• Тұлға
  • 18 Ақпан, 2021

БІЛІМПАЗ

(Ұлттық Ғылым  академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Айдарды жүргізетін  Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ, 
академик, филология ғылымының докторы, 
профессор

Қазақ тіл білімінің тағы бір көрнекті қайраткерлерінің бірі, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның ғылымына еңбек сіңірген қайраткер – Мәулен Балақаевтың (1907-1996) өнегелі өмірі «Тіл тарландарының» кезекті санында сөз болғалы отыр. 

Аға буын өкілдеріне тән ерекшеліктер ретінде, олардың барлығы тіл білімінің белгілі бір саласын ғана зерттеп қоймай, бірнеше саласын зерделегенін, олар жазған еңбектерге көз жібере отырып анық байқауға болады.

Мәулен Балақайұлы да, қазақ тіл ­бі­лі­мінің лексикология, грамматика, емле, стилистика, терминология, лексико­графия салаларымен қатар, ерекше еңбектерінің негізін қалаған сөз тіркесі синтаксисі мен қазақ тілі мәдениеті ­бойынша қалам тербеген жүз елуден астам ғылыми мақалаларын, монографиялық еңбектері мен оқулықтарын ғана атасақ жеткілікті болар.

Ғалымдықпен қатар, әкімшілік жұ­мыс­­тарының тізгінін тең ұстап, бірнеше лауазымды қызметтерге де қол жет­кіз­генін жұртшылыққа хабардар ете кет­кеніміз артық болмас. Орда бұзар отыз жасында институттың кафедра мең­герушісі, өзім оқыған Алматы шетел тілдері институтының ректоры, 20 жылдай (1961-1981) Тіл білімі инсти­тутының тіл мәдениеті және грамматика бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, сөз тіркесі мен тіл мәдениеті саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып, екі саланы да қазақ тіл білімінің дербес саласы етіп қалыптастырудағы еңбегі ғылыми орта тарапынан жоғары бағаға ие болғанын екпін түсіріп айтуға әбден болады.

Бір мақалада академиктің еңбектерін түгел қамту мүмкін еместігін ескеріп, тіл мәдениетін арттыру мен шешендік өнер туралы ой-пікірлерін бүгінгі күннің сұранысымен салыстыра-салғастыра жеткізуді жөн көрдік.

Халықтың тіл мәдениетін арттырудың көкейкесті мәселелерін қаузаған ғалымның артында қалдырған мұралары әлі күнге дейін мәнін жоймағаны, қазіргі кезде де ол көрсеткен кемшіліктердің орын алу фактілері жиі кездесетінін бұқаралық ақпарат құралдары жазып та жатыр.

Сөйлеу деген осы екен деп, қалай болса солай сөйлей берудің өзі де мәдениетсіздіктің белгісі екені белгілі, ал халыққа қызмет көрсетер қызметкерлердің, білім және ғылым мекемелері өкілдері сөйлегенде тіл ­мә­дениетіне мән беру маңызды екенін  өз ғылыми еңбектерінің өзегі етіп алған, Ұлттық Ғылым академиясының мүшесі, профессор Мәулен Балақаев тіл мәде­ниетіне нұқсан келтіретін басты кемші­лік қатарына орфографиялық, орфо­эпиялық және стильдік қателерді жатқызады.

Осыдан елу жыл бұрын жазылған «Қазақ тілінің мәдениеті» ғылыми еңбе­гін­де көрсетілген бұқаралық ақпарат құрал­дарында, кітаптарда, тіпті моно­графия­лық еңбектерде сөздердің қате жазылуы, біріккен, дублет сөздерді жазумен, тіпті орфографиялық сөздіктердің өзінде де кемші­лік жиі кез­десетінін сы­наған еді. Сондай-ақ сөз­дердің айтылу нормасы және сол норманы сақтап сөйлеу ескерілмейтінін ескеріп, әрбір сөздің дұрыс ай­тылу нормасын сақтап сөйлеуді – тіл мәдениетінің ­басты та­лаптарының бірі етіп қою керектігін көтерген еді. Сонымен қатар ой дәлдігіне, дөп басып сөйлеудің тіл мәдениетін дамытуға қосар үлесін айтпаса да түсінікті болар. Академик көрсеткен кемшіліктерден қазір де аяқ алып жүре алмайтын халге ұшырадық. Тіпті өршіп кетті десек те болады. Мәселенің мәнісі мынада. Кеңестік кезеңде шығатын кітаптарда, газет-журналдарда, оқулықтар мен монографиялық еңбектерде арнайы ­редакция жұмыс жасап, корректорлар қатесін түзеп, редакторлар жазу стиліне мән беріп, сөйлемдердің дұрыс құрастырылуына жауап беретін еді. Ол кезде Мемлекеттік баспа комитетінің  бес жылға арналған бас жоспары түзіліп,  алдын ала кітаптың аннотациясының каталогы жарияланып, ақпарат таратылатын еді.

Қазіргі таңда кітаптар, газет-журналдар шығару көшедегі дүңгіршектерді ашудан да жеңіл болып кетті. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дегендей, «Әй дейтін – әже, қой дейтін – қожа» болмаған соң, елде көптеген шала сауатты газет, оқулық пен монография қаптап кетті. Бастысы – тіл мәдениетіне үн қосу емес, қаржы болса болды, «жалт-жұлт еткен» көркем суретпен безендірілген басылымдар шығару белең алып жатқанын көрсе, ғалым қандай кейіпте боларын айтпақ түгілі, көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Қысқасы, айтайын дегеніміз – сырлы сөздің сұлтаны, академик Мәулен Балақаевтай атақ-дәрежесіне, абырой-беделіне қарамай, «Мынауың қате ғой, айналайын! Жазуда құнттап, ұқыпты, сауатты болу керек қой» деп жөнге салатын ардақты абыз ақсақалымыздай бір адам керек-ақ болып тұрғаны, тағы да шындық.

Тіл мәдениетіне қатысты құнды пікірлер айтумен қатар, ғалым іс жүзінде, яғни күнделікті тіршілікте де, ­сырлы сөздің мәйегін тамызып, жұрттың ­жанына ауыр тимейтін, өрнектелген әдемі сөзімен де әсер ете алу қасиеті бар екенін қатарластары мен әріптестері сағынышпен еске алады.

Ғалымның құрдасы, академик Ісмет Кеңесбаев көпшіл, қонақжай, өзі де қонаққа баруды жақсы көретін жан еді деседі көзін көргендер. Қонақ дегеннен шығады, институттың бір жас қызметкері бөлім жетекшісі болып тағайындалуына байланысты мекеме басшылығын үйіне қонаққа шақырады. Аға буын өкілдері І.Кеңесбаев, М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, А.Ысқақов бастап, Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, Р.Сыздықовалар қостап қонақта болады. Батыр тұлғалы, ірі денелі, сұңғақ бойлы академик Ісмет Кеңесбаев дастарқанға қол салады, қол салғанда мол салады ғой... Мұны байқаған құрдасы Мәулен Балақаев: «Бұл үйде де бала-шаға бар шығар?!» деп саусақтарының ұшымен ғана астан дәм татады. Орынды айтылған ескертпеге бергісіз «сөз мәдениетінің сөлін сорған» Мәкеңнің осы бір жылы шырайлы сөзі әсер етіп, Ісмет Кеңесбайұлы жан-жағындағыларға бір қарап, «Алып отырыңыздар!» деп ары қарай дым болмағандай, сөйлеп жөнеле кеткен екен дейді.

Дөрекі мінезділерді, өзім білем дейтін­дерді, «Ұрда-жық» басшылардың өздерін дауыс көтермей, жылы сезіммен, ­сыпайы сөзімен орнына қоятын қасиетін ғылыми орта жақсы білетін еді деседі. Сөз құдіреті деген осы шығар! Ұстазым, академик Шора Сарыбаевтың жанында көп жүрген соң ба, тіл білімінің тарландары туралы көптеген әңгімелерін тыңдадым. Солардың ішінен көркем мінезді, сырлы да сымбатты, келісті қыр мұрынды, сырлы сөздің сұлтаны деуге болатын тау тұлға – Мәулен Балақаев ұстазым деп отыратын еді, жарықтық. «Қандай биік қызметте болсаң да, «қаздың айғырындай қоқырайма», «ашуға жақын болмай, күлкіге ерік бер! Күлкі – өмірдің мүлкі, әрдәйім күліп жүру керек, ол өміріңді де ұзартады, ешқашан әкіреңдеп сөйлеме, жауыңмен де жақын тартып, сыпайы сөйлес» деген ұстазымның ұстанымы, елмен қарым-қатынаста қандай болу керектігі ұстазымның ұстазы – академик М.Балақаевтан бастау алатынын аңғару қиын емес еді.

 

Екі сөздің басын қоса алмай, «жаңағыны» жүз рет қайталап, тыңдаушыны мезі қылатынын көріп те, естіп те жүргеніміз жасырын емес. Шешендік өнер - тек не болса, соны сайрап сөйлеу емес, ойлап сөйлеу, орынды шешім қабылдауға негіздемені меңзей сөйлеу екенін түсінетін уақыт жетті. Сондықтан білім және ғылым мекемелерінің басшыларын, жоғары оқу орындарының ректорат мүшелерін, мемлекеттік қызметкерлер мен халық қалаулыларын академиктің «Шешендік өнер туралы» еңбегімен таныстырып, ой-түзесе деген ізгі тілегімізді жеткізгіміз келеді. 

 

Академиктің тіл мәдениетін дамытып қана қоймай, шешендік өнерде де шебер қолдану туралы айтқандары да көкейкестілігін жойған жоқ. Ертеректе шешендер дау-дамайларды, ел арасын­дағы бірін-бірін түсінбей қалған кикілжіңдерді мәмілеге келтіретін тұлғалар ретінде бағаланғаны белгілі. Қазіргі шешендік өнер өкілдері той-томалақтарда асабалық жасап, жиналған жұртты ойлы сөздермен, ойнақы әзіл-қалжыңымен қарқ қылып жүргенін көріп жүрміз.

Біздің ойымызша, академик ­М.Бала­қаев айтқандай, іс ба­сындағы ­азаматтарда да болуға тиісті шешендік өнердің өріс­теуін қолдауға әбден болады. Кейбір депутаттардың, әкім-қаралардың сөз саптауына қарап, қарның ашады. Екі сөздің басын қоса алмай, «жаңағыны» жүз рет қайталап, тыңдаушыны мезі қылатынын көріп те, естіп те жүргеніміз жасырын емес. Шешендік өнер – тек не болса, соны сайрап сөйлеу емес, ойлап сөйлеу, орынды шешім қабылдауға негіздемені меңзей сөйлеу екенін түсінетін уақыт жетті. Сондықтан білім және ғылым мекемелерінің басшыларын, жоғары оқу орындарының ректорат мүшелерін, мемлекеттік қызметкерлер мен халық қалаулыларын академиктің «Шешендік өнер туралы» еңбегімен таныстырып, ой-түзесе деген ізгі тілегімізді жеткізгіміз келеді. Бір мысал ретінде, жарымжан жарнамаларын көшедегі бильбордтарда жаздыртып қойған басшылардың тіл мәдениетін арттыруда құлықсыздығын бірден  байқауға болатынын айтсақ та жеткілікті.

Тіл өнерін оқып-үйренгісі келетіндер – ғалымның елдік, мемлекеттік мүдде биігінде халықты топтастыруға, бірлікке шақыруға, ықыласты ынтымаққа, жарасымды жақсылыққа үндейтін ұтымды ұсыныстарға толы ой-пікірлерімен жақын танысса, олардың өз ұжымында, өңірлерде, ары қарай еліміздегі биік мінберлерден сөз алып, ақпарат құралдары мен телеарналарда ұйымдастырылатын ток-шоулардың көркін келтіріп, танымалдығы артатынын айтқымыз келеді.

Мақаламыздың өн бойында академик М.Балақаевтың тіл мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, яғни сөз және шешендік шеберлікке екпін түсіре айтуымыздың мәнісі зор. Өйткені бүгінгі күнде де ғалымның айтқандары маңыздылығын жоғалтпағанын, керісінше, қазіргі кезде тіпті өзекті болып отырғаны анық. Егер көп болып, шұғыл түрде қолға алмасақ, туған тілімізді тұғырына қондырамыз, мемлекеттік тіл мәртебесін арттырамыз деген игі істеріміздің игілігін көру кейінге шегеріліп кету тәуекелдігі бар екеніне оқырманның назарын аударып, тіл мәдениетін арттыруға барлығымыз атсалысайық дегіміз келеді.

1927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы