• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

БАРКӨРНЕУДЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Қарагөз Сімәділ
 «Ana tili»

«Жолдың бәрі Жидебайға бастайды» деген сөзді осы күні көбірек айтып жүрміз ғой. Қазаққа Абайдай дараны сыйлаған, Абайдай тұлғаның кіндік қаны топырағына сіңген, сол майда топырақ Абайдай тұлғаның табанына кілем болып төселген Жидебайға жолдың бәрі тірелетіні заңдылық шығар. Айтпағымыз – бәріміздің де бала күнімізде бір ұзақ жолымыз болғаны туралы әңгіме еді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз, көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржекеұлының жазушылық һәм азаматтық ұзақ әрі айбынды жолы Баркөрнеуден басталған сияқтанады да тұрады. 

ТАУМЕН  ТІЛДЕСКЕН

Жаркенттің төріне шықсаңыз, тамыры тереңге кеткен, бірнеше ғасырда осы жерді мекендеген талай жанның арзу-арманын алып діңіне сыйдырып тұрған Әулиеағаш бар. Сол Әулиеағаштың саясына бір тыныс­тап алып, тамырын бойлай ағып жатқан, осы күні жылтырап қана көрінетін бұлақтың шипалы суынан дәм татып, ұзына жолға түсесіз...

Осы жолмен біз де бірнеше рет Китіңге көтерілген едік. Әсіресе әр уақытта әртүрлі адамдарды: Салқам Жәңгірдің рухын сезінгісі келген қонақтарды, тарихи жерлерді өз көзімен көріп, жүрегіне сіңіремін деген жастарды, көне шежірені көкірегіне байлап әкелген, ендігіні «қолымен ұстап көрмекке» ұмтылған үлкендерді бастап Бексұлтан Нұржекеұлы Китің арқылы Ордың бұлағына бірнеше рет алып шықты.

Китіңге жеткенде ескі жұрттың орны көрінеді. «Бұл жерде заманында ел отырған» – Бексұлтан аға бұлақ суын алақанымен көсіп алып былай дейді: «Ал, балалар, мына судан дәм татыңдар, бабаларыңның тілегі сіңген жер ғой, жарықтық»...

Сол Китіңнен ары қарай Шетқарағайлы, Қарабастау мен Қарағайлыдан өткен соң, Кәрібексай алдыңнан қол бұлғайды. Осы сайды көктей өтіп Баркөрнеуге шығасыз. Демек, Баркөрнеуіңіз Китіңнен күнбатысқа қарай бір сағаттық жол. Одан әрі Қайшыға, Ыршуық арқылы Ақжазыққа түсіп кетесіз. Хош, әзірге бағытымыз Ақжазық та, Ыршуық та емес, Орбұлақ қой. Сондықтан Китіңнен өтіп, Баркөрнеуге жетіп алған соң Сырлытамнан асамыз. Одан әрі жауынды күні соқпақ жолы шайылып, тайғаққа айналатын Қызылқия менмұндалайды. Демек, Орбұлақ «қол созым жерде» тұр. Міне, біз тәптіштеп айтып өткен талай бел мен талай су, талай жар мен талай асу осы Баркөрнеуден анық көрінеді. Қайшы да, Қоскүмбез де, көк шалғынға оранған, гүлмен көмкерілген кең шалқар өлке де осы Баркөрнеуден анық байқалады...

Атыңнан айналайын атамекен,

Кім сені Баркөрнеу деп

атады екен?

Қайғы мен қапаны да көремісің,

Саған да соның зілі бата ма екен?..

Әнін де, сөзін де өзі жазған жазушының осы бір әні қаламгердің жүрек сөзі екені анық. Заманалар бойы талай жұрт Баркөрнеуге көтеріліп, жаз жайлады, осы тау арқылы мыңғырған малын айдап өтіп, жайлауға шықты, ел үркінде осы тауды паналап, тірі қалудың қамын жасады, талай қанды-қасап соғыста сорғалап аққан адам қаны осы жердің топырағына сіңіп жоғалды, бәлкім талай адамның көз жасы да осы жерде қалды ма екен? Бәрі де өтті-кетті... Баркөрнеу қалды. Осы маңда қоныстанған жұрттың тілегін, аңсарын, арманын естіген, бостандыққа ұмтылысының, күрескерлік рухының үнсіз ғана куәгеріне айналған Баркөрнеу қалды. Оған тіл бітсе талай заманның сырын ақтарыла айтар еді, талай дәуірдің үнін күмбірлете жеткізер еді. Өкініштісі, Баркөрнеу сөйлемейді.

Жоқ, сөйлейді екен. Ұғатын адам болса... Иә, Бексұлтан Нұржекеұлы ел сөзін ғана емес, кітап сөзін ғана емес, жер мен тау сөзін де ұққан қаламгер...

ТӘУЕЛСІЗДІК БАЯНЫ

Бірден айта кетейік, бүгінгі материалымызда жазушы шығармаларын талдап, әдеби сын тезіне салуды мақсат етпейміз. Себебі осы уақытқа дейін ол шығармалар сыншылар тарапынан да, қаламгерлер тарапынан да өз бағасын алып қойды. Біз өз кезегімізде қаламгер шығармаларында тәуелсіздіктің, азаттықтың, бостандықтың қалай сипатталғанын көрсеткіміз келеді. Мысалы, Мемлекеттік сыйлыққа лайық деп танылған «Әй, дүние-ай» романын жазу үшін қаламгер «орыстың, қазақтың сотқа берген бірнеше мәліметін қарап, оқып шықтым. М.Тынышбаев, Т.Бокиннің жазбаларын көрдім. Жаркенттің бір-екі орысы жолда көргенін жазыпты. Тіпті жазалауға қатысып жүрген орыс офицері, солдаттардың жазғандары да бар екен. Кейбірі көтерілісші емес екенін, бірақ оның дүниесін тартып алу үшін әдейі атқандарын айтады» дейді.

Иә, осы орайда әдеби сыншылар­дың айтқанына толық қосыламыз, «Әй, дүние-ай» романы – тәуелсіздіктің көркем баяны. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің арғы оқиғасынан бастап қозғалған тарих керуені ғасырға жуық уақытқа созылып, тәуелсіздіктің сүйінші жаңалығымен аяқталады. Бұл романнан біз білген, білмеген, таныс әрі бейтаныс жандардың сыры мен мұңын сезінеміз. Тәуеліздік жолындағы обал-сауаптың қаншалықты көп болғанын, оны осы кезге дейін түгендей алмағанымызды, әлі де түгендеп біте қоймасымызды анық ұғына түскендей боламыз.

Бұл Шәйінің ғана емес, күллі ұлттың басынан өткен қасіреті, қорлығы, ерлігі, табандылығы. Небір ауыр жолдардан өтсе де, ет жақынынан айырылса да тәуелсіздікке «тірі жеткен» Шәйі – азаттыққа аман жеткен қазақ іспетті.

Есте болса, оның «Күтумен кешкен ғұмыр» романы да тәуелсіздік жолындағы обал-­сауапты көркем сөзбен кестелейді. «Күтумен кешкен ғұмыр» романым – негізінен атам Ешмұханбеттің айтып отырған әңгімелерінің әсерінен туған шығарма. Бас кейіпкерім Әтіке – Әптіке батыр мен Әсет ақынның қосынды тағдыры. Атам өзінің екі баласына жергілікті батырлар Әтіке мен Нұржекенің атын қойған. Өз әкесі Тұрғанды орыс әскері жүйрік атына бола жайлауда атып кеткендіктен, күйеуіне ара түскен шешесі Өскелеңді мылтықтың дүмімен ұрып жыққандықтан, о кісінің ішінде күйік боп қатқан кегі де өле-өлгенше өзімен бірге кеткен болуы керек. Маған соның бәрін жиі айтушы еді, бәрі болмаса да біразы есінде қалсын деп айтқан болар, сірә» дейді жазушының өзі бұл шығармасы туралы. Сұраусыз кеткен Әтікенің құнын кім өтеп бермек, оны өмір бойы күтумен өткен Қайныкештің де толық бақытты ғұмыр кешуге деген құқығының орнын енді кім толтырмақ? Шекара маңындағы елдің үркінге ұшырауының обалы кімнің мойнында? Не өлісі, не тірісі белгісіз Әтікенің мысалы арқылы қаламгер Кеңес Одағының қыспағынан қанша адамның тағдыры бұлыңғырланып кеткенін меңзегендей. Өткен ғасырдың басындағы талай қанды қасап қырғында қаншама қазақ патшалы Ресейдің, кеңестік жүйенің қолымен қидай сыпырылып кете барған жоқ па еді? Әр шаңырақты сол ­заманнан бір өкініш, бір үміт алға жетелеп келе жатқаны анық...

«ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ  ӘҢГІМЕ»

Бексұлтан Нұржекеұлының сөз әлемінде оның этнографиялық дүниелерге терең бойлайтынын да айта кету парыз. Себебі ол табиғатқа етене жақын буынның тәрбие­сінде өсті. Таумен сөйлесіп жүргені де сол болса керек. Осы күні біз ғой, «таумен сөй­леседі, тастың тілін біледі» десе мырс ете қалатынымыз. Өзіміз көрген ата-әжелер, аң-құсты былай қойғанда, жайқалған ағашқа да, сылдырай аққан суға да жан сырын айтып, құстың қанат қағысынан, малдың жайы­лысынан күннің райын, суық пен ыстықтың хабарын ұға қоятын. Міне, сондай бір мінез Бексұлтан Нұржекеұлы шығармаларынан да айқын аңғарылады. Табиғатпен етене жақын­дықтан туатын ерекше сезімталдықтан адам баласының айырылып бара жатқанына жазу­шының күйінетіні де содан болса керек: «Бұрын­дары иен далада жалғыз салт атпен келе жатсаң, ту сыртыңнан біреу бақылап келе жатқандай болады. Жалт қарасаң, расында біреу келе жатады. Ал қазір біз ондай сезімнен арылып кеттік» дейді ол.

Айтқандай, этнографияны ауызға алдық қой, осы орайда қаламгердің «Ақжазықтың адам­дары» атты көлемді дүниесі сыншы қауым­ның көзіне көп түсе қоймағаны өкінішті. Себебі оның дәл осы шығармасында да ұрпақ жал­ғас­тығы, өткеннің шежіресі, танымы, сенімі мен серті айқын байқалады. Мысал келтіре кетелік:

«Мен дүниенің бір құпия сырын ашқан адамдай едім. Қарды мыжыған арбаның сықыры, әр арбаға отырып бір әнді жабыла айтқан алты-жеті әйел тек мен үшін, менің тыңдап тұрғанымды біліп ән салғандай еді. Бір алыстан, бір жақыннан ғажап әуен мені қораның төбесіне шегелеп тастады. Сәлден кейін әннің сөзін ажырата бастадым:

– Қараймын қарайғанға қабан ба деп,

Атымды қамшылаймын шабам ба деп.

Сұраймын өткеннен де, кеткеннен де,

Ауылы бауырымның аман ба деп?!

Ол кезде амандықтан артық бақыт жоқ еді. Соғыс­тың сызы жүректі сыздатып тұрған жылдар...

Сол ызыңдаған ән әлсін-әлсін құлағыма әлі естіледі. Көзіме жас үйіріледі. Елді асыраған сол әйелдерді ұмыттық қой. Ұмытпастай оларға не істедік? Кезінде оларды ауылдың үлкен-кішісі сыйлады.

Бір анық білетінім: менімен бірге оқыған Қаншайымның шешесі Бәтішке өкімет Ленин орденін берді. Оған да шүкір.

 Сол әйелдердің сұңқылдап салған әні менімен бірге өлетін шығар? Оны менен басқа кім естиді дейсің?»...

«ЖЫЛАТПАҢДАР МЕНІ»...

«Маған тимеңдер! – деді (Шәйі) олардың ұятын оятқысы келіп. – Ішімде балам бар... Сендердің әпкелерің, қарындастарың жоқ па? Жылатпаңдар мені!» («Әй, дүние-ай»). Нұржекеұлы шығармаларының өзегі – әйел тақырыбы болса, жазушының өзі айтпақшы, әйел арқылы халық туралы жазуды мақсат тұтса, қаламгер шығармашылығының мақсаты – әйелді (ұлтты) жылатпау. Осы орайда ақиық Мұқағалидың «Отаным жылап жатқанда» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі.

Сол романда Шәйінің шөбересі Кәусен құрбан болған соң Шәйіге мән-жайды түсіндіруге келген адам: «Кәусеннің көте­ріліске қалай қатысқанын егжей-тегжейлі білетін заң қызметкерімен жолықтым. «Кәусенді өлтірген – намыс» демейтін бе еді?

Иә, жазушының қай шығармасын оқысаңыз да, мейлі ол көркем шығарма болсын, мейлі көсемсөз болсын («Күтумен кешкен ғұмыр», «Жау жағадан алғанда», «Ойұшқын», «Өнер құдіреті», т.б.) жазушы кейіпкерлерінің көз жасын сүртіп жүргендей. Әр кейіпкердің тағдырын көрсету арқылы ендігіде мұндай тағдырларды жылатпайық дейтіндей...

«ДАУЫСЫҢНАН ТАНЫДЫМ»...

Жақын араласып жүрген адамдар біледі, осы күні Бексұлтан Нұржекеұлының көзінің көруі нашарлаған. Есесіне, дауысты айнытпай ­таниды. Яғни сені түріңнен емес, дауысыңнан ажыратып, «дауысыңнан таныдым» дейді. Мұны жазушының әр адамның дауыс ырғағын сақтап алу қабілетінен дейміз бе, әлде есте сақтау қабілетінің мықтылығынан дейміз бе, оны оқырман өзі шешсін. Айтпағымыз, жазушының жүрегіндегі дауыс туралы әңгіме.

Әсет, Дәнеш, Манарбек, Күләш, Жамал, Жәнібек, т.б. жезтаңдай әншілердің өмірі мен өнерін қағаз бетінде өрнектеген жазушының өзі де ән әлемінен алыс кете қоймаған секілді. Иә, негізінде әр адамның жүрегінде бір әуен соғып тұратыны анық қой. Біреулер оны музыка қылып төгеді, біреулер қара сөзбен жырлайды...

Бізге белгілісі жазушы жүрегінен ән болып құйылған екі әні. Екеуін де дауысы бұлбұлдай әнші Нұржан Жанпейісов орындап жүр. Бір ерекшелігі бұл әндер жазушының нақты бір романдарын жазу үстінде дүниеге келген. «Күтумен өткен ғұмыр» атты романының рухындағы «Баркөрнеу» әнінің бір шумағын сөз басында мысалға келтірдік.

«Әй, дүние-ай» романын жазғанда да сөз бен саз қатар құйылған:

Әй, дүние-ай, шіркін,

Өтерсің бір күн.

Өтеріңді еске сап тұр,

Дүркін-дүркін...

Қаламгердің жүрегін өз әні ғана тербемей­тінін жоғарыда айттық қой. Ол, сонымен бірге ел аузындағы халық әндері мен байырғының әншілері туралы да деректі ерінбей-жалықпай жинап, зерттеп жүрген жазушы. Осы кезге дейін Жамбылдың серігі болған, Құлмамбетпен айтысқан Шаншар ақынның дерегі мен әндерін елге танытса, ата-әжесінен естіп, құлағына құйылып қалған «Бөпем-ай» атты көне халық әнін Н.Жанпейісовке айтып беріп, қазір бұл ән М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының халық әндері жинағына енген. Өзі де дәстүрлі әншілердің шығармашылығын жіті бақылап, әндерін қалт жібермей, пікір-ұсыныстарын айтудан жалыққан емес.

ҰСТАНЫМЫ ТЕМІРДЕЙ

Қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев турасында Бексұлтан Нұржекеұлының «Әбекеңнің кез келген шығармасын оқыңызшы, арғы жағында бір тарихтың елесі тұрады» дегені бар. Міне, Б.Нұржекеұлы шығармашылығында да, мақалаларында да тарихтың сөзі қозғалады.

1993 жылы 4 шілдеде жазушының қозғауы­мен Орбұлақ шайқасының 350 жылдығын атап өту жөніндегі Үкімет қаулысы шыққаны белгілі. Міне, сол заманнан бергі уақытта жазушы жанкештілікпен, біреуге ұнап, біреуге ұнамай жүріп, ел тарихындағы айбарлы оқиға – Орбұлақ шайқасын ұлт жадында оята алды. Халық жүрегіне азаттықтың рухын сол шайқастың орнын, тарихи оқиғаларды ояту арқылы шеше белді. Одан ары қазсақ, 1986 жылы Б.Нұржекеұлының «Тарихи төбе» деген мақаласы жарық көріп, онда 1916 жылы болған ұлт-азаттық көтерілістің құрбандарын еске салатын көне ескерткіш – «Ереуілтөбені» қалпына келтіру мәселесін де көтерген. Тарихи тақырыптарда ұстанымы темірдей жазушы өз бағытынан тайған, ауытқыған емес. Оған қоса әр сөзін «өзім білемдікке салынбай» деректерден мысал келтіре отырып, түйіндейтіні де бар.

Жазушының қаламынан «шашылып түскен» көсемсөздері де ерекше айтып өтуге тұрарлық. Оның әр жылдары жарық көрген «Тарих билікпен емес, білікпен танылмақ», «Қасіретті күндердің бір белгісі», «Отар ма едік, әлде қатар ма едік?», «Қазақ қай кезде күшті?», «Қазақ тарихына билік айтатын Могильный ма? Шостакович және соған қуанатын қазақтар туралы», «Тілге құрмет – елге құрмет», «Кеудемізге ұят ұяласа екен», «Тіл заңдылықтарын сақтайық», «Халық бәрінен жалықты», «Сақта қазақ бірлігін» секілді мақалаларындағы айтылған ой әлі де маңызды.

Жазушы оқырманды ойламай отырып, жаза алмайды. Ол шығармасын сыншыға емес, оқырманға арнап жазады. Сондықтан ол оқырманның қажетін табуға тырысады, бірақ оқырманның ығында кетпей, оны «алдап соғуға» ұмтылады. Яғни оқырманға оның керегін бере отырып, оған өз керегін де өткізіп жібереді. Түсінікті болу үшін, оны сәл қарабайырландырып айтсам: жалпы оқушыға алдымен қызғылықты оқиға керек, сонан соң барып сол оқиғалардан туындайтын идея қажет; ал жазушыға алдымен өзінің айтпақ идеясы қымбат, бірақ ол сол идеясын тіке айтса, оқырман одан әсерленбейді, әсерленбеген соң, әрине, қабылдамайды.

***

Елді ашаршылық жайлағанын, малмен қоса халықтың қырылғанын, қырылғанда да екіден, үштен емес, миллиондап қара шыбынша қырылғанын; мал басы ғана емес, адам басының да ойсырай кемігенін неге айтпаймыз?! Оны айтпайынша, тарихымызды анық тарих деп қалай айта аламыз? Бұрын айтқызбаған болса, қазіргі жариялылық заманда біз білуге ұмтылатын ең басты шындық осы емес пе?
Елдің қолын тоқшылыққа жеткізуге тиіс коллективтендіру қалайша бізді ашаршылыққа ұшыратты? Ашаршылыққа, әрине, коллективтендірудің өзі емес, оны жүргізу барысында жіберілген қателік ұшыратты. Ондай қателік тек Қазақстанда ғана емес, басқа жерлерде де жіберілді, бірақ солай бола тұра қалайша қазақ халқы айрықша трагедияға тап болды? Оның ең басты себебі – ұлттық ерекшелікті ескермеу, онымен санаспау.

Тарих нақты фактіге, шындыққа жүгінуге тиіс. Әр халықтың тарихы сол халықтың өз тілінде де, ол халықты зерттеушілердің ана тілінде де жазыла береді. Олар бірін-бірі толықтырады. Дегенмен, халық тағдырын зерттеген адам: «Бұл халықтың өз тілінде де бірдеңе жазылмады ма екен? Оқи алмасам да сұрастырайыншы, бар болса, білейінші» деп ілтипат жасаса, халықты сыйлаудың іргесі содан басталған болар еді. Қазақ тілінде жазылған қыруар материалдарды оқымай-білмей, қазақ халқының тарихындағы ақтаңдақ кезеңдер туралы кесіп-пішіп билік айтатын және ең дұрыс пікір біздікі дегенді аңғартатындар амалсыз ашу шақыртады. Халықтың ана тіліндегі деректерді менсінбей, білмей тұрып, халық тағдырына олайша араласу – сыйламаудың және сол сыйламаудан қысылмаудың көрінісі екендігі даусыз. Дәл қазіргі ­шынайы интернационализмге бет бұрған кезімізде мұның өте зиянды іс екенін айтқан лазым.
***
Дәл қазір қазақ тілін әлдекімнен, әлденеден қорғау керек дегенге мен илана бермеймін. Оны әуелі қазақтың өзіне үйрету керек, сыйлату қажет. Сонда оның көп мәселесі өз-өзінен шешіледі. Жасыратын несі бар, өткен ғасырдың аяғында көбіміз орысша кітап шығаруға, орысша өлең оқуға, қолымыздан келсе, Мәскеудің өзінде кездесу өткізуге ұмтылдық. Өйту заман итермелеген әдет болатын. Мүмкін болса, қазір де өйтудің әбестігі жоқ деп білем. Бірақ өз қазағың сөйлемей жатқан тілді өзгеге зорлап сыйлатам деу – саяси асығыстық. Біз алдымен өз қазағымызға: «Өз еліңің ертеңін жарқын еткің келсе, өз тіліңді үйрен!» деп ұқтыруымыз керек. Өкімет ашып беріп жатқан мектепке немере-шөберелеріміз сыймай, өкіметтен тағы мектеп ашуды талап етіп жатуға тиіспіз. Патриотизм деп, меніңше, соны айтады.

 

1810 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы