• Әдебиет
  • 18 Ақпан, 2021

«ҰЯТ БОЛАДЫ...», «ОБАЛ БОЛАДЫ...» – БАБАМНАН ҚАЛҒАН СӨЗ ЕДІ...

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ
 

ӨЗЕК

Қилы да қилы заман болады,

Алмасып жылдар кезегі.

«Ұят болады...»,

«Обал болады...» —

Бабамнан қалған сөз еді.

 

Ырду да дырду жігіттік шақта,

Тентектік табар жарасым.

Артық кеткенін біліп тұрсақ та,

Жыртпадық аға жағасын.

 

Талай да талай шық тұнды көзге,

Кезгенде дүние сорабын.

Бабаның сөзі ұқтырды бізге

Бір тілім нанның обалын.

 

Ұяты қан боп бетіне шыққан,

Арқалаған жоқ ақ арым,

Көбелек болып отына асыққан,

Бәйшешек қыздың обалын.

 

Көкпар ғып тартып жан-жаққа мені,

Болған бір сәтте миым дал.

Бәле-жаладан қорғап келеді

Бабамнан қалған тыйымдар.

 

Шетсіз де шексіз сияқтанады,

Көрсетсе дүние кеңдігін...

«Обал болады...»,

«Ұят болады...» —

Ұмытпа мұны сен де, ұлым!

 

БАС

Түсімде... жан-жаққа шашылды от...

Өз кейпім өзіме ұнамай,

айнаға қарасам...

Басым жоқ,

Апыр-ай, бұ қалай, бұ қалай?

 

Алысқа апармас, тегі, егес...

Қалайша күн көрем енді мен?

Қарасам... тек қана мен емес,

Жан-жағым басы жоқ ел кілең.

 

Алайда «Басым жоқ...» дегені аз...

Әй, не деп айтарсың көпке дау?

Білмеймін, мына жұрт неге мәз,

Бастың да қадірі кеткен-ау...

 

Сөзі үстем есірік күлкінің,

...Жүзінен байқалмай тым қайғы:

«...сол керек», бермеп ед(і) бір тыным»,

Кіл аяқ мәз болып шулайды.

 

Барады бір-бірін мақтап көп,

Сөзі де, ісі де оңбай кіл...

«Неғылған БАСсыздық? Тоқтат!» деп,

Ақырар бір адам болмай тұр.

 

Жарқырап алтын мен жақұттар,

Қызылды-жасылды шара көп.

Оянып үлгермей... (уақыт бар),

Басымды таба алсам, жарар ед(і)...

 

КӨТІБАР

Өмір деген — күнде аламан, хақ майдан,

Бойын аулақ салып ынжық, тәтті ойдан,

Елін қорғап, қол бастайтын ұлына,

Менің бабам Көтібар деп ат қойған.

 

Тонын отқа тастар битке өкпелеп,

Жігерсіз ел қалай, қайтіп,  көктемек?

Айтып-айтып салу деген бір басқа,

Айтқан сөзде тұру үшін көт керек.

 

Жанын көзге көрсетсе де қылбұрау,

Үн шығармас  ұл туғызған кіл дырау.

Бәсен баба, кешір бізді, сыртыңнан,

Көтібар деп ат қойды деп күлдік-ау.

 

Ау, ағайын, жарылса да өтіңіз,

Мен айтайын, мейлі, боқтап кетіңіз.

Бүгін айтып, ертең соған тұрарға,

Көтіміз жоқ, жылтырайды бетіміз.

 

Өмір деген — күнде аламан, хақ майдан,

Бойын аулақ салып ынжық, тәтті ойдан,

Елін қорғап, қол бастайтын ұлына,

Менің бабам Көтібар деп ат қойған.

 

Күші барлар байлап ұстап көгенде,

Әңгіртаяқ ойнатса да төбемде.

Үміт үзбей,  сенгім менің келеді

Көтібарлар туады әлі дегенге.

 

МӨҢКЕ БИ  ЕСКЕРТКІШІНІҢ

ҚАСЫНДА

Қайран, Мөңке бабам-ай,

Мың жылдықты болжадың.

Біздер жүрміз отыз жылмен,

елу жылмен шектеліп,

Соған сеніп біріміз, екіншіміз жек көріп...

Сенгеніміз — қуанып,

Сенбегенім — қуарып,

Жә-жә, жарар, айта бермен ол жағын...

Түбі қайыр, елден безіп кетпедік...

 

Айтқаныңның бәрі келді бабам-ай,

Он саусағым жеткізе алман санап-ай.

 «Еркегіміз — қазаншы,

әйеліміз — базаршы...»

Ал ұлымыз — қаңғыбас,

«Қарап тұрған жігітке қыз артылды»,

ол да рас...

...Жә, осымен тоқтайын,

Айта берсем, әрі қарай,

Өзімді өзім жүрген болам табалай.

 

Көңілімде алаң көп,

Сол алаңды сейілтем деп өзіңді іздеп

барам көп.

Үндемейсің сен бірақ...

Кейде-кейде ерінің қыбырлайтын секілді,

Әлденені сыбырлайтын секілді,

Бірақ оны естімеймін,

құлақ — керең, санам — боқ.

Осылайша, айтқаныңды ұға алмай,

Ежірейген ұл секілді тіл алмай...

Үйге қайтам амал жоқ...

 

ЦОЙДЫҢ ӨЛЕҢІ

Курстас дос Қайрат Тарбаевқа

арнаймын.

 

 «Мы ждем перемен...»

 Виктор Цой

 

Тартқанда ащы «асты» әлгі,

Жайылатын қанаты.

Омар деген дос бар-ды —

Виктор Цойдың фанаты.

 

Әнмен ғана қанар шөл,

Тыңдайтыны — күйтабақ.

Қайталайды содан соң,

Кешке қолға гитара ап.

 

Көп шуылдақ (бірі — мен),

Әннен жібек түтеміз.

Дарылдаймыз түнімен:

«Біз өзгеріс күтеміз...».

 

Өнердің бар түр-түрі,

Омар — менің мықтым ғой.

...А, дариға, бір күні,

Өліп қалды Виктор Цой.

 

Ажал — ит қой... Қабар-ды...

Кім бар қарсы тұра алар?

Естіп әлгі хабарды,

Құлап түсті дүр Омар.

 

Өңім емес, түс дейді...

(Әй, кім көрген мұндайды).

Ас-су мүлде ішпейді,

Орнынан тұрмайды.

 

Зауқымыз жоқ өлеңге,

Әзілді де тастадық.

Үшінші күн дегенде,

Тіпті қорқа бастадық.

 

Жігіт еді жігерлі,

Жасытты әбден зор қайғы.

Деді біреу: «Бұны енді

Тұрғызбасақ болмайды...».

 

Байқамайды өзгені,

Сорғалайды суық тер.

Қорқынышты көздері:

«Цой өлді ғой, жігіттер...».

 

«Өй, әкеңнің...»,

Кәні, тұр!»

Шынымды айтсам, дәл маған,

Цой өлді не, бәрібір,

Қой өлді не, бәрібір...».

 

Атып тұрды кілт енді,

Сенгені де күшіне.

...Жұдырықты сілтеуді,

Білеміз бір кісідей...

 

«Сен — топассың...» (Е, мейлі

Ашынған жан мұндайда.

Шіркін-ай, не демейді),

...Келді бірақ ыңғайға.

 

Жастықта бар естілік,

Ол кезде бұл мүмкін ғой...

Бізді төбелестіріп,

Тату қылды, шіркін, Цой.

 

Даудың артын қумадық,

Татулық пен құт — егіз.

Таң атқанша дуладық:

«Біз өзгеріс күтеміз...».

 

Жадты әрі қарай түгесіп...

Бойды кернеп зілдей мұң.

Тіпті Омарға ілесіп,

Жыладым ба, білмеймін.

 

...Азайды, рас, күлкім де,

Өтер жиі ой-тізбек.

Омар да жоқ бұл күнде,

Кетіп қалған Цойды іздеп.

 

Таба алмадық дұрыс Мән,

Тыңдап Уақыт дәрісін.

Бас алмаймыз жұмыстан,

Бала-шаға қамы үшін.

 

Өзгермеймін деп едім,

Сөзге ермеймін деп едім...

Неге жиі тыңдаймын,

Виктор Цойдың өлеңін?

 

Айтып жатыр жұрт түрлі ой,

Шықты-ау түте-түтеміз...

...Шырқап жатыр Виктор Цой:

«Біз өзгеріс күтеміз...».

КӨКТЕМ. КАРАНТИН

 

Жанам деген жүрекке деп от берсем,

Кешікпей-ақ келіп ең-ау, Көктем, сен!

Ал мен үйден шыға алмай,

Құшағыма ап, маңдайыңнан сүйе алмай,

Бой шарпыған алау демің зияндай...

Терезеден қарап тұрмын ұялмай.

Кешермісің сен мені,

Тек сыртыңнан сүйсінумен шектелсем.

 

Назың қандай әдемі,

Сазың қандай әдемі,

Қылығыңмен құрттың әбден діңкемді.

Сырт көзге тым көрінетін сабырлы,

Мазақ қылып менің мынау халімді,

Арсың-гүрсің, алшаң басып барды да,

Айдың аппақ анарын сұр бұлт «емді...»

Соның бәрі... әлгі ақылдың.. әлегі.

 

Ойнақ салған ерке елігі даланың,

Құтты болсын қадамың.

Ашу-ыза сезілген,

Оқып тұрмын көзіңнен,

Ең бір сорлы жанға балап жердегі,

Кінәлайтын секілдісің сен мені.

Сезімінен ақылы асқан кезде бір,

Қарындастың қалдыратын көңілін,

Кейде сондай сәті болар ағаның.

...Қырға шығып, гүл тере ғой, қарағым,

Ал мен үйде боламын...

 

***

Наурыздың бірі келді.

Көктем қыз таққа отырды бүгін енді.

«Ай, қатын бастаған көш оңбайды» — деп,

Кәрі Қыс қу жанынан түңіледі.

 

Ішінен қайталайды «әттегенін»,

Сонда да естіп қалдым «Қап...» дегенін.

Өз қызы ғой.

Бірақ та перзентке де,

Қиятын дүние ме тақ дегенің...

 

Биліктен айрылу да оңай емес...

Өтеді көз алдынан талай елес.

Әлі де борандатып көру керек,

Беріле салған бірден қолай емес...

 

Көктемнің кереметін қара да да тұр,

Бір әдемі ыңыл бар далада кіл...

...Әрлеу үшін ұлықтау салтанатын,

Алыстан қалың әнші келе жатыр.

 

Құрығынан қаштым да саяқ мұңның,

Анау қырды көңліммен бояп, күлдім.

...Қанша тұяқ серіпсе де дәурені өткен,

Қысты да бір жағынан аяп тұрмын...

 

***

Нелерің бар көктемде?!

У-шу етіп ауыл-елдің арасын,

«Келмеді...» деп,

«Кешікті...» деп кінә артып.

...Ай дидарын бір көруге құмартып,

жүргендер көп болғасын

Білгені де бағасын.

 

«Ерте шықсам, балтырыма сұқтанып,

Сығаласып есіктен,

Кіл өлеңші айналдырып өлеңге,

Жеңілтек боп көрінбейін...» деген де,

Сұлуға әркез жарасады кешіккен...

Кеше сүйген ақ қар енді мезі етіп...

Шыдамай сәл ызғарға.

...Ерте шықса, сөз етіп,

Сәл кешіксе, сөз етіп.

«Жас он бестен асқасын»,

Сөз ереді, ә, қыздарға?

 

Ар жағынан боз бұлттың,

Сығалап тұр ол деген.

Сыбырлауға да жетпей қап батылым,

Тек ішімнен «Шық...» деп ем.

Кенет оның өрт демінен бұлт еріп,

Ерініме шөлдеген,

Тамшы тамды ақырын...

 

Ол ұялып, басқа бұлтқа тығылды,

Дегенмен, бір жарқ етті ақ маңдайы.

Мен аңырып тұрып қалған сәтте бір,

«Сүйіншілеп» Жел-жүгермек жүгірді,

Жырға толып таңдайы:

«Көктем келді...»,

 «Көктем келді...»

Көктегір.

 

ҚАНДЕН

Бір қанден бар, сүйкімсіздеу реңі,

Менің төбем көрінгеннен үреді.

«Кеше өйтті...»,

«Бүгін бүйтті...»

«Ал ертең...»

Күн ұзаққа шабалаңдап жүреді.

Үрсін, мейлі, үру, сірә, міндеті,

Бәлкім, оның маған деген құрметі.

Айтақшының алдында адал ас ішкен,

Ата қанден жолына ие «үмбеті».

 

«Ит үреді, керуен көшер...». Далбаса,

Тіпті басты ауыртпаймын мен де аса.

Балтырыма тісі батпас.

Тек қана

Қытығымды келтіргені болмаса...

 

ӘЖЕМНІҢ ӘНІ

«Ақтөбенің ағын суы лай-ды...»,

Екі диқан өлең айтып, жылайды.

Әжем айтатын ән

 

Айтқанда төгілердей шер көңілден,

Осы әнді тыңдап өстім жөргегімнен.

(...Жиырма жыл Ақтөбенің дәмін таттым,

Ағын су лайланған көрмедім мен).

 

Заман жоқ алағайлы, бұлағайлы,

Төбемде жарқырайды күн арайлы.

Айналам қалың диқан, ән айтқанда,

Күледі олар, бірақ жыламайды.

 

Секілді кестелі өлең — өз құрдасы,

Келеді-ау, әжем айтса, сөздің нәші.

«Әлди, әлди, ақ Талғат...», «Екі диқан...»,

Бесікке төгіледі көздің жасы.

 

Әжемнің айтқан әні мұңға орайды,

Әжім қуып аққан жас сырғанайды...

...Диқанда, Ақтөбеде шаруасы жоқ,

Қарны ашса, Талғат батыр іңгәлайды.

...Дүние кеткен кезде шыр айналып,

Жөңкілді-ау, олай халық, былай халық.

Қарасам, әжем әнді айтқан екен,

Көңілі кеткен кезде лайланып...

 

«Туған жер, артта қалып барасың ба,

Сені іздеп, қайран жүрек, аласұрды, ә?»

...Жыламай қайтсін енді екі диқан,

Әмудің ән сап жүріп, жағасында.

 

Әжем жоқ, анам да жоқ мың айналар,

Кетті іздеп аспан жаққа Құдайды олар.

Тек солар салған әндер еске түссе,

Біздің де көңіл-дария лайланар...

 

УӘДЕ ЖАЙЛЫ БІР ӨЛЕҢ

Біраз уәде берілді. Тағы сендік біз енді,

Уәделердің бұрынғы

жал-құйрығы күзелді...

Жаңа киім секілді уәденің де жаңасы

керек бізге.

Ол да ертең тозады ғой,

қарашы...

Тозса тозсын. Уәде – қуануға себеп шын,

Азғантай күн жарқырап жүргенге бір

не жетсін!

– Уәдесінде тұрмады ол, –

дейсің көзің күлмеңдей,

Уәдеңе өзің бір берік болып жүргендей.

Өтірігің шығарсам, неге сонша мұңайдың,

Уәде беріп едік қой, біз де

алдында Құдайдың.

Шіркін, айта салуға қызыл тіл мен

жақ дайын,

Әйеліңе берілген уәдең жайлы айтпайын...

Сөзге тоқтап, шегінер түрің көрінбейді ғой,

Уәде кейде орындау үшін берілмейді ғой...

...уәде беріп, ат мінсін сұлу қыз бен

дөкей ұл,

Құдайды алдап жүргенде, халық деген,

не тәйір...

Иә, іштей сенбейміз.

Сыр білдірмей, алайда,

сырт көзге әбден сенген түр көрсетейік,

жарай ма?

 

УТОЛҒАН

 

Уақыт зулар. Кім бар қарсы тұра алар?

Саналы ерге заман жүгін артады.

Біздің қоғам Құнанбайды кінәлар,

Өлтірді деп Қодар менен Қамқаны.

 

Қодар, Қамқа кінәсіз бе... кім білген,

Бірақ күллі дала кезген сөз тарап,

Елдің ішін ала тайдай бүлдірген...

(Бір жамандық екіншісін қозғамақ).

 

Ерік берсе, ата дәстүр қирамақ,

Бұдан әрі шыдап бір сәт тұра алмай.

Қасына кіл ел жақсысын жинап ап,

Жамандыққа тас жаудырды Құнанбай...

 

...Езбіз, қандай ерсі іске де көнеміз,

Қапелімде жауған қардай жаз күнгі.

Таспен ұрып, өлтірмейміз неге біз,

Өз қызына... өзі шапқан азғынды?

 

Ақын – сорлы, айтар сөзден тартынса,

Заман желі быт-шыт қылған ұя көп.

Кешір Алла... еркекке еркек артылса,

«Ақтар» біреу «Демократия...» деп.

 

Ібіліс не десе-дағы құп алып,

Бара жатыр улап-шулап көп тасыр.

...Тереземнің сыртында ернін шығарып,

Ыржаңдайды Құнанбайы жоқ ғасыр.

 

***

Мына Ақпанға не болды-ей, ыбылжып бір,

Аяз басы салбырап, күмілжіп тұр.

Астыңдағы ат, қолдағы қамшың қайда,

Бірдеңе десеңші енді-ей, тілің жұтқыр...

 

Қара жаңбыр ұмытып күдікті енді,

Аппақ қардың бетін сәл тіліп көрді.

Аяғынан су өткен қыз жылайды,

Ұнатпайды ол ынжықтау жігіттерді...

 

Басыңнан бақ тайса, Ақпан, кері кетерсің,

Жер мен көктің арасын селдетерсің...

Бар ашуын жиып кеп... айта алмайтын,

Сен де бір біз секілді сорлы екенсің...

 

***

Ақ боран-ау, ақ боран,

Ақпанда әбден жараған,

Ақ бурамсың сен менің.

Дүние есігін ашқанда,

Сен ең алғаш көргенім.

Содан бері өзіңсің –

Арқа сүйер, сенгенім.

 

Арғымақтың арманы:

Желді күні аяз болғанша,

Алты күн боран болсайшы.

Арғымақ ердің арманы:

Қасқыр алар қанды көз,

Қолыма кеп қонсайшы.

Тілегіне екеудің

Тәңірім, құлақ салсайшы.

 

Ақ бораным – ақ бурам,

Жының шашсаң дәл бүгін,

Айтпас ешкім артық деп.

Күбір-сыбыр әңгіме айтып сыртыңнан,

Қадіріңе жете алмайтын тантық көп.

Сондықтан да барлығыңды білдіріп,

Қамшыңменен қақ маңдайдан тартып кет.

Кәрі еменді құлатып,

Жас ағаштың намысын бір шарпып кет.

 

...Уақытымды ұрлаған,

Талай-талай данышпанды тыңдағам.

Айтқанынан шыға алмай қап солардың,

Өзімді іштей мүжіп әбден жынданам.

Алыстайын десем енді бұлқынып,

Одан әрі шырмауыққа шырмалам.

Үзіп соны шығарға,

Ақ боран-ау, қиып түсер қылыштай

Мінезің бір керек болып тұр маған...

 

ҚОҢЫРАТ ШАҺАРЫ

Кім келмеген Қоңырат бұл?!

«Пайғамбардың қызы» жатқан нән қорым,

Бізді алыс дәуірлерге жалғап тұр.

Мойнақ жақтан ескен Жел,

Бақырғани жырын айтып, сарнап тұр.

Қыр басынан Ер Дәуіт,

Ойдағы елдің тіршілігін барлап тұр.

 

Кәпір келіп, таптағанда намысын,

Қара қазан, сары баланың қамы үшін.

Сырым батыр аттанғанда Хиуаға,

Қоңыратқа аялдапты, арысым.

«Хорезм жұрт, Қоңыраттан

шықтым...» деп,

Әнге қосқан Батақтың ер Сарысы.

 

Келген жанның түсер бірден назары,

Қайран, біздің Қоңыраттың базары.

«Бұндай қауын көрмедің деп мазалы...»,

Диқан өзбек даусын әбден созады.

Талайлар кеп өзек жалғап, ес жиған,

Берекесі шайқалмаған ел ғой бұл,

Оттан түспей қазаны.

 

Орыс келіп, ел ішіне сыймаған,

Кескекті ерлер паналап.

Қашқандар да Хиуадан,

Тек өзіңді жағалап.

Еркіндік тек сенде бопты-ау, шәрім-ай,

Қас дұспанның атқан оғы дарымай,

Аман қапты жеткен сені сағалап.

 

Атың енді аталмай көп мінберден,

Бүгінгі ұрпақ сені жат деп күлгенде.

Ту сыртымнан менің көп ит үргенде,

Кімге барып, айтып жүрем, дүние-ай,

Шекті Әзберген хан болған деп бұл жерде...

 

Қорлық көрген кеше осы,

Қайтып мұнда көп адамның есесі,

Толған әбден кесесі.

...Қоңыратқа жолың түссе, бауырым,

Кірер тұста қарсы алып,

Кетеріңде шығарып сап, жол сілтер,

Айбергенов Төлегеннің көшесі.

 

КЕГЕЙЛІ

 

Айбергенов жырын жазған мерейлі,

Сен жайында көне тарих не дейді?!

Қанат жайып, айдыныңа қонуға,

Бала қаздай талпындым мен, Кегейлі.

 

Нар боп туған туған жердің бағы үшін,

Әр адамың секілденіп танысым.

Жылуан жаптың көрген шақта ағысын,

Демім жетпей, алқындым мен, Кегейлі.

 

Он төртінде туған жаңа Ай ма екен,

Кірпігі оның көктен түскен жай ма екен,

«Кегейліден су алған қыз»* қайда екен?

Шағаладай шарқ ұрдым мен, Кегейлі.

 

Бәз біреулер жыртып кейде көмейді,

Бұрқылдайды (айта берсін, е, мейлі,

Іші пысса, жұрт осы не демейді...)

Бағаңды әр кез халқың білген, Кегейлі.

 

* Ән аты.

 

2275 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы