- Руханият
- 18 Ақпан, 2021
ЕГЕМЕНДІК ЕСКЕРТКІШІ

«Тәуелсіздік туындылары» айдарында бұл жолғы қозғалар тақырып – Тәуелсіздік монументі. Алматының қақ төрінде орын тепкен сұлу кешен еліміздің өткені, бүгіні мен болашағын бейнелеп тұрғандай әсер береді.
Республика алаңында қасқайып тұрған «Алтын Адам» мүсіні алып шаһарға әлі келмей тұрғаннан-ақ көзімізге таныс бола бастаған. Оқулықтарда ең бірінші боп патриотизмнің нышаны ретінде жүрегімізге орныққан осы бір мүсіннің астарында көп сыр барын бертін келе білдік. Қоладан құйылған барыстың үстінде оң қолына қыран құс, сол қолына садақ, беліне қанжар мен қорамсақтағы сауыт және алтынға малынған жебелері бар, дулыға киген сарбаздың бейнесі аса айбарлы көрінеді. Көкірегімен көк тіреген ескерткішке қараған жан оның азаттықтың символы екенін айтпастан-ақ аңғарады. Биіктігі алты метр, ал салмағы төрт тоннаны құрайтын алып адам мүсіні Алматының ғана емес, еліміздің ең негізгі нышандарының біріне айналды.
Тәуелсіздік монументінің екі қапталын айнала халқымыздың өткенінен сыр шертер мүсіндемелік бедерлі бейнелер бір-бірімен жарасым тауып тұр. Онда еліміздің бастан өткерген қасіретті кезеңдері мен жүріп өткен ерлік жолдары нышандар арқылы аңғарылады. Діңгектің төрт жағында орналасқан төрт мүсіндік бейне де Тәуелсіздік монументінің сәулеттік және мүсіндік шешімін дәл тапқан. Ол жерде ақылгөй абыз ата мен ақ жаулықты Жер-Ана және олардың алдыңғы жағында құлыншаққа мінген бала мен қыздың мүсіні суреттелген.
1996 жылы әсем шаһардағы Республика алаңында Қазақстан тәуелсіздігіне бес жыл толуына байланысты биік обелиск түрінде тұрғызылған монумент құрылысына жетекшілік жасаған Ш.Уәлиханов; мүсіншілер А.Жұмабаев, Н.Далбаев, А.Боярлин, М.Мансұров, Қ.Сұраншиев, Қ.Сатыбалдин; сәулетшілер К.Жарылғапов, К.Монтахаев; құрастырушы С.Қаламқаров; құрылысшы А.Ермегияев. Кешен көлденең 180 метрге созылып жатыр. Пластикалық стела композицияның ортасы болып саналады. Ол өздігінен биіктігі 28 метрге жететін маңғышлақ құлпытастарына ұқсас боп келген. Биіктігі 6 метр болатын «Алтын Адам» немесе қанатты барысқа мініп алған дала басшысы қазақ жеріндегі нақты мемлекеттік билікті сипаттайды екен. Стела диаметрі 46 метрді құрайтын домалақ алаңның ортасында орналасқан диаметрі 28 метр жартылай доғал стилобатқа орнатылған. Стеланың төменгі бөлігінде қазақ және орыс тілдерінде: «1990 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік егемендігі жарияланды», «1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды» деп жазылған.
Ескерткіштің тарихы да қызғылықты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мысыр еліне жасаған сапарында тәуелсіздіктің құрметіне орнатылған Луксор қаласының ортасындағы монументке көзі түседі. Дәл осындай ескерткішті елімізде де орнатсақ деген ойға келеді. Кейінірек бұл ойын белгілі сәулетші Шота Уәлихановқа жеткізіп, жаңа туындының салынуы жөнінде шешім қабылданады. Тәуелсіздігіміздің бес жылдығында Алматының қақ ортасында «Тәуелсіздік монументі» ашылып, салтанатты шараға Н.Назарбаев пен Түркияның бұрынғы президенті С.Демирел қатысады.
Тәуелсіздік пен азаттықты бейнелейтін мүсіндерді басқа елдерден де кездестіреміз. Оның ең жарқын мысалы ретінде Америкадағы «Азаттық мүсінін» айтуға болады. Нью-Йорк шаһарының төрінде көк тіреп тұрған бұл мүсінді кезінде Франция сыйға тартқан екен: Солтүстік Америкадағы ағылшын иелігіндегі жерлердің азаттық күресіндегі Франциямен болған одақтастықтың ескерткіші ретіндегі тартуы.
Жалпы кез келген өнер туындысының негізгі миссиясы мәңгілікке ұмтылыс болса керек. «Азаттық мүсіні» XIX ғасырда тұғыры қаланып, бүгінде бүкіл әлемге әйгілі бостандықтың сиволы болып отыр. Америкаға барған әр адам міндетті түрде осы бір өнер жетістігіне соғып, әсер алып қайтады. «Тәуелсіздік монументі» де дәл солай мәңгіліктің мүсіні ретінде өзіне келуші жанға ой айтпақ боп, Алматының аспанын құшып тұрғандай.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

405 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *