• Тіл
  • 18 Ақпан, 2021

БАР ГӘП – НИЕТТЕ

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді».
Ғабит Мүсірепов.

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» депті Ғабит Мүсірепов. Қалай дегенмен де, сөз шеберінің бұл қанатты сөзінің ныса­наға дөп тигені анық. Қарап отырсақ, бүгінде жоғары мем­лекеттік қызметтің тұтқасын ұстаған азаматтардың көп­шілігі қазақ тіліне келгенде кісенделген аттай шорқақтап қалатыны бар. Ресми тілге келгенде асаулыға тұсау салдырмайды-ау. 

Жалпы мемлекеттік деңгейдегі, қала берді кәсіпкерлік саладағы жиындардың бісімілләсі қазақша басталып, бес ­минут өтпей ресми тілге ауыса жөнелетін жиын көп. Бір ­жиында жастарға ақыл айтып қоймай қойған шенеунікке: «Өзіңіз қазақ бола тұра неге қазақша сөйлемейсіз? Ана тіліңізге деген құрметіңіз осындай болғанда, басқалар мемлекеттік тілде неге сөйлеуі керек? Қазаққа керек болмаған тілдің басқа ұлтқа керегі қанша? Сөйте тұра, жастарға патриоттық рухта тәрбие беру туралы сөз айтасыз» демей ме, журналист орыс жігіті. Мұны күтпеген зал тып-тыныш.

Алғашында сөзден тосылып қалған шенеулік, тез есін жиып алды да:

– Уважаемые журналисты, объясните пожалуйста своим коллегам, что я говорю на понятном всем языке. Итак дорогие мои друзья! Ми...

Жаңағы жігіт орнынан атып тұрып:

– Сіз ананың сүтімен, әкенің қанымен берілетін ана тіліңізді ұмытқаныңыз үшін арыңыздың алдында жауап бере аласыз ба? Егер де еліміздің болашағын ойлағыңыз келсе, қазірден ­бастап қазақ тілін қолға алып, үйренгеніңіз жөн болар еді, – деп ұлттық ар-намысын оятуға тырысады.

Қазір қазақ тілін меңгеріп алған өзге ұлт өкілдері аз емес. Олардың дені жастар. Бұл, әрине, қуантарлық. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілдері тіл білмейтін қандастарымызға жиындарда қазақ тілінде сұрақ қойып, ұялту жақсы үрдіске айналып келеді. Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскийдің бір өзі қаншама жиында түрлі саланың министрлері мен орынбасарларына мемлекеттік тілде сұрақ қойып састырмады ма? Бұл мысалдан әлі де орыстілді қандастарымыздың ана тілін үйренуге деген талпынысының жоқтығын аңғарамыз.

Бізде орыстілділер мен қазақтілділер әлеуметтік желіде айтысады да жатады. Бұл кешеден келген жүйенің қалыптастырған кемшілігі, бүгін мемлекет құрушы ұлт мұның зардабын тартуда. Себебі мемлекет біреу, ал тілі – екеу. Бұл мәселені де біржола реттейтін кез жетті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл» деп атап өтуі қазақ тіліне деген үлкен серпілісті тудырғаны аңғарылады.

Бәз біреулер үшін «Мемлекеттік тілді игеретін бағдарлама жоқ» деген жай сылтау ғана, оларда ниет жоқ. Президентіміз айтқандай барлығы – ниетте. Өз елінде тұрса да, мойындағысы келмейтін орысша ойлайтын отандастар мұны анық түсінуі тиіс.

Бүгінгі таңда біздің алдымызда тұрған басты міндет – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық рухты өлтірмей, тілімізді жаһандану үрдістерінен сақтап қалу. Рух өлсе – тіл де өледі.

Байқап қарасаңыз, бүгінде тілімізге түсініксіз жаңа терминдер көптеп еніп кетті. Әсіресе ағылшын тілінің терминология­сын тықпалау үрдіс алып бара жатқандай. Оның мағынасын қарапайым халық түсіне де бермейді. Мәселен, инуграцияны алайық, қазақша ұлықтау. Ирригациялық жүйелер дейді, неге өзіміздің төл тілде суару желісі демеске. Бірде газет қарап отырып, бір мақалада осындай ондаған түсініксіз терминге кездескенім бар. Олар «Канвассинг», «Преференция», «Кссенофобия», «Праг­ма­тикалық», «Флагманы»... осылай жалпы тілімізде жоқ сөздер жалғасып кете береді.

Көп тіл білген артық етпейді, бірақ сөздік қорымызды, терминологиямызды шет тілімен толтыра беретін болсақ, Абай айтпақшы, «Өзге тілмен былғанса сөз арасы, ол ақынның дым білмес бейшарасы» болмай ма?

Тілге деген махаббат мен қазақпын деген адамның бойында болады. Сонда ғана тіліміз өркендеп дамиды. Ұлттық болмысты сақтау – қазақ тілін жетік білуден басталады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ,

журналист

3941 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы