• Тіл
  • 04 Ақпан, 2021

БҰЛ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Ерлан САИРОВ, 
ҚР Парламенті 
Мәжілісінің депутаты

Латын негізді қазақ әліпбиін енгізу кешенді мәселе. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаның құндылығы мен ауқымын біліп алған ­дұрыс-ау деп ойлаймын. Қоғамның ең көп бөлігінің қолдауына ие болған әліпби қолданысқа енеді деп сенемін. Иә, біз латын нұсқасын тарихи ­жолымызда қолданып көрген ұлтпыз. Ол тәжірибені де бүгінгі заманға лайықтап, орнымен пайдалануға немесе қаперге алуға болады деп ­санаймын. 

Біз сандық әлемде өмір сүріп келеміз. Кеңес заманында, 1928 және 1929 жылдары қазақ тілі латын негізді әліпбиге көшкенде ол процесс үш айға созылды. Ал В.Молотовтың жарлығы арқылы латын әліпбиінен кирилл алфавитіне екі ай ішінде көшіп үлгердік. Сол уақытта да қоғам қалыбын жоғалтып алған жоқ. Сондықтан өтпелі кезеңге байланысты ерекше бір мәселелер килікпейді деген сенімдемін.

Латынға көшу –  уақыт талабы. Біз ХХІ ғасырда өмір сүреміз, әлемдегі халықтың 80 пайызы қандай да бір көлемде латынды пайдаланады. Бүгінде инженерлік қадамдар, барлық нақты ғылымдар, инновациялық технологиялар дәл осы латын жазуында жүргізіледі. Яғни ол жоғары технологиялардың әліпбиі болып отыр. Дүниежүзінде төрт миллиардтан аса адам латын әліпбиін қолданады екен. Көптеген ноу-хау дәл осы латын әліпбиінде жасалған. Мұны да ескеру ­керек. SpaceX-ті жасаушы Илон Маск 2025 жылға қарай Марсқа адам ұшыратынын айтты. Қазір кеңістік пен уақыт туралы идеяның өзі өзгерді. Демек уақыттың талабы мен сұранысына сай икемделе білу де маңызды. Бұл жағдайға бейімделе алмайтын, жоғалған ұрпақ қалыптасуы мүмкін деген күдікке бой алдырудың қажеті жоқ.  Адам дамығысы келсе, алға жылжудан, тәжірибелерден қорықпағаны абзал.

Латын әліпбиін енгізу экономиканың триггері бола алады, себебі жаңа мамандықтар мен кәсіптер, әлеуметтік-экономикалық дамудың бағыттары пайда болады. Латын жазуына көшу кезінде қазақ тіліндегі жаңа терминдер мәселесіне қатысты оңтайлы шешімдер қабылданатыны анық.

Латын негізді қазақ әліпбиіне көшу мәселесі Қазақстанда жан-жақты әрі қызу талқыланып жатқаны өте дұрыс. Алайда әліпбиді талдау, ең алдымен, кәсіби мамандардың, яғни филологтар мен лингвистердің құзырындағы шаруа екенін ұмытпаған абзал. IT мамандар мен азаматтық қоғамның да айтпағын назарға алған жөн.

3020 рет

көрсетілді

64

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы