• Қоғам
  • 11 Ақпан, 2021

АЛАТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ «МҰЗТАУ»

Бағдагүл Балаубаева
«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тәңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, ­Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау және басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жаннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бәрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиға­ты­мызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек» деп атап көрсеткен еді.

Қазақтың қай өңірін алсаңыз да қасиет қонған өлке. Біздің бұл жолғы бағытымыз – Алматы облысының ­Кеген ауданы. Аталған облыс әкімдігі­нің қолдауымен облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты «Jetisu Media» мекемесі ұйымдастырған сапардың басты мақсаты – ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, туризм саласының мән-жайына қанығу.

Алматының таңғы самалымен бір топ БАҚ өкілдері «Па, шіркін! Болады екен тау да сұлу, Мұз көйлек көк мұнармен белін буу» (Жанарбек Әшімжан) деп жырлаған табиғаты әсем де көркем өлкеге қарай бет түзедік.

Журналистер мен блогерлерді Кеген ауданының әкімі Талғат Ескендірұлы бастаған топ қарсы алды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы қойған міндеттер мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бағдарламаларды іске асыруда оң нәтижеге қол жеткенін тілге тиек етіп, ауданның жай-күйімен таныстырды. Атап айтсақ, «Талас» ауылшаруашылық өнімін өндіруші кооперативі жылына 300 тонна сүт өндіретін сүт фермасын іске қосқан. Тұйық ауылындағы кен орны биыл жұмысын қайтадан жандандырып, қор­ғасын өндіруді жоспарлауда. Ауданда мал басы көп болғанымен, мал өнімдерін өңдейтін кәсіпорын жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақсатында ет өңдеу комбинаты іске қосылып, тәулігіне 10 тонна ет өндірілмек. Қарабұлақ ауылдық округінде заманауи туристік кешен салу қолға алынған. Өз кәсібін ашуға 29 адам несие алып, «Бизнестік жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 6 азамат грант иесі атанған.

Жетісу өңіріндегі сапарымыз №3 Кеген орта мектебінен басталды. 1987 жылы салынған мектеп 640 орынды,  бүгінде 420 бала білім алуда. Осы мектепке комиссия күрделі жөндеу қажет деген шешім шығарып, сараптамаға жіберген. Оң нәтиже берсе, оның ауылы да алыс емес. Жақын маңдағы Түменбай ауылында 12 бала оқиды дегенді естігенде, таңғалғанымыз рас. Анықтай келе, оның бастауыш мектеп екенін білдік. Жоғарыда аталған оқу ордасына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, оқушылар екі мектепке бөлініп оқытылады.

Шырғанақ ауылындағы 11 жылдық білім беретін мектепке Еңбек Ері Іңкәрбек Жұмағұловтың есімі берілген. Химия және технология кабинетіне соңғы үлгідегі заманауи құрылғылар қойылып, өзге де сыныптар құрал-жабдықтармен толық қамтылған.  Оқушылардың алаңсыз білім алып, ізденулеріне мүмкіндік мол.

Кеген ауданы әкімінің орынбасары Кеңес Қабылбековтың айтуынша, ауданда 32 мектеп бар. Оның 7-еуі бастауыш, 4-еуі негізгі, 21-і орта мектеп. 5400-ге жуық оқушы білім алады.

2020 жылы «Жол картасы» бағдарла­масы бойынша үш мектеп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бір мектеп  күрделі жөндеуден өтсе, бір мектепке жапсарлама пеш салынған. «Былтыр 5 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Биыл Жалағаш ауылындағы Ж.Ермегияев орта мектебі мен Қарабұлақ ауылындағы Қарабұлақ орта мектебін күрделі жөндеуден өткізсек деп жоспарлап отырмыз» дейді ол.

«Бақытты отбасы» бағдарламасымен екі адам, «7-20-25» бағдарламасымен үш адам баспаналы болса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 45 жас маманға тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие берілген.

Келесі кезекте – ел арасында ғасыр құрылысы атанып кеткен Алматы облысындағы «Мойнақ» су электр станциясы. Экологиялық таза электр энергия­сын өндіретін «Мойнақ» СЭС-і жылына орта есеппен 1 млрд кВт электр энергия­сын тұтынушыға ұсынады. Бюджетке жыл сайын 400 миллионға жуық салық төленеді. Жұрт «Түтіні шықпайтын ауыл» атап кеткен шағын қалашықта 80 үй бар. Шамамен 150-ге жуық адам жұмыспен қамтылған.

Әйгілі Мұзтау – Алтайдағы ең асқақ шың, оның биіктігі 4509 метр. Ал соңғы 2-3 жыл көлемінде Алматы облысында да «Мұзтау» атанып кеткен демалыс орны бар. Қыс мезгілінде бір уақ сергіп, демалуды мақсат тұтқан жұрт Шырғанақ ауылына бет түзейді. Біз барған сәтте «Алтын қазына» әжелер ансамблі бейнебаян түсіріп жатыр екен. Әжелердің әнін тыңдап, жеті шелпек пен құрт-майынан ауыз тиіп, жер тарихымен танысып, көңілге біраз нәрсені түйіп қайттық.

Бұл артезиан суы осыдан 20-30 жыл бұрын, Кеңес Одағы кезінде егістік жерлерді суғару үшін арнайы қазылған. Кейіннен совхоз тарағанда бос жатқан суды ауылдың азаматтары аспанға қарай атқақтатып қойсақ, мұз пайда болады деп, ақырында оны жүзеге асырған. Арнайы техниканың күшімен жер астынан шығарылған су содан бері аспанға қарай шашып тұр. Айналасы мұзбен көмкерілгендіктен «Мұзтау» атанып кеткен. Қыста желдің соғуына қарай, әртүрлі пішінде мұз қатса, жазда құбыр арқылы  аққан су субұрқақ кейпіне енеді. Мұнда жігіттер көкпар тартып, елдің жиі жиналатын орнына айналған. Айтпақшы, Шырғанақ ауылында үш мыңға жуық халық бар. Соңғы кезде Алматыдан, т.б. қаладан ауылға көшіп келушілердің қатары көбейген. «Халықтың тұрмысы бұрынғыға қарағанда қазір жақсы. Болашақта ауыл шаруашылығын дамытсақ, қымыз­бен емдеу орындарын ашсақ. Балық ша­руа­шылығын да қолға алсақ деген жоспар бар» дейді Шырғанақ ауылының әкімі Оразбай Бекбатырұлы.

«Жетісу – жер жаннаты» деп бекер айтыл­маған. Көлсайға жеткен баспасөз-тур қатысушыларының қуанышында шек жоқ. Олар айнала­дағы әсем табиғаттан көз алмай, сүй­сіне әңгімелейді. Байқағанымыз, топ-топ болып, балық аулап жүргендер жетерлік.

Қазақстанның он маржаны қата­рына енген Қайыңды-Көлсай көліне келуші­лердің қатары жыл сайын артып келеді. Былтыр пандемияға қарамастан 83 мыңға жуық демалушы келген.

Кеген ауданының әкімі Талғат Байе­диловтің айтуынша, туризм саласы  аудан экономикасын дамытудағы басты бағыттардың бірі болмақ. 2020 жылы туристерге 12,5 миллион теңгенің қызметі көрсетілген. Бюджетке 20,3 миллион теңге салық түсіпті. Биыл жыл басынан бері 4500 турист демалған.

Биылғы жылы туризмді дамыту мақ­сатында алты ірі жоба іске асырылатын болады. Қонақ қабылдайтын төрт үлкен кешен, бір «Теміртау» эко-ауылы, бір панто-сауықтыру орталығы ашылмақ.

«Ішкі туризмді дамытамыз десек, инфраструктураны да қолға алуымыз керек. Екі жыл бұрын тау көшкіні болып, салдарынан жолдың сапасы нашарлаған еді. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының тікелей басшылығымен Көлсайға баратын жол салынды. Саты-Қайыңдыға баратын 12 шақырым жолдың сметалық құжаты жасалды. Мемлекеттік сараптамадан өтетін болса биыл екінші жартыжылдықта жөнделеді» деді аудан басшысы.

Осы сапарды ұйымдастыруда жол бастаған «Jetisu Media» мекемесі дирек­торының орынбасары Мұратбек Балтабековке, аталған мекеменің бөлім басшысы Айман Асылға баспасөз-турға қатысушылар дән риза.

Көңілге жақсы әсер қалдырған мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын таба беретініне еш күмән жоқ.

Алматы облысы

 

484 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЖАСТАР – ЕЛ ЕРТЕҢІ
Келесі мақала Босаңсуға болмайды

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы