• Руханият
  • 11 Ақпан, 2021

SOS

Ақұштап Бақтыгереева, ақын,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері

«Біздің мақсатымыз-келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді ­шашау шығармай лайықты жалғастыратын ­жасампаз ұрпақ тәрбиелеу».

Қазақстан Республикасының Президенті 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік 
бәрінен қымбат» мақаласынан

Бұл мақала жаңа жылдың басында барлық газетке жарияланды. Оқыдық. Құптадық, бас шұлғыдық, бірауыздан қолдаймыз дедік. Сонымен, рухы асқақ жас ұрпақ тәрбиелеуде мәдениет пен өнердің ықпалы зор екенінде ешкімнің таласы болмас.
Осыған орай «Abai TV» ашылды. «Абай» фильмін көрдік. «Ұлы Дала зары» сияқты хабарды көре отырып тарихи есімдермен жолықтық. «Үркер», «Руханият», «Ұмытпаймыз», «Келбет» сүйікті хабарымызға айналды.
Кеудеме ұялаған жылы үмітті өз Оралымдағы Жастар орталығында сахналанған «Қыз-Жібек» музыкалық қойылымы тас-талқанын шығарды.
«Заманның өзгергенін сезбеу-надандық» депті Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Келістік. Көндік. Жастардың талай ұсынысын қабылдап отырмыз. Қолдап та жүрміз. Өссін, көш жүре түзелер дедік. Бірақ айтқанға құлақ аспай, ұлттық құндылығымызды қорлап, таптауға көнуге болмас. Мұндай «жаңашылдық» өз ұлтын қорлауға жол беру сияқты.

 

Сөзді сол қойылымнан бастайын.

Ғасырлап бірге келе жатқан сұлулық пен махаббат дастаны «Қыз-Жібек» фильм болып, мақтанышымызға айналғанына елу жыл болды. Бүкіл ұлттық өнердің әулиелері жиналып, өшпес мұра қалдырды. Оған тарих, ата салт, махаббат, адал сезім, қыз намысы, шешен тіл бәрі-бәрін қамтып, ұрпаққа қалдырған бабалар аманаты деп қарау керек.

Бүгін мен әлеуметтік желіге тарап кеткен Оралдағы Жастар шығармашылық орталығындағы Жастар театрының музыкалық қойылымын көріп тілім байланып қалды. Шыққыр көзім не көрді?

Еліме келіп, Жібектің сіңлілері, қазағымның қыздары, айнымас адал сезім мен сұлулықты сақтаңдар, Ұлы Дала ұрпағының бесігін тербететін сендер ұлт болашағына жауаптысыңдар деп шырылдаған 20 жыл ғұмырым босқа өтіпті. Мына сахнада Қыз Жібек жалаңбұт қой, нөкерлері еден жуатын джинси шалбар мен алба-жұлба майкамен аяқтары қисайып, бөкселері төңкеріліп, шаштары жалбырап, арбаңдап секіреді. Мына қойылымға қор болған ұлы музыка! Төлегенді Бекежан тапаншамен атып түсірді. О, сұмдық! Осы үшін жинады ма сені бабалар?! Талып қала жаздадым. «Өзіңнен туған баланың, кімге айтасың жаманын» деген қағидамен елімнің кемшілігін көргім келмейтін. Шыдамым таусылды.

Мәдениет министрлігінен – «әр облыс өз мәдениетін өзі басқарады» деген жауап алдым. Облыс басшы­ларының мәдени сауаты болмаса ше? Ұлттық құнды­лығымыз тапталып жатса ше?

Ендеше, идеолог әкім мен мәдениет басшысы, Ішкі саясат қайда қарап отыр? Бұларда ұлт намысы, ұрпақ санасы, елдің ертеңі жайлы ойлайтын түйсік бар ма? Президент мақаласын оқып талқыламай ма? Не бітіріп жүрген пенделер?

Сан сұраққа өзім жауап таппадым. Қай есіктен де рухани құлдырау көрем. Әкімдіктерде сөйлесу түгілі сәлемдесу білмейтін, өмір тәжірибесі жоқ, ештеңе оқымаған, ештеңеге жаны ауырмайтын әйнеккөз жас­тар жүр. «Қайда бара жатырсыңдар, балалар!» – деп айғайлағың келеді. Егер оның қазақи ұғымы болмаса ше?

Бұларға әл-Фараби мен Абайдың айтқанда­рынан курс оқыту керек шығар.

Соңғы кезде қай саланы байқасам да Оралымда оңып тұрған ештеңе көрінбейді. Бұл елге ешкімнің жаны ашымайды екен. Оған пандемия мен табиғат мінезі қосылды.

Қыста жаңбыр жауса, төбеден су кетті, қар ерісе тобықтан су кештік, құбырлар жарылады, жел соқса жарық өшіп қалады. Шаруа қожалықтарына көмегі жоқ, шағын бизнесі де дамымай жатқан Орал. Қазақстанда дұрыс әуежайы да жоқ қала Орал. Арнасы таусылып, балығы қырылып жатқан Жайыққа барып қашанғы жылаймын? Ол өлеңімді оқыған кім бар? Бұл менің жанайқайым! Әлде осылай қоя беріп, отыра береміз бе? Жоқ, мен немқұрай қарағым келмейді. Жүрегім ауырады. Қайсың барсың құтқаратын? Тұншығып барам.

SOS!

5440 рет

көрсетілді

281

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы