• Тіл
  • 11 Ақпан, 2021

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: ҚАЗАҚ ТІЛІН МЕҢГЕРУ БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУ ЖОЛЫНДАҒЫ АЙРЫҚША МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын ­мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы ­отырысы өтті. Президент Тәуелсіздік жылдарында Елбасының көшбасшылығымен барлық қиындықтан өтіп, қуатты мемлекеттің іргетасы қаланғанын атап өтті. Сонымен бірге ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тек ­мерейтой емес, тарихи оқиға екенін тілге тиек етіп, бұған идеологиялық тұрғыдан қарауға шақырды.

Сонымен қатар экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым, ­жастар және басқа да бағыттар ­бо­йынша тың жобалар қолға алынатынын айтып, тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Президент қазақ тілін меңгеру біртұтас ұлт болу жолын­дағы айрықша маңызды қадам деп бағалап, қазақстандықтарды мемлекеттік тілді үйренуге және үйренушілерді қолдауға шақырды.

«Мемлекеттік тілді білетін әрбір азамат қазақша үйренгісі келген ­досымен, әріптесімен немесе танысымен өз білімін бөліссін. Мұндай игі іс бір-бірімізге қамқорлықты арттырып, бірлігімізді нығайта түсері сөзсіз» деді Мемлекет басшысы.

Өткен айдың соңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстарды талқылаған болатын. Соңғы ұсынылған нұсқа бойынша, әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

«Жақында латын графикасын­дағы қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы ұсынылды. Латын қарпіне көшіп жатқанымыз да – Тәуелсіздіктің жемісі» деді Мемлекет басшысы.

Президент 30 жылдыққа байланысты шаралар халыққа рухани серпіліс әкелуі қажеттігіне тоқталды. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттау аса маңызды жұмыстың бірі екенін атап өткен Президент руханият саласындағы бірнеше бағыттан тұратын жұмыстарға тоқталды.

«Биылғы мерейлі жылға бірнеше атаулы дата тұспа-тұс келіп отыр. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150 жылдығы, тағы басқа бірнеше тарихи тұлғаның мерейтойы. Біз былтыр Абай мен әл-Фарабидың мерейтойларын өте мағыналы өткіздік. Олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектері халыққа үлкен ой салды. Бұл тәжірибені алдағы уақытта да ұстанған жөн» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Жастарды жұмыспен қамту, жастар саясаты, кәсіпкерлік саласының әлеуеті, Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толуы сияқты мәселелер де кеңінен сөз болды. Осындай игі шараларды Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінің мәнін халыққа түсіндіру, ақпараттық жұмысты дұрыс жүргізу де маңызды бағыттың бірі екені белгілі. Президент өз сөзінде Тәуелсіздікті атап өткенде тәлімдік, тәрбиелік мәні бар ақпаратты ұсынып, жұртты тартатын жаңа стильді, жаңа форматты көбірек енгізу қажетін, әр жерде өткізілген іс-шаралар туралы құрғақ есептің керегі жоқ екенін атап көрсетті.

Аталған жиында Үкіметке рес­пуб­ликалық штабпен бірлесіп, аталған ұсыныстарды Мерекелік жоспарға және Идеологиялық картаға енгізу тапсырылды. Сонымен бірге, мем­лекетті нығайтуға, елімізді дамы­туға үлес қосқан азаматтарға лайық­ты құрмет көрсетіліп, мереке қарсаңында «Қазақстан Респуб­ликасының 30 жылдығы» мерей­тойлық медалі шығарылатын болды.

Комиссия отырысында Мемле­кеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму ­ми­нистрі Аида Балаева сөз сөйледі.

 

4257 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы