- Тіл
- 11 Ақпан, 2021
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛСІН!
Биыл Парламент Мәжілісінің сайлауында «Ақ жол» партиясының атынан депутат болған партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдап, мемлекеттік тіл мәртебесін анықтауды талап етті.
Қазыбек Исаның айтуынша, еліміздегі 19 миллиондай халықтың 78 пайызы қазақ. Бірақ жұртқа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі азаматтардың қызмет алу құқығын аяқ асты етуде дейді мәжілісмен. Сол үшін соттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және барлық мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілін білуге міндеттеу керек. Әрі тілді меңгеру деңгейін анықтау жүйесін енгізіп, заң актілерінен бастап өзге де ресми құжаттардың негізгі нұсқасы қазақ тілінде жазылуы тиіс
«30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе, немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл» деді Қазыбек Иса.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті деген депутат ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары, «Ақ жол» фракциясы мүшелері атынан бірнеше ұсыныс жасады. Атап айтқанда:
– Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;
– Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу;
– Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, іс-қағаздарын, ақпараттары мен есептерін ресімдеудің негізгі нұсқасы тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс;
– Мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейту.
Депутат сөз соңында 2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық кеңес мүшелерімен кездескен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсыныстарды қаралғанын, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының тұжырымдамасы жасалып, 2020 жылы тамыз айында үкіметке жіберілгенін, алайда ол заң тұжырымдамасы үкіметте қозғаусыз жатқанын тілге тиек етті.
Ақбота ҚУАТОВА
2278 рет
көрсетілді2
пікір