• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

ҮЛГІ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген 
қайраткері


Қазір ойлап қарасам, өзім сөз еткелі отырған бұл ағамды алғаш көріп, танысқаныма көп, өте көп жылдың жүзі болыпты. Нақтылап айтқанда, артық-кемі жоқ, тура жарты ғасыр. Таңғалатыным, содан бергі уақыт аралығында ол кісі онша көп өзгермеген. Болмыс-бітімі де, кескін-келбеті де. Олай дейтінім... Сөзі баяғыдай салмақты. Мінезі орнықты. Ісі тиянақты. Жүріс-тұрысы ширақ. Айналасына сирек те жіті қарап, шалт қимылдайды. Өн бойынан шашау шыққан артық нәрсені көрмейсің. «Киімінде қылау жоқ», – дейтін сыпа жанның өзі. Тоқ етерін айтқанда, бәрі де тап-тұйнақтай. Осыған қарап кейіпкерімізді құдды бір қайыспас та майыспас мық шеге, қандай жағдайда да сақпандай сарт ете түсуге әзір сұр жебе дерсің.

И

ә, өз басым бұл кісіні ең алғаш дәл жоғарыдағыдай жағдайда көргенмін. 1970 жылдың қысы еді. КазГУ-ге оқуға түскеннен кейін жатақхана тимей қиналып жүрген кезім. Сондай күндері екі-үш бала болып пәтер жалдап тұрған Кіші станицаға Баққожа Мұқаев атты туыс ағам іздеп келді. Сөз ретіне қарай айта кетейін, ол кезде бұл кісінің өзі де студент-тін. Журфактың 4-курсында оқиды. Аман-саулық сұрасқан соң алды-артыма қаратпастан тез жиналуымды бұйырды. Сөйтіп, ай-шай жоқ жанына ертіп алған күйі 19-автобус аялдамасына қарай тартты. Жолда келе жатып айтқаны, таяуда үйленеді екен. Жатақханадағы орнын 1-курс студенті маған беруді сұрап, декан Амандосовқа кіріпті. Сөйтіп, бәрін шешіп шығыпты. Енді соның құжаттарын комендантқа тапсырып, берілген орынды көрсетуге алып келе жатқан беті. Қайран бауырмал ағам-ай!.. Өзі студент болып жүріп, қалаға жаңа келген маған алаңдағанын көрмейсіз бе?!

– Бұл менің інім, – деді ол кісі КазГУ-дің Киров көшесіндегі 176-үй жатақханасының 4-қабатындағы бөлме есігін ашқан курстасына. – Ал мына жігіт Жақау деген ағаң болады. Фамилиясы – Дәуренбеков. Осы азаматтың артынан ерсең жаман болмайсың. Айтқан тілін ал. Жарай ма?

Бөлмеге үркектей кірген мен үнсіз ба­сымды изедім. Сөйттім де, алдымдағы бей­таныс жанға қарадым. Атжақты, қыр мұрынды, аққұба өңді ағай екен. Мөлдіреген тұп-тұнық көзінде ойлылық бар. Жүрісі жылдам. Үні ­биязы. Ал желкесін жапқан қалың, бұйра шашы ше? Бұған ұстарамен ұзын да, қысқа да емес, басып қойған қаумет сақал-мұртын қосыңыз. Осының бәрі ол кісінің орта бойлы, жинақы денесіне жарасып-ақ тұр.

Мен келгенде бұл бөлмеде Жақау аға ғана бар еді. Күн еңкейе бере оның «тұрғындары» мұнда біртіндеп жинала бастады. Содан кешкі шай үстінде түрлі жайттар сөз болды дейсіз. Әңгіме тақырыбының дені өздерінің күні бойғы университет пен кітапхана және кинотеатрларға барғандағы көрген-білгендері. Сөз арасында олардың көз қырынан араларына жаңа келген мен де қағыс қалғаным жоқ. Таныстырып, екі ортаға дәнекер болып жүрген, әрине, Жақау аға. Сонымен 411 деп аталатын бұл бөлмеде Дәулет Сейсенұлы, Шөмішбай ­Сариев, Смағұл Елубаев және Сұлтанәлі Балғабаев тұратын болып шықты. Мына фамилияларды естігенде таң-тамаша күйге түстім де қалдым. Өйткені бұл есімдер елге «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» және «Қазақ әдебиеті» газеттері мен Қазақ радиосының «Ұшқын» бағдарламасы арқылы танылған талант иелері еді. Танысып-білісу барысында олардың мерзімді баспасөз беттерінде көрінулерінен басқа да творчестволық жетістіктері тілге тиек етілмей қалған жоқ. Әңгіме арасындағы үзік-үзік сөздерден ұққаным: осы бөлмедегі Дәулет ағаның прозалық шығармалары жас жазушылардың 1968 жылы жарық көрген «Бәйшешек» ұжымдық жинағына, Шөмішбай ақынның өлеңдері 1969 жылы дәл сондай мақсатпен құрастырылып шыққан «Жас керуен» поэзиялық топтама кітабына кіріп үлгерген екен. Смағұл мен Жақау ағаларға келсек, олардың алғашқысының 1969 жылы «Жалын» альманағына «Ойсылқара» повесі, екіншісінің 1970 жылы «Жазушы» баспасынан «Бөген ауылының балалары» атты суретті кітапшасы жарық көріп, жұртшылық назарын өздеріне аудартқан. Қараңыздаршы, студент болып жүріп... Алға қарай қалай және қандай ұмтылыс жасаған десеңізші, бұл буын өкілдері.

Сөздің қысқасы, бірінші курстың басында мен, міне, осындай тегеурінді топ ортасына түстім. Оған сол кезде, одан кейін де қатты таңданғанмын. Қазір де таңғаламын. «Тәубе!» – дей отырып келмес күндердің сол бір керемет кездерін сағынышпен еске аламын. «Неге?» – дейсіздер ғой. Біріншіден, ол ағаларым маған бала деп қарамай, өздерімен тең санады. Және жатақханадағы төменгі курс студенттеріне әлімжеттік жасайтын тентек топтардан қорғай білді. Ал бұл сол уақыттағы өте керек те қажет нәрсе еді. Екіншіден, олар өздерінің жүріс-тұрысы, киім киісі және бөлмедегі тазалық пен кезекшілік кестесін қатаң сақтаулары арқылы тәртіп пен реттілікке үйретті. Үшіншіден, бұл ағаларымыздың ой-пікіріне қарағанда, журфак студенттері тек сабаққа барып, лекция тыңдап, берілген тапсырманы орындаумен шектеліп қалмауы керек сияқты. Мұнымен бірге олар университет қабырғасында жүріп, творчество деген қасиетті ұғымның тұңғыш қадамдары – жазу мен сызуға мықтап бет бұрып, машықтануы керек екен. Содан кейін оқу бағдарламасындағы кітаптардан басқа, мәселен, жылымық жылдарындағы «Новый мир» журналында жарық көре бастаған жария­ланымдар тектес тағдырлы туындыларды да ­тауып оқу Жақау аға мен оның курстастарына тән қасиет болып шықты. Ал олардың өздерінің өмірге әкелген әңгіме, өлең, очерктерін бір-біріне көрсетіп пікір сұрау, талқылауы ше? Бұл да 411-бөлме «тұрғындарының» өнегелі істерінің бірі-тін. Сөзім құрғақ болмас үшін бұларға төмендегідей мысалдармен жауап берейін.

Бірде бөлмеде кезекшілік атқарып жүріп, Жақау аға төсегінің жанын­дағы тумбочка үстінен «Л.Гумилев. «Древние тюрки». Москва. Издательство «Мысль». 1967 г.» деген сұр мұқабалы кітапты көріп қалдым. Әуес­қой­лықпен аударып-төңкеріп қарамаймын ба. Бірақ түк ештеңеге түсін­бедім. Сөйтіп, орнына қайта қойдым. Осыдан соң Смағұл ағаның төсегі жаққа жақындайын. Ондағы жастық ше­тінде де ­жарым-жартылай ашылған туынды жатыр екен. Сыртында «И.Бунин. Рассказы. Москва. Издательство. «Художественная литература. 1962 г.» деген жазуы бар қаракөк түсті кітап. Ат­тарын естімеген адамдар. Еңбектері еш жерде көрінбеген авторлар... Жылымық жыл­да­рында ғана аз тиражбен шыға бастаған кітаптар...

Кешке жақын жоғарыдағы жайттарды Жақаңнан сұрамаймын ба? «Ә, ол былай, – деді ағамыз. – КазГу-дің филфагы мен журфагы арасында әдеби немесе зерттеу еңбектерді салыстырып оқу деген үрдіс бар. Бұл жазушы Әбіш Кекілбаевтың студенттік кезінен қалған ізгі із. Ол кісі 1957-1962 жылдары осында оқығанда өте ізденгіш студент болыпты. Ілім-білімге деген құштарлығы сондай, университет бағдарламасындағы шығармаларды місе тұтпай, бір кездері сол туындылармен қатар өмірге келген басқа да көркем дүниелерді ­тауып, солармен ­танысуды әдетке айналдырған ғой. Мысалы қазір өзіміздің журфактағы орыс әдебиеті сабағында бізге реалистік бағыттағы Д.Бедный, В.Маяковский, А.Серафимовичтің туындыларын оқыта­тынын жақсы білесің. Ал сол уақытта Әбекең, Әбіш аға бұл ақын-жазушылармен заманы бір болып, бірақ оқу бағдарламасына өзге ағымдағы көзқарастары үшін енбеген декадент А.Ахматова мен футурист О.Мандельштамды, эмигрант И.Бунинді олардың 20-30 жылдардағы жарияланымдарынан тауып оқып отырған екен. Ендеше, біз де неге солай етпеске? Білмегенімізді неге солай білуге тырысып, дүниетанымымызды дамытпасқа?

Сол сәтте маған «Университеттегі білім адам бойына осылай дарып, жиналады екен-ау. Мұндағы оқу тек оқу үшін ғана емес, өз бетіңше ізденіп, тынбай еңбектенуден ғана тұра ма, қалай өзі?» деген ой келген. Кейін байқағанымдай, шынында да, ол ­солай ­болып шықты. Өйткені әдебиет пен өнер әлемі шетсіз де шексіз мұхит айдынындағы бір бөлігі су бетінде, ал алты бөлігі оның астында орныққан алып айсберг секілді екен. Университет пен институт бес жыл ішінде студенттерге сол үлкен мұз тауының су үстіне шығып тұрған бір бөлігіндей ғана білім бере алатын сияқты. Ал руханият дүниесінің қалған жауһарлары ше? Айсбергтің су астындағы алты бөлігінде қатталған қазыналарды айтамын да... Оған кімдер қалай, қайтіп қол жеткізе алады? Бұған жоғарыдағы Әбекең жол салып, кейін оны КазГу-дің өзге талантты өкілдері жалғастырған үрдіс септесері анық дер едік. Қуаныштысы, Жақау аға және оның курс­тастары салыстырып оқу атты жоғарыдағы сөз еткен дәстүрді өздеріне темірқазық етіп ұстаныпты. Сөйтіп, оны белсенді өмірлік бағдарларына айналдырып, оған қажет ізденіс атты ізгі ұғымды дана Абайдың: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген өсиетпен сабақтастыра біліпті.

Мақаламыздың басында біз бұл талантты топқа тән тағы бір тағылымды нәрсе деп олардың күнделікті лекция, семинардан қолдары босай қалса, отыра қалып әңгіме, өлең, мақала жазуды әдетке айналдырғанын айтқан едік. Және соның нәтижесінде өмірге әкелген үлкенді-кішілі туындыларын курстастарына көрсетіп, пікір сұрау секілді жақсы қасиеттерді де сөз еткенбіз. Иә, творчество атты ұлы ұғым, оған ұдайы дағдыланып, машықтану Жақау аға мен оның курстастары үшін керемет қастерлі іс-тін. Кеш түсіп, шам жамырағанда 411-бөлмедегі кейіпкерлеріміздің бірі төсегінің ар жағындағы тумбочканы өзіне жақындатып алып, оны стол орнына пайдаланатын да жазуға отыратын. Екіншісі жатақхана түкпіріндегі қызыл мүйіске барып, ойға алған туындыларының соңын сонда аяқтап шығуға тырысатын. Үшіншісі, жексенбі күні А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханаға беттейтін де ондағы оқу залының тыныш түкпірінде қағаздан бас алмайтын. Сөз ретіне қарай айта кетейік, олардың сөйтіп өмірге келтірген шығармаларының соңы мұнымен біте қоймайтын. Кешкі шай үстіндегі басқосуларда бұл туындылар талқылауға түсетін. Мұндайда пікір айтып, ұсыныс жасайтындар, әрине, Шөмішбай Сариев, Сұлтанәлі Балғабаев және Дәулет Сейсенұлы сияқты ағаларымыз. Бірде Смағұл Елубаевтың «Бұралқы» әңгімесі, Жақау Дәуренбековтің «Мұз үстіндегі квартет» очерк-фрагменті талқыланып, жақсы баға алғаны бар. «Сарапшылар» сонда бұл дүниелердің алғашқысын журфактағы студенттер қауымы қызығып оқитын «Жас қалам» қабырға газетіне шығаруға, соңғысын «Лениншіл жасқа» апарып көруге кеңес бергені әлі есімде. Нәтижесі жаман болған жоқ. Аты қабырға газеті демесе, Смағұл ағаның онда ұсынған әлгі әңгімесін өзіміздің журфак қана емес, КазГУ-дегі барлық гуманитарлық факультеттердегі қыз-жігіттер мен оқытушылардан оқымаған жан қалмады. Сөйтіп, сюжеті зоологиялық тақырыптағы форма арқылы берілгенімен, көшедегі қаңғыбас қанден ит тірлігінің меңзеу астарындағы ой университетті дүр сілкіндірген еді. Көп кешікпей Жақау ағаның лирикалық очеркі де жастар басылымында жарық көргені бар. Ол Аралдағы 4 балықшы жігіттің қысқы маусымдағы ерен еңбегі туралы қызғылықты миниатюралардан тұратын туынды-тын. Бұлардың барлығы, яғни курстастардың творчестволық тұрғыдағы ақыл-кеңесін тыңдау, оған құлақ асып барып, газет-журнал редакцияларының есігін ашу сол кездегі жас талап бізге үлкен үлгі, өнеге еді. Көп кешікпей, оның игілігін көрдік те. «Жақсыдан шарапат» деген осы.

...Арада жылға жуық уақыт өткен. Қысқы, жазғы семестрлерді бітіріп, студенттік құрылыс отряды құрамында Целиноград облысында жұмыс істеген біз күзде оқуға қайта оралмаймыз ба?! Тағы да қиындық... Жатақханадан орын жоқ. Кураторымыз Әбілфайыз Ыдырысовқа: «Бұл қалай?» деп барсақ: «Сендер ­Алматы, Талдықорған өңірінің балаларысыңдар ғой. Ауылдарың жақын. Қалада таныстарың бар. Далада қалмассыңдар. Ал біз алыстан келіп оқуға түскен Гурьев, Орал, Қостанай облыстарының қыз-жігіттеріне жағдай жасауы­мыз керек. Мұнда олардың ешкімі жоқ» деген уәж айтады. Жасы үлкен кісі. Тәжікелесу ұят. Қынжылып тұрдық та екі-үш студент бірігіп, тағы да пәтер іздеуге кірістік.

Осылай аптаға жуық уақыт өткен. Бір күні деканаттағы хатшы қыз: «Лениншіл жас» газетінен Дәуренбеков деген ағай телефон соқты. Редакцияға келіп кетсін дейді» демесі бар ма?! Сабақ бітісімен жастар басылымы ор­на­ласқан Коммунистік проспектідегі 63-үйге алып-ұшып жетейін. Сөйсем, онда Жақаң отыр. Жұмысқа таяуда ғана қабылданыпты. Көңілді.

– «Лениншіл жас» пен «Қазақстан пионері» газеттерінде, – деді ол кісі амандасып болғаннан кейін, – мақалаларымен жиі көрініп, өндірістік практикаларын осында үлгілі өткізіп жүрген журфак студенттерін 4-5 курстардан бастап жұмысқа алатын жақсы дәстүр бар. Мәселен, біздің алдымызда оқыған Бекділда Алдамжаров пен Жарасқан Әбдірашев сияқты ағаларың кезінде бұл жерге осылай орналасқан. Біз де, міне, мұнда солай келіп қалдық.

Осылай деген ол кісі төмендегі әңгімені айтуға көшті. Одан ұққаным: Жақау аға құрамында былтырғы курстастары бар топпен бірге биыл да жатақхана алыпты. Бірақ ондағы Смағұл Елубаевқа берілген орын бос тұр екен. Мұның себебі оның ауылдағы әкесі: «Ұл-қыздарым есейіп қалды. Қалада бір үйіміздің болғаны дұрыс» деп, Алматы іргесіндегі Горный гигант колхозынан пәтер сатып алыпты. Осыған байланысты Смағұл аға енді жатақханада емес, сонда тұрмақшы екен. Бөлмедегі қалған жігіттер ақылдаса келіп, оған өткен жылғыдай мені орналастыруды ұйғарыпты. Мұны деканат білмейді. Комендантпен арадағы «келіссөзге» қарағанда ол илігіп, қарсы емес екенін білдірген сияқты. Сөздің қысқасы, сонымен мен Виноградов көшесіндегі 88-үйдегі жатақхананың 52-бөлмесінде 5-курс студенті Смағұл ­Елубаев болып тұрып, вахтадан осы фамилияға толтырылған куәлікпен кіріп-шығып жүруім керек екен.

 

Көп кешікпей, бұл өзі солай ­болды да. Мұндағы менің айтпағым, жатақхана мәселесіне ­байланысты өз басымнан өткен «Одиссей оқиғасын» жұртқа жыр ғып баяндау емес. Өмірде болған осы мысалмен сол кездегі Алматыда оқитын қазақ студенттерінің азаматтығын сөз ету. Олардың ауызбіршілігі мен ынтымағын және бауырмалдығын бүгінгі ұрпаққа үлгі ғып көрсету. Адамгершілік атты асыл қасиеттеріне құрмет сезімін білдіріп, сүйіспеншілікпен еске алу. Иә, ол уақытта үлкен-кішіміз бар бәріміз бір үйдің баласы секілді, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып тірлік кешпесек болмайтын еді. Өйткені республика астанасы деп аталатын Алматыда 60-70 жылдары қазақтар өте аз-тын. Бұған дәлел: мұндағы жергілікті ұлт өкілдері осы қаладағы 15 жоғары оқу орнында білім алып жатқан қаракөздерді қосып есептегеннің өзінде 12 пайыздан аспайтын. Ал ондай азшылық орын алған жерде келімсектердің кердеңдік танытып, кеудемсоқтық көрсетуі өз-өзінен түсінікті жағдай. Міне, сондай кезде өзгені айтпай-ақ қояйын, өзіміздің университеттегі Баққожа, Смағұл, Жақау, Сұлтанәлі секілді ағаларымыздың жоғарыдағыдай жан ­жылуын жете сезгенбіз. Жанашырлығын білгенбіз. Қамқорлығын көргенбіз. Кейін біз де қолымыздан келгенше солардай болуға тырыстық. Солай етуге ұмтылдық. Үлгі, өнеге туралы сөз қозғалғанда оған байланысты қатып қалған ереже жоқ шығар, сірә. Ол жоғарыдағыдай ізгілік иірімдерінен бастау алып, өркен жаяды ғой деп ойлаймын. Ал оны ұмытпай айту – бізге парыз.

...Сонымен, мен тағы да арманы асқақ, арынды да дарынды топтың ортасындамын. Олардың университетті бітірер жылдағы ­диплом жұмысына байланысты ізденістері мен газет-журнал, радиода стажер ретінде жұмыс істей бастауы, баспалардан тұңғыш кітаптарын шығаруға деген талпыныстары маған тағы да бір тағылымды өмір сабағы болды дер едім. Соның ішінде Жақау ағаның еңбекқорлығы мен табандылығы және тиянақтылығы ­ерекше әсер еткенін айтпай кете алмаймын. Олай дейтінім, бұл кісі өте ерте тұрып, тез киінеді де жатақхананың Никольск базары жанындағы трамвай аялдамасына тартады. Содан күні бойы өзі жаңа ғана қызметке орналасқан «Лениншіл жастың» қым-қуыт тірлігімен жүріп, бөлмеге қас қарайғанда бір-ақ оралады. Бізбен аз-кем әңгімелескеннен кейін термос­тан құйып алған қара шайды ұрттап қойып, редакциядан өзімен еріп келген жұмысқа ден қояды. Ол оқырман хаттарына жауап жазу, ­автор мақалаларын қорыту, газет макетін ­жасау дер едік.

Макет демекші, бұл өте күрделі тірлік-тін. Әлденеше рет сызылып, қайта-қайта бұзылып, содан соң барып өмірге келетін дизайндық дүние еді ол. Сондай бір газет нөмірі нобайының... Иә, қағаз жүзіндегі сызбасының... Өзіміз сөз етіп отырған жатақхана бөлмесінде Жақаңның қолымен жасалып, кейін өмірі ұзақ үздік жоба ретінде бағаланатынын сол уақытта ағамыздың өзі де сезбеген болар, сірә. Ал оған біз куәміз. Ол былай болған еді.

1971 жылғы ақпанның аяғы не наурыздың басы ғой деймін. Анау-мынауға көп абыржи қоймайтын Жақау аға сол айларда қатты ­мазасызданып жүрді. Жұмыстан келе салысымен жоспар құруға отыру... Макеттің әлденеше нұсқасын сызу... Оған қажет хабар мақала, өлеңдердің көлемін анықтау... Кейін белгілі болғанындай, бұл «Лениншіл жастың» «көктем нөмірі» деп аталатын арнаулы шығарылымына дайындық екен. Бастама иесі – редактор Сейдахмет Бердіқұлов. Ал оны жүзеге асыруға жауаптылар: Серік Әбдірайымов, Кәдірбек Сегізбаев, Жанат Елшібеков және Жақау Дәуренбеков. Идея мынадай. 22 наурыз күні күнделікті нөмірден өзгеше жарияланым жарық көруі керек. Ондағы материалдар еркін, жылы, табиғи болуы тиіс. Басылымның төрт бетін түгел қамтитын үлкенді-кішілі олардың бәрінің өзегіне көктем тақырыбы темірқазық болып тартылып, оларға аталмыш жыл мезгілін білдіретін күн шуағы, бүр жарған бұта, қауызын ашқан гүл, табиғаттың сол айларына қатысты халық мақал-мәтелдері өз көрінісін табуы қажет. Мақсат – осы арқылы бұрын болған, бірақ кеңестік кезеңде ұмыт қалған көктем мерекесі – наурызды жұртшылыққа астарлы түрде жеткізіп, оны ел есіне салу.

Жарты ай бұрын айтылған тапсырманың түйіні шешілді-ау деймін, бір күні ­кешке жақын Жақау аға бөлмеге өте көңілді оралды. Келе сала қасына мені отырғызып алып, көмектесуімді, онда не істейтінімді қысқаша түсіндіре бастады. Сондағы бірінші міндетім ағамызға қарындаш ұштап беріп отыруым ­керек екен. Ол кезде фломастер жоқ. ­Макет түрлі-түсті бояумен сызылады. Ал бұл қарындаштың жұты. Одан кейінгі айтқаны редакциядан өзі әкелген үлкен папка ішінен сұраған материалдарын тез тауып алып беруді қамтамасыз етуім қажет. Солардың бәрін реттеп болған ағамыз іле-шала көптен күткен ісін бастап кеп кеткені!

Қарап отырмын, алдымен баспаханадағы стандартпен басылған макет парағы шетіне «1» деген белгі қойылды. Содан соң оның төбесіне бүкіл 4 бетті ұстап тұратын әрі нөмірдің негізгі мән-мағынасын ашып көрсететін «Армысың, армандай ару көктем!» атты сөйлем айшықтала жазылды. Ал тура жүрек тұсқа қауызын енді ашқан суреті бар «Бәйшешек» этюді орын теуіп, оның қатарына Мұқаң, Мұқағали Мақатаевтың «Ей, менің шуақ көктемім!» деген ақ жаңбырдай адуын жыры жайғасқаны да қандай жарасымды еді десеңізші! Бұдан кейінгі 2-3 беттерге кезек келгенде, оған редакция қызметкерлері Сейітқазы Досымов­тың «Егіздің сыңары» суреттемесі, Мағира Қожахметованың «Аққуым аспанда емес» эссесі, Серік Әбдірайымовтың «Гүл теріп қайтар ем...» лирикалық очеркі, ақын ­Тұман­бай Молдағалиевтің «Қайыңдар, аппақ қайыңдар!..» өлеңіне шығарылған ән ­нотасы шағын штрихтармен әдемілеп тұрып сызылғаны әлі күнге есімде. Бұлардағы бірден көзге түсіп тұрған ерекшелік, ол сол материалдардың бәрінің бұрышында «Көктем – жыр», «Көктем – сыр», «Көктем – еңбек», «Көктем – жастық», «Көктем – ән», «Көктем – өмір» деген айдарлар еді. Мұның өзі нөмірдің тұтастығын сақтауға септесетін тәсіл-тін. Осы­лардың нүктесін 4-беттегі «Нау­рыз» тақы­рыбымен берілген сөз-толғау түйін­де­гендей. Онда бұл көктем мейрамының ұлттық салт-дәстүрден тұратын халықтық мереке екені ашық жазылған. Сөйтіп: «Бұл – ұлы күн. Бұл – біздің жаңа жыл!» деп анық айтылған. Міне, жаңалық! Ұмытылып кеткен ұлттық мерекені ұлықтау үшін бұдан артық қандай үгіт-насихат керек енді халыққа?! Мақаланың астында О.Дәулетов деген фамилия тұр. Кейін белгілі болғандай ол Орекең, Оралхан Бөкеевтің бүркеншік аты екен.

 

Осы арнаулы нөмір арада бір жеті өткенде жарық көріп, оқырманды айран-асыр қалдырды дейсіз. Көзге бірден түсер ерекшелік – сол басылымдағы 4 беттің 4-еуі де жасыл бояумен шыққандығы. Иә, көктем десе, «көктем нөмірі». Осы жыл мезгіліне тән жасыл жапырақтың түсі мен желкілдей өскен көк шөптің иісі байқалатын одан көнекөздер бір кездегі наурыз мейрамының жаңғырығын сезді. Ал Кеңес өкіметі кезінде өмірге келген жас ұрпақ еліміздің тарихында сондай ұлық мерекенің болғанын білді. Сөз арасында газеттің, осы игі идеясының өміршеңділігін де айта кеткеніміз жөн. Олай дейтініміз, сол кезден басталған бұл жоба жыл сайынғы 22 наурызда шығып отырып, тәуелсіздік атты ақжарылқап күнге жетті. Содан кейін... Иә, содан кейін айтатын нәрсе бұл атақты нөмірді «Лениншіл жастың» бүкіл ұжымы болып бірігіп жасаған еді. Солардың қатарында Жақау ағаның да болып атсалысқаны біз үшін үлкен қуаныш.

...1974 жылғы сәуірде 5-курс студенті мен жастар газетіне жұмысқа қабылдандым. Оған КазГУ-ге түскеннен бастап осы басылымға мақалаларымды шығаруға жиі келіп, берген тапсырмаларын тиянақты орындағаным, сөйтіп, редакцияның «полк баласы» болып өскендігім себеп болған еді. Бастығым, бөлім меңгерушісі Қуанышбай аға Құрманғалиев өмір көрген, жаны жомарт, жақсы адам. «Жас жігітті келе сала қинап, бетін қайтарып ­алмайын» дегендей, жұмыстың ауырын өзі алып, жеңілін маған береді. Соған қарамастан, мен оқушы және студент жастар бөліміндегі Жақау ағаға баруға құштармын. Үйреніп қалған әдет, қолым қалт етсе, сол кісіні жағалап, көргім келеді де тұрады. Өстіп жүріп ағамыздың бойынан редакциядағы жұмысты меңгеруге қажет бір-екі қасиетін байқап қалған жайым бар. Оның алғашқысы ұйымдастырушылық қабілет те, одан кейінгісі ұшқырлық еді.

Газетте істегендер біледі, мұндағы тірлік тек мақала жазып, түрлі тапсырмаларды орындаумен бітпейді. Редакциядағы жұмыс идея іздеп, тақырып табу, оларды тез жүзеге асыратын ұйымдастырушылық істермен қатар жүреді. Мұны көзге елестетіп түсіндіру үшін ­редакцияда болған бір оқиғаны мысалға ала отырып баяндайық. 1975 жылғы мамыр айының аяғы. Газет басшылығы республикадағы мектеп бітіретін оқушылардың соңғы қоңырауына арнап бет беру қажет деп шешті де, оны Жақау аға жұмыс істейтін бөлімге тапсырды. Сонда бұл кісі оған байланысты не істеді дейсіздер ғой. Алдымен «Ақ бантик» деген ортақ тақырып ойлап табылды. Содан соң қолда ешқандай материал болмаса да макет сызылды. Бұрын олай емес-тін. Қажетті дүниелер тілшілерден жиналып алынған соң барып бетке түсетін. Мұның өз қиыншылығы бар еді. Хабар, суреттемелердің белгіленген орындарға біреуі сыймай, екіншісі жетпей реніш туып жататын. Осыны білетін Жақаң бұл жолы алдымен макет сызып алды да содан соң барып тілшілерден қажетті материалдарды талап етті. Сөйтіп, макет арқылы материал жазу, идеяны макетке бағындырып алып жүзеге асыру нәтижесінде жасалған бет өте сапалы әрі мазмұнды болып шықты. Олай дейтінім, арада көп уақыт өтсе де ондағы кейбір дүниелердің есімде ұмытылмастай ­болып сақталып қалғаны. Олар: «Сіздің мектеп бітірер кезіңіздегі соңғы қоңырау. Сол сәт есіңізде ме?» деген газет сауалына академик Орынбек Жәутіков ақсақалдың қысқа да нұсқа жауабы, содан соң жазушы Қарауылбек Қазиевтің 60-жылдардың аяғында өмірге келіп, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген «Ақ бантик» әңгімесінен шағын үзінді. Және... Бет ортасындағы өрімдей ұл мен қыздардың алтын ұя мектебі жанындағы «Қоштасқым келмейді» деген тақырыппен берілген кең панорамалы суреті...

Кейіпкеріміздің бойындағы жоға­рыда айтылған екінші ерекшелік – ұшқырлыққа келсек, иә, бұл мәселеде редакцияда ол кісіге талас жоқ-тын. Сөзім құрғақ болмас үшін оған тағы да нақты оқиғаны мысалға келтіре отырып жауап берейін. 1977 жылғы мамыр айы. Алыс­тағы Болгарияның Сопот қаласындағы ­ха­лықаралық өнер фестивалінде шынашақтай қазақ қызы топ жарды. Сөйтіп, бас жүлде – ­Алтын Орфейді жеңіп алды. Ол сол кездегі Қазақ елінде есімі жаңа мәлім бола бастаған Роза Рымбаева еді. Шет жұрттан жеткен жоғарыдағы ақжолтай хабардан соң редакцияға хат қардай жауды дейсіз. Соның бірі Батыр ана, Еңбек Ері, Одақ Жоғарғы Кеңесінің ­депутаты Ұлбала Алтайбаеваның «Дауысыңнан ­айналдым!» деген жүрекжарды лебізі еді. Мұны көрген газет басшылары: «Ардақты ананың осы хатын пайдалана отырып, ән жұлдызын жұртқа тез таныстырайық» деген шешім қабылдады. Оны орындауға кім таңдалды дейсіздер ғой. Жақаң. Жақау аға. Содан ол кісі Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне жөнеп кеп кеткен. Тілшіні қабылдаған сектор меңгерушісі ­Перизат Ниятова қарамағындағыларға көмектесу керектігін айтып пәрмен берген. Соның нәтижесінде олар фестиваль сапарынан жаңа оралған Роза Рымбаеваны Орталық ­Комитет үйіне шақыртып алып, «Лениншіл жас» қызметкерімен жүздестірген. Содан қойшы, кездесуден өте кеш шыққан Жақаң бірден үйіне қарай тартып, жазуға отырған. Ағамыз ертесіне редакцияға келгенде, қолындағы 600 жолдық «Ақ қанат ән» атты материалы дайын еді. Аз-кем уақыттан соң басшылық батасын алған сұхбат-очерк баспаханадағы терімге жіберілсін. Макетке түссін. Келесі күні «Нөмір беттеліп жатқанда» деген жаңа айдармен ­газетке жарқ ете қалсын! Ескерте кетейік, Жақау аға Дәуренбековтің осы мақаласы сол кездегі қазақ газет-журналдарындағы ән жұлдызы Роза Рымбаева туралы жарық көрген алғашқы көлемді дүние еді.

...Жақаң «Лениншіл жаста» 1979 жылдың жазына дейін істеді. Содан соң «Өнер» ­баспасына бөлім меңгерушісі болып ­ауысты. Оның алдында бір жыл бұрын ол кісіге ­редакция үш бөлмелі жаңа пәтер берген еді. Ағамыздан босаған үйге мен кіретін болдым. «Есіңде ұста. Ескі демесең, бұл өзі құтты пәтер» деген-тін ол кісі маған оның кілтін беріп жатып. Көшіп келгенде байқадым, балконында қарлығаштың ұясы бар екен. Сонда отбасымыз болып бәріміз оны жақсы ырымға балағанбыз. Көп кешікпей, көршілерімізбен де таныстық-білістік басталды. Солардың бірі Орал атты ақсақал еді. Сөйлесе келсек, бұл баяғы Орал, 1956 жылы Хан-Тәңірі шыңына шығу кезінде қар көшкіні астында қалып, одан аман қалған альпинист Орал Үсенов болып шықты. «Білесің бе, – деді ол кісі әңгімелесіп тұрып. – Бұл үйде, мына сенің алған пәтеріңде 60-жылдардың ортасында жазушы Герольд Бельгер тұрған. Так что...». Мен бұған сенгенім жоқ. Бірақ рас екен. Оған жазушы Дүкенбай Досжановтың кейінгі кітаптарының біріндегі «Үш тілді тел емген» эссесін оқығаннан кейін барып көзім жетті. Онда: «...Алғашында Гера Алматының Каблуков көшесіндегі 97-үйде тұрды. Сондағы зайыбының айтқан әңгімесі қызық. Тәржіме жасап отырған ол бірде тауық жұмыртқасының қосымша баламасын таба алмай қатты қиналады. Ақыры көшенің арғы бетіндегі бақша суарып жүрген қазақ шалына ерінбей барады. Сөйтеді де сол ақсақалдан бәрін біліп қайтады» деп жазылған еді. Эсседегі Каблуков, 97 сол біздің үй. Жақау ағаның маған қалдырып кеткен пәтері.

...Иә, кейіпкеріміз 1979 жылдан бастап «Өнер» баспасында жұмыс істей бастады. Онда бөлім меңгерушісі, бас редактордың ­орынбасары қызметтерін атқарып, кейін «Ана тілі» баспасы директорының лауазымын иеленген еді. Баспа және полиграфия ісімен шұғылданған содан бергі 42 жыл ішінде ағамыз туралы анық білетінім онша көп емес. Тек бір-екі-ақ нәрсе. Алғашқысы, жазушылық атты қиын да қызықты тірлікке бел шеше кіріскендігі. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, әдебиеттегі проза жанрының күрмеуі көп күрделі қыр-сырын игеруге дендей енгендігі. Сөйтіп ел-жұрты қадір тұтар қаламгерге айналғандығы. Оған шығармашылық иесінің әр жылдары баспадан шыққан «Саяқ», «Күн ұясы», «Бір нәзік сәуле», «Қолтаңба», «Көктемір», «Ойдауа» атты кітаптары анық дәлел. Тілі бай, көркемдігі келісті, оқиғасы қою бұл шығармаларды жіліктеп айтып, талдап түсіндіру әдебиет сыншылары мен зерттеушілерінің міндеті екені анық. Сондықтан мен оқырман ретінде Жақау Дәуренбеков туындыларындағы өзім байқап, білген үш ерекшелікке тоқталғым келеді.

Бірінші, кешегі 1941-1945 жылдардағы соғыс, ондағы майдан мен тылдағы түрлі оқиғалар туралы қаламгерлеріміздің көбі жазып-ақ жүр. Бірақ мұндағы бір мәселе осы күнге дейін шет қалғаны шындық. Жақаң, міне, соған бара білген жан. Мұны түсіндіру үшін көрші елдер әдебиетіндегі әлгі ақтаңдаққа арналған туындыларды еске түсіруге тура келеді. Олар: Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бет», Василий Песковтың «Қашқын», ­Валентин Распутиннің «Өмір сүр де ұмытпа» және Василь Быковтың «Жан дауысы» ­хикаяттары. Сөз ­еткен тақырыптары соғыстан қашып тірлік кешкен міскіндер. Бұл – сирек жағдай. Бірақ факт. Сол кездегі адамдардың кейбіреуінің ­басында болған өмір шындығы. Трагедия. Қазір оларды кінәлап, күстәналау қиын. Өйткені бәріне кінәлі соғыс. Соның лаңы. Егер ол кесапат болмаса, өз тірлігімен жүрген жандардың ­ондай жағдайға ұрынып несі бар. ­Жазушы Жақау Дәуренбеков шығармаларының ішіндегі «Саяқ» ­хикаяты, міне, осы тақырыпқа арналған. Ол біздің қаламгерлеріміздің арасында аталмыш тақырыпқа алғашқылардың бірі болып қалам тартуымен ерекшеленеді.

Екінші, Қазақ еліндегі ақыл-көркімен көзге түскен, есімдері ерлігімен ел аузында қалған арулар... Бегімдер мен ханшайымдар... Олар бізде аз болған жоқ. Мысалы, VI ғасырда қызылбастарды Тұран даласынан түре қуып шыққан сақ патшайымы Тұмар ханым, ХІІ ғасырдағы қыпшақ аруы Аппақ сұлу...Ал ХV ғасырда ежелгі Русь жеріне билік еткен Грозный патшаға бас имеген қайсақ қызы Сүйімбике ше? Бұлардың бәрі әлденеше роман, дастанға арқау болатын тұлғалар. Қазақ әдебиетінде олар жөнінде ештеңе жоқ, жеткілікті жазылмады демейміз. Жазылған. Бірақ аз. Олар: қаламгерлер ­Болат Жандарбековтің «Томирис», Сәуірбек Бақбергеновтің «Бөрте – Шыңғысханның әйелі», Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» және Шәрбану Бейсенованың «Сүйімбике» шығармалары. Солардың қатарына енді Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» романы қосылып отыр. Қуанышты оқиға. Сүйінішті жағдай.

Шығарма ХVIII ғасырдағы қазақ даласын отарлаушы Ресей басқыншыларына қарсы шыққан қаһарман қыз Сапура Мәтенқызы өміріне арналған. Мәскеулік ғалым Ләйла Бекмаханованың зерттеу еңбектерінде «көрінбестің көлеңкесі», «Пугачев көтерілісіне қолдау көрсеткен», «сыртқы күштермен байланысы бар» деп айтылатын жұмбақ жан бұл. Тарихи оқулықтарда Бату ханның ХІІІ ғасырдағы Русь жеріне шабуылы кезінде су астын паналаған Китеждің көзге көрінбейтін соққысы туралы аңыз бар емес пе?! Бұл да сондай ғажайып оқиға. 22 жастағы жаужүрек дала аруы басқарған 1500 адамдық жасақ 1773-1775 жылдары Орынбордағы орыс бекіністеріне маза бермеген. Кенеттен шабуыл жасап, іле-шала ізім-қайым жоқ болып кетіп отырған. Осының нәтижесінде отарлаушы экспедиция әрі-сәрі күй кешіп, біраз уақытқа дейін қазақ жеріне дендеп ене алмаған. Жазушы Жақау Дәуренбеков «Көктемір» атты тарихи романында, міне, осыларды баяндап, қаһарман қыз Сапура Мәтенқызын француздың батыр бойжеткені Жанна д’Аркке теңейді. Қандай ұқсастық десеңізші... Екеуі де жатжерліктерге қарсы шайқасқан. Бірі – орыс, екіншісі – ағылшындарға. Көтеріліске шыққан кездері де бір уақыт. ХVIII ғасырдың 70-жылдары. Екеуі де қара халық өкілі. Бірі Қазақ елінің Ойыл даласындағы малшы, екіншісі Еуропаның жаңа Орлеан маңайындағы Домерми деревнясындағы шаруа отбасынан. Сөздің тоқетері, аталмыш романды жазу арқылы автор қазақ қыздарының әдебиеттегі бейнесі жөніндегі көркем шығармалар галереясын толықтырып отыр.

Үшінші, қазір біздің дүкендерде кітап көп. Бірақ солардың денінде өздерін өзге­лерден жаңашылдығымен баурап тұратын ерекшелік жоқ. Бәрінің тақырыбы ұқсас. Мазмұндарында қайталау көп. Ал Жақау аға Дәуренбековтің тағы бір шығармасы ­«Ойдауа» кітабы олай емес. Қай жағынан да жаңа ­туынды. Жаттандылықтан ада, тың дүние. Атақты ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыздың қара сөзбен жазылған «Жазмыш», «Иірім» атты фрагменттік кітаптары бар ғой. Міне, сол секілді қысқа да нұсқа ой-толғамдарға толы туынды. Автордың өз сөзімен айтқанда ол: «Адамның ой аулап, ой шешпейтін кезі бар ма?! Оймен бірге оянасың. Оймен бірге жүресің. Ойға жауап іздейсің. Оймен сауап істейсің. Оймен бірге осылай өмір сүресің. Ойың осылай санаға серік, жаныңа жұбаныш болар ойдауаға айналады екен» деп тебірене толғанады. Ал қара сөздің хас шебері Қалихан аға Ысқақ оған жазған алғысөзінің түйінін: «Ең бастысы, ойдың да осылай өмір сүруге хақысы бар!» деп бір-ақ қайтарыпты. Бұл пікірдің өзі сөз етіп отырған автор еңбегін басқа кітап­тар­дан ерекшелеп тұр. Ол сонысымен құнды. Бағалы.
 

Осы мақаламыздың ортасында біз: «Бұлардан басқа кейіпкеріміздің бойынан өзіміз ерекше байқаған тағы екі қасиет бар» деген едік. Оның алғашқысын жоғарыдағы ойларымыз арқылы айтып өттік. Енді екіншісіне келер болсақ, ол адалдық пен адамгершілік, достыққа ­деген кіршіксіз таза көңіл дер едік. Иә, Жақаң бір кездегі курстастары, ал қазіргі қазақ әдебиетінің қабырғалы өкілдері Баққожа Мұқай, Смағұл Елубай, Шөмішбай ­Сариев пен Сұлтанәлі Балғабаев және Дәулет Сейсенұлымен жақсы сыйлас, дос, сырлас болды. Бұл күнде де ­солай. Солардың ішінде кейіпкеріміздің күні кеше араларынан кеткен көрнекті жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқаймен арадағы жақындығы тіпті ерекше еді. 1966 жылы бірі қиырдағы Аралдан, екіншісі таулы өлке Нарынқолдан КазГУ-ге келіп оқуға түскеннен бастап, бір жатақханада тұрды. Журфактың 5-курсын бітірер-бітірместен екеуі де: Баққожа аға «Білім және еңбек» журналына, Жақаң «Лениншіл жасқа» бір мезетте жұмысқа қабылданып, «Баспасөз үйі» деп аталатын үлкен ғимаратта қатар қызмет істеді. Ал миллион тұрғыны бар қала Алматыда олардың бір жерден пәтер алып, көрші болып тұруы өте сирек кездесетін сәйкестік деп айтуға болады. Осының бәрі творчестволық тұрғыдан мүдделес, мұраттас бұл жандардың достығын уақыт тезіне сала отырып шыңдап, бекіте түскендей еді. Оны олардың рухани бағыттағы бір-бірін қолдаған жанашырлық демеуінен анық байқауға болады. Бұған дәлел ретінде төмендегі мысалды айтсақ, ол ­былай. 2006 жылдан бастап Баққожа ағаның 5 томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығару мемлекеттік бағдарламаға енді де соған дайындық басталды. Бұл кезде ол кісі қатты ауырып жүрген-тін. Міне, сонда Жақаң көптомдыққа қатысты жұмыстың бәрін өз жауапкершілігіне алды. Сөйтті де, 2 жылға жуық уақыттың ішінде таңдамалы шығармалар жинағына кіретін 5 кітаптың бәрін «Ана тілі» баспасынан шығарып үлгерді. Бұл Жаңа жылдың алғашқы күндері еді. Сондағы әл үстінде жатқан автордың қуанып, баспагер әріптесіне риза болғанын көрсеңіздер!.. Баққожа ағаның ол сезім толқындарының Жақау досына арналған автографта ­жазылып, бүгінгі бізге жеткені де жүрек толқытарлық жайт. Онда: «Жәке! Өмір өтті, өмір қалды. Қалған өмір сендер үшін бақытты, күлкіге, шаттыққа толы болсын. Игі тілекпен, Баққожа. 02.01.2008ж.» деп жазылған еді. Міне, ақтық сөз... Оның астарында не жатыр екен десеңізші?.. Достың досқа деген қимас сезімі. Замандасымен бұдан былай бірге жүре алмайтын өкініші. Мұңы... Сонымен қатар... Ерлік пен өрлік, өміршең рух атой салып тұрғандай.

.. «Адам өмір бойы үйренумен өтеді». Бұл рас. «Мамандықты игерудегі тәжірибе мысқалдап жиналады». Шын сөз. «Адамды орта тәрбиелейді». Бұл да ақиқат. «Жақсыдан – шарапат». Дана тұжырым. Өзіміз жақсы білетін Жақау ағаға осы ұғымның бәрі толық сәйкес келеді ғой деп ойлаймын. Оған мақаламыздың өн бойынан келтірген өмір мысалдары анық дәлел. Бұған ешкім шәк келтіре қоймас. Оған сеніміміз кәміл.

НҰР-СҰЛТАН

 

 

2430 рет

көрсетілді

16

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы