• Қоғам
  • 18 Ақпан, 2021

«ЖАҢА АЛМАТЫ» ЖАҢАРА БЕРЕДІ

Әлемдегі және еліміздегі пандемияға қарамастан өткен жылы Алматы қаласын даму бағыттары бойынша жұмыс тоқтаған жоқ. Күш пен назардың басым бөлігі коронавирусқа қарсы іс-қимылға жұмсалып жатса да, «Шетсіз қала» қағидаты бойынша дамуды жалғастырып, «Жаңа Алматыны» дамытудың бес жылдық кешенді жоспары қабылданды. Елімізде орын алған пандемия әсерінен алматылықтардың қандай дағдарысқа ұшырағаны да белгілі. Халық едәуір қажып, қалада тыныштық орнады. Дегенмен, осындай қиын жағдайға қарамастан Алматы қаласының экономикасының өсімі қамтамасыз етіліп, жұмыс істеп тұрған шағын-орта бизнес субъектілерінің саны артқан. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халықпен есепті кездесу кезінде кеңінен тарқатып айтып, қала тұрғындарының сұрағына жауап берді. Сонымен қатар тұрғындар көтерген мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. 

ІНДЕТ КЕЗІНДЕГІ  АХУАЛ

Өткен жыл ешқандай елге оңай ­тиген жоқ. Әлемдік пандемия қоғамның өмірін түбегейлі өзгертіп, менталитетке, өмір сүру дағдысына ықпал етті. Қала тұрғындарының арасында инфекцияның кең таралуына жол бермеу мақсатында Алматы әкімдігі әлеуетсіз шығындардан бас тартып, бюджетті оңтайландырды, COVID-19-ға қарсы күреске 19 108,4 млрд тг бөлді. Осының арқасында қысқа мерзім ішінде 2 модульді клиника, РВ-90 инфекциялық стационардың, патологоанатомиялық бюроның құрылысы аяқталды. Клиникалардың материалдық техникалық базалары 41,8 млрд тг нығайтылды. Медициналық препараттар мен дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмай, Тұрақтылық қорын құру үшін қалалық бюджеттен 10 млрд тг бөлінді.

Жедел жәрдемнің және алғашқы медико-санитарлық көмектің жұмыс­тары күшейтілді. Қадамдық меди­циналық қызметпен қамтамасыз етудің үш жылдық қалалық жоспарының аясында 16 амбулатория іске қосылып, жедел жәрдем қызметі жаңа ­реанимобильдермен қамтамасыз етілді. ­Заманауи құрылғылармен жабдықталған 135 жедел жәрдем көлігі сатып алынды.

Кадрлар резерві жасақталып, ­медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көтерілді. 50 мыңнан астам медициналық қызметкерлерге 16,7 млрд көлемінде жалақыларына қоса үстеме ақы төленді. Қалалықтарға қашықтан кеңес беру үшін Телемедицина орталығы құрылды.

Сонымен қатар қала әкімі есеп беру жиынында пандемияға қарамастан, Алматы экономикасының өсімі қамта­масыз етілгенін атап өтті. Оның айтуын­ша, мега­полистің экономикалық көрсет­кіштерінің өсуі қамтамасыз етілген.

Мысалы, өнеркәсіптің 4,6%-ға өсуі қамтамасыз етілді, құрылыс жұмыс­та­рының көлемі 10,6%-ға ұлғайып, тұрғын үйді пайдалануға беру — 14,2%-ға, байланыс қызметтерінің көлемі 8,2%-ға өскен.

«Біз теріс (кері) сценарийді іске асыруға жол бермедік және іс жүзінде барлық экономикалық көрсеткіштерді арттырдық. Саудадағы, тасымалдаудағы және қоймаларда сақтаудағы құлды­раудың экономиканың басқа салала­рындағы өсіммен өтелуіне қол жет­кіздік. ­Сонымен қатар жаңа перспек­тивалы секторларды – цифрландыру мен смарт-индустрияны, креа­тивті экономика мен туризмді дамытуға серпін бере алдық» деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар 2020 жылы Алматы әкімдігі шағын және орта бизнесті қолдау және оларды қалпына келтіру бойынша дағдарысқа қарсы шараларды жүйелі түрде жүзеге асырды. Салықтық ынталандыру, несиелендіруді кеңейту, инфрақұрылымды дамыту, өндірісті қолдау және жұмыспен қамтуды сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері санының 3,6%-ға өссе, бизнесті несиелендіру көлемі 2020 жылы 1,7 есе өсіп, 1,4 трлн теңге асқан.

Өнеркәсіп саласында 1,4 мың жұмыс орнын құрумен 39,7 млрд тг 11 жоба, оның ішінде индустриялық аймақта — 848 жұмыс орнын құрумен 29,9 млрд тг 4 жоба жүзеге асырылған. Фармацевтикалық препараттарды, медициналық бұйымдар мен техниканы өндіру бойынша медициналық кластер құрылды.

«Алматы Бизнес-2025» өңірлік бағдар­ламасы аясында 3 шағын өнер­кәсіп паркі ашылды, «Qoldaý» кәсіпкерлік орталығы бизнеске 91 мыңнан астам кеңес және басқа да сервистік қолдау көрсеткен.

 

ҚАЛА ЭКОЛОГИЯСЫ

Әкімнің есептік кездесуінде қаланың экологиялық жағдайын жақсарту жөніндегі ұзақ мерзімді міндеттер мен жоспарлардың алдын ала нәтижесі айтылды. Өткен жылы ЖЭО-2-ні жаңғыртып, оны табиғи газға ауыстыруға байланысты көпжылдық мәселе шешімін тапқан. Жекеменшік секторды толық газдандыру жұмысы аяқталуға жақын болса, ағаш егу бойынша үш жылдық «Жасыл Алматы» бағдарламасы қабылданған. Соның бір көрінісі, былтыр 282 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.

Сондай-ақ қала әкімі қоғамдық көлік газбен электр энергиясына ауысатынын мәлімдеді. Дизель техникасын сатып алуға тыйым салынды. «Алматыэлектротранс» коммуналдық автопаркі 150 автобус жеткізуге келісімшарт жасап, алғашқы 41 автобус бағыты жолға шықса, қалған 109-ы жақын арада келеді. Сонымен қатар жеке тасымалдаушылар 83 автобус, соның ішінде 38 электробус сатып алуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, қала экологиясын жақсарту аясында биыл 350 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, сондай-ақ шеткері жерлерде бес жаңа саябақ салу, қалаға кіреберісте 19 экобекет орнату жоспарланған.

«Өткен жылы қала бойынша халықты кеңінен құлақтандыру мақсатында ауа құрамына мониторинг жүргізетін 10 датчик орнатылды. Биыл тағы 10 датчик қойылады. Деректер LED-экранда көрсетіліп, онлайн-картада көрінетіндей экологиялық деректердің бірыңғай базасына түседі. Стансалар атмос­ферадағы ластаушы заттардың көлемін, ылғалдылық параметрлерін, температураны, қысымды, желдің бағыты мен жылдамдығын өлшейді. Бұған қоса кезең ішіндегі және тәуліктік орташа шекті рұқсат етілген концентрация көлемі көрсетіледі» деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімдігінің тапсырмасымен жүзеге асқан бұл жобаның мақсаты — қатардағы қала тұрғындарына, сарапшылар мен маман­дарға деректерді онлайн форматта ұсыну.

«Қаланың экологиялық жағдайы Алматы әкімдігінің жұмысындағы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл үлкен кешенді жұмыс, экологиялық проблемаларды шешуге барлық жағынан қарау керек. Ең бастысы – ЖЭО-2 газға ауыстыру туралы шешім қабылданды. Өткен жылы бұл мәселе шешілді. Газға көшірудің әртүрлі схемалары болды, биыл «Самұрықэнерго» жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда. 2022 жылдан бастап әрбір алты ай сайын екі қазандықтан жаңғырту жүргізіледі. 2025 жылдың соңына қарай барлық сегіз қазандық агрегатын газға көшіруді аяқтау жоспарлануда. Қаржыландырудың тиісті схемасы мен газ жеткізу көлемін Үкімет шешіп үлгерді, Энергетика министрлігі «Самұрықэнергомен» бірге бұл мәселемен айналысып жатыр. Біз қала тұрғындарына бастаманы қолдағаны және бұл мәселені үнемі қадағалап отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз» деді әкім.

Сонымен қатар қала экологиясын жақсарту мақсатында, көліктен бөлінетін қалдықтар мәселесі де шешіліп жатқаны белгілі болды. Алматыда 500 мыңнан астам көлік тіркелсе, күн сайын 250 мыңнан астам көлік кіреді екен. Пандемия кезінде ауа тазарғанын байқаған шаһар басшысы бірнеше жобаны қолға алыпты.

«Қапшағай, Талғар, Қаскелең тарапынан кептеліс болмауы үшін біз қала бойынша жолайрықтар салып жатырмыз. Индустрия министрлігімен жолдарды кеңейту мәселесін пысықтап жатырмыз. Қала маңынан электр пойыздарын іске қосуды ұсындық, қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен Талғар ­бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Дәл осындай жұмысты Қаскелең жағына қарай жүргізіп жатырмыз» деді Бақытжан Сағынтаев.

ТҰРҒЫНДАР ҚОЙҒАН  СҰРАҚТАРДАН...

Алатау ауданының тұрғыны: Зерделі ықшамауданындағы апатты үйлерде қашанғы үреймен өмір сүреміз? Жөндеу жұмыстары қалай болады?

Әкім: Мен бұл мәселе бойынша өзде­ріңізбен жиі кездесіп отырдым. Екі-үш апта бұрын тағы барып қайтқанмын. Жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылауға алдым. Биылғы жылдың соңына дейін 10 үйді қалыпқа келтіреміз. Қалған үйлерді жөндеу жұмыстары келесі жылы аяқталады. Бәрін бірден жөндеу мүмкін емес екенін түсінуіміз керек.

Бүгінгі күні берілген қоры­тындыға сәйкес (№1/180, 1/160, 1/161, 1/165) үйлердің іргета­сын нығайту бойынша жұмыстар жүр­гізілді, №1/167, 1/168 үйлер бойынша жұмыстар қолға алынды. Үйлердің іргетас­тарының негізін нығайту жөніндегі жұмыстар аяқталған соң қасбеттер сырланады және тұрғын үйлердің кіреберістері жөнделеді.

Бостандық ауданының тұрғыны: Бостандық ауданы мен Іле-Алатау саябағының шекарасындағы «Сулпак» дүкені маңындағы ағаштардың кесілуіне қатысты іс қалай жалғасып жатыр?

Алматы қаласы полиция депар­таментінің бастығы Қанат Таймерденов: Иә, сіз атап отырған мәселе қоғамда үлкен дау тудырғаны белгілі. Бұл факт бойынша іс ҚР ҚПК 300-бабы бойынша аяқталды және іс қала прокуратурасына жіберілді. Бәрін жіті бақылап отырмыз.

Түрксіб ауданының тұрғыны: Пандемия кезінде жұмысынан айы­рыл­ғандар көп болды. Енді тұрғындарды жұ­мыспен қамту мәселесі қалай шешіледі?

Әкім: Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған халыққа қолдау шаралары көрсетіледі. Халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ­ерекше көңіл бөлеміз. Бұйырса, биыл 50 мың жаңа жұмыс орны ашылады, оның 30 мыңы тұрақты. 2021 жылға Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру жалғасып жатыр. Қала экономикасының 34%-ы сау­дадан тұрады, сондықтан ол карантин кезеңінде төмендеді. Бізге қызметтің басқа бағыттарын дамыту қажет. Олар: қызмет көрсету саласы, цифр­ландыру және т.б. Біз өз тарапымыздан кәсіпкерлерге қаржылай көмектесеміз. Қосымша жұмыс орын­дарын құру үшін несие береміз.

Жетісу ауданының тұрғыны: Сіз вакцинация алдыңыз ба? Қарапайым тұрғындарға вакцинацияны ақылы әрі кезексіз алуға бола ма?

Әкім: Біздің Казковид бойынша екі мыңдай ерікті азамат екпеден өтті. Екі уколын да алды. Ешқандай қиын жағдайлар болған жоқ. Аздап жанама әсерлер болғанымен, басқасының бәрі дұрыс. Өзім де вакцинация алуға дайынмын.

Квота бойынша бірінші жарты­жылдықта Алматыда жүз елу мың доза қабылданады. Қазір вакциналарды инфекциялық ста­ционар­лардың, жедел жәрдемнің дәрігер­лері, емханалардың фильтрлі және қызыл аймақтарда жұмыс істейтін дәрігерлері мен медбикелері, сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қызметкерлері алады.

2 наурыздан бастап полиция қызмет­керлері, әскери қызметкер­лер, орта мектептердің, жоғары оқу орын­дарының мұғалімдері, медицина қызметкерлері вакциналаудан өтеді. Сәуір айынан бастап мектеп-интер­наттардың, мектепке дейінгі меке­ме­лердің мұғалімдері, оқушылар және созылмалы аурулары бар адамдар егіледі.

Әрі қарай тілек білдірген азаматтар вакцина ала алады. Вакцина тегін және әзірше вакциналауға ақша қарастырылмаған.

Алматы облысының тұрғыны: «Алтын орда» базарының маңындағы жол кептелісінің мәселесі қашан шешіледі? Күнделікті төрт сағатымыз осы жолда «өліп», шаршатты ғой.

Әкім: Осы сұрақ маған өте көп қойылады. Бірақ бір нәрсені ескерулеріңіз керек, «Алтын орда» базары Алматы қаласына кірмейді. Сондықтан бұл мәселеде мен ештеңе шеше алмаймын және жауап бере алмаймын. Бұл жолдың да шешімі табылады деп үміттенемін. Күтейік.

Жетісу ауданының тұрғыны: Былтыр Кемел ықшамауданының көшелерін жарықтандыру туралы уәде бергенсіз.  Біз әлі де әр кеште бойымызды қорқыныш билеп, қараңғы көшелермен өтіп жүрміз. Бұл мәселе қашан шешіледі?

Әкім: Кемел ықшамауданындағы жарықтандыру мәселесі бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Бізде жарықтанбаған 600-дей көше қалды. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін аталмыш көшелерді жарық­тандыратын боламыз. Қаржы бөлінген, мердігерлер жұмысын атқаруда. Аудан әкімдері де қадағалап отыр.

Осылайша, диалогқа негізделіп, сұрақ-жауап форматында өткен әкімнің есеп беру жиынында Алматы қаласының әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мен қоғамдық кеңістіктер салу мәселелері де қозғалды. Қала бойынша мектеп, балабақша мен емхана деген қажеттілік ескерілу керек-ті. Мысалы, Алатау ауданында 22 үйден тұратын «Мәдениет» тұрғын үй кешені салынып жатса, жобамен 120 орындық балабақша құрылысы қарастырылған. Қайрат шағын ауданында 41 үйдің құрылысы басталып, жобада 1500 орындық мектеп, 260 орындық балабақша, емхана қарастырылған. Ал Әуезов ауданында 2020 жылы 205 аула, 9 сквер жөнделіп, 2 жағалау аймағы абаттандырылған. 10 шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аймағы жөнделіп жатыр. Сонымен қатар «Жаңа Алматы» кешенді жоспары аясында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасады. 40,4 шақырым жаңа жол салынып, 200 шақырымнан астам жолды орташа жөндеуден өткізіп, үш жолайрығының құрылысын жалғастыру жоспарлануда. Сондай-ақ «Сарыарқа» және «Достық» метро стансаларының құрылысын аяқтау және «Қалқаман» стансасының құрылысын жалғастыру жоспарланған.
Сонымен қатар кезекте тұрған алматылықтарға 8 мыңнан астам пәтер беру жоспары да талқыланды. Өткен жылы қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2948 пәтер бөлінсе, мың жас отбасы «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие арқылы баспанаға қол жеткізді. Ал «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 294,4 мың шаршы метр болатын 3902 пәтер пайдалануға берілді. Биыл мемлекеттік және қалалық бағдарламалар аясында 8292 пәтер бөлінеді. «Шаңырақ», «Кредиттік баспана», «Бақытты отбасы», «Алматы жастары» бағдарламалары жалғасын табады. 

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

466 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Вакцинация – індеттен айықтыру жолы
Келесі мақала КҮСТАНА

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №8

25 Ақпан, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы