыл бойы үзбей берілуі радио қыз­меткерлерінің бастапқыдағы жоба-жоспарының, ұстанымының өмір­шеңдігі деп білеміз.

Енді, нақты мысалдарды атап өтсем. «Шалқардың» «Әлқисса» ­деген бағдарламасы бар. Журналист әріптесіміз Ғалым Есенсариев жүргізеді. Он жылға дейін созылып, тыңдарман ықыласына бөленіп келеді. Өнер зерттеушісі Сәрсенғали Жүзбаевтың «Қазақтың мың күйі», «Дәуір сазы» деген бағдарламалары да ұзақ жыл бойы тыңдарманын жоғалтпай келеді. Жалпы радиомызда тарихы бірнеше жылды жалғаған бағдарлама өте көп. Себебі қандай да бір бағдарлама ашсақ, оның тыңдарманға берері мол, мазмұны терең, ойы ұтымды болуын назарға аламыз.

Сөйте тұра, жаңа маусым сайын тыңдарманға жаңа хабарлар легін ұсынуға тырысамыз. «Қазақстан» ТРК АҚ төрағасы Ләззат Танысбай мен «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директоры Ернұр Бураханның тапсырмаларына орай, жаңа маусым 22 наурыздан басталып, «Шалқар» радиосы нағыз ұлттық арна бағытын бетке алып отыр.Алайда былтырғы пандемияға байланысты, қызметкерлеріміз қашықтан жұмыс істеп, 2020 жылдың жаңа ­маусымын 1 қыркүйектен бастадық. Ол маусымдағы басты жаңалығымыз: бұрын эстрада әншілерін де эфирі­мізден шығаратын едік, қазір оларды тоқтаттық. Халық әндерінің эстрадалық өңделген нұсқасын ғана қалдырдық. Негізгі тақырыбымыз – дәстүрлі ­музыка, қазақтың әні-күйі. Ұлттық тәрбе, дін, тіл, ұлттық мазмұндағы дүниелерді эфиріміздің өзегіне айналдырдық. ­Автор тұрақты болса, мазмұн өзгермейтіні белгілі. Сондықтан әр жаңа хабар ашқан сайын жарты ғасырдан аса уақыт бұрынғы ұстанымды ұмытқан емеспіз: тыңдарманға қазақ руханиятының орнын толтыруға тырысқан радиохабарларды молынан ұсынуға тырысып келеміз.

– Осы күні эстрада әншілерін тыңдауға құлықты тыңдарман көп деген пікір тұрғысынан келсек, жаңа маусымдағы жаңалықтарыңыз көпшілікке қиын тиген жоқ па?

– Тыңдарман азайып кетті ме деп сұрағыңыз келіп тұр ғой? Жоқ, олай емес. Көк байрағымыз желбіреген тәуелсіз елміз. Өз ұлттық дәстүрлеріміз, ұлттық мәселелеріміз, ұлттық әңгімеміз жеке арнада ұлт тілінде талқыланып, ­айтылып тұруға тиіс. Ол әлемнің көптеген елінде бар дәстүр. Жеке өзім қандай да бір елге бара қалсам, олардың ­радиосына құлақ қоямын, теледидарын қараймын, басылымдарына үңілемін. Байқағаным, менің табаным тиген елдің көбінде ұлттық радиостансалары, телеарналары бар. Басылымдары туралы өзіңіз де хабардарсыз. Ұлттық тақырыптағы дүниені кім тыңдайды, кім тыңдамайды деп емес, ұлттық құндылықты елге қалай ұсынамыз деген мәселені көбірек талқылаған дұрысырақ шығар. Біз де осы ұстаныммен ұлттық радионың тұжырымын құрдық.

Әрине, тыңдарман да маңызды. Сол үшін ұдайы кері байланыс орнатамыз. Бізді жастар да тыңдайтын шығар, бірақ «Шалқардың» негізгі аудиториясы 45 жастан асқан жандар. Адам белгілі бір жасқа келген уақытта тамырына үңіледі, ұлттық бірегейлігін іздейді. Ұлттық дүниелерге сусай бастайды. Міне, осы уақытта олар «Алтын қорды» тыңдағысы келеді. Дәстүрлі ән мен жырға, күйге құлақ қойғанды ұнатады. Бұрынғыдан жеткен әңгіменің алтын жүлгесіне сүңгіп кеткісі келеді. Біздің радио бұл тұрғыдан тыңдарманының іздегенін тауып беруге әзір.

Өз өнімдерімізді жастарға да тыңдату мақсатында әлеуметтік же­лілерде белсенді болуға тырысып жүрміз. «Шалқарда» «Алтын қордағы тұлғалар даусы» деген айдарымыз бар. Сол айдарды әлеуметтік желілерге лайықтай бастадық. Яғни белгілі бір тұлғаның қордағы дауысын алып, оны видео, суретпен әрлеп, желіге саламыз. Мысалы, алда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына тоқсан жыл толмақ. Бізде Мұқағалидың дауысы сақтаулы. Енді оның дауысын ­видео, суретпен толықтырып, өзі оқыған өлеңдерін әлеуметтік желілерге жүктеп жатырмыз. Салт-дәстүрге, көнерген сөздерге байланысты да арнайы айдарымыз бар. «Сөзтаным» деген роликтер сериясын жасап жүрміз. Мұны радиодан да береміз, әлеуметтік желіге салуға да тырысып жатырмыз. Жастар үшін бұл танымдық дүние.

– Бұрындары аймақтарға экспедиция­лар шығып, өңірлердегі ағайынның алты ауызын, шежіре әңгімесін қоржынына толтырып қайтатын. Қазір ше?

– Дұрыс айтасыз, өнертанушы Ілия Жақанов сынды ағаларымыз сондай экспедициялардың басы-қасында жүріп, ел аралады. Орталыққа аяғы жетпейтін, ауыл-аймақтағы небір өнерпаздардың әнін, жырын, күйін, дастанын, әңгімесін таспаға түсіріп, қор жинады. Сол баға жетпес қор біздің іргетасымыз іспетті.

Ал дәл қазір ел аралауға қатты басымдық бермесек те қолдан келген мүмкіндікті бос жібермеуге тырысамыз. Мысалы, алыс ауылдағы, аудандағы өнерпаздардың шығармаларын электронды пошта арқылы алдыртамыз. Сәрсенғали Жүзбаев, Жасұлан Наурызбайұлы екеуі қажетті таспаны алдын ала телефон арқылы жазып алады. Кем-кетігімізді осылай толтырып жүрміз деуге болады. Алыс ауылдарға экспедицияларға шығудың орнын, техниканың дамыған заманы ғой, соны толық пайдаланып, толтырып отырмыз. Бұл тұрғыдан да барлық мүмкіндікті пайдаланып, қолдан келген жағдайдың бәрін жасауға тырысып келеміз.

– «Шалқар» радиосынан дәстүрлі концерттерді жиі тыңдаймыз. Елімізде бірнеше ән мен күй мектептері бар ғой. Оларды толық қамти аласыздар ма?

– Радиомызда концерттік бөлім бар. Оның өз жоспары болады. Сол жоспар алдын ала електен өтіп, бағдарлама тізімі түзіледі. Концерттік бағдарламаларда әрбір дәстүрлі мектеп толық қамтылады. «Халық ­музыкасы», «Ретро эстрада» және «Қазақы мәнердегі заманауи эстрада» деген концерттік блоктар бар. Міне, осы блоктарда өнер мектептерінің барлығы бірдей қамтылады, тіпті олардың әрқайсысына берілетін уақыт та бірдей болуын назардан тыс қалдырмаймыз.

– Дәстүрлі әндерден бөлек, қазіргі заман композиторларының туындыларын ұсынасыздар ма?

– Әрине, ұсынамыз. Дүйсенбі күні түскі екіден  кейін журналист Ләззат Тиышбекқызының «Есіл дәуреннің есті әндері» деген бағдарламасы эфирге шығады. Онда бүгінгі компо­зи­торлардың өздерімен сұхбаттаса отырып, әндерін тыңдарманға ұсынамыз. Бұл бағдарламаны сенбі күні түскі екіде қайталап береміз. Қазіргі халық композиторларына арналған бірнеше бағдарламамыз бар.

– Ән-күйден бөлек, өзге де бағдарла­ма­ларға шолу жасап өтсек.

– Елу бес жыл бойы «Шалқардан» хабарлар, музыка, бес-он минуттық суреттеме, радиоочерк, радиоспектакль, радиоәңгіме, радиосараптамалар үздіксіз шығып келді. Шалқар ұлттық арнасы алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын ­тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.

«Шалқардың» форматына сәйкес Алматы студиясынан шығатын таңертеңгілік-көңілашар «Шалқар таңы» деген бағдарлама бар. Бұл хабарымыз күнделікті, таңғы 7-10 арасында шығады. Одан кейін сөзді Нұр-Сұлтан қаласындағы әріптестеріміз алады. Түскі 12-де «Шалқар шаңырағында» деген бағдарламалар легі бар. Түсте «Жайдарман» деген бағдарламамыз эфирге шығады. Осы аралықта түрлі тақырыптарға орай авторлық, жеке бағдарламалар тыңдарман назарына ұсынылады. Алматы студиясынан шығатын «Сазды сәлем» деген кешкі құттықтау бағдарламамыз да тыңдарманның ерекше ықыласына ие. Кешкі сағат 7-8-дерде Нұр-Сұлтандағы студиямызда дәстүрлі музыкаға байланысты хабарларымыз шығады. «Шалқар кеші көңілді» деген бағдарламамыз арқылы жастарды көбірек тартуға тырысып жүрміз. Кешкі сағат 10-11 аралығында «Алтын қордан» хабар беретінімізді әңгіме басында айтып өттім. Түнгі 11-12 арасында «Темір­қазық» поэзия сағаты, онда ақын­дарымыздың өлеңдері оқылады.

– Қазір ұжымда қанша қызметкер бар?

– Алматыда – он үш, Нұр-Сұлтанда – сегіз, жалпы жиырмадан аса қыз­мет­керіміз бар.

– Бұл сіздер үшін аз ба, көп пе?

– Қазіргі уақыт тұрғысынан ­қа­расаңыз, жеткілікті деп айтуға болады. Себебі журналистеріміз қандайда жүктемені дер уағында, кәсіби тұрғыда атқара алатын шебер әрі өз істерінің маманы. 

«Шалқарда» «Алтын қордағы тұлғалар даусы» деген айдарымыз бар. Сол айдарды әлеуметтік желілерге лайықтай бастадық. Яғни белгілі бір тұлғаның қордағы дауысын алып, оны видео, суретпен әрлеп, желіге саламыз. Мысалы, алда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына тоқсан жыл толмақ. Бізде Мұқағалидың дауысы сақтаулы. Енді оның дауысын видео, суретпен толықтырып, өзі оқыған өлеңдерін әлеуметтік желілерге жүктеп жатырмыз. Салт-дәстүрге, көнерген сөздерге байланысты да арнайы айдарымыз бар. «Сөзтаным» деген роликтер сериясын жасап жүрміз. Мұны радиодан да береміз, әлеуметтік желіге салуға да тырысып жатырмыз. Жастар үшін бұл танымдық дүние.
 

 

– Ардагер журналистермен әріптестік байланыс орнатқансыздар ма?

– Ардагер журналистермен байланысымыз үзілген емес. Бір жақсысы, олардың көбі Алматы қаласында тұрады. Байланыс орнатуға жеңілдеу. Әрине, астанада да тұратын ардагерлеріміз бар. Оларды да ұмыт қалдырған емеспіз. Қазақ радиосының эфирге шыққан күні 1 қазан, «Шалқардың» эфирге шыққан күні 1 қаңтар ғой. Міне, осы күндері ардагерлерімізді міндетті түрде эфирге шақырамыз. Ардагерлер эфирге өздері шығып, өздері да хабар таратты. Осы ретте айта кетерлігі, ардагеріміз, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі дәстүрлі әнші Алтын Иманбаева апайымыз бір өзі радиоларымыздың шежіресі іспетті кітаптар сериясын дайындап жатқанына алғысымызды білдіргіміз келеді. Себебі ол кісінің «Қазақ» және «Шалқар» радиоларының тарихы мен қызметкерлеріне арналған кітабы құнды дүние болып қалмақ.

Ардагерлерімізбен ұлттық, мемле­кеттік мерекелерде де жиі бас қосамыз. Мұндағы мақсатымыз – олардың тәжірибесін сіңіру, ақылына құлақ қою. Олар жүрген жолдың маңызын түсіну. Өткенсіз болашақ жоқ екенін бір кісідей түсінеміз. Сондықтан ардагерлермен байланысымызды үзбейміз. Оған қоса, болашақтың кілті осылардың қолында екенін түсінгендіктен, радиоға келген жастарға да құшағымыз ашық. Олар радиоға жастықтың лебін ғана емес, жаңа уақыттың тынысын да ала келетініне сенеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

1082 рет

көрсетілді

2

пікір
Алдыңғы мақала Жанболат ТӘШЕНОВ, «AIO корпорациясының» вице-президенті: ҮЛКЕН НАРЫҚҚА ШЫҚҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ
Келесі мақала ӘЛІПБИ ТҮЗУДІҢ БАСТЫ ҚАҒИДАЛАРЫ САҚТАЛДЫ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Айғаным

04 Ақпан, 2021

Керемет!👍Құтты болсын,жасай бер қазақтың Шалқар радиосы!

Асыл

04 Ақпан, 2021

Радио - халық үнін жеткізуші. Еңбектеріңіз Алладан қайтсын! Біздің Бөкең👍❤!

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы