• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

ЖЫРАУЛАРДЫҢ ЖАЛҒАСЫНДАЙ

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары. Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтында, кешкі факультеттің деканы қызметін атқарып жүрген кезім. Институтымыздың ашылғанына он шақты ғана жыл болғандықтан оқытушылар арасында ғылым кандидаттары санаулы. Бір күні «институттың бухгалтерлік есеп және шаруашылық қызметті талдау кафедрасына жаңа меңгеруші тағайындалыпты, экономика ғылымының кандидаты екен, Мәскеуде диссертация қорғапты» деген хабар есіттім. Кезекті бір мәжілісте кездесіп, таныстық. Сол кісі – Нұрымов ­Алданыш Арыстанғалиұлы болып шықты. Палуан денелі, кісіге сынай қарайтын отты көзі, келісті түрі бар, өзіне сенімді, білімді әрі әдепті жас жігіт әріптестерінің және студенттердің арасында өте беделді болды.  

Жоғары оқу орындарында білімдар ғалымдар жұмыс істегенмен, олардың кейбіреуі өз білімін студенттерге жеткізе алмай жатады. Алдекең лекция оқығанда айтатын ойын шеберлікпен, шешендікпен жеткізе білетін, сөйлегенде ұшқыр ой мен тапқырлықты, жүйелілік пен нақтылықты ұштастыра отырып, аудиторияны өз еркіне ұйыта алатын. Бар болмысынан адамгершілігі сезіліп, жігерлі музыкалық дауыспен екпіндей сөйлейтін. Көп ұзамай-ақ, Алдекең есеп-экономикалық факультетінің деканы, одан соң институт партия ұйымының хатшысы қызметіне тағайындалды.           

Он жылдай бірге қызметтес болдық. Ол достығымыз кейін Алданыш Арыстанғалиұлы Қазақстан компартиясының Жамбыл облыстық комитетінде, облыстық атқару комитетінде, сондай-ақ республикамыздың деңгейіндегі жоғары лауазымды қызметтер атқарғанда да үзілмей, осы күнге дейін жалғасып келеді.        

Әсет Найманбайұлы Кемпірбай ақынның көңілін сұрай барғанда Кемпірбай: «Біреумен ашық-жарқын дос болуың, өзіңнің бойға біткен пиғылыңнан» деген екен. Осы сөз Алдекеңе қаратылып айтылғандай. Өзінің досқа деген адалдығымен, бірқалыпты мінезімен, табиғаттан берілген өнерімен, Алдекең жүрген жерінде, отырған ортасында құрметке бөленіп, қазақтың «сегіз қырлы, бір сырлы» деген сипаттамасына толық сай келеді.

Алданыш Арыстанғалиұлы есеп және аудит саласының көкейкесті проблемаларын терең зерттеп, экономика ғылымына мол үлес қосқан ғылым докторы, профессор, академик, көптеген шәкірт баулыған ұстаз.

«Сыр елі – жыр елі» дейді халқымыз. Арал, Қазалы өңірінен ­талай жырау, ақын, әншілер шықса, Алдекең солардың осы заманғы жалғасы, солардың асыл мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп насихаттаушы деуге әбден болады. Өзі ешқандай қиялға көнбейтін есеп-қисап саласының маманы бола тұра, жоғары кәсіби түрде домбыра тартып, өлең, терме айтуы Алдекеңнің ішкі дүниесінің жылылығын, өресінің биіктігін көрсетеді.

Көңілді бір отырыстарда, қалтасынан ұзақ сақтап, көп қолданғаннан сарғайыңқырап қалған ән мен терме, әзіл-сықақ мәтіндерін жайлап шығарып, домбыраны қолына алып «аралша» шалып, қоңыр да әсем даусымен ән бастағанда, елең етпейтін жан болмайды. Және де «ертеден салса кешке озған, ылдидан салса төске озған» жүйрік секілді ән салған сайын қызып, Біржан салдың «қара тер шыққан сайын кетем ағып» дегеніндей ұзаққа сілтейді.

«Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, кешегі жыраулардың жалғасымын» деп, Арал өңірінің өмірден ертерек өткен белгілі жырауы Бекұзақ жырлағандай, халқымыздың асыл мұрасын Құдай берген өнерінің арқасында ұрпаққа жеткізіп, ұлттық өнерімізді асқақтатып жүрген Алданыш Арыстанғалиұлына, оны білетін барша замандастарына құрметпен қараймыз. Салқынқанды есеп-қисаптың адамы бола тұра серілігін көріп, қызметіне қалай қарайды екен, мүмкін атүсті, жүрдім-бардым шығар деген ой да келіп қалуы ғажап емес. Ал, шындығында мүлде олай емес, керісінше, жұмыста өте мұқият, талап қоя білетін және оны орындататын, әділдікті қолдайтын және оны құптай білетін азамат. Өткен уақытқа көз жүгіртсек, әдетте, бастауыш партия ұйымының хатшысы мекеменің басшысының ыңғайымен жұмыс істейтін, басшының бұрыс әрекеттеріне ашық түрде қарсы шықпайтын. Алданыш Арыстанғалиұлы олай емес, басшылықтың жұмысын халықтың көзімен сараптап отырды, ақиқатын айтуға тырысты. Осындай ұстанымдары арқылы партия ұйымының хатшысы ­Алданыш Нұрымовтың абыройы институт ректорынан кем болмады, кейде басшының бұрыс айтқан сөзі мен ісін түзетіп, оны да орнына қойған кездері болды. Бірақ, абыройым бар екен деп, әріптестеріне иық көрсеткен емес. «Халқыңа қоңыраймай қоғамды бол, белгілі ел басқарған көсемдерше!» деп, Майлықожа бабамыз айтқандай, әріптестеріне қамқор бола білді. Өмір бір қалыпта тұрмайды, қысылтаяң шақта өзіме де арқа сүйер, ақыл қосар аға болған да осы Алдекең.

Ал, енді мектепте өзімен бірге оқыған жеңгеміз Жаңабикемен жастайынан қосылып, тәрбиелі ұл-қыздар өсіріп, немере сүйіп отырғаны, балаларымыздың бір-бірімен жолдас болып, біздің достығымызды жалғастырып жүргендері өз алдына үлкен әңгіме.        

Ө.Мәдиев,

 техника ғылымының докторы,

профессор, Қазақстан Республикасы

Ұлттық ғылым және Ұлттық

инженерлік академияларының академигі                  

1522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы