• Тұлға
  • 11 Ақпан, 2021

«БІЗДІҢ БОЛАШАҚ ПУШКИН»

Нұрлайым БАТЫР
 «Ana tili»

Күңгірттеу кабинет ішіндегі әрбір зат Брюсовтың есіне әлденелерді салған. Жұпыны елінде өткен екі бірдей революцияның дауылы басылғанына әлі де сене алар емес. Енді тек тыныштық орнап, өнер мен мәдениет үстемдік құрар күн туды ма деп өз-өзіне сұрақ қояды. 
Брюсовтың басынан нелер өтпеді дейсіз. Оның нәзік жүрегінің осы күнге дейін тоқтап қалмай, қалайша соғып тұрғанына қайран қаласың. Ақын ­жанын түсіну оңай ма. Ол өмірден түңіліп те көрді, енді бірде ерлік ­дастандарды бұрқыратып жазған кездері де болды. Бір сәт осының бәрі бос сияқты көрінген. «Әй, қойшы!..» деп әдеттегідей қолын бір-ақ сілтеді. Бұның мойнында қаншама шаруалар бар. Екі жыл бұрын өзінің бастамасымен ашылған әдеби институтқа үміт артады. Ендігі мақсаты талантты ­жастарды топтап, оларға білім беру. Әдебиет дамыса адамның да дамитынына сенеді. «Адамзат басынан өткен қасіреттердің бәрі де ақымақтықтан болған жоқ па?!» деп бір ойлап қойды. ­«Валерий, егер сен адамзат басынан кешкен ашаршылық, қақтығыс, соғыстарды ақылды адамдардың бастайтынын білгенде бұлай айтуға асықпас едің...». Брюсовтың ішкі дауысы оның ойын екіге жарған. Әдебиет демекші, институтқа қабылданатын жастардың тізімін жасау керек. Өз қарамағындағы мәртебелі оқу ордасынан үміттілер жазған жер-жерден келген хаттарды оқуға кіріскен. 

***

В.Я.Брюсовқа

 

Түрік республикасы Мемлекеттік Ғылыми Кеңесі Түрік республикасының байырғы тұрғындары арасында мәдениет құралдарын жасау және олардың мәдени өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша жұмыс істеп, өз айналасына жаңадан туып жатқан интеллигенцияны шоғырландырады. 

Оның өкілдерінің бірі – хат жіберуші Мем­ле­кеттік Ғылыми Кеңестің Қырғыз ­Ғы­лыми Комиссиясының қызметкері жолдас М.Б.ЖҰМАБАЕВ білімін жалғастыруға және, ең бастысы, ақындық шығармашылыққа байланысты мәселе­лерді терең зерттеу үшін Мәскеуге аттанады.

М.Б.ЖҰМАБАЕВ Қырғыз Ғылыми Комис­сия­сының пікірі бойынша, сөзсіз, қырғыздың жарқын ақыны, әзірге, мүмкін, енді ғана қалыптасып келе жатқан шығар, болашақта ол өзінің талантын дұрыс дамытқан жағдайда көрнекті ақын бола алады (Қырғыз Ғылыми Комиссиясының төрағасы сипаттағандай – ол біздің болашақ Пушкин).

Жоғарыда көрсетілген бағыт бойынша жолдас ЖҰМАБАЕВТЫҢ дамуына жағдай жасау қажеттігін назарға ала отырып, Мемлекеттік Ғылыми Кеңес әдеби-көркем Институттың басшысы ретінде Сізден жолдас ЖҰМАБАЕВТЫҢ жұмысына назар аударуды және Сіз басшылық ететін Институтқа орналасуы үшін жолдас ЖҰМАБАЕВҚА барынша көмек көрсетуді сұрайды.

МҒК Төрағасы

Ғылыми хатшы

 

***

Бұл хаттың жазылғанына, Брюсовтың Халелдің осы хатынан соң Мағжанды Мәскеудегі әдеби-көркем институтқа қабылдағанына ғасырға жуық уақыт өтіпті. Халел Досмұхамедұлы Мағжанды «Біздің болашақ Пушкин» дейді. Ал оны Мәскеудегілер бұйра шашы мен мөлдір көзіне қарап Есенинге ұқсататын. Нәзік ­лирикасы да ақынды орыстың атақты ұлына бір табан жақындастырар еді. Қайратты шашы мен қарашығының мөлт қара түсі ғана оның қазақ екенін әйгілеп тұратын.

***

Адам тек күйбең тіршілікпен күн кешіп, ақырында сүйек боп қалу үшін өмірге келген бе? Өлім туралы ойлауың өзі неткен қорқынышты. «Өлдің – өштің» деген сөз рас болғаны ма дейсің кейде. Біз білетін дүние бір қабаттан тұрады. Көргеніңе иланасың, қолмен ұстағанға сенесің, ал оны тереңдеп тануға бір ғұмырың жетпейді. Уақыт жылдамдығына ілесе алмайсың. Аянышты өмірдің соңы өкініш. Шәкәрімнің айтқаны рас: өміріміз үш-ақ сатыдан тұрады. Кеше бала болдың, бүгін есейдің, ертең қартайып дәрменің кетеді. «Нені іздедім, не білдім» деп өз-өзіңнен сұрағанда жауап алудан қорқатын кездер болады.

Ал Мағжан ше? Ол да біздің жұтқан ауамен тыныс алған, біз ішкен суды ішкен, біз көрген түсті ол да көрген шығар, бәлкім. Сонда оны бізден не ерекшелейді?

Бұл сауалдарды қоймас бұрын, әуелі «Мағжан кім?» дегенді анықтау маңызды сияқты. ­Шынында да, Мағжан кім? Ол біз ылғи да «Әдебиет» пәні оқулығынан кездестіре беретін «қоғам қайраткері, көрнекті ақын» ғана ма? Оны тек «қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы» деген анықтамамен шектеуге бола ма? Ол өлеңмен жеткізген идеясын қазақ әдебиеті мен тарихындағы екі ауыз сөзбен сипатталу үшін жазбаған шығар. Идея ойдан туады емес пе? Ол нені армандады?

Сонымен, «Мағжан кім?» деп өзімнен қайта-қайта сұраймын. Бірақ жауап таппай қиналам. Менің күн сайынғы күйбең тірлікпен уланған санама ешқандай теңеу сыяр емес. Өлеңдерін оқып отырып, оның өзіне тән мұңды да сырлы жанына үңілуге тырысам. Сол кезде Мағжан тіріліп кеп, менімен сөйлесіп отырғандай күй кешем. Мағжан менің замандасым, сырласым, досым сияқты. Мендегі ойға ой қосушы және әрбір сұрағыма өзінше жауап беруге тырысады. Демек, оны өлді деген жай ғана бос сөз. Бір мезет «Ол тірі» деп көшеге шығып айғай салғым келді. Бірақ жұрт сол сәтте «қияли» деп айтып жатқанын ойша елестетіп, бұл идеямнан бас тарттым да сабырлы қалпыма қайта түстім. 

***

Мағжан поэзиясының астыңғы қаба­тындағы ойды түсіну үшін ақын өлеңдеріндегі символизмді қарастырған дұрыс сияқты. «Символизм сол арғы беттегі жабық шындықты, тылсымдарды рәміз арқылы, логикамен түсініп жетпейтін нәрселерді сан қилы ауыстырулар құралымен, интуиция, аңдау, аңғару жолымен бейнелеуге тырысады» депті Шерияздан ­Елеукенов.

Ақынның «Пайғамбар» өлеңінде шығыстық сарын басым. Батыстың тозығы жеткен дәстүрін, материализмді сынайды:

«Күнбатысты қараңғылық қаптаған,

Жалғыз жан жоқ қараңғыда лақпаған.

Бiлген емес иман деген не нәрсе,

«Қарын» деген сөздi ғана жаттаған».

Дінсіз қоғам бейнесін ақын қара түспен ­сипаттайды. Пайғамбар деген де символдық сөз. Сол сөзді пайдалану арқылы түрікшілдік ұранын жаңғыртады. Бір кездері әлемді билеген ата-бабалардың аңсарын жалынды жыры арқылы қайтадан тірілтеді:

«Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.

Мен келемiн, мен келемiн, мен келем,

Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар».

Ал оның «Жаралы жан» өлеңі бұған қарама-қарсы шындықты дәріптейді. Бұрын әлемді жаулаған түріктердің мұра­гері қазақтың сол кездегі күйін суреттейді. Қазақты жаралы жанға теңейді:

«Бұл – қазақ, Тәңіріге зар еткен қазақ!

Қиналып, қанды азап шеккен қазақ.

Әйтеуір қанды азаптан құтқарар деп,

Оқыған азаматын күткен қазақ».

Жаралы жан секілді зарлы күн кешкенше не жұмаққа, не у ішіп тозаққа барған артық деген ой айтады.

***

Адам баласына тән туа бітті қасиеттердің бірі – іздену. Әр адам дүниені өзінше таниды. «Көрсем, білсем» деген талпыныс туғаннан пайда болып, есейгенде өмір ағымына байланысты кісі бойынан қалыс қалатын секілді. Ол қалыс қалғаннан кейін адамның ойлануға мұршасы келмей, көзге көрініп тұрған нәрселерді, тұрмыстық қажеттіліктерді күйттеп, күнделікті күйбең өмірдің илеуіне түседі. Абай жетінші қара сөзінде айтқандай: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақүй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, ­аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, ­дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу ­жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл ­немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Осылайша, хакім «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды» деген ойды айтады. Дүниенің көрінген сыры түсінікті шығар. Көзге көрініп тұрған соң, сол мінездің көп жағдайда басым түсетіні заңды. Ал көрінбеген сыры ше?

Дүниенің көрінбеген сырларын Мағжан ­поэзиясынан іздейміз. «Қорқыт» өлеңі – Мағжан шығармашылығының шоқтығы биік бір шыңы. Онда ақын ойын астарлап жеткізген сияқты көрінеді. Бір қарағанда, бұл пессимистік бағытта жазылған өлең секілді көрінуі мүмкін. Өйткені жырда өлім туралы көп айтылады:

«Өмірде арманым жоқ – Қорқытқа ерсем,

Қорқыттай жанды жаспен жуа білсем.

Жас төгіп сұм өмірде зарлап-сарнап,

Құшақтап қобызымды көрге кірсем!..».

Сондықтан да шығар, Әбділда Тәжібаев ақын өлеңінен торығу сарынын көріп, былай дейтіні:

«Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,

Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.

Кезбеймін есуас боп ен даланы,

Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.

Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,

Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін».

Шынында да, Мағжан «Қорқыт» өлеңі арқылы өлімді жырлады ма? Меніңше, ол бұл жырымен басқа бір ойды жеткізгісі келген сияқты. «Мағжан секілді мәңгілікті көксеген рухы биік ақын өмірді тек өліммен шектеуі мүмкін бе?..» деген ой туады. 

«Ақынға аз нәрсе ауыр ой бермей ме?!

Қиялмен арманға ұшқан, сағым құшқан

Жүйрік жан алдында ылғи көр көрмей ме?!» дейді ол.

Әр адам дүниеге тектен-тек келмесе ­керек. Оның өмірде атқарар өз миссиясы бар. Сол секілді Мағжан осы өлеңінде Қорқыттың сырын ашқандай. Қорқыттың миссиясы – өлімді жырлау. Біздің санамызда қалыптасқан «Қорқыттың көрі» деген ұғым бар ғой. Қорқыт қобызынан төгілген өлім сарыны да табиғи. Сол табиғилықты Мағжан жырына қосады. Қорқыт секілді өмір сүрсең, Қорқыт секілді өлсең арман бар ма дейді. Қорқыт қай жаққа барса да алдынан қазулы көр шығады. Ақыр аяғында қара ағаштан қобыз жасап, жаны тыныштық табады. Мағжан осы жырында адамның өмірге келу мәнін ашқысы келгендей. Егер біз бұны тура қабылдасақ, адам тек өлу үшін өмір сүретін боп шықпай ма?..  

***

Брюсов алдында жатқан хатқа қайтадан үңілді: «Біздің болашақ Пушкин». Бұл сөз оның көзіне ыстық ұшырасқан. Өзі танымайтын әрі алыс қиырдағы көшпелі халықтың өкіліне сенім артуға бола ма?.. «Тіпті менің өзім Пушкин шыңына етектен қараймын. Ал оны біздің ұлы ақынмен қатар атапты. Бұл қандай ақын болды?..» деп ұзақ ойланған. Содан соң  «Көрелік» деп, мақұлдауға бел буған.

Орыс поэзиясында символизм бағытын қалыптастырғандардың бірі Валерий Брюсов бұл кезде сол Мағжанның қазақ өлеңіне символистік сарынды әкелетінін білген жоқ еді.

«Мәскеудегі Жоғары көркем әдебиет ­институтында оқи жүре, сол институттың ­директоры, орыстың ең мәдениетті жазушысы атанған ­Валерий Брюсовтан қазақ ақыны дәріс тыңдамады, онда фрейдизм мен символизмнің тонның ішкі бауындай байланысы сөз етілмеді деп айта алмайсың» депті Шерияздан ­Елеукенов. Бұл екі ақынның жырларынан ұқсастықты байқауға болар еді. Мағжанның «Мен жастарға сенемін» өлеңі мен Брюсовтың «Юношам» атты жыры тек атауы жағынан емес, ішкі сарыны тұрғысынан да бір-біріне ұқсап кетеді. Орыс ақыны былай дейді:

«Ваш зорок глаз и ваши легки ноги,

И дерзость подвига волнует вас,

Вы не боитесь, – ищете тревоги,

Не страшен, – сладок вам опасный час».

Ал қазақ ақыны былайша жырлайды:

«Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн!».

Орыс ақыны да жастарға сенім артады:

«Вы – мой прообраз. Юности крылатой

Я, в вашем облике, молюсь всегда.

Вы то, что вечно, дорого и свято,

Вы – миру жизнь несущая вода!».

Әйтсе де, Брюсовтың жырынан пессимистік бағыт аңғарылады. Онда өмірден түңілу сарыны басым. Мәселен, ол былай дейді:

«Кем буду завтра, нынче я не знаю,

Быть может, два-три слова милых уст

Вновь предо мной врата раскроют к раю,

Быть может, вдруг мир станет мертв и пуст».

Бұл жерде ертеңгі күнге сенімнен гөрі, оның болу, болмауы екіталай сипатталған. Ақын үшін «мен ертең бармын ба, жоқпын ба?» ­деген белгісіздікті айту қасірет, ал әлем бос боп қалғанын елестетудің өзі қорқынышты. Мағжан, керісінше, келер күннен көп нәрсе күтіп, жас ұрпаққа үміт артады:

«Мен сенемiн жастарға.

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бiр таңда,

Мен жастарға сенемiн!».

Жалпы Мағжан поэзиясында пессимизмнен гөрі ерлік, азаттық идеясы басым. Ақын жырларындағы торығу, түңілу сарыны өлеңнің үстіңгі қабатында бейнеленіп, ал оның астарында жалғыз адамның емес, тұтас ұлттың азаттығы көрініс тапқандай. Мағжан азаттық идеясын көтерді. Әсіресе «Түркістан» өлеңінде осы идея айқын аңғарылады. Баяғыда батыр бабаларымыздың әлемді жаулағанын, Тұраннан қаншама ғалымдар, ақындар шыққанын мақтаныш етеді. Артындағы халқына өміршең идея тастайды:

«Қырағы Тянь-Шань мен Памир, Алтай,

Күтеді көптен сені қарай-қарай.

Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?!».

Осыдан Мағжан поэзиясындағы түрік­шілдікті танимыз. Ал оның 1919-1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік хал­қының азаттық соғысына арналған «Алыстағы бауырыма» атты өлеңін Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналында жариялап, жоғары бағалаған екен.

***

Студент кезде аудиторияда ­егделеу профессордың Жүсіпбектің Мағжанға жазған хаты жайлы айтқаны бар. Мағжанды жылаңқы ақын деген сыңайдағы әңгіме еді. Сонда «ақындардың көбі жылаңқы болмай ма» деп, елемегенбіз. Шынында да, ­поэзияны талқылап, оған уақыт жоғалтқаннан гөрі, өмірге тура қарап, алдағы тіршілігіңнің ­жоспарын құру әлдеқайда абыройлы іс боп көрінген. Әйтсе де, күннің көтеріліп, ұясына батуы, желдің соғуы, жаңбыр тамшылары мен найзағай күркірі, тіпті ауаны жұтып, тыныс алғаныңның өзінде поэзияның мистикалық үлесі бардай. Қоғамдағы өзгерістер де әуелі санада пайда ­болып, ақындар қаламынан туған жоқ па?..

 

1623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы