• Қоғам
  • 11 Ақпан, 2021

Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет

Нұр-Сұлтанда донорлар мен меценаттардың қатысуымен «Қайырымды істер» марафоны басталды. Осы орайда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның, донорлар, меценаттар мен волонтерлердің, ұйымдардың қатысуымен аталған жобаға қатысты іс-шара ұйымдастырылды.

Айта кетейік, «Қайырымды істер» марафоны бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Былтыр желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Президент Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафоны ұйымдастырылатынын айтқан еді. «Енді санаулы күннен соң біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басамыз. Бұл – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже. Сондай-ақ жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең. Келер жылғы мерейтойлық іс-ша­ралардың мазмұнына ерекше мән береміз. Оның әрқайсысы терең мағыналы және қоғам үшін пайдалы болуға тиіс. Сонымен қатар өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беруі шарт. Осыған орай жалпыұлттық деңгейде «Қайырымды істер» марафонын ұйым­дастыруды ұсынамын» деген болатын Мемлекет басшысы. ҚР Президентінің пайымынша, бұл – береке-бірлігімізді арттыратын маңызды бастама.

 Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасының тікелей эфирінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қайырымдылық, меценаттық және донорлық – біздің қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

 «Ыстық қайрат. Нұрлы ақыл. Жылы жүрек. Бұл өткен жылдың соңында ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше мән беріп, көпшілікке айтқан Ұлы Абайдың үш ұлық сөзі. Жай сөздер емес, елді үлкен істерге, игі тірлік пен береке-бірлікке шақырған зор үндеуі. Бүгін, міне, баршамыз осы ортада әдейі бас қосып, осы үндеуді жалпақ жұртымызға, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынға – жалпы қазақстандықтарға арнап отырмыз. Президентіміз көтерген осынау игілікті бастама – «Қайырымды істер» марафонымен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз десек қателеспейміз. Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған» деді министр сөзінде.

Қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселе­лерін шешуде өзара әріптестікке артылар сенім зор. «Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өту үшін халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған еді. Бұл – игілігі зор, қайырымы мол ізгі шара. Оған азаматтық сектор мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен барша белсенді азаматтардың қатысуы өте маңызды» деген Аида Ғалымқызы қайырымды­лық пен донорлық қызметті одан ары дамыту бағытында нақты ұсыныстар керек екенін атап өтті.

«Қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселе­лерін шешуде мемлекет – қоғам – бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор. Соның ішінде, әсіресе үкіметтік емес ұйымдарға баса мән береміз. Бұл орайда, біз бұл ізгі жобаға ниет білдірген барлық азаматтар үшін арнайы әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдау арқылы бұл үрдісті одан ары ынталандыруды қарастырып отырмыз. Сондықтан бүгінгі шарада, сіздердің тараптарыңыздан ұтымды ой-пікірлер, қайырымдылық пен донорлық қызметті одан ары дамыту бағытында нақты ұсыныстар мен жобалар күтеміз» деді А.Балаева.

«Қайырымдылық туралы» Заң қайырым­дылық инвестициялар көлемін 4 есеге арттыруға ықпал еткені де осы іс-шара барысында аталып өтті. Министрдің айтуынша, қазіргі кезде күн тәртібіне волонтерлік әрі қайырымдылық қызметті ынталандыру мәселесі енгізілген. Осы мақсатта заң шығарушылық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда еріктілерге қатысты түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Оның сөзіне қарағанда, қайырымдылық мәдениетін жүйелі дамыту мақсатында «Қайырымдылық туралы» Заң қабылданды. Бұл өз кезегінде қайырымдылық инвестициялары көлемін 4 есеге, халықтың онлайн қайырымдылыққа қатысуын 3 есеге арттыруға ықпал етті. «Қазіргі уақытта Президенттің тапсырмасы бойынша түсінікті әрі тиімді құқықтық тетіктерді қамтитын түзетулер пысықталып жатыр» деді Аида Ғалымқызы.

Жиында сөз алған ақтөбелік кәсіпкер, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағамбет: «Бір қуантарлығы, Мемлекет басшысының ­бастамасымен жарияланған волонтер жылының одан әрі жалғасып жатқаны. Тағы бір айтып өтетін дүние, бізге енді жетіп жатқан «волонтер», «меценат» сөздері қазақ ұғымында бұрыннан бар. Біздің тарихымызда халық далада қалмаған, түрме деген түсінік болмаған. Біздің халық әрдайым қайырымды болған. Жетім-жесірін далаға тастамаған, бұл біздің қанымызда бар. Енді біз соны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта заманауи түрде жаңғыртуымыз керек» дейді.

«Әрине, қайырымдылық пен меценат­тықты қолдау, сондай-ақ волонтерлік қызметті дамыту – мемлекеттің ұзақ мерзімді басымдығы» деген Аида Ғалымқызы барлық игі бастамаларды өңірлердің ары қарай жалғастыруы маңызды екенін атап өтті. «Індет кезінде ел халқының жақсы игі істердің жанынан табылатыны айқын көрінді. Бұл біздің үлкен ұлт ретінде қалыптасқанымызды көрсетті. Тәуелсіздіктің ең басты құндылығы да, басты мақсаты да осы шығар. Сондықтан індет кезінде халқымыз өзінің бойындағы керемет қасиеттерді ­таныта алды. Осы орайда бір-бірімізге деген қамқорлықты, қайырымдылықты, сондай-ақ, ең бастысы, бірлесе жұмыс істеуді жақсы жолға қойдық» дей келе Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

Қ.СЕРІКҚЫЗЫ

 

2888 рет

көрсетілді

5

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы