• Тіл
  • 04 Ақпан, 2021

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕДЕН ТУЫНДАҒАН

Әліпби – белгілі бір тәртіппен орналасқан таңбалар жиынтығы. Ал таңба – тілдегі дыбыстың тұрпаты, оны танудың «сыртқы жамылғысы», түрі. Ол, негізінен, халықаралық ғылыми стандартқа жуықтатылып, оны қолданатын халыққа барынша түсінікті, көзге жағымды етіп жасалумен қатар, сол ел тілінің ұлттық ерекшелігі де ескеріліп әзірленеді. Бұл таңбаға «жамылғы» берудің басты ұстанымы болып табылады. Осы негізді басшылыққа ала отырып жасалған әліпбидің бірі – қазақ тіліне негізделген латын графикасы.

Латынграфикалы жаңа әліпбиді жасау қолға алынғаннан ­бастап оның бірнеше түрі (диграф, апостроф, акут) даярланып, көпшілік талқысына ұсынылғаны белгілі. Алайда оларда олқылықтар жіберілгендіктен, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев қайтадан қарастырып, жетілдіруді тапсырды. Осы тапсырмадан кейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, түрлі сала өкілдері 34 жоба үлгілерін Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жолдады. ҚР Үкіметі жанынан құрылған Ұлттық комиссияның орфографиялық жұмыс тобы мүшелері осы жобаларды саралап, әр таңбаға тұрпат беруде латын графикасына көшкен бауырлас түркі халықтары тәжірибелеріне талдау жасап, бұрынғы жіберілген кемшіліктерді ескеріп, сондай-ақ ғылымда қалыптасқан ұғым-түсініктерді басшылыққа ала отыра умлаутқа негізделген әліпбиді әзірледі. Әліпби Ресей, Түркия, Әзербайжан және т.б. елдің тілші-ғалымдары қатысуымен ұйымдастырылған екі ғылыми-практикалық конференцияда қарастырылды. Ол бойынша сынамалы сауалнама жүргізілді. Баспасөз беттеріне ғылыми, танымдық бағыттарда біршама мақала да жарық көрді.
Бүгінгі қалың жұртшылыққа ұсынылған латынграфикалы жаңа әліпби 31 таңбадан тұрады. Ондағы үш таңба («ä», «ö», «ü») умлаутпен (¨), яғни әріптің үстіңгі жағына қос нүкте қоюмен берілген: zämzäm, käsıp, mäŋgılık, örıs, kösem, köbelek, ürdıs, ükımet, jügen. Умлаут ­дауысты дыбыстардың жіңішке айтылуын білдіреді және халықаралық фонетикалық әліпбиде бар диакритикалық белгі болып табылады. Ол түрік, әзербайжан, түрікмен, неміс, фин, швед және басқа 30 ел әліпбиінде ұшырасады. Бревис (˘) – әріп үстіндегі доға – қысқа дыбысты білдіретін таңба. Онымен «ғ» – «ğ» дыбысы белгіленген: ğalym, tabiğat, ğaryş. Седиль (¸) – дауыссыз дыбыстардың астындағы күршек – «ш» – «ș» таңбасын белгілеуде қолданылған диакритикалық белгі: şekpen, bolaşaq, alaş. Ол курд, португал, румын, түрік, француз және т.б. әліпбилерде пайдаланылады. Макрон (¯) – әріпүсті көлденең сызық – дауысты дыбыстардың созылыңқылығын білдіреді. Онымен «ұ» – «ū» дыбысы ұсынылады: mūqtaj, qūrmet, būlbūl. Байқағанымыздай, бұрынғы «ұ» дыбысын таңбалаудағы «белдік» тәріздес сызықша қазіргі әріпте жоғары жағына шығарылған. Бұл мектеп қабырғасындағы жасөспірімге оны жылдам қабылдап, игеруге өз септігін тигізері сөзсіз. Дауысты «Іі» дыбысы жетілдірілген әліпбиде бас және кіші таңбасы да нүктесіз «Iɪ» берілген: ırımşık, bılım, tıltanym. Сондай-ақ әліпбидің астынғы жағында «c», «w», «x» таңбалары цитаталық принциппен шеттілдік сөздерді жазу мақсатында ұсынылған. Мысалы: Coca Cola, Snickers, KFC, UFC, Mercedes, McDonald’s, Nescafe, Milky Way, BMW, Wella, Windows, Twix, Lexus, Galaxy, Rolex, т.б. Таңбалар жүйесіндегі басқа дыбыстар латын графикасына тән, көпшілікке таныс белгілер болып табылады. Олар физика, химия, математика, т.б. пәндерде, шетел сөздерінде ұшырасады. Сондықтан оларды меңгеру қалың жұртшылық үшін қиындық тудырмайды.
Қысқасы, жетілдірілген әліпби Unicode таңбалау стандартына, сондай-ақ «бір дыбыс – бір таңба» қағидатына сай келеді және қазақ тілінің табиғатын барынша дұрыс беретін графика болып табылады. Ең бастысы, түркі ақпараттық кеңістігімен байланыстыратын, тіпті әлемдік ақпарат кеңістігіне алып шығатын, заманауи байланыс жүйелерін еркін меңгере алатын ұлттық мүддеден шыққан әліпби деп айтуға толық негіз бар.

Қуаныш Ерғалиев, 
орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты

2294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы