• Тарих
  • 11 Ақпан, 2021

ЕЛ ҚОРҒАҒАН ӘЛМЕРЕК

Еліне еткен ерен еңбегі мен батырлығының арқасында алты Алашқа аты мәшһүр болған Әлмерек бабаны бүгінгі ұрпақ абыз әрі батыр ретінде таниды. Оның ел басына күн туған сұрапыл сәттерде, қан майданда қол бастап, талай жекпе-жекте жеке-дара көрсеткен ерлігі тарихи деректер арқылы бүгінгі күнге жетті. 

Жастайынан батырлықтың туын ұстаған ол 19 жасында жасақ құрып, қол бастайды, ал  22 жасында өзі үш жыл бойы соғыс өнерінің қыр-сырын жетік меңгеруге баулыған сарбаздарымен бірге 6 мың атты әскерді бастап Қалдан Сереннің Шонжы бастаған он мың әскеріне қарсы аттанады. Жер қайыс­қан атты әскердің ұрыс алдында ­жекпе-жекке шығатыны баршаға белгілі жайт қой. Дәл осындай жекпе-жектің ­бі­рінде Әлмерек баба Шонжының басын алып, өз сарбаз­да­рының рухын көтеріп, ел мерейін үстем еткені де кәрі тарихтың бір бетінде жазылып қалған екен.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Әлмерек абыз жарты өмірін жаумен айқасып, ат үстінде өткізген.

Ел аузынан жеткен дерекке сенсек, Әлмеректің сегіз ұлы болған. Үлкені – Жәнібек. Осы Жәнібек батыр ұрпақтарының қаржылық қолдауымен жақында Әлмерек баба кесенесінің аумағында құран бағыштайтын жаңа бөлменің құрылысы аяқталып, салтанатты ашылу рәсімі өткен еді. «Әлмерек» мәдени-тарихи, қоғамдық қорының атқарушы директоры Ысқақ Молдаәлімұлының басшылығымен Әлмерек бабаға алдағы уақытта ескерткіш орнату мақсатында мүсіншілер байқауы ұйымдастырылғаны да белгілі. Ескерткіш Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы елді мекенінде бой көтереді деп жоспарланған. 2020  жылдың аяғында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы байқаудың шарттары мен ережелері туралы хабар таратылған.

2021 жылы қариялар мен алқа мүшелері жарысқа қатысушылардың жұмыстарын талқыға ­салды. 8 мүсіншінің 15 жұмысы әділқазы алқасына таныстырылды. Әлдібаев Алтай, Төлеш Шоқан, Қайранбай ­Бахтияр, Еркінбеков Бағдаулет, Бексұлтан ­Елдос, Қасенбай Гауһар, Кекілов Жамбыл мен ­Исабаев Нұрғалым сынды шығармашылық өкілдері өз мүсіндерін ­таныстырып, жобаларын қорғады. Алқа мүшелері ортақ шешімге келе отырып, ­дауыс беру арқылы екі жұмысты таңдап алды. Аталмыш мүсіншілердің туындылары облыс әкімдігінің ­сараптауына жөнелтілді. Таңдап алынған жобалар республикалық комиссия мүшелерінен оң баға алған жағдайда, тиісті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады.

Шонжы елді мекеніне Әлмерек абыздың ескерткішін орнату туралы бастаманы Ұйғыр ауданының ақсақалдар алқасы, ауыл әкімшілігі қолдап отыр. Қазіргі уақытта ауылға кіреберіс жерден болашақ кешеннің құрылысына 3 гектар жер телімі бөлінген.

Қазақтың ертеңін ойлап, ұлтының болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, толарсақтан қан кешіп, халқына бейбіт өмір сыйлау жолында шаһид кешкен бабаларымыздың құрметіне елдің еңсесін көтерер ескерткіш орнату – ұрпақ парызы.

Бексұлтан НҰРЛАНҰЛЫ 

 

2725 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы