• Әдебиет
  • 18 Ақпан, 2021

ШЫНАЙЫ ШЫҒАРМАНЫҢ ШЫНДЫҒЫ ӨЛМЕЙДІ

Жазушы  Дәурен Қуаттың «Бөрісоқпақ» 
кітабы хақында

Кейде осы әдебиет болмағанда «адам жаратылысының жұмбағы шешілмей, болмысының құпиясы ашылмай, әрі-беріден соң жанында тұнып тұрған тағдыры, азап-шері айтылмай кетер ме еді?..» деген ой келеді. Жұмыр басты пенде итшілеген тірлікке әуелде өзінің көзімен қарап үйренген. Бірақ оның жанында тұнған қалың қайғы, ауыр мұң толқытатын бір құбылыс болмаса ашылмаған жұмбақ арал сияқты қала береді ғой. Адамның жанары өзінің жүрегіне көп түсе бермейді. Адам-пенденің көзі жүрегіне түскен күнде де, өзінің жанынан көп ештеңені көре ­алмауы мүмкін. Содан да бәлкім адам дейтін күрделі жаратылыстың тағдыр-талайы жіті зерттеліп, тасқа көп басыла қойған жоқ.

Қоғамда қазір кейіпкер көп дейміз. Бір қарағанда анау да, ­мынау да кейіпкер болуға лайықты ­сияқ­ты. Әсіресе қазіргідей түрлі тә­сіл­дер арқылы, заманның барлық мүм­кіндіктерін пайдаланып өзін көр­сеткісі келіп тұратындар жетіп-артылады. Бірақ соның бәрі әдебиет дейтін ұлы әлемнің күрделі талабына жауап бере ала ма?! Шын жазушының көзіндегі кейіпкерлердің жан әлемі мүлде бөлек. Тағдыры да. Шынайы шығарманың шындығы өлмейді. Бұрынғыдай бағланның балбыраған етіне тойып, сары қымыз сапырып ішіп, соңынан кекірік атып отыратын байдың да, сіңірі шығып, қой соңында жүретін тақыр кедейдің де ­образы бүгін жоқ. Керісінше, ­жанында азап-шері толқыған, тағдыры тартысқа толы кейіпкерлер галереясы қалыптасты. Жазушы Дәурен Қуаттың «Мүйіз тарақ» әңгімесіндегі жалғызбасты ­Рымкеш кемпірдің жағ­дайы адамның болмысын екі қырынан көрсетеді. Кемпірдің өзі өмір­дің талай теперішін көрген, сонда да сынбаған рухтың иесі. Оған күміс тарақ сыйлаған ағасы Тұрсынахметтің бейнесі қосылады. Алайда екеуі де заманның құрбандары еді. Екінші «ақ жағалы дөкейлер қауымы» және оның жанындағы ләббай-тақсырлаған әлде­кімдердің бейнесі. Мұндай екі түрлі бейнелер барлық қоғамда болған. Әлі де бар. Ілгеріде Рымкеш кем­пірдің үйіне келген «нәшәндік орысшалап былдырға басқанда», жанындағы «майысқақ қазақ ынсапсыз ыржиды». Бұдан әрі жазушы сол «майысқақ қазақтың» аузына: «Сосын: – Жолдас, – деді, – сіздің қызметіңізге, дәміңізге мына үлкен кісі рақметін жаудырып ­жатыр. Сіз де қысылмай еркін отырыңыз. Сәбет әйелдері еркін, ашық болуы керек. Сол үшін алдымен басыңыздағы жау­лықты сыпыра салыңызшы» деген жан түршігерлік сөзді салады. Бұл сөзде ұлттың барлық азап-шері бар. Бізді құртып жүрген де осы мінез. Құндылықтардың жоғалуы деген орны толмайтын өкініш бұл. ­Сонда әйелдің басынан жаулығы сусып түсе бергенде, басындағы күміс тараққа «құлын жегіш құрдымның» көзі түседі. Содан кейін «Құлын етіне мелдектей тойып, күміс тарақты олжалаған ұлық белінде тасыған қан­ның қызуымен құтырып, құмасы жыр­тылып-айырылатын қаласына қайтты». Бұлар да – құрбандық. Жа­зу­шы бір адамның қасірет-қай­ғысын жазу үшін осылайша екі түрлі әлемді ашып көрсетеді. Деген­мен, бұл жұмыр басты жалғыз пен­­денің қайғы-қасіреті емес-ті. Өмір­дің ақ пен қарадан тұратыны ­сияқ­ты, мінездердің, жаратылыстың ­ке­ре­ғарлығы да адамзат тарихында ықы­лымнан бар нәрсе. Жазушы осы­нау жайттарды терең зерттеп, оқыр­ман­ның санасын өзге бір әлемге жетелейді.

Жазушы, ақын болуға таласқан үшеудің әңгімесінен бастау алатын «Бөрісоқпақ» әңгімесі де қаламгердің жан түкпірінде толқып жатқан бір күйді шертеді. Ұлы даланың қай қиырында да бөрінің соқпағы бар. Бұл әңгіме әуелгіде түркі халқының көнеден жеткен Қасқыр-ана туралы аңыз-әңгімесін еске салды. ­Сондай-ақ кеше мен бүгіннің аражігін талдап, таразылап көрсетеді. «Қасқыр емгенбіз». «Қазір енді бөтелке емеміз». Сол баяғы үшеудің әңгімесі бұл. Бірақ осы екі сөйлемнен жүрегіңнің зырқ ете қалғаны өзіңе байқалмауы мүмкін. Осы бір-екі ауыз сөзде қоғам, заман демейік, азып-тозған адамның нақты мінезі мен тағдыры жатыр деуге болады. Жазушының ойын өмірі ойран қылып тұратын «кеше қайдан келдің, ертең қайда барасың?» деген мәңгілік сауалдарға жауап іздегені деп ұқтық. «Ертеңінде Т. қаласының тұрғындары тегіс қасқырға айналып кетті. Бөлтіріктерін ерткен үйірлі көкжалдар жалаң қағып, әсем шаһардың көшелерін кезіп жүрді» деген жазушының шығарманы өру мәнеріне миф араласқан. Яғни бұл да тылсымнан тамыр тартатын түркілік ұлы сарынның үзілмей жеткен бір күйі. Осы оқиғаға ұқсас, Тұрсын Жұртбай «Дулыға» атты кітабында Граковтың: «Неврлер туралы әңгіме­легенде, оларды сиқыршылар екен деп айтады, себебі  олардың әрқайсысы жыл сайын екі-үш күн бөріге айналып кетіп, қайта қалпына түседі екен-міс» деген қызық дерек келтіреді. Ал қасқырлардың көшелерде сойқан салған көрінісін оқығанда обал, ­сауап сияқты құндылықтардан көз ­жазып, бірін-бірі қасқырша шайнап, итше талаған адамзат баласының бүгінгі халі көз алдымызға келе берді. Адам қазір жолайырықта тұрғандай шарасыз күйде. Қимайтыны көп, аңсайтыны одан да көп. «Міне, дәл осы кезде, түн жарымында, ақбурыл, кең кеудесін шалқайта тастап, жуан, жалдас мойнына біткен үлкен, қаһарлы басын тік көтерген кәрі, көсем арлан тұмсығын көкке созып ұлыды-ай келіп. Ол күңіреніп ұзақ ұлыды». «Ұли алмайтын ұрпағының, зәу-затының қорқаулығынан қорқып та, қорынып та ұлыды. Көсем жалғыз ұлыды» дейді жазушы. Жалпы Дәурен Қуат адамдардың жан арпалысын ұлы тарихтың кейбір сәттерімен байланыстыра отырып, қасқырлар арқылы беруді қаламгерлік шешімі ретінде қабылдаған сияқты. Тағы да арлан бөрінің ұлыған сәтінде санамызда ежелгі бабалар танымы қайтадан бас көтерді. Бұл эпизод қыпшақ көсемі Бунақ ханның (бір деректерде Боняк) шайқасқа кірер алдында оңаша кетіп, қасқыр болып ұлитынын еске салды. Аталған шығармада да тағдырдың талай құқайын көрген Кенжеахмет пен көсем бөрінің оқиғасы қатар өріледі. Әңгіменің шешуші кезеңінде екеуі де діттеген жеріне жетіп, өз соқпағын табады.

 

Жазушы «Тас монша» әңгімесінде осындай дүниені ескертеді. Мұнда да тән тазалығы мен жан тазалығы қатар өріледі. Тоз-тозы шыққан ауылдың жан ауыртар көрінісі. Шығармадағы ең бір жаны таза кейіпкер Ақжан: «Бұл ауылдағы жұрттың тәнін настық, тәнін әбілет басқан» деген қор­қынышты сөзді айтады. Осы арқылы бүкіл адамзаттың трагедиясын ашып көрсетеді.

 

Дәурен Қуаттың кейіпкерлері өзіндік бітім-болмысымен, мінез-құлқымен ерекшеленеді. Жазушының шығарманың өзегін дәл табу, образды даралау, оны өзара сабақтастыру мәдениеті оқырманға бірден аңғары­лады. Мәселен, «Әлқисса. Шах­маран­ның кітабы» әңгімесіндегі Жамау бейнесі. Бұл Солтанбай қарттың бейнесі арқылы толыға түседі. Жалғыздықтан жапа шеккен Жамау арқылы жазушы бүгінгі күннің өзекті мәселелерін көтереді. «Ала жіп көрсе, асылып өлетіндер көбейді; сөз жарыстырғаннан бөз жарыстырған озып, бәкене бойлы бәсеке күшейді» деу арқылы адам бойындағы асқынған рухани дерттің тамырын тап басады. Ұсақталу дейтін бір алапаттың басталып кеткенін айтып дабыл қағады. Сонымен қатар  «Шахмаранның кітабы» арқылы жоқ іздеген жанның жан ышқынысын да көркем бейнелейді. Бұл әңгіме негізінен өмірден ерте озған ақын, әдебиетші Әмірхан Балқыбекке арналыпты. Ілгеріде Әмірхан ағаның «Қазақ жазушысы Нобель сыйлығын қашан алады?» (Шахмаранға хат) деген дүниесін оқып едік. Бұл көркем шы­ғарма болмағанымен, ақын мұнда да «жанына сайғақ құрлы сая таппай» кет­кен ұлы дарындардың тағдыры мен шы­ғармашылығы туралы ой қозғаған.

Адамзаттың көзі де, қиялы да жет­пейтін талай кезеңнен бері сол адамның ішінде ұлы құбылыстар өмір сүріп келеді. Адамның өзіне де беймәлім құ­былыстар, бәлкім, еркінен тыс болатын дүниелер күні бүгінге дейін толық ашыла қойған жоқ. Мәселен, жоғарыда сөз еткен «Бөрісоқпақ» әңгімесіндегі қала тұрғындарының қасқырға айналып кету хикаясы, сондай-ақ «Кірекей-Күнекей» әңгімесіндегі аңшының әйелін ұрлап әкеткен Қара Дүлейдің оқиғасы, одан жыландардың көсемі Бапы Балқы әңгімесі, міне, мұның бәрі де адамның болмысынан алыс емес дүниелер. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» деген романындағы Макондо кен­тінде өткен оқиғалар да, әйелдің құй­рығы бар бала туудан қорқып, жүкті болудан қашатыны, Орхан Памуктың «Ақ қамал» романын­дағы егіз адамдардың бір-біріне еліктеп, бірінің өмірін екіншісі сүрмек болатыны сияқты дүниелер де сол адамзат тағдырының тылсымынан тамыр тартады емес пе?! Өзіміз күнде көріп жүр­ген адам нәсілінің осы күнге дейін тамырында қандай күй ойнап, қандай шер төгілгені бізге беймә­лім ғой. Осы сияқты, Дәурен Қуаттың да шығармалары бір қарағанда ертегі секілді болып көрінеді. Бірақ бұл – ертегі емес. Жазушының таланты мен шеберлігінен өрілген өмірдің өзіндік құбылысы.

Жалпы шынайы шығармашы­лық­тың адамы көрген-баққанын жіпке тізе бермей, өзінің ішкі түйсігі арқылы болуы мүмкін түрлі жағдай­ларды ескертуші ғой. Қазір не болмай жатыр.  Оның бәріне таңғалудан қалдық. Таңғалудан емес, қорқудан қалдық. Енжар жүргенде Абылай ханның түсіндегідей болып кетуіміз... Жазушы «Тас монша» әңгімесінде осындай дүниені ескертеді. Мұнда да тән тазалығы мен жан тазалығы қатар өріледі. Тоз-тозы шыққан ауылдың жан ауыртар көрінісі. Шығармадағы ең бір жаны таза кейіпкер Ақжан: «Бұл ауылдағы жұрттың тәнін настық, тәнін әбілет басқан» деген қор­­қынышты сөзді айтады. Осы арқылы бүкіл адамзаттың трагедиясын ашып көрсетеді.

«Қызыр әулие мен Мұса ғалайас­са­лам» әңгімесі де  жазушының тыңға түрен сал­ған дүниесінің бірі. Мұса пайғамбар­дың аты қасиетті Құранда да, Библия кіта­бында да аталады. Қызыр әулие мен Мұса пайғамбардың хикаясы қасиетті Құ­ранның «Кәһф» сүресінде де ­баяндалады. Мәселен, кейбір ғалым­дар Мұсаны тарихта болмаған деген пікір айтады. Ал бірқатар  дінтанушылар Қызыр әулиені Ілияс пайғамбар болуы мүмкін деген жорамал келтіреді. Бірақ әңгіме мұнда емес. Әйтеуір, Құдайдың ұлы құдіретіне сенген қазақ үшін бұл екеуі де – киелі адамдар. Қазақ ұғымындағы Қыдыр ата бейнесі де осыған барып (Қызыр әулие) тоқайласуы мүмкін. Шығармада ­жазушы Әбірем атты кейіпкер арқылы адамзат үшін мәлім де беймәлім тарихи шежірелерге үңіледі. «Мен шалдың шаршап-шалдығып, бүгжеңдеп әрең жеткізген ­тастарына үңілдім. Біртүрлі қызық тастар. Мысалы, мына біреуін ұршықтың тасы дерсің. Енді бірі найзаның ұшына келеді. Сүйір. Қайсыбір қаймақ тастың бетіне таңба-бедер түскендей» дейді ­жазушы кейіпкері жайлы. Енді сөзді Әбірем қарттың өзіне берейік. ­«– Айналайын, бұл – осы даланы ­мекен еткен сенің ата-бабаларыңның көзі. Бірі – мүлік, бірі – қару, бірі – тіл. Мүлкі де, қаруы да үн қатуға бейіл. Бірақ соны еш ескермейсіңдер!» дейді ол. Ұлты ебірей шалдың тарихи түсінігі оқырманды көп ойларға жетелейді. Әңгімеде Әбірем (Абрам) қарттың тағдыры арқылы жер бетінде туған топырағынан тыс қалған ­талай тағдырлар туралы ­айтылады. Бірақ тәлкек көрсе де тарихын ұмытпаған қарт кейіпкер Мұса мен Қызыр оқиғасын есіне алып тұрады. Ақыр соңында ғұмыр бойғы арманы орындалып, Ащыбұлақ ауылындағы Әбірем қарт Абрам Нойман ­болып Бәни Исрайыл топырағына, ­Иерусалимге аттанып кете барады. Яғни әрбір адамның туған жеріне, топырағына дүниеге келмей тұрып-ақ рухымен серт бергеніндей, оның да сол серті орындалады.

Дәурен Қуаттың әңгімелері туған ел мен жер, оның тарихы, діні мен рухы төңірегінде өрбиді. Шығар­маларынан бабатанымдық бірегей леп есіп тұрады. Ол оқырманға бәрін түгел баяндап бер­мейді. Кейбір шығармалары шешімін оқыр­манның еншісіне қалдырады. Бір ғажабы, әр әң­гімесінде қазақ дейтін қасиетті ұлттың топырағында жаралған ұлы аңыздар, тарих, шежіре айтылады. Бұл ұлттың рухын алға бастап барады.

Хамит ЕСАМАН

 

3294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы