• Әдебиет
  • 11 Ақпан, 2021

КӨШБАСШЫ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды жүргізетін 
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, академик, филология ғылымының 
докторы, профессор

Көрнекті түрколог-ғалым, қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі, 1946 жылы тұңғыш құрылған Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі, ғылымдағы ғұмырын  кім-кімге де мақтаныш сезіммен үлгі етіп көрсетер, тағылымы терең, өресі биік, ойы зерек ғалымға – академик Ісмет Кеңесбаевқа (1907-1995) «Тіл білімі тарландары» айдарының кезекті саны арналып отыр. 

Жастайынан білім, ғылымға жаны құштар жан, аз уақытта ауыл молдасынан дәріс алған шәкірт алғырлығының арқасында, сол кездің тарихымен тарқатсақ, бас айналар бақытқа бөленгенін көреміз. Қазан төңкерісінің жеңісі енді-енді тәй-тәйлаған баладай алғашқы қадамдарын басып жатқан тұста, сонау ХІХ ғасырдың 20 жылдарының басында ат төбеліндей азғантай қазақ жастарының арасында болып, Қазақ ағарту институтының студенті атануы, ­Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) Шығыстану институтында атынан емес, атақтарынан ат үркетін әлемдік деңгейдегі тіл білімінің тарландарынан дәріс алуы бақыт емей немене?!

Академиктің алғырлығы айтылып қалған соң, айта кететін бір жайт бар. Ісмет Кеңесбайұлының тек қазақтар тұратын ­ауылда өскенін, ауыл молдасынан қазақша тіл сындырғанын, орыс тілінде әліпті таяқ деп білмейтін сөз еткен құрдастары оның Түркістан қаласына алғашқы сапары ­жайлы мынандай жағдай болғанын аңыз етіп айтады екен. Түркістан қаласы тоғыз жолдың торабы екені белгілі, өзге ұлттың да қарасы көп қалада орыстілділердің қарым-қатынасы, әрине, орыс тілінде болатындығы да түсінікті ғой. ­Сондай адамдардың бірі бала Кеңесбаевқа бұрылып, «здравствуйте!» дегенде, ол мені боқтап тұр екен деп ойлап қалып, «өзің здрасти»  депті деседі... Менің айтайын дегенім, бір ауыз сөз орысша білмейтін бала 20-ға толар-толмас шағында, қазіргі кезбен салыстыра айтсақ, ­«азуын айға білеген» әлемге белгілі ресейлік жоғары оқу орнында орыс, араб тілдерін жетік меңгеріп, жетістікке жеткен жас жеткіншек студенттің қарым-қабілетіне қарап, тағы да бүгінгі күннің терминімен «вундеркинд» деуіміз орынды сияқты... Қазіргі күнмен салыстыра беруімнің түбінде жастарымызға көп нәрседен хабар беріп, қазақтың тіл білімі тарландарының бастауында тұрған ғылым қайраткерінің толағай табысқа, әлемге танылуына негіз болғанын, білімге, ғылымға деген құштарлықтың, қажырлы қайрат пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екенін үлгі етіп, Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Тәуелсіз Қазақстанның жасампаз болашағы – еліміздің қозғаушы күші жастардың қолында екенін, олардың қандай ата-аға буын өкілдеріне қарап бой түзеу, ой түзеу керектігіне назар аударту болатын.

Жоғарыда атап өткеніміздей, 20-ға ­жетер-жетпес жасында Ленинград шығыстану институтының студенті атануы әркімнің-ақ асыл арманы болса керек. В.В.Бартольд, Н.Я.Марр, Б.Я.Владимиров, С.Е.Малов, И.И Мещанников, Л.В.Щерба сияқты әлемдік тіл білімінің тарландарынан дәріс алған академик І.Кеңесбаевтың әрнәрсенің байыбына бара білу, пайым-парасаты мол, аңғарымпаз, ілімге деген құштарлық, ізденімпаздық қасиетінің қалыптасуына зор әсер еткені күмән туғызбайды. «Адамды орта тәрбиелейді» деген пәлсапаға иек артсақ, атағы жер жарған білімпаздардың жиған-тергендерін, айтқандарын қағып алып, өнегелі өмірлерін үлгі етуді үйренген Ісмет Кеңесбайұлы көп ұзамай-ақ «алдыңғы үлкен ағаларға» еліктеп, мектеп оқушыларына арналған оқу-құралдары мен оқулықтар жазу ісіне мықтап кіріседі. 30 жасқа толар-толмас шағында Алматы мемлекеттік медицина институтының кафедра меңгерушісі болып тағайындалып, кафедра басқарған кезінде білім мен ғылымның тізгінін тең ұстап, ұстаздық пен ғалымдықты ұтымды ұштастыра біледі. Мектептің барлық деңгейлеріне арналған оқу құралдарын әзірлеп, қазақ тілін меңгертудің тиімді жолдарын көрсеткен өзіндік әдістемесін ұсынады. Нәтижесінде, жиналған тәжірибе қорытындысы ретінде «Қазақ тілі грамматикасы» оқулығы үшін филология ғылымының кандидаты дәрежесіне қол жеткізеді. Ресми оппоненттері – С.Е.Малов пен А.Н.Кононов ғылыми еңбекке жоғары баға бергенін айта кетсек артық болмас.

Педагогикалық қызметімен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары да жемісін бере бастайды. Қазақ тіл білімінің көкейтесті мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, қазақ тілін оқытудың әдістемесі мен оның бай лексикасын ғылыми тұрғыда тереңдеп зерттеуге жіті көңіл бөледі. Аға буын өкілдеріне тән ерекшеліктері ретінде олардың зерттеу саласының сан қырлылығы, кең ауқымдылығы және әралуандығын атар едім. Академик І.Кеңесбаев зерделеген лексикография, фразеология, фонетика, лексикология мәселелеріне қалам тербеген 300-ге жуық монографиялық еңбектері, оқулықтар, сөздіктер және ғылыми мақалалары айтқанымыздың айқын дәлелі бола алады.

Академиктің бар күш-жігерін сарп етіп, тыңғылықты зерттеген саласы фразеологияның орны ерекше. 40 жасқа толмай жатып докторлық диссертациясын қорғағаны, профессор атағына қол жеткізгені – бүгінгі жастарға үлгі етіп көрсетер өнеге, ғибратты тағылым екенін тағы да қайталап айтқымыз келеді.

Ғалым өз ғылыми мектебін қалыптастырып, ғылыми-педагогтық кадрлар даярлау ісіне мол үлес қосып, қырық шақты ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындағанын, шәкірттерінің ұстаз идеясын одан әрі дамытқан зерттеулері өз алдына бір кітапқа жүк болар мәселе екенін ғана тілге тиек еткіміз келеді.

Академиктің іргелі еңбегі «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» қазақ тіл білімінде ғана емес, жалпы түркологиядағы тың жаңалық болғанын ғылыми жұртшылық жақсы біледі. Бұл күнде осы еңбек туралы тіл тарландары мен көрнекті ғалымдардың берген бағасы және Мемлекеттік сыйлыққа (1978) ие болған еліміздің филология ғылымына өлшеусіз үлес болып қосылғаны туралы жарық көрген рецензиялық мақалалар мен диссертациялық еңбектердің өзекті тақырыбына арналғанын ашық ақпарат көздерінен алып оқуға әбден болады.

Академик І.Кеңесбаевтың ғалымдығынан басқа, көшбасшылық, ұйымдастырушылық, қазіргі жастар тілімен айтсақ, креативті ойлау, стратегиялық жоспарлай білу сияқты ерекше қасиеттеріне тоқталғанды жөн көрдік.

Көшбасшы! Иә, осы бірауыз сөздің төркініне үңілсек, көп нәрсенің тұңғиығына тереңдей түсуіміз бек мүмкін. Жалпы ұйымдастырушылық әрбір адамда бола беретін қасиет емес, әрнәрсенің ұтымды тұстарын аңғарып, тиімділіктің арқасында күтілетін көрсеткіштерге қол жеткізу, ұжымды ұйыстыра алу, бір мақсатқа жетуге жетелеу, нақтылай айтсақ, көшбасшылыққа тән қасиеттерді қажет ететін қайраткерліктің көрініс табатын тұсымен тығыз байланысты болатыны белгілі. І.Кеңесбаевтың қайраткерлігін халқы қадірледі, елі еледі, ғылыми жұртшылық жан-жақты қолдады. Өзі құрылтайшысы болып, Қаныш Сәтбаев бастаған Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, қоғамдық ғылым бөлімшесінің басшысы, Тіл білімі институтының тізгінін ширек ғасыр ұстаған тұста, жоғарыда айтқандай, көпке үлгі көшбасшылық, ұтқыр ұйымдастырушылық, жігерлі жетекшілік, білікті басшылығын танытқанын әріптестері, ұжымдастары мен шәкірттері бүгінгі күнге дейін жыр қылып айтады.

Стратегиялық ойлау дегенге келсек, кеңес­тік кезеңде Тіл білімі институтын одақтық дәрежесін кеңестік республикалар ішінде алдыңғы үштіктер қатарында болуына қол жеткізіп, түркологияға байланысты халық­ара­лық конференция мен симпозиумды Қазақ­станда өткізуге мүмкіндік тудырып, әлемге танымал түрколог ғалымдардың әсем қала ­Алматыда (ол кезде Қазақстанның астанасы) бас қосуына бастамашылдық танытып, әрі ғылыми жиындардың жоғары деңгейде өтуіне басшылық жасап, Кеңестер Одағы Ғылым академиясының жалпы жиналысында Алматыдағы өткен айтулы бас қосулардың қорытындысы бойынша басқаларға үлгі еткен қарарлар қабылдауына мұрындық болғанын жастардың білгені жөн деп санаймыз. Ұстазым, академик Шора ­Сарыбаев кезекті Мәскеу іссапары туралы сыр шертіп, одаққа белгілі ғалымдар І.Кеңесбаевты бір республиканың басшысы деңгейінде қарсы алып, қазақстандық тілші-ғалымдарға арнайы дастарқан даярлағанын айтқаны есімде қалыпты. Міне, осындай қайраткерге деген құрмет, қазақ тіл біліміне деген қошемет бір емес, бірнеше қайталанғанын тілге тиек етіп еді...

Біз білетін академик І.Кеңесбаевтың ­ке­реметі ретінде оның халықтың көпшілігінің сауатсыздығына қарамастан, аса бір зеректігінің арқасында орыс-араб тілдерін ­10-15-ке толмай-ақ терең меңгеруін, ХХ ғасырдың басында талайларға арман болған әлемдік шығыстану білім ордасының студенті атануын, жастарымыздың балалығы басылмай жүрген жиырмадан асар-аспас жасында академиктің білдей мемлекеттік бір институттың кафедра басшысы болуын, отызға толмай қазақ тілінен оқу құралдарын, оқулықтарын жазғанын, қылшылдаған қырыққа жетпей филология ғылымының докторы дәрежесімен дәріптеліп және профессор атағын алғанын, елу жасты еңсермей тұрып, тұңғыш Қазақстан ғылым академиясының академигі, әрі құрыл­тайшыларының бірі болуын айтсақ та жетіп артылады емес пе?!

Сондай-ақ отыз жылдан астам уақыт Ғылым академиясының вице-президенті, Тіл білімі институтының директоры болып, отандық ғылымның дамуына, елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық әлеуетінің артуына ғылымның үлесін еселеудегі ерен еңбегі өз алдына бөлек әңгіме.

Академиктің тұлғалық – адами келбетіне үңіліп, ғалымның кереметтігін сөз ете отырып, оның кейбір «әттеген-ай» дейтін пенделік тұстарына да сәл тоқталып кетпесек, толыққанды толғаныс бола қоймас деп ойлаймыз. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін Кеңес Одағының орталық партия комитетінің арнайы қаулысы шығып, интернационалдық тәрбиеге мән беру керектігі көрсетілген болатын. Осы тұста, бүкіл саналы ғұмырын қазақ тіл білімінің қарыштап өркендеуіне атсалысқан ғалымның «мені орыс тілінің тағдыры толғандырады» деп орыс тілінде шығатын одақтық газетке мақала жариялағаны көпшіліктің есінде. «Мұнысы қалай болды екен?» деген сан сұрақтың тууына себеп болған осы мәселені айтпасақ, азаматтығымызға сын болары сөзсіз. Кім біледі, «қулығына найза бойламайтын» Қызыл империяның амалсыз айтқызған сөзі ме екен?! Ол жағын тарих таразылай жатар...

Еліміздің тәуелсіздігін нығайтып, әлемнің отыз дамыған елінің қатарына қосылуына өзіндік үлесін қосар мемлекеттік қызметкерлерді қабылдау қағидасына назар салсақ, талап етілер біліктілігін талдасақ, жеке құзыреттілігін бағалау тестінің бағдарламасында бірнеше тармақтармен тарқатылған талаптар қатарында – көшбасшылық, шешім қабылдау қабілеттілігі, басқару әдебінің басымдылығы, қойылған міндеттерді жедел, әрі сапалы орындай алу қасиеті, жоғары жауапкершілік, басшылыққа сай бастамашылдығының болуы көрсетілген. Тест қорытындысының нәтижесінде оң баға алғандар ғана елдік мүддеге сай келетіндердің санаттарынан табылып, басшылық қызметке алынатындығы ашық жазылған. Академик І.Кеңесбаевтан қазіргідей, жоғарыда көрсе­тілгендей, тест тапсыру талап етілетін болса, ға­лымның ең жоғарғы 100 баллдық межені бағындыратынына бек сенімді болар едім. Оның биліктің биік баспалдақтарын бағындырғанына, елді елең еткізген таңғаларлық талантына қарап, осындай баға беруге болатынын айтып отыр­ғанымды көзі қарақты оқырман байқаған болар.

Тума талант, ғажайып адам, ғұлама ғалым, аңыз адам жайлы жазудың жөні тым бөлек нәрсе екенін сезінудің өзі бір ғанибет екен. Қарапайым ауыл баласы, халқы қадірлеген, елі еркелеткен, мемлекет қайраткерлерінің қатарына көтерілген – академик Ісмет Кеңесбаев туралы әлі айтылар әңгіме, жазылар жайттар аз болмаса керек. «Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз, Сізге ғылым кім берер, жанбай жатып сөнсеңіз?» деген ұлы Абайдың дана сөзін алға тартып, оқырмандардың ғалымға деген құрмет-қошеметін арттырып, ғылымға деген қызығушылығын, құлшынысын тудыра алсақ, мақаланың көтерген мақсаты да орындалды деп ауыз толтырып айтуға болады.

 

 

903 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ЖҮРЕКТЕС
Келесі мақала «ҰЯТ БОЛАДЫ...», «ОБАЛ БОЛАДЫ...» – БАБАМНАН ҚАЛҒАН СӨЗ ЕДІ...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы