• Cұхбаттар
  • 04 Ақпан, 2021

Бейбіт Дәлденбай, композитор: МҰҚАҒАЛИ ӨЛЕҢДЕРІ ӘН ШАҚЫРЫП ТҰРАДЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бейбіт Дәлденбайдың мұқағалитануға қосқан үлесі қомақты. Ақын мұрасына деген ықылас-құрметі де ерекше. Осы ретте композитормен сұхбаттасудың сәті түсті. «Мұқағалидың өлеңдері науқандық тіркестер емес. Ұлағат пен философия. Түпсіз тереңге бойлатады, бірақ түсінікті. Сұлу да сіңімді жүрекке жылы тиетін мұндай жырларды жазу оңай емес. Сезімнің оты күйдіріп, ой тасқындары ұйқы бермейді. Сондықтан ақиық ақын «Өлең жазу біреуге оңай шығар, Ақын болу не деген қиын едің?!» дегенді бекер айтпаса керек» дейді композитор. Сұхбат Мұқағали өлеңдерінің әнге айналуы туралы сыр шертеді.

– Ұлы Абайға қарасақ, мықты ақындар­дың ән шығаруы қалыпты жағдай секілді. Ал Мұқағали ешқашан ән жазбаған. Осы айырмашылықтан не түюге болады?

– Ақын ән шығармасын, композитор өлең жазбасын деген ереже жоқ. Дарынды жандар өнердің барлық түрін меңгерсе, сан қырлы талантымен жұртты мойындатса несі жаман? Бұл бағыттағы бірегей үлгі, әрине, Абай!

Ұлы ақынның әндері сол кездегі қоғам­ды жаңашылдығымен сүйіндірді. Қазақы романс ретіндегі өрнегімен қызық­тырды. Еуропалық өнермен дәрежесін теңестірді. Далалық сазды ғаламдық сазға қосты. Ұлттың рухани байлығын кемелдендірді.

«Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» еңбек еткен Мұқағали өзі ән шығармаса да ұлылардың музыка сүю дәстүрін берік ұстанды. Құрманғазы,Тәттімбеттерді үздіксіз тыңдады. «Күй жазылған патефон табақтары үстелінің үстінде жатушы еді» дейді замандастары Мұқағали туралы. Осындай үрдістерге үндесіп барып, асыл жырлар ақын жүрегінен маржан болып төгілді. Композитор жайлы жазылған  «Ақ қайың әні» поэмасы дүниеге келді.

Мұқағалидың «Социалистік ­Қазақ­стан» газетіне жарияланған алғашқы сүбелі шығармасы «Аппассионата» деп ­аталады. Мұнда Бетховен музыкасының әсері дәріптеледі. Симфонияның шарықтаған сәттерін әдемі теңеулермен әрлеп, өлеңмен өргенде таңғаласың. Бәрін түсінген, бәрін таныған. Мақатаевтың дәрежесі Бетховенмен шендескендей болып көрініп кетеді. Осы «Аппассионата» поэмасы жазылғанда оның авторы бар болғаны жиырманың ішінде екен.

Ал жетпісінші жылдары Мақатаевтың музыка тануы өлең танумен бірге өсіп, шырқау биікке көтерілді. Мұндай іңкәр­ліктер тосыннан пайда болған жоқ. Әнді сүйіп тыңдаудың, қабілет-қарымды шың­даудың арқасында қол жеткізген нәтижелер. Солай болмағанда Моцарттың «Реквиемін» дастанға айналдырып, қағазға түсіре алмас еді. Оны артына қалдырған аманат хатында  өзі де айтқан. Меніңше, Мұқағали ағамыз осы арқылы музыкатанушы ғалымдардың арқалайтын жүгін қоса көтерген сияқты.

 Мұқағалидың тағы бір ерекшелігі, дауысы тұнық, қазақ радиосында диктор болған адам. Бұл қызметті кезінде Ермек Серкебаев та істеген екен. Мұны неге айтып отыр дейсіздер  ғой? Демек, ақынның әнші болуға да мүмкіндігі жететін еді деген бір болжам ойға оралады. Ал Мұқағали өзінің таңдаған поэзия жолынан басқаға бұрылмады. Сөз өнерінің ғана тұлпарын баптады. Әншілікке де бармады, ән де шығармады. Одан ақынның ұлылығына нұқсан келген жоқ.

– Сөз өнерінің де, саз өнерінің де қайнары бір. Сондықтан поэзия жұмбақтарын білу сізге қиынға соқпайтын шығар. Мұқағали жырларының өзіңізді толқытқан әсері ­туралы не айтасыз?

– Сауалыңыз орынды, композитор өлеңді ақыннан кем талдамауы керек дегенді меңзеп отырсыз ғой. Ақын да ­солай, әуеннің әрбір иіріміне ән иесінің дәрежесінде баға береді. Себебі өлеңнің нарқы ұйқастармен ғана өлшенбейді. Ал ән – құр айғай емес. Нағыз таланттар осы жауапкершілікті айтқызбай ұғынады. Мұқағалидың «Бір жырым – менің бір ­балам» дегені бұлтартпас шындық.

Ақын 18-дегі жас пен 90-дағы қарияның толғаныстарын дәл тауып, дәл жеткізеді. Қуаныш пен мұңның дірілін жаныңа дарытып, қаныңа сіңіреді. Миыңды қалғытпайды. Қарапайым қалыпта қаперсіз жүрген сені бірдемде ақынға айналдырады. Сол сәтте Мұқағали болып жалындап өлең оқып отырғаныңды байқамай қаласың.

Мен жаңа әндер жазу үшін әуен ізде­генде Мұқағалиды оқи бастаймын. Ақын мұраларынан өзіме керектіні табамын. Жыр перзенті маған қарап ән туралы лекция оқып тұрғандай болады. Сол сәтте Мақатаевты ән жазбайтын композиторға теңейтінім бар.

– Енді Мұқағали мен Нұрғисаның шы­­ғар­машылық байланысы ­туралы айтыңызшы. Оның астарынан нені аңғардыңыз?

– Ол туысқандық тоқайласу емес. Бұл –  талантты таланттың тануы. Тірі кезінде ұлы қаламгердің қадірін жұрт білмеді деп жатамыз. Меніңше, ол жүз пайыз шындыққа жанаспайды. Білді. Соның бір дәлелі осы оқиға. Ақындар композитор Тілендиевтің айналасынан шықпайтын. Соған қарамастан Нұрағамыз өзіне серік етіп әлі әнге мәтін жазу тәжірибесін толық меңгермеген Мұқағалиды таңдады.

Композитор ол шешімді бір күнде қабылдаған жоқ. Ұзақ уақыт ақынды сырттай бақылаған. Көлемі тілдей жыр жинақтардың зілдей салмағы бар екенін сезген. Көкейіндегі ойдың түйіндерін Мұқағалидан тапқан. Үлкен композитор атағы шыға қоймаған ақынды кеңсесіне емес, үйіне шақырды. Туған бауырындай еміреніп құшағына қысты. Бір ай бойы ешқайда жібермей, отбасының мүшесіне айналдырды. Әрі сүйінесің, әрі таңғаласың.

Мен өзім Нұрағамен талай аралас­тым. Жүрегі таза еді. Бірақ ән жазған кездегі буырқанғаны мүлдем бөлек. Сезімнің селін тасытқан кездері тулаған өзенді көзге елестетеді. Сондай сәттерде Дариға жеңгеміз­дің өзі аяғынан тік тұрып, кемшілік жібермеуге тырысатын. Ал қасында күндіз-түні бірге болған Мұқағалимен пікір қайшылықтары өрбуі мүмкін еді ғой. Қызығы сол, олар 30 күнді жаймашуақ қалыпта өткізген. Ән менен сөз мінсіз үйлескен. Соның арқасында ғажап туындылар күн сайын тұсауын ­кескен. Мұны қайталанбайтын ұлы оқиғаға теңеуге болады.

Оларды бұдан да биік жаңа белестер күткен еді. Алайда үлгермеді. Ақын 45 жасында қыршын күйінде дүниеден озды. Қазір ән шығарушылар ақыннан қалған мәтінді түзеп қиналмайды. Бәрі ­дайын өлшемде тұрған дүниелер. Мұқағали өлеңдерінің кез келгенін шертіп қалсаң, сыңғырлаған ғажайып үн шығады.

– Әкеңіз Әбіл Дәлденбайұлы Мұқағали­дың мұғалімі болыпты. Ол туралы не айтасыз?

– 1950 жылдардың аяғында Қарасаздың бір топ баласы Нарынқолға ауысады. Мектеп-интернатқа орналасады. Арасында Мұқағали да болған. Үлкен өмірге осы жерден түлеп ұшқан. Физика-математика пәндерінің мұғалімі, мектеп директоры қызметін атқарған менің әкемнің қолынан аттестат алыпты.

Оқырмандарға түсінікті болуы үшін әкем Әбіл туралы айта кетейін. Ол кісі нағыз ұстаз – білімді, парасатты, ұстамды жан еді.

Қазақша, орысша екі тілге жүйрік. Әдеби, тарихи кітаптарды да көп оқитын. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Кезінде КПСС Орталық Комитетінің бас хатшысы Л.И.Брежнев «Кіші жер» деген кітап жазды. Менің әкем де сол «кіші жердегі» майданның бел ортасында жүріпті. Ал анам Мариям Айтіленова Қостанайдың қызы. Орыс тілінің маманы. Бүкіл аудандағы «Ленин» орденімен марапатталған жалғыз мұғалім.

Біздің үйге алматылық ғалымдар мен қаламгерлер көп келетін. Әңгімелері әлі күнге дейін құлағымда. Ал қазақтың тұңғыш суретшісі Әбілхан Қастеевті әкем туған бауырындай көрді. Соның арқасында атақты қылқалам шебері Нарынқол өңірін бес саусағындай білді. Біздің елдің әсем табиғатынан жасаған шығармалары қазір музейде тұр. Көзіме оттай басылады.

Мен музыка жолын таңдағанда ата-анам қарсы болған жоқ. Керісінше, қатты қуанып, ақ батасын берді. Әдетте ауылда тұратындар балаларын зоотехник, инженер, агроном болса дейтін. Өйткені бұл жұмысқа кіргендер жіліктің майлы басын ұстайды. Ал менің ата-анам  басқаша ойлады. Өнердің қасиетін ұқты. Демек, олар Мұқағалиды да оу бастан бағалаған деп топшылаймын. Ақын кітаптары біздің үйдің сөресінен ешқашан түскен емес.

Соған қарамастан әкем Мұқағалиға қатысты шараларда өзін даралап көрсетпеді. Көппен бірге қол соқты. Баяғы мектеп интернаттан неше түрлі  естеліктер жазуға мүмкіндігі де, хақысы да бар еді. Сары алтындай сабырын нық ұстады. Әкемнің ақынға аттестат беріп, сәт сапар тілегенін менің өзім де кейін білдім.

– Ақын атындағы басылымның жұмыс­тарына белсене қатысып, Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді жинап және іріктеп келесіз. Бұл жайындағы пікіріңіз қандай?

– Ақын атындағы басылым ашылғаннан кейін, әр нөмірге ән беру міндеті қойылды. Бұл іс маған жүктелді. Сөйтіп ақын рухы алдындағы бір міндетімді өтей алуға мүмкіндік туды. Сондықтан журнал тапсырмасына жауапкершілікпен қарауға тырыстым. Мүйізі қарағайдай композиторлармен Мұқағали туралы әңгімелестім. Еркеғали Рахмадиев, Дүңгенбай Ботбаев, Кеңес Дүйсекеев, Төлеген Мұхамеджанов, Алтынбек Қоразбаев, Шәміл Әбілтаев секілді мықтыларды түгендедік. «Сәби боғым келеді» деген өлеңге ән жазған семейлік Тұрсынғазы Рахимовтың шығармалары өзінше бір шоғыр. Кейінгі жаңа толқын жастардың екпіндері желдей есті. Журнал өнерпаз топтың арасындағы бәсекені арттырды.

Әндердің жариялануы – қолға түскенді талғамсыз тасқа бастыру деген сөз емес. Ноталар мұқият сараптаудан өтті. Олар қай жерде айтылса да журнал ұялмайтын ­болуы керек. Көңілден шықпайтын әндерді автордың өзіне қайтардық. Кемшіліктерін дәлелдеп, адал пікірімізді айттық. Көпшілігі орынды уәжге құлақ асты. Одан ұтылған жоқ. ­Сынды дұрыс қабылдамағандар да болды. Оған таңғалмадық. Өйткені бұл шығармашылық үрдістің өзіне тән заңдылығы. Ең бастысы, жақсы әндер іріктеліп, ел кәдесіне жарады.

– Сіз құрастырған «Әуелі әнді тыңда, ән өлмесін» деген кітаптың нарқы бөлек. Келбеті мазмұнына сай. Оны қалай жоспарлап, қалай шығардыңыздар?

– 2011 жылы Мұқағалидың 80 жылдық мерейтойын атап өту шараларының қызған шағы. Соның ішінде Мұқағалидың сөздеріне жазылған әндер жинағын құрастыру да ұмытылған жоқ. Ол түрлі-түсті бояулармен безеніп «Дәуір» бас­пасынан шықты. Кітапқа ақынның өз сөзімен «Әуелі әнді тыңда, ән өлмесін» деп ат қойдық. Өмірде не болмайды? Соның кейбір қызықтарына тоқталайын.

Кейбір концерттерде әнге сөз жазған ақындар хабарланбай қалып, оған қаламгерлер өкпелейді. Ал Мұқағалиға келгенде бұл жағдай басқа сипатта өзгереді. Мәселен, кешті жүргізушілер кейде орындалатын шығарманы «Мұқағалидың әні» деп айта салатыны бар. Мақатаевтың ешқашан ән жазбағаны ойларына кіріп шықпайды. Ақынға деген сенім мен құрмет адамдарды осылай шатастырса оларды не деп кіналайсыз?

Жоғарыда айтқан «Әуелі әнді тыңда, ән өлмесін» деген кітап шыққалы  он жылдың жүзі болды. Одан бері талай жаңа әндер қатарға қосылды. Тағы бір демеуші табылса, осыларды да ел кәдесіне жарататын уақыт келді деп білеміз. Сонымен қатар, ән мәтіндері өзге тілдерге аударылса, игілікті істер қанатын кеңге жаятын еді. Мұқағалидың сөзіне жазылған қазақ әндері  әлем сахнасынан шырқалып жатса қандай ғанибет?!

– Есіңізден кетпейтін есімдерді сұрасақ кімдерді атар едіңіз? Оның ғибраты бізге де қызық.

– Шығармашылық өміріме айрықша әсер еткен екі тұлғаны ешқашан ұмыт­паймын. Оның алғашқысы – Ғазиза Жұбанова. Профессор, композитор. Қамқорлығы анамнан кем болған жоқ. Әсіресе менің симфонияларым ол кісіге қатты ұнады. Қазақ музыкасын әлемдік межелерге жеткізсек деп армандады.

Мұқағали айтқандай, әлемдік және ұлттық әуендерді будандастырып, ең алдымен қазақ риза болатын жаңа шығармалар жазу керегін бізге міндеттеді. Мені Мәскеу консерваториясының аспирантурасына жібергені де сондықтан. Әлі күнге дейін Ғазиза апамның тапсырмаларын орындап жүрген сияқты сезінемін.

Екінші тұлға Өзбекәлі Жәнібеков. Түркістанның тумасы. Сол кездегі лауазымынан ат үркеді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы. Бүгінмен салыстырып айтсақ Мемлекеттік Хатшы. Музыкамды бағалады. Іс-әрекеттеріме өзі жөн көрсетіп, өзі бақылады. Ол кісі де менің симфонияларымнан бір жаңашылдықты байқаған болу керек. Көрсін, білсін деп республика аумағын аралатты. Шетелге сапарға шыққанда да қасынан тастамайтын. Алайда композиторға тән еркіндігіме шектеу қойған жоқ. Музыка жазу үшін саяжайына орналастырды.

Алаңсыз еңбек етіп, еркін жүруімді ескертті. Өзбекәлі ағаның жаны сұлу, өресі кең еді. Ұлт мәдениеті үшін алаңдамаса, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын менде несі бар?

Қазір қолымнан келгенше ағалар болмысын қайталағым келеді. Кейде сол кісілерді сағынып жалғызсырайтыным бар.

Сізге ең ұнайтын өлеңі қайсы?

Мұқағали ағамыз ойдың керегін поэзиялық философиямен адамның жетесіне жеткізіп тұрып ұқтырып береді. Мен оның түбірінен  талдап бере алмас­пын. Дұрысы – өзім ұнататын өлеңнің бір шумағын оқып берейін.

Тау бұлағы да ағады,  

Ой бұлағы да ағады,

Әрқайсысы өзінше тепкілейді жағаны.

Бірі жылжып барады,

Бірі мөңкіп барады,

Бәрісі де, не шара,

аға алмайды жоғары...

Ақын жырының ішіне кіру қиын. Кірген адам поэзия әлемінен далаға қайта шыққанда жаны тазарып, өзгереді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Болат МӘЖИТ

2765 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы