• Әдебиет
  • 18 Ақпан, 2021

АЛМА АҒАШЫ ГҮЛДЕГЕНДЕ

Қали СӘРСЕНБАЙ
«Ana tili»

Қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев дегенде, ең алдымен, Алматыдағы Абай ескерткіші еске түседі. Ұлы Мұқаңның биік бағасына ие болған алып өнер туындысы бүгінде жарты ғасырдан астам уақыт ұлт рухына қызмет етіп келеді. Атақты мүсіншімен өмірінде бірнеше мәрте кездескенде өзінен гөрі ұлтымыздың ұлық тұлғалары туралы көп тебіреніп айтатынын аңғарып едім. ­Сонау бір балшық илеп жүрген бала күнінде, Торғай даласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың көзіне түскен баланы ол кісі ұмытпай жүреді екен. Күндердің бір күнінде тұлпарды тай кезінен таныған ол баланы Алматыға алдырып, оқуға түсіреді. Сөйтіп, оның жолын ашады. Хакімжан ағаның «Нұртас аға болмаса мен кім болар едім?» деп жиі күрсінетіні де содан.

Әлгінде айтқанымдай, ол өмір жолында қолтығынан демеп, қолдау жасаған біртуар тұлғалар туралы айтуға әсте жалықпайтын. Бірде Қазақстаннан қолдау көрмей, өзбек еліне кеткен біртуар суреткер, Қазақстан мен Орта Азия суретшілері арасынан шыққан тұңғыш көркемөнер академигі Орал Таңсықбаев туралы былай деген еді:

– 1952 жылы Әбілхан аға екеуміз Ташкентте тұратын Орал Таңсықбаевқа бардық. Осы күндері әйгілі суретші туралы зиялы қауым арасында алуан түрлі әңгіме жүретін. Елге танымал үлкен ағаларымыздан «Орал ана жақта өзбектің суретшісі болып жүр ғой» деген жан ауыртатын сөзді жиі еститінбіз. Осындай бір сөз намысымызға тиіп, Әбекеңді ертіп Ташкентке тарттық. Оралдың үйінде аунап-қунап біраз күн жаттық. Ол Өзбекстанның атақты суретшілерін шақырды. Сондағы Оралдың ақылдылығы, парасаттылығы әлі күнге есімде. Жаратылысы мүлдем бөлек суреткер еді. Әбекең екеуі құрдас қой, әзілдері жарасып, ұзақ қауқылдасты. Е, бауырларым, әркімге туған жері, туған халқы ыстық қой. Мен оны сезсем керек. Байқап жүрген боларсыңдар, менің атамекенге деген сағынышым – шығармаларымда. Бұл өзбек те бір туысың, арысың. Қай қиырда жүрсең де, өз ұлтыңа кір келтірмей өткенге не жетсін! Мен қазақтың қонақжайлылығын, мәрт мінезін, мынау өзбектер көзі отыр ғой, көңілдеріне келмесін ұдайы айтып отырамын. Қайда жүрсем де осы тілектің үстіндемін. Бір-бірімізді қадірлеп жүрейік деп еді, сонда қайран Ораға. Сол сапардан кейін Әбекең Орал туралы көп айтатын, көп толқитын.

Қарапайымдылықтан құйыла салғандай қа­зақ­тың қалақтай қара шалының әр әңгімесі әр тұлғаның осындай ерекшеліктерін ашып айтуы­мен есте қалатын еді. Қайсыбір жылы Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін өз ауласында сомдап жатқан кезінде кездестік. Кейіннен осы алып ­туынды өз орнын тапты ма, жоқ па, ол жағынан ­хабар білмедік. Есесіне, сол жолы осы суреттің түсірілу жайын сұрағанымыздағы ағаның ақ жарылып айтқан әңгімесі есіме түсіп отыр.

– Зымыран уақыт-ай! Бұл сурет те тарих қойнауына кетіп барады. Оған да 15 жылдың жүзі болып қалған екен. Ғабеңнің арамызда жүргені кеше ғана еді.

Менің бір Ольга Николаевна Кудрявцева деген ұстазым болды. Ғажап адам еді. Сол кісі айтатын: мүмкін болса өз ұлтыңның атақты адамдарымен араласқанның, таныс болғанның пайдасы көл-көсір. Бұл – оларды бөгде бір мақсатқа пайдалану үшін емес, әрине. Сен суретшісің, шығармашылық адамысың. Суретші бәрін де көру керек, білу керек. Атақты адамдар қашан да ортаймайтын қазына, ақылдың кені дейтін.

Сол кісі айтпақшы, ұлтымыздың әйгілі адамдары Дина, Күләш апай, Қанабек, Құрманбек, Ғабиден, Сәбит, Ғабит ағалардың алдын көргенімізге, әңгімесін тыңдағанымызға өзімізді армансыз сезінеміз. Олардың қай-қайсысы да болсын заман алға озған  сайын биіктей беретін тұлғалар. Ал Ғабеңнің биіктігі турасында мен тереңдей айта да алмаспын. Бірақ дәмдес болған аз уақыттың ішінде ол кісінің бойындағы сан-алуан асыл қасиеттерге әлі күнге қайранмын. Мына бір фотосурет біздің отбасының альбомында ең қымбат дүниедей сақталып, бейнелеу өнерінде Ғабең бейнесін қалдырсам деп сонау бір арман қанатында жүрген жылдарды еске түсіреді. Тәйірі, Ғабеңді кім бедерлемеді дерсіз.

Талант деген жылдар жылжыған сайын әр қырынан ашыла береді ғой. Ғабеңнің әңгімесін тыңдау, жүріс-тұрысынан тағылым алу, әрбір детальға дейін бағу қажет болды. Осындай ұзақ мехнаттан соң мүсін туады. Ал бірден ұқсата салып, еш қимылсыз жасай салу түк те емес. Әлгіндей әрекеттерге бару, қиын да қызықты күй кешу бөлек болады. Міне, осындай мақсатпен Ғабеңмен бірнеше жылдар бірге болып, алдын көрдім. Өз қолынан талай дәм таттық. Соның бәрінде де, міне, таптым деп бір шешімге келу қиын еді. Сондықтан ба екен, бәлкім жүрексіндім бе, көзі тірісінде бейнелей алмадым. Өмір бойы жазып келемін. Әбден иі қанғанша бір тоқтамға келмеуім де сондықтан. Есесіне қазір бір ұлы сағыныш бойды билеп алған.

Енді осы фотосурет туралы бірер сөз. Бұл 1980 жылдың шілдесі. Ұлым, сәулетші Нұртастың өз бағымызда түсірген суреті. Алма ағашы гүлдеген шақ еді. Сондай бір күні ол кісіні қонаққа шақырдым. Сол жақтағы академик Манаш Қозыбаев. Менің есіл-дертім Ғабеңнің әр қимылында, әр сөзінде, ісінде. Әдетте суретші деген халық әйел баласын бізден артық жазатын жан жоқ деп біледі. Ғабеңнің ана тақырыбында жазған бірден-бір қаламгер екені әмбеге аян. Мына суреттегі әңгіменің арқауы сол әйел, ана бейнесі туралы болды. Сол жолы Ұлпан бейнесін қалай жасағандығы жөнінде көп сұрадық. «Мен әйелді өмір бойы жазып келе жатырмын. Бірақ әлі түсінген жоқпын» деп еді сонда. Сірә, ұлылық пен қарапайымдылықтың қабысуы осы шығар. Бұйыртса Ғабеңнің мүсінін тоқсан жылдығына орай бітірсем бе деген ойдамын.

Бұл суретте мен өзімді көрсетсем деген ойдан аулақпын. Ұлы суреткерлердің ашыла беретін сәті көп болмайды. Ал мына бір фотосуретте Ғабең­нің аса бір толғанысты күй кешкен сәтіне ортақ­тасуымызды өз басым өмір бойы бақыт көремін.

...Ғабеңдер елі ғұмыр бойы сағыныш етер тұлға ғой...

Уақыт дегеніңіз ағын судай ағады. Бүгінде Ғабең де, Хакімжан аға, Манаш аға да жоқ. Архивімде сақталып қалған осы бір суретті ұлт үшін аттан түспей атпал тірлік жасаған ағалардың бейнесін оқырманымыз көріп, бір көзайым болсын деген ниетпен ұсынып отырмын.

2356 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы